28 Шілде, 2017

ҚАЗАҚ БIЛСIН

Биыл еліміздің қайта егемендік алып, ес жинап, бостандықтың туын желбіреткеніне 25 жыл. Күздің соңғы бөлігі біреу үшін күңіренген, енді біреу үшін ерте күн батса да мамыражай уақыт. Тарих қойнауына тағы бір жылдың кетер тұсында әркімнің артына бір қарап есеп беріп жатқан шағы бұл. Ел тізгінін ұстаған азаматтардан бастап қарамағында екі-үш адам қызмет ететін «кішкентай» басшыларға дейін бір жылда не тындырғанын пысықтап жатыр... Біз де ойлана келе егіз ұғымға айналып кеткен Алаш пен Әлихан Бөкейхан үшін биыл қандай іс атқарылды, не істелді, не тынды, атқарылмаған не қалды, осыны сараптап көрдік.

Алаштың әлемдік тұлғасы

ЮНЕСКО Бас конференциясының 2-18 қараша аралығында өткен 38-сессиясы «Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік шараларға қатысу туралы» Атқарушы кеңестің ұсынысын бекітіп, яғни, білдей ұйымның өзі Әлиханды әлемдік тұлға деп қабылдап, арысымыздың туғанына 150 жыл толуына орай ауқымды шаралардың іске асуын жөн деп тапқан болатын. Бұл жөнінде бірінші болып Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілетті уәкілі Сатыбалды Бұршақов хабарлап сүйінші сұрағанда бөркімізді аспанға атқанмен, абыройлы міндетті Алаш мұрасын зерттеуші ғалымдардың мойнына жүктей салғанымыз ақиқат.

Ақпанға еркелеп Наурыз келген шақта, дәлірек айтқанда, көктемнің алғашқы айының 5-ші жұлдызында Түркия елінде «Алаштың Әлиханы» атты халықаралық конференция өтті. Ұлт көсемін жан-жақты зерттеген, әлі күнге Әлихан есімінің әр жерде кеңінен аталғанын жан-тәнімен қалайтын бір ғалым бар десек, ол – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлы Жүсіп. Аталмыш конференцияға қатысушылар өмірінің тең жартысын Алаштың баға жетпес мұрасын зерттеуге арнаған Сұлтанхан Жүсіптің «Әлихан Бөкейхан және түркі дүниесі» жинағымен танысып, Алаш арыстары жөніндегі деректі фильмді тамашалады. Кейін Астанада өткен халықаралық ғылыми конференцияларда, дөңгелек үстелдерде С.Аққұлұлының «Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан» атты зерттеулер, публицистикалық мақалалар, сұхбаттар жинағы таныстырылып, кітапханаларға сыйға берілді. Әлихан туралы толыққанды білгісі келген адам бұл жинақтан іздегенін табары анық. Десе де, автор «Алаш қозғалысының көсемінің» өмірі, қызметі, халқы үшін еткен еңбегі, өткерген соқпағы толық зерттеліп біткен жоқ дейді.

Халқымыз тәуір деп баға берген сәуірдің 15-інде Әлихан Бөкейханов және Алаш мұрасы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Оған Ақордадан арнайы барған ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекпен бірге мүйізі қарағайдай ғалымдар қатысты. Алғаш болып сөз алған Г.Наушақызы:

- Әлихан Бөкейханов өзінің бүкіл саналы ғұмырын халқының азаттығы мен еркіндігіне арнады. Ол Алаш қозғалысының көсемі, саяси қайраткер, экономист-ғалым, Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік Думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, тарихшы-этнограф, әдебиеттанушы әрі публицист ретінде қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталатыны сөзсіз. Әлихан Бөкейхановтың елдіктің еңсесін биіктетуге бағытталған еңбектерін Алаштану ғылымының аясында тереңдетіп, Бөкейхановтану бағытын жас ұрпақтың рухани қазынасына айналдыру баршамыздың азаматтық парызымыз болмақ,-деген болатын.

Тізе берсек, Алаш ардақтыларының басын қосып, ел Тәуелсіздігі жолында жанын қиған Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған ғылыми конференциялар мен басқосулар елімізде де, алыс-жақын шетелдерде де өтіп жатты. Жазылған мақалалар мен талқыланған мәселелер де аз болмады. Әсіресе, Алаш мұрасын зерттеуге атсалысып жүрген азаматтарды толғандырғаны – Әлихан есімін республикалық деңгейде мәртебесі бар университеттерге, Астана мен Алматы қалаларындағы үлкен көше немесе даңғылдарға беру еді. «Тамшы да тама-тама тасты жарар» демекші, ол күнге де жететінімізге сенгеніміз жөн сияқты.

