25 Қыркүйек, 2017

КӨЗҚАРАС

Отыз жасқа жеткенше бірнеше мерзімді басылымдарда жұмыс істеп үлгерген, балалар әдебиетіне үнемі назар аударып жүретін, көне суреттерді жинауға да уақыт табатын замандасымыз Серікбол Хасанға бірнеше сұрақ қоюдың сәті түсті. Айтары бар азаматтың сөзіне құлақ түріңіз, оқырман...

- Жақында құлыншақ деген бәйгеден орын алыпсыз. Балалар басылымында істедіңіз. Бұрын да осы мәселе туралы айтып жүретініңізді білеміз. Кейінгі уақытта өзгерістер бар ма? Балалар әдебиетінің ахуалы қалай өзі?

- Қазақ әдебиетіндегі ең қиын жанр – осы балалар әдебиеті. Себебі, бала – өте талғампаз оқырман. Әсіресе, бүгінгі заманның балаларының талғамынан шығу қиын секілді. Сұрақтары көп. Сондай балаға арнап шығарма жазудың қиындығы, айтпаса да түсінікті шығар. Бірақ, соған қарамастан, балалар әдебиетінде таңбасын қалдыру әр қаламгерге мұрат болу керек. Менің бастығым Нұртөре Жүсіп ағамыз бұрын «Жас Алашты» басқарып тұрған кезде аймақ-аймақтағы оқырмандармен жүздескенде: «Балаларыңа «Ұланды» жаздыртыңдар!» деп насихаттап жүреді екен. Мұның сырын сұрағанда: «Бүгін «Ұланды» оқымаған бала есейгенде «Жас Алашты» оқып жетістірмейді» деп жауап беріпті. Сол айтқандай, бүгін бала өзінің әдебиетін (тақпақ, ертегі, әңгіме т.б) оқымаса, ертең есейгенде кітап бетін ашпайтын меңіреу біреу болып шығады. Сондықтан, бүгінгінің менмін деген қаламгерлері ертең том-том кітаптары шаң басып қалмауы үшін балалар әдебиетін жазуы керек. Оқырманды бала кезінен тәрбиелеуі қажет.

Жоғарыда «Ұланды» айтып қалдым ғой. Осы «Ұланда», «Ақ желкенде» қызмет істедім. Бұл жер маған үлкен мектеп болды. Тұманбай ағаның тәлімін көріп, «Балдырғанда» балаларға арналған алғашқы өлеңдерім жарияланды. Қазір де балаларға жазуды тоқтатқан емеспін. Басқа дүние жазылмаса да, балалар әдебиетін өлтірмеуіміз керек! Балалар әдебиетінің бүгінгі ахуалы аздап көңіл құлазытарлық. Себебі, балалар қаламгерлері саусақпен санарлықтай ғана. Оның ішінде жастардың үлесі тіптен аз. Бірақ жылт еткен үміт те жоқ емес. Әсіресе, жас қаламгерлер балаларға арнап жазуды жиілетсе, әдебиеттің осы саласының болашағы нұрлы болатынына сенемін.

- Жас қаламгерлер қаламақысы жоқ нәрсеге жазбайтыны тағы бар ғой. Ай сайын алқымнан алатын пәтерақыны табу үшін балалар әдебиетінен гөрі мерейтой құттықтауын жазуды дұрыс көреді. Әйтпесе далада қалуы мүмкін. Жас кезде пәтерсіз, жағдайсыз жүріп әдебиетке адал болу қиын емес пе...

- «Алдымен жағдай жасап алайын, сосын үйленемін» деген жастардың біразы отыздан асты қазір. Әдебиет те сол секілді ме деймін. Жағдай күтсең, уақыт жоғалтасың. Баланы неге жасынан мектепке береміз? Себебі, жас кезде алған білім тасқа таңба басқандай, мәңгі қалады. Сол секілді, жасыңда жазған дүниеңнің де қуаты күшті бола ма деймін. Адам қай кезде тәуекелшіл болу керек. Себебі, мұсылманның ең игі қасиеттерінің бірі – тәуекелшілігі. Алдыңда не болатынын Алла ғана біледі. Ертеңгі күнінен қорқатын адам – менмен кісі. «Мен жасай алмауым мүмкін», «мен қиындыққа тап болуым мүмкін» дейді. Ал мұсылманда «мен» болмауы керек. Өзіңді Аллаға тапсыр да, әрекет ет! Берекетін Өзі береді. «Жағдайымды жасап алайын» деп жүріп, жап-жақсы жазуын жоғалтып алған талай жасты білемін. Алла аурумен, қорқынышпен, аштықпен, жоқшылықпен, кедейлікпен сынайды. Бәріне сабыр қылу керек. Алла саған ақындық қасиет берді ме? Өлең жазуды тастама. Бәлкім сен үшін қайырлысы сол шығар? Қазір атын әлем білетін суретшілердің, жазушылардың бәрінің де өмірі жоқшылықпен өткен. Тіпті кейбірі өздері дүниеден өткеннен кейін атақты болып шыға келді. Кім дүниеге пәтерлі болып келіпті? Жағдайын жасайтын адамның өзі. Керісінше, адам таршылықта дүниеге жақсы шығарма әкелетін сияқты көрінеді. Кім біледі, бұл да бір берілген мүмкіндік шығар. Әр нәрседе қайыр бар.

