25 Қыркүйек, 2017

ҚАРЫМТА

Үйі жоқ, амалсыз өзгенің бұрышын жалдайтындардың саны 4 миллион. Бұл ресми мәлімет. Осыншама жұрт жоқшылықтан қашып қалаға келді. Жақын-жұрағаты барлар солардың пәтеріне тіркелді. Жоқтар ортаға пысықтарды салып біреудің үйіне «пропискаға» тұрды.

Шаруа мұнымен біткен жоқ. Үй іздеу деген қиямет қайым. Олпы-солпы болса да көп пәтердің жалдау ақысы тым қымбат. Әуперімдеп арзандау біреуін тапсаң қожайыны қызылезу, шұқыланып қалған біреу болып шығады. Ай тұрасың ба, жоқ па? Тағы пәтер іздейсің. Жалақың өсіп, қызметің көтеріліп жатса, үйді жұмысқа жақындатқың келеді. Тағы көшесің. Қысқасы,  бір жылда кемі 2-3 рет пәтер ауыстырасың.

Осылай үйден үйге көшіп-қонып жүрген жұртқа тіркеу туралы заң, (Путинше айтқанда) арқадан соққан пышақ болды. «Кім қай үйде тіркелген, сол үйде тұруы тиіс», - деген шарты бар әлгі құжаттың. Яғни «Встречада»-ғы тәтемнің үйіне тіркеліп, бірақ вокзал жақта тұрып жатқан мен автоматты түрде заң бұзған болам. Ереже бойынша тұрып жатқан үйге мені тірке деп қожайынды көндіруім керек. Ол көнеді ме, жоқ па?! Егер жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген әрі салық төлемейтін болса сені қуып шығады.

Бұл тек пәтерші қауымды ғана емес, студенттерді, вахталық жұмысшыларды да тығырыққа тіреп отыр. Заңдағы «басқа қалада бір айдан артық уақыт жүрсеңіз, ол жақтағы мекен-жай бойынша тіркелуге тиіссіз» деген талап кәсіпкерлерге де ауыр тиеді.

Көңіл сыйғанмен заң сыйдармайды

Заңгерлер мен полицияның айтар уәжі – тіркеу арқылы бір оқпен екі қоянды атамыз дегенге саяды. Әуелі үйін жалдауға беріп, пайда табатын, бірақ салық төлемейтіндерді анықтауға мүмкіндік ашылмақ. Екінші ұтар тұсы – жұрттың қайда көшіп, қайда қонғанын білу оңай болады. Бұл тәсілдің террористерді құрықтауға септігі көп деседі.

Ылаңкесшілермен күрестің бұл әдісін сәл кейінірек талқылаймыз. Дәл қазір мынадай сұрақ. Мәселен мен, жұбайыммен ғана тұрғаныммен, коммуналдық шығындарға 4 адам үшін төлеймін. Себебі үйдің иесі өз туыстарын сол пәтерге тіркеген. Енді жаңа заң бойынша қожайын әлгі жақын-жұрағатын тіркеуден алып тастап, мені қосуы керек... Әй, бірақ олай болмайды ғой. Тағы да үй іздеуіме тура келерін ішім сезіп тұр.  Неге? Себебі заңда тіркеудің шектеуі бар.

Ереже бойынша бір үйде тұратын әрбір жан басына кем дегенде 15 шаршы метрден келуі тиіс. Мысалы, Алматыда 60 шаршы метрлік орташа екі бөлмелі пәтерде отбасының төрт мүшесі ғана тіркеле алады. Қысқасы, пәтер жалдаушының көбісі мынау заңнан кейін далада қалады. Ал тіркеуі бар үйлердің бағасы сұмдық қымбат болмақ.

Көршілерді бір-біріне аңдытар заң

Ішкі істер министрлігінің өкілі сұқбат беруде. Журналист: "Адамның үйде бірнеше ай тіркеусіз тұрып жатқанын қалай білесіздер", - деп сұрақ қойды. Бірер сәтке іркіліп барып, әлгі мырза бүй деді: "Көршілерден сұраймыз. Білмеймін деп ақпарат беруден бас тартса, жауапқа тартамыз".

Бұл заң көршілерді бір-біріне айдап салар, аңдытып қояр заң болайын деп тұр. Мұның соңы неге әкелуі мүмкін? Білмедім, бірақ дәл осындай көршіні көршіге аңдытқан заң – бір замандары немісті әлемдегі ең кірпияз, мұнтаздай таза жұртқа айналдырғанын естігем. Қалай дейсіз бе?!