Қарап отырсақ, аз уақыт ішінде көптеген ауқымды іс-шаралар жүзеге асыпты. Мәселен, шілде айында халықаралық «Әлихан Бөкейхан ізімен...» атты ғылыми-танымдық экспедициясы ұйымдастырылып, Алаш мұрасын ардақтаған белгілі ғалымдар мен жас алаштанушылар Әлиханның табаны тиген Қазақстан және Ресей қалаларын басып өтті. Аталған экспедиция жөнінде Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Қайырбек Кемеңгердің ойын білген едік.

- «Қазақ географиялық қоғамы» ұйымдастырған ғылыми-танымдық экспедицияның мүшесі ретінде Әлиханның туған жері Ақтоғайдан бастап, қайтыс болған жері Мәскеуге дейінгі аралықта болып қайттым. Атап айтқанда, Ә.Бөкейханның ізі қалған Қарағанды, Қарқаралы өңірі, Семей, Омбы, Санкт-Петербург, Минск, Самара, Орынбор қалаларын жүріп өттік. Экспедиция барысында бабамыздың табаны тиген жерлерді суретке түсіріп, әлихантанушы ғалымдар, тарихшы-мамандармен кеңінен тілдесуге тырыстық. Олармен сұхбаттасып, кітапхана мен музейлерде болып деректер жинадық. Ә.Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында қолымыздан келгенше біраз дүниелер жасауға тырыстық. Соның бірі әрі ақпараттық, әрі тағылымдық жағынан берері мол жаздағы экспедиция болатын. Одан бөлек, Алаш ардақтысы жөнінде зерттеу мақалаларымыз «Егемен Қазақстан» газеті, «Қасым» журналдарына жарияланды,-дейді Алаш оқымыстысы Қошке Кемеңгерұлының ұрпағы.

Әлиханға арналған пошта маркасы мен монета

Алаш қайраткерлерін тану және оларды насихаттау үшін міндетті түрде алаштанушы болу қажет деген қағида жоқ, әрине. Десе де, олар жайлы жақыннан білу үшін де көп ізденістің қажеттігі бесенеден белгілі. Бұл жөнінде де жуырда ҚР Ұлттық Банкінің Әлиханға арналған монетаны таныстыру рәсіміне қатысқан Қайырбек Кемеңгерден сұраған болатынбыз.

 - Бізде қазір алаштанушы, әлихантанушы көп. Бұл дұрыс, әрине. Дегенмен, өзінің заманында, көзінің тірісінде Әлиханға оң бағасын берген қайраткерлер көп болмады. Осыны ескеріп, өзіміздің зерттеу мақалаларымызда оның ізбасары, үзеңгілесі, Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының 1924 жылы шыққан «Қазақ тарихы» кітабынан үзінді келтірдік. Ол қазақ елін ұлт ретінде ұйыстырған, саяси қайраткері деп Әлиханға биік баға берген. «Басқа елдің көсемдері шетелге қашып кетсе, Әлихан елінің ортасында қалды. Бұл – оның ұлтын, қазағын сүйгендігі» деп Қошкенің жазғанын мақаламызда астын сызып тұрып көрсеттік.

«Ақ жол» партиясының ұсынысымен биыл саңлақ саясаткердің 150 жылдығына «Қазпошта» АҚ мен ҚР Ұлттық Банкі өзінше тарту жасады. Алғашқысы, шіліңгір шілдеде пошта маркасын жұртшылыққа жар салып тұрып таныстырса, екіншісі жуырда ғана салмағы 11,7  грамм тартатын нейзильбер металынан жасалған «Әлихан Бөкейхан 150 жыл» деген жазуы бар «100 теңгелік» монетаны жарыққа шығарды. Монетаның таныстырылымына жақсылыққа жаны құмар ғалымдар қатысып, Әлихан, Алаш тарихы төңірегінде әлі де атқарылар істерге тоқтала кетті. Мәселен, өз ойын бұқпасыз жеткізетін ғалым Сұлтанхан Жүсіп Азат Перуашевқа екі бірдей ұсыныс жасап, оны ҚР Парламентінде көтеруді өтінді. Біріншісі – Әлихан есімін еліміздің іргелі білім ордасына беруі. Мысалы, Алматыдағы Аграрлық университетке ұлт көсемінің есімін беру керек дейді ол. Бұрындары Еуразиялық мәдениетті, саясатты жақсы білетін Ә.Бөкейхан есімі Лев Гумилевке қарағанда Астанадағы Еуразия Ұлттық университетіне лайықты деп бастама көтерген С.Аққұлұлы сөзіне қолдау таппағасын осындай шешімге барған сыңайлы. Ал, екінші ұсынысы – Алашорда Үкіметінің, яғни, Қазақ автономиялық Республикасының алғашқы астанасы болған Семей қаласына бұрынғы «Алаш» атауын беру. Құдай қаласа, әлихантануға өмірін арнаған ғалымның ұсынысы Парламент мінберінде талқыланады деген сенімдеміз.

