25 Қараша, 2017

ТАРИХ

6 шілденің мерекелі-думанды күндері қарсаңында «Қазақстан», «Хабар» секілді мемлекеттік арналардан Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмі көрермен назарына ұсынылды. Мұны қалалық кинотеатр креслосынан мақұрым қазақия халқына жасалған тарту деп бағалаған жөн. Сәйкесінше, осы фильм төңірегінде әрқилы пікірлердің қарасы, енді ауылдық жердегі қазақы көрермен есебінен толығатыны белгілі.  Дұрыс-ақ. Халық үшін түсірілген туындының дер кезінде  халықтың назарынан табылғаны - құптарлық әрекет. Бұл үшін құзырлы министрліктің мамандарына дейміз бе, әлде аталған телеарналардың басшылығына дейміз бе, әншейінде айтыла бермейтін азды-көпті алғысымызды білдіруге тиіспіз.

Ал марқалы тойларда мақтаулы, бірақ халық көре алмай, арманда кететін фестивалдатқыш кинолардан Ақанның бұл Сартайы несімен сүйкімді? Емін-еркін, өзіміз-өз боп, көйлегіміз бөз боп, сөйлеп көрелікші.

Әуелден.  Келісіп алайық.  «Жаужүрек мың баланы» қазақ киносындағы соны белес деуден аулақпыз. Бұған дейін де, бұдан кейін де «Мың баладан» артық немесе кем дүние жасала жатар. Демек, мұндай жауапкершілікті бағаны уақыт көрсетер.  Оның үстіне, «Жаужүректі» қазақ киносының апогейі десек, көпкөрім қазақы жалпақшешейлігімізге үстеме болып жүрер. Әлбетте, кемшілік іздеу тұрғысынан қарасаңыз, таппай қалмайсыз. Бір ғана кей жердегі диалогтың дәмсіздігі – көтеріңкі көңіліңізге су себуге жетіп жатыр. «Бопты». Кинотуынды қазаққа ұнайды, әйтеуір. Ұнап жатыр.  Былайғы кезде түріктің деңгейлі-деңгейсіз сериалын талғамай жұтатын қалың бұқара көрермен үшін, қазақ киносын бірден ұната кету - қиын-ақ шаруа.  Алайда, «Жаужүрек мың баланың»  болмысындағы қазақы дүниелердің көзделген жеріне дөп тиіп жатқаны рас.

Яғни. Фильмдегі барлық әйелдер кимешек киген, қыздарының басында орамалы бар. Бұл қыздың басындағы орамалды тамағында тұрған тікенектей көретін замандастарымызға орасан көмек. Яки, тыншуына себеп. Иа, рас. Қазақтың әйелдері бастарынан орамалын, желегін,шәлісін, жаулығын,бір сөзбен айтқанда, әурет жабарын тастамаған. Қазақтың ері сақал да қойған, намазын да өтеп, оразасын да ұстаған. Барды бар дейікші. Немесе болғанды болғанындай жеткізейік. Әйтпесе, сақалдының бәрін террорист көріп, орамалдының бәрін қазаққа жау деп қабылдайтын болдық. Қүдды бір жертөледе көртышқан ғұмыр кешкен гейлер мен гомосектердің күнәсі орамалдың түйінінде тұрғандай өшіктік. Нашақордың нәпсісі мен маскүнемнің  мәселесі шешіліп кетердей шүйліктік. Әйтпесе, кешегі қазақ анасының ажары жаулығымен жарасым таппады емес пе. Бұл кітапханада ізденуге, интернетте «гуглдетуге» ерінетін жұртқа кино тіліндегі жетімді тарихи документ. Кино  тарихи документ бола алмайды десеңіз, тарихи факт деп қабылдай беріңіз.  Ләббай!

Сосын. Қазір төсек сахнасынсыз ешбір фильм көрермен құрметіне бөлене алмайды дегенге саятын киноның көлеңкелі қағидасы бар. Содан ба, әлде батыстан соққан желдің өтіне шыдас бермей, негізінде жоқ тұлғалығы қалбалақтады ма,  біздегі кейбір кино мамандар осы қағиданың «майын ішіп, жілігін шағуға» талпынып жүрген жайы бар. Несін тұспалдаймыз,  Ермек Тұрсынов пен Жанна Исабаева бастаған көшті меңзеп отырмыз. Көштің алдына түсіп тайраңдай жөнелген «киношылдығынан» көрсін, әйтпесе, тап қазір, «Көшпенділердегі» Аянат пен Куноның сүйісі туралы еді бастапқы ой. Тұқымдас тақырып болған соң тілге орала кетіп жатқаны шығар.  Жә, «Мың бала да» әдеттегі махаббат тақырыбынан мақұрым емес. Бірақ бір пұшпағын Теменов илеген «Көшпенділердің» сүйісі, «Келінің» қарабет қылығы, т. б. быламықтардағы «қағидаларға» орын берілген жоқ бұл фильмде. Тек Сартай қыр басында Зеренің қолын ұстады, соңыра, қара үйде оңаша қалды да, фильмнің аяғында  шаңырақ көтеріліп, ұрпақ жалғастығы көрініс тапты. Енді қазақтың бастан сипап көбеймегені рас қой, кейбір замандастарымыз айтпақшы. Несі бар? Қазақ киносының  өз қағидасы бұл. Қағида біреу – көрерменді төсекке сүйреуден аулақ болу.

Соңыра.  Қазақтың бәрі Алла деп сөйледі. Абылайдың атойы, мың баланың ұраны «алаш», «қазақтар», «Алла» болды. Жағымды-ақ көрініс. Тамсанып қарайсың.  Абайдың суреттеуінде бар қазақылықтың иісін сезесің. Қазір тәңіршілдіктен тегін іздеп жүргендерге жеккөрініш тудырса да, ақиқат біреу-ақ. Одан аттап не көрініпті? Абайдан аттап, қазақтан  аттап не көрініпті? Қазақтың ата діні - Ислам. Жаның тағы бір  рахат табады. Қысқасы, кино төңірегінде көрерменге ұнайтын дүниелер біршама. Жақсы режиссер, жақсы түйін. Қазір сананы уламайтын, зердесін зәредей де зорламайтын туындыға зәрулік күн сайын артып келе жатыр. Несі бар? «Ешкілер» елеңдетсе, Сатаевтай саңлақтарға жүгінеміз. «Біз көрмеген соғыс аз ба?»

Пікірлер

user profile image
1 Қараша, 2012

Несі бар. сонгы кездері жазылып журген кинога сын макалалардан өзгешелеу екен. Жандос әдеттегідей киноның жеке көріністерін жұлмаламай, одан көгжиегі биіктеу, аясы кеңдеу көзқарас жасауға тырысыпты. Сәтті шыққан. Қаламың талмасын, замандас.

Пікір қалдыру