Орта ғасырларда Германияда шайынды суын терезеден лақ етіп төге салу, өлексені көшеге тастап кету қалыпты дүние саналатын. XV ғасырда немістің бір патшасы жұртын тазалыққа баулымақ бопты. Сөйтіп қоқыстың барлығы қала сыртына төгілсін, - деп бұйрық береді. Бірақ ештеңе өзгере қоймайды. Себебі желкелеп ешкім міндеттемегесін әрі төбесінен төніп қадағаламағасын қоқыс баяғыдай көшеге төгіле берді.

Арада бірнеше ай өткен соң граф мүлдем жаңа жарлық шығарды. Іле, немістер аула, көшелерін тазалай бастайды. Бұйрықта бар-жоғы мынадай ескерту жазылып еді: «Егер көршіңіз бірнеше апта ауласын тазаламаса, ол жайында тиісті органдарға айтпасаңыз, ол ғана емес, сіз де жазаланасыз. Ал егер тез арада жеткізсеңіз, көршіңіздің жерінің бір бөлігі сіздікі болады».

Міне, осы бұйрықтан кейін, немістер әр сенбі сайын, көршім айтып бермесін деп жұрттың көзінше көше сыпыратын болыпты.

Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой. Заң – әр көшкен сайын, тіркеліп отыруды міндеттейді. Бұлай істемесең айыппұл төлейсің деп қорқытады. Бірақ қадағалау жоқ. Мысалға, полицей сіздің бұл үйде 1 ай тұрып жатқаныңызды қалай дәлелдейді? Жаңа ғана келдім десең не уәж айтады? Көршілерді іске қосады. Үндемей құтылам деген жоқ. Ақпарат бермесе, полиция іс қозғайды. Қысқасы, бұл заң не береді?

Иә, билік күткендей көршіден қорыққан үй қожайындары кәсіпкер ретінде тіркеліп, енді пәтерін заңды түрде жалға бере бастайтын шығар? Бірақ үй жалдайтын жұрттың соры қалыңдай түседі. Себеп? Біздің елде заңды нәрсе «былайғы» дүниеден анағұрлым қымбат болады ғой.

Айтпақшы, бұрын полицей бет-алды үйге кіре алмайтын. Енді «пәтерде тіркелмегендер бар-жоғын тексерем» - деп түн ортасында теуіп кіре алатын құзыреті болады. Мекен-жай қағазыңды көрсет деп учаскелік полицей ғана емес, көшедегі патрульде сұрай алатын болады. ЦОН-нан анықтама шығарып алам дейсіз ғой?! "Өй, мынауыңның мерзімі өтіп кеткен" деп, он күнге ғана жарайтын тілім қағазды мойындамай қойса қайтпексің? Халыққа қызмет көрсету орталығына дейін сүйреп апарасың ба? "5 мың теңгемен шеше салсақ" деген ұсынысқа көнесіз бе? Айтайын дегенім, бұл заң жемқорлыққа жол ашады ма деп қорқам.

Террорист тіркелмейді

Әрине, соңғы жылдардағы терактілерді ел ішінде емін-еркін жүріп, пәтер жалдап, тіпті сол жерде жарылғыш зат дайындаған адамдар жасады. Бірақ бұл жерде ескеретін бір жайт бар. Радикалдар терактіге дайындаларда пәтерді заңда белгіленген мерзімнен әлдеқайда аз уақытқа жалдайды. Мысалға, Ақтөбедегі терроршылар тәуліктік үйлерді жалдаған. Олар бір жерде ұзақ отырып қалса, былайғы жұрттың назары ауарын жақсы біледі. Сол себепті, үйді бір жұмадан артық алмауға тырысады. Келесі апта тағы көшеді. Сөйтіп, көрші-қолаң бұлардың түр-әлпетінде көріп үлгермейді.

Осы арада, Қожанасыр әпендінің бір қылығы есіме түседі. Тойдан шыққан ғой. Сөйтсе, байлаулы тұрған аттардың ішінен өзінікін таппай қапты. Содан айқайға басады: Мен тұлпарымды атқалы жатырмын. Әркім өзінікін алып кетсін, деп. Көп өтпей, жұрт өздерінің аттарын алады. Қожекеңдікі бұрыштағы өз жабысына қарғып мініп, кеткелі жатыр екен. Атпаймын, іздеуге еріндім, депті.

