28 Шілде, 2017

ҚАЗАҚ БIЛСIН

Қазақ үшін шешендік өнер жат емес. Тарихымызға үңілсек, кезінде би-шешендеріміз сөздің күшімен талай даулы мәселелерді шешіп, небір соғыстарды тоқтатқан. Қазақтың шешендік сөз тарихы Майқы би мен Аяз биден басталып Жиренше шешен, Қазтуған жырау, Төле би, Бұқар жыраулармен жалғасын тапқан. Ал Батыс әлемінде ораторлық өнер Ежелгі Грекияда пайда болып, Ежелгі Римде дамығаны баршаға мәлім. Эллиндік риторика жайында сөз болғанда Аристотель, Платон, Марк Тулий Цицерон сияқты есімдер есіңе түседі.

Көне замандардан бүгінгі күнге дейін шешендік өнер жер-жаһанның барлық елдерінде әр түрлі деңгейде дамыды. Батыс әлемінде жақсы дамып кетсе, біздің кеңістікте 20 ғасырда бұл өнер дамыған жоқ деп айтсақ, артық болмас. Кеңес заманында жаттанды сөз сөйлеген ұраншыл ораторлардың дәуірі жүрді. Бұл шешендік өнер емес, бұл пропаганда еді. Посткеңестік кеңістіктегі елдер осы дерттен арылмаған сияқты. Қазіргі заманның нағыз дамыған шешендік өнерін өткен ғасырлардың шешендік өнерімен мүлдем салыстыруға болмайды. Өткен ғасырлардың көптеген әдіс-тәсілдері 21 ғасырда архаикалық болып кеткендігін қазіргі Батыс елдеріндегі танымал шешендерін қарап, тындап отырғанда анық аңғаруға болады.

Соңғы 9 жылда мен республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі әр түрлі іс-шараларға қатыстым. Өкінішке қарай, қазіргі заманның шешендік өнерінің әдіс-тәсілдерін толыққанды қолданатын ораторларды кездестіре алмадым. Біздің елде көбінесе спикерлердің келесі 3 түрін кездестіруге болады:

1. Қағазға үңіліп, монотонды дауыспен халықты ұйықтататын спикерлер;

2. Жаттанды, ұраншыл, популист спикерлер;

3. Көптеген жаңа терминдерді қолданып, өздерін бәрінен ақылды санайтын нарцисс спикерлер.

Осылардың біреуін де 21 ғасырдың ораторы деуге мүлдем келмейді.

21 ғасыр ораторы ол кім? Менің ойымша ол – Стив Джобс. Неліктен? Жоғарыда атап өткенімдей, қазіргі заманда шешендік өнердің жаңа әдіс-тәселдері қолданылады. Мұндай жаңа әдіс-тәсілдерді Стив Джобстың презентацияларынан анық байқайсыз. Джобстың әрбір презентациясы әлем күткен үлкен шоуларға айналып үлгергені қашан. Оның шешендік шеберлігінің арқасында ғана Айфон әлем танитын Айфонға айналды деп айтсам қателеспеймін.

Осындай әдіс-тәсілдерге мен өзімнің «21 ғасыр ораторы» атты шешендік өнерден тренингтерімде оқушыларымды қазақ және орыс тілдерінде үйретіп жүрмін.

21 ғасырда озық елдердің қатарында болғымыз келсе, әлемдік аренада біздің мүддемізді ойдағыдай қорғай алатын бәсекеге қабілетті қазіргі заманның шешендерін тәрбиелеп шығаруымыз керек! 

© Ерлан Ахмеди

«Ізгілікті педагогика» Білім беру орталығы

қоғаммен байланыс жөніндегі директордың орынбасары,

шешендік өнерден жетекші тренер.

Пікір қалдыру