25 Қыркүйек, 2017

ЕЛ ІШІ

«Қысқы экспедиция» аясында көптен көргім келгенмен, келудің жолы түспей жүрген Баянауылға да жеттім. Әрине, бұл мекенде басқа мезгілде болған жан біраз болғанымен, біз секілді қақаған қыста көргендеріңіз көп емес. Ол анық.

Сонымен, біз Екібастұздан Баянауылға тартқанда, ат құлағы көрінбейтін боран тұрған еді. Бірде өзіміз қарға малтығып, бірде басқаға септесіп, ілбіп әрең жеттік. Таңертең топырлап смстер келіп жатыр еді телефонға, қазекем оған қарай ма?

Майқайың мен Майкөбенің арасында жол аршитын көмек күттік пе, жолсыздан жол салып қайқаңдадық па, әйтеуір Баянауылға әупірімдеп жеттік.

Баянауылдың ауылын сипаттар болсам, бұл өзі аттас аудан орталығы. Павлодардан 210, Екібастұздан 135 шақырым қашықтықта. Баянауыл тауының бөктеріндегі Сабындыкөл жағасында орналасқан, іргесі 1826 жылы қаланған. Ары кетсе алты мың қара тұрғыны бар.  

«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының ғимараты-ау. Әрине, бұны Ола Шерен не Заха Хадид сәулетін сызбады деп ренжи алмаймыз, дегенмен, мынадай минимал сәулет қызық көрінеді екен.

Шәкен Аймановқа қойылған ескерткіш

Баянауылда алғаш барған нысанымыз - Қаныш Сәтпаевтың мемориалды музейі болды. Естеріңізде болса, академик Қаныш атамыз осы Баянауылдың маңайында туған. Бұл музей кез-келген республикалық музейіне сәлем бермейтіндей бай жарақталыпты. Бұған дейін Қаныш атамыздың азан шақырып қойған аты Ғабдулғани болғанына мән бермеппім.

Айтпақшы, атамыздың бәйбішесі Шәрипа, екінші зайыбы Таисия болған екен. Сарыжағал басылымдардың тілімен жазсақ, екі әйелі де түйдей құрдас болған. Екеуінен де үш-үш баладан болған (бір-екеуі шетінеген, бір қызы бойжетіп қайтыс болған).

Жалпы, Баянауыл жерін Сарыарқаның алтын алқасы деп бекер атамайды. Бұл бірқатар ғалымдардың, жазушылардың, ақындардың және қоғам қайраткерлерінің Отаны. Бұқар жырау, Шоң би, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Дихан Әбілев, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаевдеп кете береді.

“Баянауыл“ мемлекеттік ұлттық-табиғи паркінің қызметкерлерімен бірге Баянауылды аралай шыққанбыз. Бұл мекеннің сұлулығы ештеңемен салыстыруға келмейді. Баянауыл ұлттық паркінің жауһарлары – Жасыбай мен Торайғыр көлдерінің қыстағы шырайы кереметтей. Қарағайлы орманында қайын, мойыл, қандыағаш араласа біткен. Ең биік деген Қызылтауы 1055 метр биік болғанымен, бұл жақтың тауы жаратылыстың нығметтерін еске салатын қызық құз-жартасқа толы. Тар шатқалы да, терең үңгірі де бар.

Қорықшының бірі Баянауылға жазда отыз мыңдай турист келетінін, бұл рекреациялық жүктеме үшін тым жоғары екенін айтты. Мысалы, АҚШ-тың ұлттық парктерінде 1 текше метр жерге 1 сағатта 1 ғана адам болуы керек. Ал бізде одан жоғары. Әрине, туристің келгені тегі жақсы, ақшамыз көбейеді, бірақ ерекше табиғатты таптап алмауымызды да ойлау керек дейді қорықшы. Қаперлеріңізде бола жүрсінші!

Қорықшылар

Баянауылдан кемі 5 академик, 30-дан аса ғылым докторы және 200 ғылым кандидаты шыққан деседі. Расымен, топырағы берекелі мекен екенін тағы бір еске салып қою үшін бұрынғы ауылдың орнына мынадай ескерткіш тас қойыпты. Бір әулеттен осынша ғалымның шығуы – таң қаларлық жағдай!Ал енді қысқы Жасыбай көліне қараңыз!