Тоқсаныншы жылдардағыдай емес, қазір әдебиетке көзқарас өзгеріп келеді. Өткенде депутаттар келер жылдан бастап кітапқа берілетін қаламақы көлемі баспа табағына 120 мың теңгеге дейін төленетінін сүйіншілей хабарлады. Әсіресе, балалар әдебиетіне оң көзқарас қалыптасып келеді. «Дарабоз», «Балауса» , «Құлыншақ» секілді бірнеше бәйге өткізіліп жүр. «Алтын қалам» байқауы бар. Тұңғыш Президент қоры беретін «Алтын тобылғы» бәйгесінің бір бағыты осы балалар әдебиетіне бағытталған. «Балдырған», «Ұлан» секілді балалар басылымдарына шығармаңыз шықса, қаламақы төленеді. Сондықтан, лажы болса осындай мүмкіндіктерді де қарастырып жүрген дұрыс шығар. Рас, бүгінгі таңда әдебиетпен күн көру өте қиын. Десе де, өмірін әдебиетке арнаған адам үшін бұл қиындықты еңсеруге болады.

- Шығармашылық туралы сөз бастап қалдыңыз. Өзіңіздің шығармашылығыңыз қалай? Қазір жалпы өлеңді кімдер кім үшін жазып жатыр өзі? Сіздің газеттегі қызметіңіз шығармашылыққа мұрша бере ме?

- Айлық журналда да қызмет істедім. Апталық газетте де жұмыс жасадым. Қазір «Айқын» газетіндемін. Газет аптасына төрт рет шығады. Оның үстіне жауапты болғасын, газеттің беттеуінен бастап баспаханаға жіберілгеніне дейін қадағалау қажет. Үйге түннің бір уағында жетеміз. Анығында, өлең жазатын уақыт жоқ. Бірақ, уақыт жоқ деп жүре берсең, ұтылатын өзің екен. Ал уақыт болса жүйрік аттай зулап барады. Сондықтан, мен қазір бір «қулық» ойлап таптым. Іргеліден Саяхатқа жеткенше бір-бір жарым сағат автобуста тұрам. Сол уақытымды ысырап етпеуді ойладым. Қазір бәрімізде қалтафон бар. Соның «заметки» деген жеріне өлең жазатын болдым. Өзіме міндет қойдым, аптасына кем дегенде екі өлең жазуым керек деп. Өстіп өзімді қамшыламасам, болмайды екен. Автобуста тұрып балаларға арналған бір кітапқа жүк боларлық өлең жазыппын. Менің қазіргі жанрым – осы балалар әдебиеті. Балалар әдебиетіне жететіні жоқ екен.

- Енді әңгімені көне суреттерге ойыстырсақ. Кейінгі уақытта мұрағаттардың, музейлердің интернеттегі қорларын қарап жүрсіз. Оған да 1-2 жыл боп қалды-ау дейм. Бұл неден басталды өзі?

- Музей болғанда да, қазақтың ескі суреттерін, фотошежіресін жинауды әдет қылыппын. Көне суреттерге деген қызығушылығым студент кезден басталды. Әсіресе, бұрын көрмеген, жарияланбаған суреттерді жинауды хоббиіме айналдыра бастадым. Сол студент кезде-ақ Алматы қаласының көне суреттерін жинадым. Қалай қолға түсіргенімді айтпай-ақ қояйын, шеттері әбден бүлінген, қолдан-қолға өтіп ескірген бірнеше фотосуретті таптым. Кейін көшедегі жабайы базарлардан да сондай бірнеше көне суретті сатып алып жүрдім. Мұхтар Әуезовтің бала құшақтап түскен суретін таптым. Әбден ескірген фотосурет екен, артында фотографтың аты-жөні, түсірілген жылы жазылған. Міне, сондай суреттерді жинау әдетіме айналды.

