28 Шілде, 2017

ҚАЗАҚ БIЛСIН

Америкаға алғаш отбасымызбен келіп, орналасып жатқан кезіміз еді. Күйеуім балалармен бірге кітапханаға барайық деп ұсыныс жасады. Көз алдыма өзіміздің кітапханалар елестеп кетті де, бірінші жауабым: «Біз балалармен (4.5 және 2 жаста) кітапханада не істейміз, шулап өзімізге көңіл аудартқаннан басқа, ыңғайсыз ғой...» болды. Мектептің жоғары сыныптарында жүргенде Шымкенттің жасөспірімдерге арналған кітапханасынан шықпайтын кездерім есіме түсті. Балалармен жұмыс жасайтын кітапхана қызметкерлерінің көбінде қабағы қатулы болатын. Құжатың болмаса кітап бермейтіні тағы бар. Одан соң әлі мектепке бармайтын баламен кітапханада жүру дегенді көрмегенбіз. Осы естеліктер тізбектеліп жатқанда, өзіміз тұратын ауданның кітапханасына жақындай түстік. Әр қадамым басқан сайын, таңданысым арта түсті. Кітапхана ғимаратының сыртқы көрінісінің өзі  қызығушылғыңды арттырады. Кітап пен білім туралы нақыл сөздер әр елдің тілінде жерге жазылыпты. Тас кітаптардан қалап, сыртқы есік алдына оқырмандарға орын жасап жасап қойыпты.  Заманауи технологияны да пайдаланып, тәуілік бойы кітапты қабылдай беретін құрылғы орнатылыпты. Хош, сонымен ішке кірдік. Есікке кірген бойда күлімдеген кітапхана қызметкерлері мен сол айда қандай іс-шаралар өтетін жарнамалық буклеттер қарсы алды. Қызметкердің бос тұрған біреуіне келіп, оқырман болуға ниетті екенімізді айттық. Қолымызға қағаз ұстатып, толтырған соң бірнеше минутта жеке нөмірі бар карточка ұстатты. Қағазбастылықтың жоқтығына бір қуанып, адамдардың көптігіне екі таңданып, ішін аралап кеттік...

Үлкен ғимараттың іші оқырмандардың жас ерекшелігіне сай функционалды бөлімдерге бөлінген. Кітапхана іші тегін интернет пен компьютерлермен жабдықталған. Жеке ноутбугымен жұмыс істейтін студенттерге ыңғайлы орындар жасалыпты. Көркем әдебиет немесе академиялық кітаптардың түр-түрі сөрелерде самсап тұр. Осында айта кетер жайт, кітаптар қанша бағалы болса да оқырманға қол жетімді, яғни залдан оп-оңай таба аласың. Энциклопедиялар не басқа кітап керек болғанда, компьютерге атын енгізіп, қай сөреде тұрғанын біліп, ары қарай карточкаңа электронды арнайы құрылғымен өткізесің де, үйіңе 2- 3 аптаға дейін алып кете бересің. Уақыты келгенде эл. поштаң арқылы создырып отыруға мүмкіндік те қарастырылған. Тағы да ерекше ұнағаны, Америкадағы барлық кітапханалар бір ақпараттық жүйеде жұмыс істейді. Яғни, сіздің ауданыңыздағы кітапханада табылмаған кітапты, басқа қалалардан не штаттан бірнеше күнде жеткізіп береді. Кейде кітапханалар қорынан табылмаған кітапты Amazon сайтынан тікелей тапсырыс бере салатын оперативтіліктерін де айту керек. Бәрінен де үлгі аларлығы балалар бөлімі екеніне көз жеткіздім. Жоғарыда мен қорыққандай кітапханаға балалар кедергі келтіретін емес, керісінше кітаппен дос болуға, ойнауға, дос табуға болатын жер екен. Бұл залда кітаптардың, журналдардың, аудио және видео дисктердің түр-түрі балалар бойындай сөрелерде тұр. Яғни кез-келген нәрсені өзі таңдап алуына мән берілген. Одан бөлек баланы дамытатын бағдарламалар мен ойындар орнатылған компьютерлер, ойыншықтарға толы ойын алаңы, балалар үстелдері, бәрі-бәрі кішкентай оқырмандардың игілігі үшін жасалған. Балалар ойыншықтардан жалықпас үшін, арнайы бір бөлме ойыншық қоры жұмыс жасап тұр. Апта сайын кезекші қызметкер ойыншықтарды ауыстырып отырады. Сонымен қатар, балалар бөлімінде бір айға жоспарланған күнделікті іс-шаралар өтіп тұрады. Кешкі уақытта барған бізге  күнделікті болатын «ертегілер уақытына» қатысу бұйырыпты. Уақыт өте менің екі ұлым кітапханаға күнде сұранатын болды.  Сөйтіп аптаның жеті күнінде, бір күні ағылшын тілі клубына, екінші күні балаларды ерте дамыту бағдарламасына, үшінші күні сурет салу үйірмесіне, төртінші күні итке кітап оқу экспериментіне, бесінші күні ойнауға, сенбі мен жексенбі күндері лего ойындары мен Голливудқа жаңадан келген мультфильмдерді көруге баратын тұрақты оқырманға айналдық. Жаз бойы мектепке даярлық курсынан да өттік. Профессионалды мұғалімдер мен волонтерлар балалармен аптасына екі рет сабақ өткізіп жүрді. Күз келгелі мектептен кейінгі бағдарламалар ұйымдастырылып, балалардың үй тапсырмасы орындалуы, өзі секілді балалармен араласуы, қолөнер бұйымдарын жасау, кітап оқу сияқты пайдалы істермен айналысуға, жұмыс істейтін ата-аналардың балаларын тәрбиелеуге  ат салысып жатыр. Менің тағы бір байқағаным, мұндағы қоғамдық кітапханалар, тек қана кітап қоры бар ғимарат қана емес, сонымен бірге қайрымдылық істермен де айналысатын орын. Мысалы, үйсіздерге «азық-түлік банкі» деп үлкен ыдыс орнатыпты. Кітапханаға келген әрбір адам үйінде тұрған артық азық-түлігін өткізеді. Екі- үш күнде толған соң, үйі жоқ кісілерге таратып отырады. Қыс айында өте құптарлық іс екенін. Оған көп нәрсе керек емес, тек ұйымдастыру жұмыстары жеткілікті екенін көріп қалай қуанбайсың.

