25 Қараша, 2017

КӨЗҚАРАС

(2002 жылы белгілі болған шіркеудегі 80-нен астам баланың дін қызметкерлері тарапынан зорлануы туралы)

2001 жыл Америка тарихындағы ең қайғылы жыл болса, 2002 жылы бұл елдің тарихындағы ең ұятты жылдардың біріне айналды. 2001 жылы «Әл-Қаида» террористік ұйымы Нью-Йорктегі сауда орталықтарының бірін ұшақпен соғып, жүздеген адамның өліміне алып келді. Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады демекші, келесі жылы АҚШ-тағы шіркеулердің 50 жылдан астам уақыт бойы жасырып келген өтірігі әшкере болды.

Бостон қаласының The Boston Globe атты газетінің криминал тақырыптармен айналысатын Spotlight деген бөлімінің тілшілері өмірлік карьерасындағы ең ауқымды жобаны іске асырды. Олар Бостондағы католик шіркеуінің қызметкерлері 1950 жылдан 2002 жылға дейін 10 667 рет жасалған педофилдік іс-әрекеттерді әшкереледі. Ең қызығы, шіркеу қызметкерлерінің педофилизм секілді Құдай алдындағы жеккөрінішті іспен айналысып жүргенін Бостондағы дінбасы кардинал Бернард Лоудың біле тұрып, ешқандай шара қолданбағаны. Сондай-ақ, Бостон қалалық сотына дін қызметкелері тарапынан зорлық-зомбылық көрген балалардың арызы назарға алынбай жабулы қазан жабулы қалпында ұзақ уақыт қала бергені таңғалдырады. Христиандардың кітабы Інжілде ең ауыр топ-10 күнәнің арасына кіретін, айтуға аузың бармайтын бұл іске не үшін басшылық көз жұма қарады? Неліктен көзі жасқа толған, қорлық көрген балалар тыңдалмады? 50 жылдың ішінде он мыңнан астам педофилизм құрбаны болған адамдардың тағдыры қалай өрбіді? Бұл материал осы сұрақтарға жауап бере отырып, АҚШ тарихындағы ең ұятты оқиғаның қалай жүзеге асып, кім тарапынан әшкереленгендігі туралы болмақ.

 

Католик шіркеуі туралы

Католик дінін ұстанбайтын адамнан ол туралы не білесің деп сұрасаңыз, көбінесе келесідей жауап алуға болады:

  1. Католиктер үшін Иса пайғамбар - Құдай ;
  2. Католиктер шоқынады;
  3. Католик шіркеуінің қызметкерлері үйленбейді.

Бұл қарапайым, католицизм туралы жіті білімі жоқ сіз бен біз сияқты миллиондаған адамдардың пікірі. Жоғарыда келтірілген үш жауаптың соңғысына тоқталайын. Целибат – Құдай алдында үйленбеуге уәде беру және дінге қызмет ету.

VII ғасырда өмір сүрген Папа Григорий барша дін қызметкерлері үйленбесін деген жарлық шығарды. Бірақ, бұл үкім тек XI ғасырда ғана күшіне енді. Адамның жаратылысына (ер кісі мен әйел адамның үйленуі) қарсы бұл жарлықтың минустары өте көп еді. «Жаратушының алдына пәк қалпыңда барасың», «Ішкі және сыртқы жан дүниеңді жәннат үшін сақтауың керек» деген сөздермен Рим папасы өзінің ораторлық қабілетін барынша тиімді пайдаланып, Інжілде жазылмаған нұсқаулықтарды енгізді. Ал негізінде тарихшылардың пікіріне сүйенетін болсақ, сол заманда үйленген адамнан қызметкерден гөрі, бала-шағасы жоқ епископтарды асырау шіркеу қазынасы үшін тиімді еді.

Сонымен, католик шіркеунің қызметкері болғыңыз келсе – ең алдымен жыныстық қарым-қатынастан, яғни үйленіп, үй болудан бас тартуыңыз керек. Осыдан пәлен ғасыр бұрын қабылданған бұл жарлықтың зардабын талай адам көрді. Тарихи құжаттарға қарайтын болсақ күні бүгінге дейін қасиетті қызметтегі адамдар некесін қидырмаса да заңсыз түрде әртүрлі жолмен өздерінің сексуалды қажеттілігін өтеп жүрген.

