28 Шілде, 2017

КӨЗҚАРАС

Жаратушы қасиетті Құранда «Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады» деп уәде еткен. Ешкімнің де өлімнен қашып құтыла алмайтынын түсінген, атынан адам шошитын Deathlist.net (Өлетіндердің тізімі) атты сайттың журналистері «жақын арада қайтыс болады-ау» деген танымал тұлғалардың тізімін жасап, жариялап отырады. 2016 жылға арналған болжамда келтірілген 50 адамның жартысынан көбі мәңгілік сапарға аттанып кетті. Олардың қатарында Мұхаммед Әли, Фидель Кастро секілді тұлғалар да бар. Бұл жазбада тарих беттерінде атын алтын әріптермен жазған кемеңгер тұлғалардан кімдердің дәм-тұзы таусылғандығы және олар біздің жадымызда қандай қасиеттерімен қалғандығы туралы сөз етпекпіз.

Неліктен танымал адамдардың өлімі көбейіп кетті?

Британиялық журналист Ник Серпеллдің айтуынша, алдағы бірнеше жылда көптеген танымал кісілер көз жұмады. Себебі, 60-шы жылдарда жетістікке жеткен кісілердің көпшілігі 45-46 жылдарда дүние есігін ашқан. Олар қазір жетпіске таяп, «өлім жасына» жақындаған. Сондықтан да біз танитын саясаткерлер мен өнер майталмандары бір-бірлеп бізді тастап кетіп жатқанына таңғалмау керек. Мысалы, Мұхаммед Әли (1942 жылы туған), Алан Рикман (1946ж), Йохан Кройф (1947ж) секілді ағымдағы жылда қайтыс болғандардың барлығы «Бэби-бум» толқынына яғни, соғыстан кейінгі уақытта тәрбиеленген бір топ кілең мықтылар еді. Олардың бәріне ортақ мінез келесідей: барлығы қырқыншы жылдарда туған, алпысыншы жылдарда таныла бастаған, көпке ықпал еткен.

Ник Серпеллдің сөзіне сенсек, көпшіліктің кумиріне айналып үлгерген адамдардың азая беру тенденциясы алдағы 10 жылда тағы да күшейеді. Себебі, олардың жасы ұлғайған сайын, қайтыс болу қауіпі де жоғарылайды.

Алан Рикман. Ең жұмбақ актер

Ұзақ уақыт бойы әр кәсіптің басын бір шалып, өзіне не қажет екенін білмейтін көп жастың бірі болды. 26 жасында Королевалық театр академиясына қабылданып, орда бұзар отыз жасында академияны бітіріп шықты. Дәл осы сәттенбастап, қырық жыл бойы өнер майталманы атанды. Киноиндустрияда Алан Рикман сомдамаған зұлымдықты насихаттайтын рөл қалмаған шығар. Тіпті, сонау академияда дәріс алып жүрген шағында «қарғыстай» жабысқан жаман кейіпкерлердің рөлі оны өмірінің соңына дейін тастамады.

Бір бағытта жұмыс істей берген адамның міндетті түрде жетістікке жететінін Рикманның өмірінен көруге болады. «Руспутин» фильміндегі рөлі үшін «Алтын глобус» пен «Эммиге» қол жеткізді. Ал бұл өз кезегінде залым рөлдерде ойнайтын актерлердің түсіне де кіріп шықпайтын жетістік. Он гүлінен бір гүліашылмаған, әлі де аузынан ана сүті кеппеген жас көрермендер үшін ол «Гарри Поттер» фильміндегі Северус Снегг рөлімен танымал.

Британиялық актер қайтыс болғанда оның қазасына #RIPRickman хэштегіменқайғырып жазылған твиттердің саны 100 мыңнан асты.

Цитата: «Мен журналистермен әңгімелескім келмейді. Себебі, олар сенің өміріңді бар-жоғы бір беттік мақалаға сыйдырып жіберуге әзір».

Алан Рикманның осы бір ауыз сөзімен-ақ оның танымалдылықтан, БАҚ өкілдерімен болатын кез келген контактіден қашқанын түсінеміз. 69 жылдық өмірінде өзі мен журналистер арасында «перде» қойып үйренген «залым рөлдер королі» 2016 жылдың 14 қаңтарында мәңгілік сапарға аттанып кетті.. Жұмбақ актерді енді ешқандай журналист сұхбат берші деп мазалай алмайды.

Мұхаммед Әли. ХХ ғасырдың ең үздік спортшысы

12 жаста алғашқы жекпе-жегін өткізу, 22 жасында діні мен есімін ауыстыру, Олимпиадада жеңіп алған алтын медалін расистерге өкпелеп Огайо өзеніне лақтырып жіберу, АҚШ-тың әділетсіз соғысына қатысудан бас тарту арқылы бар байлығынан айырылып қалу, ауыр салмақта үш рет әлем чемпионы атану,төрт рет үйлену, 30 жыл бойы Паркинсон сырқатымен ауыру, әдептен аспай өзін-өзі қалай жарнамалаудың шебері болу. Бұл қасиеттердің бәрін ХХ ғасырдың ең үздік спортшысынан ғана кездестіре аламыз.