Күштік құрылымдар терроршыларды іздеуге ерініп, дәл осындай оңай тәсілге жүгінген сияқты. Әлемнің қауіпсіздік қызметтері, радикалдардың тобына өз тыңшыларын жіберіп, олардың басшысы кім, қандай жоспары бар, сол агенттері арқылы біліп отырады ғой. Бірақ, бұл әдіс ұзақ уақытты һәм үлкен кәсіпқойлықты қажет етеді. 

Талғат Қалиев, саясаттану ғылымдарының кандидаты

- Мысалы, Лондонда әр адам күні бойы 400 рет бейнеге түседі. Метрода, жер астында ма, жер үстінде ме. Бүкіл жерлерде бейнекамера бар. Сол – камералар арқылы, полицейлер лаңкесші болуы мүмкін адамның әр ізін аңдып отырады. Міне осы экстремизммен күресу. 

Ауылдан шығармау амалы ма?

«Қазақтар мобильді болуы керек. Жалпиып бір жерде отыра бермеңдер.

Қазір Шымкентте жұрт бірінің үстіне бірі шығып, қаптап отыр. Бұлай болмайды. Жұмыс бар жерге ауысу керек».

                                                                                                    Н.Назарбаев

Президентіміз Қазақстанды кезіп жүріп "жұмыс ізде" дейді. Өте жақсы бастама. Бірақ қазақтың мобильді болғанынан гөрі, оның ауылдан шықпай, қамалып отырғаны керек сияқты мынау заң жазғыштарға. Елбасы айтқандай, жұрт сабылып жұмыс іздеп, Қазақстанды адақтап кетсе қайда табан тірейді? Үлкен қалаларға, Астана-Алматыға келеді. Жұрт ауылда жатса жұмыссыз ба, аш па, тоқ па, ешкім білмейді. Білмейді екен, проблема да болмайды. Ал енді, олар қалаға келсе көрініп қалады ғой. Бүкіл өтірігі ашылады. Өңірлерде жүздеп зауыт аштық дегені әдемі есеп-баяндарының барлығы быт-шыт болады. Ауылдан келгендер сыртын сылап-бояп қойған бүкіл мәселені Елордаға алып келеді. Мұнымен бітпейді. Енді қалаға келгендерге қызмет тауып беру керек болады. Мектебін салу қажет. Әлеуметтік жәрдем жасалуы тиіс. Қысқасы шаруа көбейіп кетеді.

Осындай алапат жұмыстан қорқып, кезінде өзбектер өз жұртын қышлақта қамап ұстайтын заң шығарып еді. Дәл біздегідей «әр кім тіркелген жерінде ғана тұрсын» деп ереже бекіткен-ді. Бұл заң не берді? Иә, әуелгі бірнеше жыл өзбек билігінің құлағы тыныш болды. Жұмыссыздық, ұлт сапасының құлдырауы... Бұл проблеманың барлығы ауылда тұншықтырылып ұсталды. Бірақ 2000-шы жылдан бастап миллиондаған бұқара қышлағына сыймай қалаға кіре алмай, ақыры гастарбайтер боп шетел босуына тура келді.

Енді бізге оралсақ. Егер қазақты бар проблемасымен ауылда қамап ұстауды қалаға келгізбеуді ойға алған болса, онда кешікті. Себебі бұл заң 2000-шы жылдары қабылдануы керек еді. Халықтың 48%-ы ауылда тұрады делінгенмен, оның түгелдейі қалада жүр. Бұл шамамен 7-8 миллион жұрт. Тіркеу, айыппұл дегенмен қитыққа тию жақсы нәтиже бермейтіні анық.

Уақытша тіркеудің құзіреті бар ма?

Менің анама қиын болғалы тұр. 7 ұл-қыз түлеткен кейуана, жыл он екі айын балаларын аралаумен өткізуші еді. Бірер ай менің үйімде, келесі маусым әпкемнің пәтеріне қонақ болушы еді. Енді ұл-қызына келген сайын тіркеуге жүгіретін болды ма?

Жә, ол қиын емес. Анамның қант диабеті бар. Егер уақытша барған жеріне тіркелсе дәрігерге қаралады ма?! Жә, анам ғана емес, кез-келген адам. Сол өңірге барған отбасының баласы сол жердің мектебіне оқи ала ма? Айыппұл, анау-мынау төлемдердің барлығын сол уақытша тіркеуге тұрған өңірде атқара ала ма?!  Неге заң тек полицейге, заңгерге ғана ыңғайлы болуы керек? Неге қарапайым халықты ынталандырушы құралдары жоқ?

© Серік Рыскелді

Пікір қалдыру