25 Қараша, 2017

ЕЛ ІШІ

Түнгі сағат 2-ден асыпты. Тәтті ұйқы қала адамдарын құшағына алған сияқты.

- Туу, мына баланың тағы да ыстығы бар-ау деймін. Әй, сорлы балам-ай.

Динара аяғы тәлтіректеп орнынан әрең тұрып шкафтан градусникты алды. Бақырып-шақырып жатқан баласының аяқ-қолын өз аяғымен кере қысып градусникті қолтығына салды.

Тыныш тәтті ұйқы, шіркін! Ал Динараның мұндай ләззаттан қол үзгені қашан! Екі баласының да сал болып ауыруы бұл күнде Динараның құр сүлдерін қалдырған. Бүгінде сол үйреншікті жағдайдың бірі. Үлкені Дарын тоғыз жаста, Сырымы сегіз жаста.

Шыда енді балам, қазір, қазір. Аза бойыңды қаза қылатын даусы қандай ащы. Баласының ары-бері ыңыранғанын баса тұрам деп өзі де су тер болды. Динара белгі беріп тоқтаған градусникке зауықсыз қарады. Сол үйреншікті 38 градус. Динара дереу су қайнатып ибуфенді (арнайы ыстық түсіретін дәрі) араластырып әкелді. – Қоя ғой енді балам, дәрі беремін, жылай бермеші енді, – шәрбатты баланың аузына апара бергені сол еді, ол қолын ербең еткізіп қасықты ұшырып түсірді. Ботадай боздап бетін жуған көз жасы мен мұрын боғы аралас ағал-жағал бет-аузын тазартып, басын шайқақтағанына қарамай аузына шәрбатты құйды-ау әйтеуір.

- Жұт, жұт лоқсыма Сырымжан.

Денесі күйіп тұр. Өткенде арақпен сылап ыстығын түсіргені есіне түсті де, жалма-жан денесін жалаңаштап сылап, орап тастады. Сикотай жылауын одан ары үдете берді. Шөлдеген шығар деп су беріп еді, ішпеді.

Құлағын ары бітеп, бері бітеп, ұйықтауға тырысқанымен жата алмасын білген күйеуі орнынан ұшып тұрды да Динараны қылқындыра түсті. Баланың шуылы миына шаншудай қадалып, өзі түтігіп кетіпті.

– Үнін өшірші, сау күні бола ма мұның – түкірігі шашырай қалшылдап, бұл екеуін тебе-мебе көрпе жастығын алып келесі бөлмеге шығып кетті.

Динара ауыр күрсінді. – Қайтем енді, деді ернін тістелеп. Динара су тер болған баласының киімін ауыстырмақ болып алдына алып еді, сасық иіс мүңкіп кетті. Бағана ғана ауыстырып салып едім, тағы да бүлдірген бе, бұтын көріп еді, лоқсып жіберді. Сосын күйеуінің қаһарынан қорықса да еңіреп жатқан 8 жасар баласын көтеріп апарып құйрығын жуып келді. Оған таза киімдерін кигізіп жатқызды да, өзі қолына сіңіп қалған боқтың иісін кетіре алмай әлек болды.

Баласы жылауын тоқтатар емес. Еңірегенде сай-сүйегіңді сырқыратады-ау, сырқыратады. Динара басы ауған жаққа қаңғып кеткісі келді. Жүрегі өрекпіп, дел-сал күйде амалсыз баласын аяғына салып тербеп отыр. – Жанымау, ұйықтай ғой енді, ештеңе ұқпайтын баласына жалынышты қарады. Соңғы кезде аяғы да қақсайтын болыпты. Жазда екі тобығы шығып кетіп, сынықшыға салдырғаны есіне түсті. Сол кезде дұрыс салынбады ма екен, әлде мына баланың салмағы ауырлық қыла ма, әйтеуір аяқтары сырқырап жүр. Ал аяққа тербелмесе мына бала ешқашан ұйықтамайды. Бір мақамға салып алып ақырып, ұйықтайтын түрі жоқ мұның. Динара аяғы талса да елге ұйқы берейік деп, тынышталдырып әлек. Ызадан жарыла жаздап баласын салып қалды. – Не деген бәлесің, не істейін енді саған, - а, қаны басына шауып кетті. Сөйтті де баласына қосылып өзі де ағыл-тегіл жылады.

