25 Қыркүйек, 2017

ҚАЗАҚ БIЛСIН

Саналы ата-ананы өз еліндегі білім беру жүйесі толғандыратыны рас. Бауыр еті баласының заманға сай білім алып, тәрбиелі, білімпаз, еңбекқор болғанын қалайды. Сол үшін де олар балаларын жақсы мұғалімге, «күшті» мектепте оқытқысы келеді.

Осы тұрғыда «Болашақ» бағдарламасы аясында Лидс қаласында білім алып жатқан Гүлшекер Хуанбайдан аталмыш қаладағы білім берудің хал-ахуалымен танысу үшін пікірлескен едік. Алтын уақытын бөліп, сұқбаттасуға келісім бергені үшін алдын-ала алғыс білдіре отырып, кейіпкеріміздің пікіріне назар аударсақ.

Англия, Лидс қаласындағы бастауыш білім беру жүйесі туралы

- Гүлшекер, ондағы білім беру жүйесі мен біздің елдегі жағдайдың қандай айырмашылықтары бар? Несімен ұтымды? Несімен тиімсіз?

- Жалпы мұндағы білім жүйесінің тиімді тұстары бастауыш мектептерінде өте көп деп айтар едім. Біріншіден, мектептегі білім беру мәселесі әбден бір жүйеге қойылған. Жұма күні сабақ ойын түрінде өткізіледі. Қалған төрт күннің үш күн математикаға, бір күн ғылым саласына арналған. Жазуға келгенде біздегідей мән бере қоймайды. Яғни әдемі жазу маңызды емес. Мұғалім: «Балаларыңыз қайткен күнде де барлығын компьютермен жазады ғой» дейді. Оқулықтарды үйге тасымайды, сонда қалдырып кетеміз. Үй тапсырмасы ретінде аптасына екі кітап оқиды. Біздегідей шұбырған тапсырмалар жоқ. Негізі баланы таным мен ғылымға қарай икемдейді. Соған сәйкес, бір үлкен  «хоуморк» дейді, үй жұмысына арналған дәптерлері бар. Соның ішіне аптаның соңында ғана бір апта бойы белгілі бір затты зерттеуге арналған және кішкентай парақта қатесіз жазу емлесі бойынша тапсырмалар беріледі. Қазір біз математикалық бағыттағы мектепте оқып жатырмыз. Екі аптада бір мәрте тест тапсырып, баланың даму деңгейінқадағалап отырады. Ол тестінің нәтижесі нашар болған күнде ғана ата-анасына деп арнайы конвертке салып, беріп жібереді. Бірақ нәтижені балаға көрсетуге еш хақыңыз жоқ. Баланың оқуға деген ниетін, талпынысын осылайша қорғайды. Сосын арнайы сайт арқылы ата-аналармен жұмыс жасайды. Балалар қажет болса ұстаздарына электронды пошта арқылы хабарласып отырады.

- Білім беру жүйесі бір жолға қойылған дедіңіз. Тарқатып айтыңызшы.

- Мұғалімдердің білім деңгейі мен мәдениеті өте жоғары. Ата-аналар  автоматтандырылған телефондардың көмегімен хат-хабар алып отырады.  Мектепте не өтеді, не өтті, жағдайды толық бақылап отырасың деген сөз. Сондай-ақ, мектептің жанынан көрмелер ұйымдастырылады. Мұндай көрмелер балаларды қайырымдылыққа тәрбиелейді. Оқушылардан ақша жинау деген жағдай ар-арасында мұнда да кездеседі.

- Мектеп формасына деген талап турасында айта кетсеңіз?

- Бұл мәселеде ешқандай қиындық жоқ. Әр оқушы қалағанын киеді. Әсіресе діни ұстанымына құрметпен қарайды. Көп жағдайда футболка мен шалбардың түсі сәйкес келсе жетіп жатыр.

- Бастауыш сыныптардың жайы қалай?

- Бастауыш сынып оқушыларының ғимараты үлкен сыныптардан бөлек орналасқан. Логикалық ойындарға баса назар аударылған. Мотивация ісі алдыңғы орынға қойылған. Екі аптада бір «Тыныш отырғаны үшін», «Ғылымға  қосқан үлесі үшін», «Математикаға қосқан үлесі үшін», «Үй тапсырмасын үнемі орындап келгені үшін» деген секілді диплом, алғыс хаттар береді. Тіпті тәттілерге дейін үлестіреді.

- Бала тәрбиесі деп жатырмыз, мұғалімдер оқушылардың тентектігіне қандай жаза қолданады?

- Достарымен жолығуға, үзілісте сыртқа шығуға тыйым салады. Яғни "қызыл карта" береді. Дауыс көтеру, ұрып-соғу деген жоқ. Ата-аналары мұндай жаза түріне қарсылық көрсеткенін көрмеппін.

- Мұғалімнің сабақ сұрау әдебі қандай? Баланы күнделікті бағалап отыра ма?

- Мұғалімдер әділдік деген дүниеге өте адал келеді. Баланың ойын толықтай тыңдайды, «мынауың теріс», "не деп кеттің өзі?" деген сияқты зеку жоқ. Бала не десе де "ойың қандай ұшқыр, бірақ бұл мәселе былай" деп жөндейді. Немесе "Тамаша жеткізе білдің, мына бір ақпаратқа да назар салшы" деп үйретеді. "Анау болмайды", "мынау болмайды" деген дәстүрлі әдістен мүлде алыс.

Тағы бір ерекшелік, бала баға дегенге мүлде бас қатырмайды. Қандай баға алды, үлгерімі қандай деген мәселелер тек ата-аналарға айтылады.

- Біз біле бермейтін тағы қандай ерекшелік бар?

- Бір ғимаратта бір-ақ сынып оқиды. Яғни қырық бес баламен жұмыс істейді. Мектептердің жағдайы біздегідей жаңа емес, ескі. Бірақ барлық жағдай жасалған. Тағы бір айта кетерлік жайт, мұнда тек 3 пән оқытады. Яғни мектеп басшылығы алдын-ала белгілінген стандарттан ең қажетті деген 3 пәнді таңдап алады.

- Сонда 4 «а» немесе 5 «б» сыныбы деген жоқ па?

- Иә, жоқ. Осындай оқыту әдісі арқылы үлкен жетістіктерге жетіп отыр.

- Сіз жеке меншік мектеп туралы айтып отырған жоқсыз ба?

- Жоқ, мемлекеттік мектеп. Тестіден өткен балалар ғана оқу мүмкіндігі бар.

- Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге үлкен алғысымды білдіремін. Оқуларыңызды үздік аяқтап, елге аман-есен қайтуларыңызға тілектеспін.

- Рахмет!

Сұқбаттасқан  Дана Оспан

Пікір қалдыру