28 Шілде, 2017

КӨЗҚАРАС

«Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры, режиссер-аниматор Батырхан Дәуренбекпен кино және анимациялық фильм жайында сұхбаттастық. Ағамыз сондай-ақ, Шымкент қаласынан балалар киностудиясын ашу мәселесін де тілге тиек еткен еді...

- Ассалаумағалейкум!

Батырхан аға, Шымкентте балалар киностудиясын ашпақ ниетте екенсіз. Мұндай шешімге не түрткі болды?

 - Уағалейкумассалам.

Кино өнері – жақсы мен жаманды, өмірдің ақ пен қарасын, жалпы замана ағысындағы күнделікті тіршілікті көрсете отырып, жастарға тәрбие беретін саяси-идеологиялық құрал екенін жақсы білесіздер. Оның ішінде балалар тәрбиесіне ықпал өте зор.

Бәріңіздің үйіңізде балаларыңыз, немерелеріңіз бар. «Бала тәрбиесі бесіктен» десек те қазіргі заманның бесігі – теледидар болып отыр. Өйткені ата-аналардың балаларына ертегі айтып, кітап оқып беретін уақыттары жоқ. Балалар таңертеңнен кешке дейін теледидарға телміріп шетелдің атыс-шабысқа толы өнімдерін, интернеттегі соғыс пен қанішерлікке баулитын ойындарды ойнап отырады.

- Бала тәрбиесі көп істен маңызды дейсіз бе?

- Дәл солай. «Балалар біздің болашағымыз!» деген ұранды көп айтамыз. Бірақ жарқын болашағымыздың тәлім-тәрбиесіне келгенде немқұрайлылық танытып, батыстың бала психологиясына кері әсер ететін идеологиялық шырмауына өз қолымызбен беріп қоямыз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің халыққа жолдауында да, 2050 стратегиясы мен нақты 100 қадам бағдарламасында да «Жаңа қазақстандық патриотизм» үрдісін жасөспірімдердің жүрегіне сіңдіру, оларды қалай да елін, жерін сүйетін азаматтар етіп өсіру туралы айтудай-ақ айтып жатыр.

Жақында ғана Мәдениет және спорт министрлігінде киноөндіріс туралы үлкен жиын болып өтті. Сол жиында мен осы мәселені көтеріп, елімізде балаларға арналған киностудия ашу қажеттілігін айттым. Естеріңізде болар, Кеңестер Одағы кезінде балаларға арналған «Одесса» киностудиясы, «Мосфильмде» жасөспірімдер мен балалар киностудиялары жұмыс істеді. «Тимур және оның командасы», «Қанжар» сияқты фильмдерді көріп, солардан үлкен әсер, тәрбие алып, патриоттық сезімдерді бойымызға сіңіріп өстік. Ал ертегі фильмдерден алған тәрбиеміз қаншама.

Қазір «Қазақфильм» Акционерлік Қоғамы еліміздегі жалғыз киностудия, яғни монополистер. Оларға конкуренция жоқ, болған да емес. Нарық заманының талабы бойынша барлық сала тек бәсекелестік арқылы дамымай ма? Осы тұрғыдан алғанда біздің қаламыздан мемлекеттік балалар киностудиясын ашу мәселесін, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға», облысымыздың бас газеті «Оңтүстік Қазақстанға», «Саясат» газеттеріне мақала жаздым. Елбасымыздың өзі үшінші қала деп баға беріп отырған Шымқаламызда балалар киностудиясы ашылып, жылына 2-3 тәрбиелік мәні бар фильмдер шығып жатса, ол бәрімізге де қуаныш емес пе? Неге Алматыда, Астанада емес, неге Шымкентте деген сұрақ туындауы мүмкін.  Басқа қалаларда да ашылғаны тіпті жақсы. Кино саласында бәсекелестік деген бар. Мысалы, Голливудтың өзі Американың орталығында орналаспаған. Кезінде елімізге әйгілі аниматор Әмен Хайдар атамызда Шымкент анимацияның отаны деп айтқан болатын. Себебі біздің Шымкенттің аниматорларының біліктілігі мен кәсіби деңгейі өте жоғары.

-  Мультфильм шығаруда кедергі көп пе?

- Кедергі тек қаржы мәселесі. Мәселен, алпауыт мемлекеттер Қытай мен Ресейде балалар анимациясына, балаларды патриот етіп тәрбиелеуге  өте көп көңіл бөледі. Оларға қаржы мәселесі ешқандай қиындықтар туғызбайды. Егер біз балаларымызды, жасөспірімдерді қазірден тәрбиелеп, дұрыс бағыт-бағдар бермесек, шетелдің атыс-шабыстарын, ешқандай мән-мағынасы жоқ мультфильмдерді көріп жүре берері анық. Осыны жауапты орындарда отырған шенеуніктер ескергені ләзім.

- Алдағы уақытта хан, сұлтан, батырлар туралы сериалдық анимациялық фильмдер шығару жоспарыңызда бар ма?

 - Әрине, егер мемлекеттен қаржылай қолдау көрсетілсе хандар, сұлтандар, батырлар туралы мультфильм шығару жоспарда бар. біздің тарихымызда мемлекетімізді нығайтуға ат салысқан хандар, билер, батырларымыз жетерлік.

- Батырхан аға, бір сөзіңізде «шетелдегі фестивальде ұтамын деп қазақты масқараламаңдаршы» деп  айтқан едіңіз. Соны бір түсіндіріп өтсеңіз.

- Кино саласындағы өзекті мәселелердің бірі қазіргі жас режиссерлар кино түсіріп кинофестивальде ұтамын деп көп қателіктерге бой алдырып жатады. Мәселен, ауылдың тұрмыс-тіршілігін өте төмен деңгейде бейнелейді. Ескі үй, лашықтар, ескі машиналар, үсті лаймен жабылған кепе үйлер. Қазіргі таңда ауылдың әл-ауқаты кинодағыдан әлде қайда жақсы деп айтар едім. Осыдан біздің фильмдерді көрген шетелдіктер Қазақстанның жағдайы өте нашар екен деп ойлайды. Неге біз осы қателіктерді түзеуге тырыспаймыз?! Еліміз күннен күнге көркейіп, қарқынды дамып келе жатқаны өтірік емес қой. Барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өз Отанымыздың жоғары деңгейде көрсете білуімізге мүмкіндік жоқ демейміз. Тек оны дұрыс пайдалана алмай жүрген жайымыз бар.

Сұхбат бергеніңізге көп рахмет! Еңбегіңізге жеміс тілеймін!

Сұхбаттасқан Серікбай Балтабеков

Пікір қалдыру