Жасыбай – ешқандай өзен суы қосылмайтын тұйық көл. Аумағы төрт шақырымдай. Суы өте мөлдір. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Жасыбай батыр басқарған қазақ жасақтарының жау бетін қайтарған тарихи жерлердің бірі болғандықтан, Шойындыкөл аты Жасыбайға өзгертілген.

Бұл маңда шамасы Шәкен Аймановтың «Алдар көсе» фильмінің бір эпизоды түсірілген сияқты. Ұқсайды-ау, ұқсайды.

Сақ қорғандары. Баянауыл мекені бағзы заманнан жанға жайлы, малға өрісті болған соң ба, қашанда жұртсыз болмаған секілді.

Біз Торайғыр ауылына арнайылап соғып, осында өскен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың (ақынның туған жері – Солтүстік Қазақстан облысы) музейіне барған едік. Сұлтанмахмұттың жүз жылдық мерейтойының қарсаңында 1993 жылы жаңа ғимарат салып беріпті.

Алайда, шамалап бес жүз қаралы ауыл ғой, қайбір жағдай жасасын - музейдің іші суық, экскурсовод апай пальтосын шешпей жүр. Ақын өкпе ауруынан азап шегіп, не дұрыс оқи алмай, не жөнді жұмыс істей алмай, ақыры 27 жасында қайтыс болған соң, көрсетер экспонат та қалмапты.

Бірақ, өзіме бір алғаным – мынау екі фото болды. Алғашқы фотода – Мәлике Иманбаева, Баянауылдық қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы мұғалима. Сұлтанмахмұттың қалыңдығы болған екен. Тіпті қалыңмалын төлеп, әне-міне неке қиямыз деп отырғанда, ақын қайтыс болып кетеді. Содан Мәлике ары қарай оқу ізденемін деп пе, ауылдан кетіп қалады, басқа біреуге тұрмысқа шығады, 1930-шы жылдардағы ашаршылық кезінде қайтыс болыпты. 

Ал қалың мал төленіп қойған, оны кері қайтаруға мүмкіндік болмаған соң, ары қарай жағдай былай болған. Екінші фотода - Мәликенің сіңлісі Нағима. Сол Нағиманы 12 жасында Сұлтанмахмұттың інісі әлде ағасы Бәшенге (шын аты Байқоңыр болған-ау) тұрмысқа береді. Осылайша, ақынның келіні болған Нағипа апамыз бертінге дейін өмір сүріпті. Қилы-қилы заман болған ғой, Құдай басқа салмасын..

Ақбет тауынан тесіп шығатын әйгілі бұлақтың бірі – Әулиебұлақ. Ауыл тұрғындары күнделікті іше­тін суды осы Əулиебұлақ пен Сабық құдығынан тасып ішеді екен.

Ал бұлақтың қасында бұйы­ғы­лана, ұйыса өскен ағаштар тобы «Қызыл кітапқа» енген. Кесуге, бір бұтағын жұлуға рұқсат жоқ. Баянауылдықтар «қанды қараағаш» деп те атайды. 

         Бұдан әрі біз Жүсіпбек Аймауытов ауылына барған едік. Мақсатымыз – бүркітшіні көріп кету. Айтпақшы, осыдан бірнеше жыл бұрын осы ауылдың атын Жуантөбе деген белгісіз атқа ауыстырып тастап еді. Осы маңда тұратын Төлеген Оқасов есімді қарт аңшының үйіне қонаққа бара жатып, байқаған едік. Аймауытов атын қайта беріпті.

       Сонымен, бұл Бақытжан Мұқашов, ауылдағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ал құсы – Ақсары деген әзірге балапан. Ұясынан алып кетіпті. Бұйырса, жарты жылда тірнек болады. Соған қарамай, республикалық жарыстардан жүлде алып келіп жүр екен.

Соңғы фотолардың легін Баянауылдың бас символына айналып кеткен Кемпіртас жартасымен аяқтайын. Алла тағаланың құдыретімен жел, күн және жаңбыр есімді шеберлер жасаған қайталанбас туынды. Асан Қайғы бабамыз Баян тауын көргенде «Ат ерін алмайтын жер екен. Бір түней кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады» деген екен. Иә, тамаша табиғат, тұнған тарих... Жазғытұрым қайта айналып соғуға уәде етемін, бұйырса.

 © Өркен КЕНЖЕБЕК

Пікір қалдыру