Шіркеудегі педофилизм туралы мәлімет қалай белгілі болды?

АҚШ конституциясында қылмыстық іс жасалған сәттен бастап үш жыл ішінде сотқа арыз түсірілмесе, сот оны қарамайды деп жазылған. Ал дін қызметкерлерінен зорлық көрген балалардың дені 10-12 жас болғандықтан және олардың көпшілігі тұрмысы төмен аудандарда өмір сүргендіктен сотқа баруға қорыққан. Сотқа жеткен арыздардың қабылданбауы мен қаралмауының бірден-бір себебі – прокуратура мен сот қызметкерлері христиан дінінің өкілі болғандықтан шіркеуге қарсы қылмыстық іс қозғауға қорыққан дейді америкалық адвокат Митчелл Гарабедян.

2002 жылы The Boston Globe газетіне жаңадан флоридалық Марти Бэрон есімді журналист бас редактор қызметіне тағайындалады. Ол келген сәтте Бостонда Митчелл Гарабедян шіркеумен педофелия мәселесі бойынша соттасып, Джон Гоган есімді бостондық епархия мүшесін 10 жылға түрмеге жапқан еді. Осы оқиға туралы газеттің бір шетінде кішкене ғана заметка жазылған. Газетке сұхбат берген адвокат Гарабедян сотқа осы мәселе бойынша 80-нен астам арыз түсіргенін, бірақ көпшілігінің жауапсыз қалғанын айтып шағымданған. Су жаңа редактор адвокаттың сөзінің рас өтірігін тексеріп, егер шындыққа жанасып жатса бұл іс туралы көлемді материал дайындауға тапсырма береді.

Журналистік зерттеу қалай жүзеге асты?

The Boston Globe газетінің тілшілері ең алдымен соттан 1950 жылдан бері шіркеу үстінен түскен бүкіл арызды беруді сұрады. Бірақ, жергілікті билік өкілдері мен прокуратура «шіркеудің қаһарынан қорықпайсыңдар ма?», «Сендерді оқитын аудиторияның 45%-ы католиктер, газеттің рейтингі түсіп кетеді деп ойламайсыңдар ма?» деген сыңайдағы ескертпелермен журналистік зерттеуге барынша тосқауыл қоюға тырысты. Бірақ Уолтер Робинсон, Майкл Резендес, Саша Пфайффер секілді журналистер бұл істі соңына жеткізбесе адамзаттың алдында өздерін кінәлі санайтынын алға тартып ойын өзгертпеді.

Төрт айлық зерттеуден кейін журналистердің қолында 84 адамның арызы мен олардан алынған сұхбат болды. Барлығы дерлік Бостон шіркеуінде қызмет еткен адамдар тарапынан сексуалды зорлық көргендіктерін бірақ оны отбасына айтуға қорыққанын мәлімдеген.

Бостондық газет көлемді материалды бірнеше бөлімге бөліп жариялады. Бірінші басылым шыққаннан соң, редакцияға көптеген қоңыраулар шалынып, АҚШ-тың түкпір-түкпірінен телефон арқылы он мыңға жуық адам шіркеу мектебінде педофилияның қалай құрбаны болғандығын айтып берді. Қаңтар айында басталған зерттеу шілдеге дейін жалғасты. Осы аралықта бар-жоғы үш журналист 10667 баланың 50 жыл ішінде сексуалды зорлыққа ұшырағанын анықтайды.

Белгілі болған фактілер

Зерттеу қорытындысы бойынша Бостон епархиясының өкілі Джон Гоган 1970 жыл мен 2002 жылдар аралығында 130 баланың тағдырын ойрандаған. Ал Висконсин штатындағы диакон Лоуренс Мерфи 200-ден астам құлағы естімейтін мылқау баланы зорлаған. Осы оқиғаның барлығын кардинал Бернард Лоу біле тұра көз жұма қараған. Шіркеудің абыройын ойлап, мәселені сотқа жеткізбей «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қалпында қалдырған. Ал өзінің сенімді серігі Джон Гоганның жиіркенішті қылықтарынан көпшілік хабардар болып қалмасын деп, оны жарты жыл сайын бір орыннан екінші орынға ротациялаумен әлек болған.