Кейін мынау интернет шыққаннан кейін көне суреттердің электронды нұсқаларын жинауға көштім. Суреттерді архив, музей қорларынан, түрлі көне альбомдар мен кітаптардан алып жүрмін. Қазіргі уақытта арнайы папка-альбомдарға серия-серия бойынша жинақтау үстіндемін. Қазақтың этнографиясы, киім-кешегі мен шаруашылық заттары, ұлттық аспаптары мен музыкасы, қазақтың қару-жарақтары мен соғыс өнері, Алаш зиялылары, белгілі-белгісіз тұлғалар секілді бірнеше папка жинақталды. Бір күні болмаса бір күні бір керегі болар деген оймен жинап жатырмын. Алла қаласа, алдағы жылы Алашорданың 100 жылдығын тойлаймыз. Осы ұлы той қарсаңында «Алаш қонған ақбоз үй» деген альбом шығаруға әбден болады. Қолдаушылар табылса, бұған суреттер қоры жеткілікті.

- Оның бәрін жинау оңай шаруа емес екені анық. Сол үшін де сіздің еңбегіңіз ескерілуі тиіс. Енді сұрағым келіп отырғаны, тапқан дүниелеріңіздің ішіндегі ең ерекше деген бесеуін атап, тарихына тоқталасыз ба?

- Биыл Әлихан Бөкейханның мерейтойына қосқан үлесім болсын деп, бұрын ешкім біле бермейтін төрт-бес суретін жарияладым. Әлекеңнің суреттері Карл Булла деген петерборлық фотографтың қорында сақталып келіпті. Бұл жайлы Абай.кз сайтына толықтай түсіндіріп жазғанмын. Әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлы Әлихан жайлы көптомдық еңбегіне бұл суреттерді қосатын болған. Осы Булла түсірген Қажымұқан атамыздың жас кезіндегі қасқайып тұрған суретін де архивтен тауып, елге ұсынған болатынмын. Бұл туралы «Айқынға» сүйіншілеп мақала да жаздым. Есет Көтібарұлының суреті Ресей музейінде сақталыпты. Оны да әлеуметтік желі арқылы бөлісіп, суреттің түсірілу тарихы жайлы мағлұмат берген едім. Осы секілді қазақтың бірнеше тұлғасының суретін фейсбук парақшамда жарияладым. Абылай ханның ұрпақтары – бірнеше сұлтанның қолмен салынған суретін, Тінеке батырдың, Шоқан салған ескі мазарлардың суретін ұсындым. Тарихшылар жақсы баға беріп жатыр. Соған қарағанда көне суреттерді елге ұсыну арқылы да аздап болса да пайдамды тигізіп жатқан секілдімін.

- Әлеуметтік желіні қалай пайдаланасыз? Уақытыңызды жемей ме?

- Өзіңнің қалай пайдаланғаныңа байланысты. Пышақты алма турауға, балық аршуға пайдалансаң, өте пайдалы зат. Ал адамды жарақаттауға, өлтіруге жұмсасаң өте зиян. Әлеуметтік желі де осы секілді. Қазір желіде жас та, кәрі де, қарапайым адам да, зиялы да отырады. Мектеп оқушысынан министрлерге дейін ой-пікірін желіге ақтаратын болды. Осындай кезеңде оның мүмкіндіктерін мейілінше пайдаланып отырған дұрыс секілді. Ақпарат таратудан әлеуметтік желі қазір медияны басып озды. Мысалы, Тінекеевті алыңыз. Әлгіндей әрекеті желі арқылы елге тарап кетіп еді, дереу депутаттық креслосын босатты. Жаздағы жер мәселесінде ел желіде екіге жарылды. Ақпарат министрлігінің құрылуы осы әлеуметтік желінің ықпалынан болды. Газеттер «госзаказ» қабылдаса, желілердегі белсенділер «постзаказ» қабылдайтын жағдайға жетті. Посты жазып, нәпақа табатын блогерлер көбейді. Клоут рейтингі жоғары адамға деген құрмет күшейіп келеді. Осының бәрін ескерсек, желінің осы дамығаны дамыған. Оған қарсы келгеннен гөрі, тиімді мақсатқа пайдалану керек.

Желіні қазір әркім әртүрлі мақсатқа пайдаланады. Діни ұйымдар желі арқылы уағызын жүргізіп жанталасып жатыр. Саудагерлер тауарын жарнамалап жарысуда. Сайты бар редакторлар сайтында жарияланған материалдарының сілтемесін желіге салып, оқырман тартуды әдетке айналдырды. Сол секілді мен де фейсбуктағы парақшамда пайдалы дүниелермен бөлісіп отырамын. Кім біледі, біреуге пайдасы тиіп қалар ма деген үмітпенен. Көбіне көне суреттермен бөлісемін. Әзірге зиянын көргем жоқ. Рас, желілерге негативті пікірлер көбірек жазылады. Бірақ оларға көз салмастан дереу өтіп кетем. Жақсы жаңалықтармен бөлісіп, сауапты да пайдалы істер істеп, пайдаңды тигізе алмасаң да, ешкімге зиян қыдмай өмір сүргенге не жетсін!

- Сондай берекелі де ұзақ ғұмыр бұйырсын!

Әңгімелескен Арман ӘЛМЕНБЕТ.

Пікір қалдыру