Үйде отырған әйелдер үшін би, иога кластары, тақырыптық (бау-бақшаны баптау, гүл өсіру, әлем елдерінің астарын жасап үйрену, тоқу т.б) сияқты курстар тегін жұмыс жасап тұр. Қатарға енді қосылған жаңа келушіге ағылшын курстары да ұйымдастырылған.

Сөзімнің соңында америкалықтардың кітап оқуға деген қызығушылықтарының жоғары екенін де айту керек сияқты. Оған дәлел қашан барсаң толастамайтын көпшілік. Сөмке толы кітаптарды арқалап алып үйлеріне қайтып бара жатқандарды көріп, алғашқыда ұялып қалатынмын. Қазір өзіміз де, балалар да кітап оқуды әдетке айналдыра бастадық.

Балалардың кітап оқуға ынтастын арттыру үшін ата-аналар да, мектеп те, кітапхана да, бір сөзбен айтқанда бүкіл қоғам мүдделі екенін көруге болады. Әртүрлі конкурстар, клубтар ұйымдастыра отырып, баланың кітапты көп оқуына жағдай жасайды. Мысалы, кеше ғана 0 сыныпқа барған баламызға, ата- анаңмен бірге толтыр деп кітапша ұстатыпты. Онда оқылған кітаптардың тізімін жазып отыру керек.  Белгілі бір санға жеткенде мектеп ұжымы сыйлықтар жасайды, мақтайды, медаль тағып, марапаттайды. Кітапхана да өз тарапынан сондай, «ең үздік оқырман», «ең көп оқығыш» сияқты атақтар беріп, сыйлыққа ойыншықтар дүкендері мен атракциондарға, музейлерге, парктерге билетті жеңілдікпен алуға болатын талондар береді.

Балаға күніне жиырма минут кітап оқу маңыздылығы туралы ескертпелер, көз көретін жерлерде ілініп тұр. Ата-аналардың, әсіресе әкелердің алты айлық баласына дейін кітап оқып отыратындарын жиі көруге болады. Бізде де кітапханалар осындай болса екен деген іште арман пайда болғанын жасырмаймын.

«Кітап оқыған озар» демекші, мен көрген мұхиттың арғы жағындағы қоғамдық кітапханалар осындай.

 © Назым Космосбекқызы                                                        

Пікір қалдыру