28 Шілде, 2017

ЕЛ ІШІ

Әкем көкпарға қатысатын. Көкпар болатынын есіткеннен бастап әкем көкпарға арналған атының күтімін күшейтеді. Онысын апам байқайды. Сол күннен бастап біздің үйде жағдай өзгереді . Ұрсыспайды. Үнсіз соғыс. Апам қас-қабағымен "мен қолдамаймын!" дегенді білдіреді. Атам "сенің қолдауың қажет емес" дегенді емеурінімен байқатады. Көкпар болатын күні атам бабындағы атын аулаға шығарып, үстіне күмістелген ер-тоқымын салады. Сол мезетте апам соңғы шабуылын бастайды.

     - Осынша жасқа келгенше жастармен жағаласып жүргеніңізге ұялмайсыз ба? Жол берсеңізші жастарға! Ат тұяғының астында қалсаңыз не болады? Өзіңізді ойламасаңыз да, мені ойламасаңыз да, бала-шағаны ойлаңыз! - дейді шырылдап.

Атам қыңқ демей, ісін сол қалпында жалғастыра береді. Атын ерттеп болған соң үстіне қарғып мінеді де, әйеліне мойнын бұрады. "Ооу, сен мұнда тұр екенсің ғой. Бірдеңе дедің бе?" дегендей таңдана қарайды. Сосын:

     - Злихаш-ау, мен көкпарға қатыспаймын. Бір шетте тамашалап тұрам да, қайтам,- дейді.

Өз сөзіне өзі сеніп тұрады.. Атам үйге кеш келеді. Үсті-басы шаң. Тіпті кірпіктеріне де шаң тұнып қалған. Бешпетінің қолтық тұсы айрылған. Шайқала теңселіп, "Балқадишасын" ыңылдай айтып, жора-жолдастарын ертіп келеді. Жүзінде жеңімпаздың күлкісі, алдында көкпардың серкесі.. Сол күні біздің үйде кішігірім жиын-той. Ақсақалдар жастықты шынтақтап жатып, әңгіме-дүкен құрады, кеңкілдеп күліседі, домбырамен өлең айтысады. Біз сәкіде жатамыз. Апам ошақ қасында майшамның жарығымен ет асып, қызмет қылып жүреді...

Бұл менің балалық шағым.

© Болай Бердиева

Пікір қалдыру