Қайрат Сақ: «Алаштанушы» деген атты қызғанбаймыз

Ел егемендігі жолында халқына ерен еңбегі сіңген Әлихан Бөкейхан – білікті саясаткер ғана емес, қазақ кәсіби журналистикасының негізін қалаушылардың бірі. «Қыр баласы» деген бүркеншік есімімен 1880 жылдары «Дала уәлаятына», «Особое прибавление к Акмолинским областным ведомостям» газеттеріне мақалалары жарияланған ол 1906 жылы кадет партиясының Ақмола облыстық органы саналған «Иртыш» газетін шығара бастайды. Сол жылдың 14 қарашасында басылымды Дала губернаторы жаптырып тастағанымен, ертеңіне газет «Амич» деген атаумен қайта жарық көреді. «Амичтің» де дәурені ұзаққа бармай, билік сол жылдың  31  желтоқсанында жауып тастаған. Бір қызығы, араға тағы да бір күн салып басылым 1907 жылдың 1 қаңтарында «Голос степи» деген атпен қайта жарыққа шыққан. Публицистикада мол тәжірибесі бар, газетте әбден ысылған ол кезінде тұтас қазақ халқының сүйікті әрі дара үнжариясы болған «Қазақ» газетінде Алаш арыстарымен тізе қосып жұмыс істеді. Әлихан Бөкейханның журналистік қырын әбден зерттеген ғалымның бірі әрі бірегейі – белгілі алаштанушы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қайрат Сақ өз ойымен бөліскен болатын.

- Әлихан Нұрмұхамедұлы – ел тәуелсіздігі үшін күрескен саяси қайраткер. Біз егемендігіміздің 25 жылдық мерейтойын тойлауды сол Әлихан шыңында тұратын Алаш арыстарын құрметтеуден бастауымыз керек. Мәселен, кешегі ҚР Ұлттық Банкінің даңқты тұлғаға арнап монета шығаруы бабамыздың алдындағы бір парызымыздың орындалғаны деп ойлаймын. Ал, өзімізге келсек, біз де алаштанушы ретінде қолымыздан келгенше Әлиханды насихаттауға, ерен еңбегін елге жоғары деңгейде жеткізуге тырыстық. Докторантымыз Алма Сайлауқызымен бірге Ә.Бөкейханның журналистік қызметіне талдау жасап, университетімізде өткен ғылыми конференцияда баяндама жасаған болатынбыз. Ол үшін мұрағатты тегіс қарап шығып бағамызды да берген жайымыз бар.

Тарихын түгендеген қазақпыз ғой. Негізінен, Әлиханға, жалпы Алаш арыстарына көрсетілген құрметтің үлкені – олардың өсиетін ұрпаққа саф күйінде жеткізу деп білемін. Солардың ойымен, дүниетанымымен балаларымызды тәрбиелесек одан жаман болмаспыз. Міне, бүгінде қарап отырсам, Алаш көсемсөзін мұрағаттан суырып алып, оны зерттеп, зерделеп халыққа ұсынып келе жатқанымызға отыз жылға таяпты. Өз басым «Қазақ» газетіне жарияланған материалдардың жинағын құрастыруға атсалысқанымды мақтанышпен айта аламын. Баса айта кететіні, Әлихан сол ұлтымыз сүйіп оқыған газеттегі мақалалары арқылы танылды. Журналистігі өз алдына, бабамыздың басқа да қырларын «Қазақ» газеті арқылы танып-білуге мүмкіндік алдық. Ә.Бөкейханның көсемсөзі өз кезінде қандай өткір болса, болашақ үшін де аса маңызға ие. Сондай-ақ, «Алаш көсемсөзі» 10 томдығын, Алаш көсемсөзінің сала бойынша материалдарын жинақтап шығаруға жетекші ретінде қатыстым. Бүгінде жер, тіл және дін мәселелері бойынша үш томы жарық көрді. Ендігі екі томы руханият және шаруашылыққа арналған болатын, оны да бүгінде «Қазақ энциклопедиясы» баспасына дайындап жатырмыз. Бұлардың кез келгенінен Әлихан мұрасын табуға және сол арқылы Алаш арысын одан ары тани түсуге болады.