Бізге белгілі ақпарат бойынша, 1960-1970 жылдардың басында орташа есеппен бір жылда шіркеудің сексуалды зорлығына ұшыраған балалардың саны жылына 600-700-ді құраған. Бұл цифр 1980-жылдарда азайса, 1990 мен 2000 жылдарда қайта күшейген. Осы оқиғадан кейін шіркеуге қайырымдылық жасаушылардың саны қысқарып, жылына 16 млн АҚШ доллары көлемінде табыс табатын епархия, 2002 жылдан кейін жоғарыда көрсетілген сомманың үштен біріне ғана қол жеткізетін болды. Сондай-ақ Бостон епархиясында зұлымдыққа душар болған 300 адамға 10 млн доллар ақша компенсация ретінде төленді. Ал 200-ден астам бала зорланған Висконсин штатында епархия өкілдігі 30 млн доллар қаржы төлеуге мәжбүр болды. 2002 жылдан кейін АҚШ-тағы 12 епархия өздерін банкрот деп жариялап, 65 шіркеу жабылып қалды. Жалпы АҚШ-тағы католик шіркеуі педофилизмнің кесірінен 2 млрд доллар ақшадан айырылған.

Ватиканның ұстанған саясаты

Бостон епархиясының кардиналы Бернард Лоудың отставкаға кетуін сұрап елуге жуық дін қызметкері хат жазды. Тек 2002 жылдың желтоқсан айында ғана Рим Папасы Ионна Павел II оны Римге алдыртты.

«Менің қателіктерімнен қиындық көрген баршаңыздан кешірім сұраймын»,-деді кардинал Лоу соңғы рет халық алдына шығып сөйлеген сөзінде. Рим Папасы Бернард Лоуды Ватикандағы ең жоғары лауазымдардың біріне тағайындап, оның айыбын кешіргенін көрсетті. Бұл өз кезегінде көптеген құқық қорғау ұйымдары мен белсенділердің наразылығын тудырды. Бірақ, Ватикан оларға былай деп жауап берді: «Егер сіздің отбасыңызда жаман бір жайт жүзеге асса сіз оларды тастап кетпейсіз ғой. Сол секілді Ватикан да өз қарамағындағы барша қызметкерді соңына дейін қорғайды».

Рим Папасы Францисктің айтқанына сенетін болсақ шіркеу қызметкерлерінің 2%-ын педофильдер құрайды. Қазір бүкіл әлемде 414 000 адам католик храмдарының қызметкері болса, олардың 8000-ы педофилизммен қолын былғағандар екен.

Қорытынды

Педофилия құрбандары өз есімін газетте жариялауға қарсылық танытты. Бостон епархиясындағы шіркеу алды мектептердің барлығы дерлік қайта тексерістен өтті. Зорлық-зомбылық көрген, сотқа арыз түсірген адамдардың барлығы сотта жеңіске жетіп, қаржылай компенсация алды. 130-дан астам балаға қорлық көрсеткен 68 жастағы Джон Гоган 10 жылға түрмеге отырды. Бірақ оны 2003 жылы 9 қаңтарда түрмеде Джозеф Дрюс есімді психологиялық ауытқуы бар камераласы бұрыңғы дін қызметкерін өзінің  шұлығымен буындырып өлтірді. Бұл оқиға АҚШ тарихындағы ең үлкен жанжал және «Гоган ісі» деп аталды.

«Гоган ісін» әшкерелеген The Boston Globe газетінің өкілдері Уолтер Робинсон, Саша Пфайффер және Майкл Резендеске журналистер арасында берілетін ең үлкен атақ «Пулитцер» сыйлығы тапсырылды. Сондай-ақ, режиссер Том Маккарти 2015 жылы осы оқиға туралы Spotlight атты фильм түсіріп, «Оскар» сыйлығын жеңіп алды.

Мораль: Дін қызметкері болсын, басқа болсын адамдардың тағдырын ойрандауға ешкімнің құқығы жоқ. Құдай әділетті. Әрбір адам істеген ісі үшін ерте ме кеш пе бәрібір жауап береді.

© Мейірхан Амангелдиев

Пікір қалдыру