Өзін Кассиус Клей деп шақырған журналиске жауап бермей, Мұхаммед Әли деген есіммен атауын талап ете алған сол кездегі батылдықтың символы. АҚШ пен КСРО арасындағы «Қырғи қабақ соғыс» кезінде Мәскеуге келіп Бренжневтің қолынан сыйлық алған адам. Тек Мәскеумен шектелмей әлемнің кереметтері қатарына жататан Самарқандағы Ұлықбектің обсервоториясын да зияраттап қайтқан.

Бүгінгі күнде өмірінде өзгеріс болғанын қалайтын, сәтсіздікке ұшырап, мотивация жетіспей жүргендердің ең бірінші істейтін жұмыстарының бірі – гуглдан Мұхаммед Әлидің қанатты сөздерін іздеу. Мұхаммед Әли рухы – сәтсіздікке мойымауды үйретеді.

Цитата: Тәуекел жасауға шамасы жетпейтін адам ешқашан жетістікке жетпейді.

Осы бір сөз арқылы Мұхаммед Әлидің өмірлік принциптері мен оның қандай адам болғанын білуге болады. Ол 75 жыл бойы тек тәуекелге бара білу арқылы биік шыңдарды бағындырды. Тәуекелмен өмір сүру деген сөзді толық мағынасында аңғару үшін Әлидің өмірін оқып шығуыңыз керек.

Әлем Мұхаммед Әлиден 3 шілде күні айырылып қалды..

Фидель Кастро. Өмір дегеніміз – революция

Фидель Кастроның жақтастары оны социолизм үшін күрескер, революционерәрі Кубадағы билікті халыққа қайтарған адам ретінде санаса, оған қарсы көзқарастағылар Куба экономикасын құрдымға жіберген диктатор деп есептейді.

Сақалы әлі қарайып үлгермеген шағында-ақ, Американы әзірейілдің жақтасыдеп есептеп, КСРО-дан пана іздеген ХХ ғасырдағы саусақпен санарлық басшылардың бірі ретінде тарихта қалды.

1959 жылы билікті қолына алған соң ол 2008 жылға дейін басшылық қызметте болды. 2008 жылы денсаулығының нашарлауына байланысты інісі әрі өзі қатысқан барша көтерілісте қасында болған Рауль Кастроға билік тізгінін ұстатты.

Ол басшылық еткен елу жыл ішінде оның башпайынан шашының ұшына дейін қастандық жасалған. Ол тіпті «егер олимпиада ойындарында қастандықтан аман қалу бойынша жарыс болса, менің мойыным алтынға толып кететін еді» деп өзінің жанкештілігін сипаттаған. Алехандро Иньяритту түсірген «Выживший» фильміндегі Леонардо Ди Каприо секілді бүкіл қиындықтан дін-аман шығып отырған ең жолы болғыш саясатшылардың бірі. Уикипедия бізді алдамаса, Кастроға 90 жыл ішінде 638 рет қастандық жасалған. Бірақ, Алланың әмірі келмейінше ешкім де біреудің жанын алуға қауқарсыз екеніне Кастро арқылы куә болдық.

Цитата: Басқалар үшін соғыса алмаған, өзі үшін де соғыса алмайды.

Революционердің бар болмысы жоғарыда келтіріліген сөзінде толық сипатталған. 2016 жылдың 25 қарашасында ХХ ғасырдағы революциянер қайтыс болды.

Ислам Кәрімов – ең алғашқы президент

Ислам Кәрімов пост-кеңестік елдерде «президент» титулын алған алғашқы саясатшы. Өзбекстанды Орталық Азиядағы ең жабық елге айналдырды. Экономикалық тұрақсыздыққа қарамай мемлекетті мақта өндіру бойынша әлемде бестікке кіргізді. Ал алтын қоры бойынша төртінші орында. Мұнай өндіруден тоғызыншы орынға жайғасқан. Соңғы ширек ғасырда жұмыс істеуға қауқарлы халықтың 58%-ы Ресей, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктеріне аттанып, ақша тауып жүр.

Өзбек президентінің ұлы жоқ, екі қызы бар. Ал тұңғышы Гүлнара Кәрімова мен ара-қатынасы тым нашар. Əйелі Татьяна Кәрімова БАҚ назарынан тасада өмір сүрді. Ол туралы көп мәлімет табу мүмкін емес.

Цитата: Шетелге барып жұмыс істейтіндер – еріншектер, өзбек халқының атына кір келтіретін ұятсыздар.

Соңғы уақытта «еңбек мигранты» деген сөз «өзбек» сөзімен синонимдес боп кетті. Себебі, жыл сайын миллиондаған көршілеріміз нәпақасын жат жұрттаніздейді. Ал марқұм Ислам Кәрімов бұл тенденцияға сай-сүйегімен қарсы болғанын жоғарыда келтірілген сөзінен білуге болады.

Өзбек халқын 25 жыл басқарған Ислам Кәрімов 2016 жылдың 2 қыркүйегіндежан тәсілім етті.

© Мейірхан Амангелдиев

Пікір қалдыру