Рас, қазіргі Алаш тақырыбымен айналысу елге бедел әкелетін заманға жеттік. Бұл да – Тәуелсіздігіміздің арқасы. Біз мұны ешкімнен де қызғанбаймыз. Алаштанудың әліппесінде жүргенімізді ескерсек, бұл әлі жүз жыл зерттеуге азық болатын сала деп есептеймін. Онымен айналысам деушілердің қатарының көбейгеніне қуанамыз, әрине. Бірақ, бұл саланы зерттеу кез келген адамның қолынан келмейтіндігін түсінуіміз қажет және үлкен дайындық керек. Дайындық дейтін себебім, Алаш мұрасын зерделеу үшін қайраткер бабаларымыздың еңбегімен толықтай танысып, түйсініп барып осы саланың есігін қаққан жөн. Арзан атаққа бола өзінің атын шығару үшін алаштанумен айналысқан адам үлкен қателікке ұрынары хақ. Соңғы кездері Алаш арыстарын бір-біріне қарсы қойып жүргендерді байқап жүрміз. Бұл да дұрыс емес. Алаш қайраткерлері бірін-бірі қолдады және бір тудың астына жиналып, қазақ халқын ұлт қылып ұйыстыру жолындағы майданның көрігін қыздырды. Мысалы, газеттің атына руларының атын бермеді, «Қазақ» деп атады. Ұлаң-ғайыр жерді мекен еткен елді ұлт ретінде, алып мемлекет ретінде әлемге танытқылары келді. Мансапты, атақты ойламай, еліне адал қызмет етті. Сондықтан, жазған мақалаларына өз аттарын жазбады немесе бүркеншік есіммен ғана жариялады. Мұны да дұрыс жолға қоймай, аты жазылмаған материалдарды басқаларға теліп, бабаларымызды бір-біріне қарсы қойып жатыр. Мәселен, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзді осы уақытқа шейін Ахмет Байтұрсыновтыкі деп келсек, енді оны Әлиханның сөзі деп аяқ астынан дау туып жатыр. Бұл үлкен қателік және біз алаштанудың екінші сатысына көтерілген уақытымызда талқылайтын мәселе емес еді. Біз енді арыстардың еңбектерін текстологиялық жағынан талдауға көшіп жатырмыз. Ал, олардың мұрасы ортақ ойлары, тұжырымы деп түсініп, бір-біріне қарсы қоймай, керісінше, өзара бірлікте болған арыстарымыздың айтқандарын бір бағытқа негіздегеніміз абзал болмақ.

Тәуелсіздігіміздің арқасында Алаштанудың да дамып келе жатқанын көз көріп жүр. Алаш арыстарының мұрасы зерттеліп, оларды таныған сайын халқымыздың бірлігі нығая түсетініне сенімдімін. Қайраткер бабаларымыздың ерен еңбегі ұлы дала елінің мәңгі жасауына септігін тигізері сөзсіз. Жастарымызды да Алаш мұрасына қанық қылып өсірсек, ел келешегі жарқын болады деп ойлаймын. Сондай-ақ, барлық әріптестерімді осыған шақырамын. Әркім әр жаққа тартпай, біріміз білмегенді екіншіміз жеткізіп, бірлікте болып, Алаш мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізе берейік!      

Нүктесі қойылмаған тақырып

Сөз басында Алаш пен Әлихан егіз ұғым дедік. Алаш туралы сөз қозғай қалсаңыз, Әлиханды айналып өтуіңіз мүмкін емес. «Өткеніңді ұмытсаң келешек саған тас атады» дегендей, тарихымызда аты алтын әріппен жазылып, ұлты үшін жасаған ұлағатты істері әлі де зерттеліп жатқан Әлихан Бөкейханның құрметіне бір жыл ішінде сан алуан игі шара ұйымдастырылғанын жіпке тізгендей етіп атап өттік. Жасалған жұмыстарды толықтай жаздық деп айта алмаймыз, бастысы әрі маңыздысы – біз Алаш арысын лайықты деңгейде ардақтай алдық па және оған тамшыдай болсын үлесімізді қостық па? Бұл сұраққа әркім өз ар-намысын куәгер қыла отырып іштей жауап беріп көрсін деген түйінмен әңгімемізді аяқтаймыз.

© Ермұрат Назарұлы

Пікір қалдыру