- Жылама балам жылама

Батыр болар ма екенсің жерін қорғайтын

Ақын болар ма екенсің елің қолдайтын.

Әлди балам жан балам...

Іштегі қалың қайғысы көкірегіне өксік болып тығылып, көзінен жас боп аға берді. Мұндай өмір Динараның үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді.

Әдемі елес қана бүгіндері Динараның сол бақытты кездері. Мектепте қатарының алды болды. Тоқпақтай бұрымы тізесіне түсіп, күннің аптап ыстығында да ақ мамықтай үлбіреп жүретін нәзік қыз елдің назарында болатын. Сыртынан талай жігіт дәмелі еді. Динара кішкентайынан әнші болуды армандады. Мектепті бітірген жылы Алматыдағы Өнер институтына құжаттарын тапсырды. Бірақ бұл жылы оқуға түсе алмады. Келесі жылы әкесінің кеңесімен филология факультетіне ақылы оқуға түсті. Айтса айтқандай сырт келбеті мінсіз нәзік қыз ән айтқанда бота көздері күлімдеп, жүзі нұрланып сала беретін. Динара оқып жүріп жұмыс жасады. Демалыс күндері достарымен театрға, саябаққа жиі қыдыратын. Әсіресе Самал екеуі жұбы жазылмастай дос болды. Осы Самал құрбысының туған күні әлі есінде, өзіне көз алмай қадалған бейтаныс жігіттің жанары денесін тоқ соққандай дір еткізген. Самалдың ағасы болып келетін бұл жігіттің есімі Ерлан деп таныстырды. Жастардың әзіл-қалжыңы да, ән-күйлері де жарасып, әдемі отырыстан әсерлі тарасқанды.

Кейін осы жігітті жиі көретін болды. Ерлан Динараға ес-түссіз ғашық болды. Ал Динара алғашында бойын аулақ салды. Кейін араласа келе осы бір сымбатты, ұяң жігітті өзі де іштей ұнатып қалды. Көңілдері кіршіксіз таза, махаббаттары пәк, сондай бақытты еді екеуі. Бірақ жолдары екі айырылды. Әдеттегіше телефон күніне бірнеше рет сөйлесетін Ербол сап тыйылды. Жігітінің бұлай хабарсыз кетуін неге жоруын білмей, дал болды. Телефон мүлдем өшіп тұрды. Арада бірнеше күн өткенде мән жайды Самалдан есітті. Ерлан із-түссіз жоғалып кетіпті. Ата-ана, туыстары іздеп жатқанын естігенде өз құлағына өзі сенбеді. Мүмкін емес, жамандыққа қимады, ол аман, қайта келер деп үміттенді.

Динараның бақытты, жайма шуақ сәттері осы жағдаймен күрмелгендей. Сол жылы күздің жаңбырлы күні Динараны бұрыннан көздеп жүрген қара жігіт сәтін тауып алып қашты. Қарсыласты. Орамал салды. Бұлқынды, жұлқынды. Екі бүктеліп қалт-құлт еткен кәрі кемпірден асып кете алмады. Көнді. Іші өртенді.

Содан бері он жыл өтіпті. Бүгінде Динараның екі ұлы бар. Бірақ екеуі де сал боп туылды. Жүре алмай екеуі екі жерде домалап жататын балаларына үш жыл үзбей массаж алды. Қыстай шанамен, жаздай арбамен тасыған күндері қанша. Бауыр еті баласының кемтар күйі Динараның жігерін құм етті, өзі де адамдардан оқшаулана берді. Жастығын жас жуып қанша таңды көз ілмей атырды.

Тұла бойын жайлаған сары уайым жүрегіне шемен болып қатты. Есі дұрыс болмаған соң баланың үлкені тоғызға келсе де сөйлей алмау, өздігінен іше алмайды, бұтына бүлдіріп жүре береді. Динара белін бекем буып, қайрымдылық қорынан ақша бөлдіріп, екеуін емдеуге барын салды. Арнайы балалар үйіне өткіз деген туыстарының сөзіне құлақ аспады. Қалай тастамақ? Қалайша балалар үйінде апармақ? Жоқ! Балаларымды емдетемін, жеткіземін, бір шипасы болар. Ол сенеді. Үміті әлі де бар. Ешқашан сөнбейді. Өйткені сыйынары бір Алла бар. Ол үшін бұл жеткілікті де.

© Құрманкүл Жұмахан

Пікір қалдыру