25 Қараша, 2017

ЕЛ ІШІ

Адамзат әрдайым даму мен үздіксіз жетілусіз өз ғұмырын жалғастыруы қиын еді. Жаңа жетістік, жаңа технология, жаңа ашулар. Қазір үйреншікті болып қалғанымен, өз уақытында сенсациялық жаңалық еді. Нақты тізім жоқ, дегенмен көптеген сауалнамалар нәтижесінде келесі 10 нысан адамзат тарихындағы басты жетістіктер деп танылды. Соныменен, бастайық:

От. Ең басты жетістік – от. Иә, кәдімгі күнделікті пайдалынып жүрген от. Ең пайдалы жаңалық екеніне дауласу қиын. Оның көмегімен жылынуға (қазіргі сары аяз қыста бұл жайында айтпаса да түсінікті, ә?), жарық беруге, тамақтың дәмдік қасиетін өзгертуге (яғни пісіруге) болады. Кейінгі жаңалықтар да осы отпен байланысты: керамика, металлургия, бумен жүретін көліктер т.б.

Доңғалақ. Бұл біздің аталарымыздың ойлап тапқан жаңалығы. Көшпелілердің адамзатқа «сыйлаған» көп пайдасының бірі. Зерттеушілердің пайымы бойынша, алғашқы кезде арбадағы екі доңғалақ (алдынғы) қатты негіз арқылы қосқан. Бұл ретте өгіздерді жегіп, көшіп-қонып жүрсе керек. Кейін арба салмағын азайту үшін доңғалақ жасаудың өзге тәсілдерін меңгеріпті.

Жазу. Бұған қарсы келетін ешкім жоқ шығар. Жазу – керек ақпаратты сақтап, жеткізуге мүмкіншілік берді. Тіпті, дәл осы жазбамызды да жазудың көмегімен біліп отырсыз. Бір анығы, жазусыз біздің қоғам бүгін болар ма еді, болмас па еді?.. Нақту айту қиын, дегенмен ғалымдар алғашқы жазу Ежелгі Мысырда пайда болды дейді. Кейін Қиыр Шығысқа (Жапония, Қытай) көшіпті-мыс. Одан кейін грек, араб, әртүрлі иерогливті таңбалар дүниеге келген.

Қағаз. Дереккөздер мұны ойлап тапқан қытайлар дейді. Ресми тарих бойынша, жаңалық екінші ғасырда (ІІ-ғ) өмір сүрген Сай Лүн есімді шенеунікке тиесілі. Кейін, төртінші ғасырдан бастап қағаз толықтай ағаш өнімдерінен жасалынып, стратегиялық құпияға айналады. Сегізінші ғасырда бұл сырды арабтар біліп, еуропа жұртына сата бастайды. Ал, он екінші ғасырда Италия қағаз жасауды толықтай меңгеріп алған көрінеді.

Отты қару мен оқ-дәрі. Әрине, бұл «жаңалықсыз» әлдеқайда жақсы болар еді. Бірақ, біздің қолымыздан бар іске баға беруден басқа амал жоқ. Қару мен оқ арқылы қаншама өркениет жойылып, жаңа мемлекеттер құрылды. Ерлік пен ептілік отты қару алдында «тізе бүкті». Оқ-дәріні алғашқы ойлап тапқан қытайлар деген дерек бар.

Байланыс құралдары. Осыдан бір жарым ғасыр бұрын ғана адамдардың бір-бірімен қатынасы мүлдем бөлек еді. Телефон, телеграф, радио, Интернет сияқты құралдар пайда болғаннан кейін алысымыз жақындады. Бір хатты жеткізу үшін бәленбай күн мен түн ат мінген поштабайлар арқылы емес, қажетті тетіктерді басып аз уақыт ішінде сәлем жолдауға болатындай дәрежеге жеттік. Тіпті, 1837 жылы адам дауысын арақашықтыққа жеткізу амалдарын қарастырған Пейдж есімді американдық физик, заманның осыншама дамып кетерін білмесе керек.

Автокөлік. Өзге «жаңалықтар» сияқты бұл да сенсация еді. Бір ерекшелігі, тек өз заманы түгіл, өзгеше, өзінше жаңа дәуір қалыптастырды. Адамзат темір тұлпарды тізгіндегеннен кейін, тіпті психологиясы да өзгерді. Адам түгіл табиғат та өзгерді: жаңа тас жолдар, бұзылған экология... Бүгінгі таңда жер бетінде бір миллиардтан (!) астам автокөлік бар екен.

Электрлі шам. Салыстырмалы түрде кеше ғана дүние келген (19 ғасырдың аяғы). Бүгінде өркениетті электрлі шамсыз елеутету қиын. Бұл ашылым энергетика саласын өзгертіп, өнеркәсіпті жаңа бағытқа бұрды. 19-ғасыр барысында орыс, ағылшын, француз ғалымдары бірінен соң бірі түрлі тәжірибелер өткізіп, түптің түбінде 1879 жылы Эдисон жаңа нұсқасын құрастырып шықты.

Антибиотиктер. Әрине, зияны бар болар, алайда пайдасы онда да көп. 80 жыл бұрын дәрі-дәрмек болмаған уақытта, адамдар қарапайым іш өтуден, өкпенің қабынуынан қайтыс болатын. Кез келген жараға инфекция кіріп, өршіп кететін. Сондықтан бұл адамзат тарихындағы елеулі оқиға деп айтуға толық негіз бар.

Желкен мен кеме. Желкен адам өмірінде баяғыда-ақ пайда болған. Алғашқы желкен ретінде аңдардың терісі пайдаланылған екен. Бірте-бірте кеменің діңгегін ойлап тауып, кәдімгі кемеге айналса керек. Нақты қашан ойлап тапқанын дөп басып айта алмасақ та, Ерте Мысырда б.з.д. 15 ғасырдағы суреттерде бейнеленген.

Дайындаған Рүстем Шахымұранұлы

Пікір қалдыру