28 Шілде, 2017

ҚАЗАҚ БIЛСIН

Қазақтың басынан өткен жылдар туралы көп айтылды, көп жазылды. Кейбірі шын пейілмен, таза ниетпен зерттеліп, оқырман қауымға ұсынылса, енді бірі баяғы отаршылдық сарыннан аспай, кезінде жазылған мәліметтерді қайта беріп жүр. Саналы, ақ пен қараны ажырата білетін оқырман бәрін де саралап алады. Дегенмен, ақпараты мол бұл заманда, көп ойдың орнына аз сөзді қажет ететін оқырман да бар. Бұл әсіресе жастар жағы. Сондықтан арнайы тәсілмен Қазақия тарихында 45-ақ жыл өмір сүрген Бөкей ордасының қысқа ғұмыры жайында мәлімет беруді өзімізге міндет санадық. Ендеше сіздерге қызықты болар деген оймен келесі нақты деректерді ұсынбақшымыз.

         - Хандық 1801 жылы Бөкей Нұралыұлының бастамасымен құрылды. Әрине, орыс патшасынан ресми мақұлдауды он жылдан кейін алса да, ел ішінде хан дәрежесінде болғаны анық;

         - Аумағы 90 000 шаршы шақырым;

         - Алғашында шамамен 5000 түтінге жуық үй болды;

         - 1825 жылы 10490-ға дейін жетіп, жалпы халық саны 50 мыңнан асты.

         - Қазіргі БҚО-ның Бөкей Орда, Жәнібек, Жаңақала, Казтавловка; Атырау облысының Құрманғазы, Махамбет; Ресейдің Астрахан облысының Қарабайлы, Құмөзек, Володар; Волгоград облысының Палласовка аудандары енген;

         - Шыңғыс ханның ұрпағы билік құрған әлемдегі соңғы хандық;

         - Хандықты үш-ақ адам басқарып үлгерді: Бөкей Нұралыұлы (1801-1815 жж); Шығай Нұралыұлы (1815-1824жж), Жәңгір Бөкейұлы (1823-1845 жж);

         - 1827 жылы хандықтың орталығы – «Хан ордасының» негізі қаланды;

         - 1836-1838 жылдары Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс орын алды;

         - 1828 жылы хан жанынан би-кеңесі ұйымдастырылды. Оның құрамына: шеркештен — Мүпәт Айдаболұлы, ноғай-қазақтан — Шомбал Ниязұлы, байбақтыдан — Қонаш Сопақұлы, масқардан — Шора Кедейұлы, беріштен — Бәтке Құдайбергенұлы, алашадан — Алтай Досмұхамедұлы, жаппастан — Көшетұр Мапақұлы, ысықтан — Жантөре Абдалұлы, адайдан — Байту Төменбайұлы, қызылқұрттан — Дуантай Айтуғанұлы, есентемірден — Татан Сәкенбайұлы, таздан — Құдайшүкір Базайұлы, жетірудан — Кендірбай Ырысбайұлы және кетеден — Бос Боздайұлы кірді.

         - 1828 жылы Жәңгір хан қазақ жеріндегі тұңғыш музей ашты. Өз үйінің бір бөлмесіне отбасылық құнды заттар, ат әбзелдері мен жауынгерлік қару-жарақтар жинастырды.

         - 1839 жылы дәріхана, ал 1940 жылы қазақ тарихында тұңғыш рет қазақша-орысша білім беретін мектеп ашылды.

         - 1845 жылы Жәңгір хан дүниеден өткеннен кейін хандық билік жойылды (әкесінен қалған билікті қолға алған Сайып-Керей іс жүзінде де, қағаз жүзінде де хан атана алмай, 1947 жылы қайтыс болады)

© Рүстем Шахымұранұлы

Пікір қалдыру