25 Қараша, 2017

ҚАРЫМТА

Айтыстың жылдық қорытындысы болып есептелетін Алтын домбыра биыл екінші рет Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Осы жаңалық қызу талқыға түсіп жатқан шақта ақыннан бір сұхбат алып қалуды жөн көрдік. Тек Алтын домбыра туралы ғана емес, ел көрген, сөз ұстаған азаматтан сұрайтын әңгіме аз болмаса керек қой...

Екінші рет Алтын домбыра иегері атандыңыз. Құтты болсын.
– Рахмет.
Әртүрлі пікірлер айтылды. Қолдағандар да, сын айтқандар да бар. Соның бәрін қалай қабылдадыңыз?
– Өзіне сенбейтін адам дыз етпе келеді. Ғалымдығы шамалы ғалымға сұрақ қойсаң, шарт ете қалады. Онысы – өзінің кемшілігін жасырудың амалы. Ал өз қабілетіне сенетін адам байсалды келеді. 
Сондықтан да кеңірдек жыртысып, жұртпен салғыласу бар да, үндемей қоя салу бар. Мен үндемеуді жөн көрдім. Жүрсін ағамен «Түнгі студияға» барып, сұрақтарға ресми жауап бергенге дейін ешкімнің сөзіне жекелей жауап бергем жоқ.
«Жұрт айтыста қай ақын не айтты деп емес, кім не алды деп бас қатырып кетті, сөз жайына қалды» деген ойды Жүрсін аға сол «Түнгі студияға» барғанда айтты ғой. Расында да солай болып тұр. Бір адам Мұхтар мына жерде қате айтты, Болатбек одан мына сөзімен асып түсті деп айтқан жоқ. Мына сөздің мағынасын бұрып айтты, ана мақалды орынсыз қолданды, мына жерде сөздердің орны ауысып кетті деп жіліктеп отырса, түсінуге болар еді. Оның орнына анау лайық емес, мынау лайық дейді. Солай деп айтуға сен өзің лайықсың ба ал? Лайықты болайын деп емес, бар болғаны «постым лайкты» болсын деп жазып отырған шығарсың мүмкін? Айтыста айтқан бір сөзімді қайталағым келеді: орынсыз сөз – орынсыз жамау сынды, жыртығыңды жасырмай жарқыратар. Бір адамды жақтаймын деп, ол адамға зиян тигізіп алуға да болады. Білмейтін, түсінбейтін нәрсені сынау бәріміздің қолымыздан келеді. Мен де, керек болса отырып алып теледидарды сынап, журналистерді жамандап, прокурорларды даттай аламын. Істің басында болмаған соң, қиындығын білмеген соң, сөйлеу оңай.


– Осы жерде айтыстың сыны деген мәселе шығатын сияқты. Бұрын әр қазақ бір сыншы еді. Қазір енді сөз түсінетін адамдар елге айтысты талдап, түсіндіруі керек болып қалды ма, қалай?
–  Сондай бір ойды айтып едім кеше. Қазылардан бөлек тәуелсіз сарапшылар болса. Ол кісілер айтыста қазылардан кейін сөз айта алатын құзіреті болуы керек шығар. Одан соң баспасөзде айтысты талдап, мақала жазып отырса. Егер олардың пікіріне қарсы адамдар болса, олар да мақала жазып, ойын дәлелдесін. Айтыстың интригасы осындай болса жарасады. Сондай интригадан бәріміздің де өреміз көтерілер еді. 
– Сізде енді Алтын домбырадан басқа да жаңалықтар бар ғой. Биыл Астанаға көшіп келдіңіз. Магистрант атандыңыз...
– Иә. Магистрантурада оқу бұрыннан бар жоспар еді. Бірақ биыл тапсырамын деп ойламағанмын. Жазда Семейден келе жатқанда Серікзат Дүйсенғазы ағаммен сапарлас болдым. Сонда биылдан қалмай тапсыр деп ағалық жолмен тапсырма берді. Сол сөз себеп болып, ниеттендім де, құжаттарымды алып Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне бардым. Сөйтсем, құжат қабылдау уақытының бітуіне бір-ақ күн қалыпты. Бұйырып тұрған нәрсе екен, сол бір күнде бәрін реттеп үлгеріп, емтихандарынан өтіп, магистрант атандық.
Шынымды айтсам, басында ел қатарлы бітіріп шығармын, әйтеуір магистратура бітірді деген ат артық болмайды ғой деп қана ойлағанмын. Бірақ университеттің аурасы, ондағы ғылыми орта менің ойымды өзгертті. 
Бізге қазір сабақты жақсы оқыған, тәртіпті ғалымдар ғана емес, Әбіш Кекілбайдың «Шыңырауындағы» Еңсеп сияқты жанкештілікпен тереңге бойлайтын, үлкен ағыстарға қосылып кете алатын жанкешті ғалымдар керек екен. Ондай жүкті көтеру менің қолымнан келе ме, жоқ па, ол жағын айта алмаймын. Бірақ осындай бір жүк біздің замандастардың мойнында тұрғаны анық. Осыны түсінген кезде менің магистратура туралы ойым басқаша қалыптаса бастады.
– Ғалымдардың кедей келетінін байқап жүрсіз. Айлап-жылдап жазған еңбегі үшін болмашы ақы алады. Ал сіз айтыстан қомақты сыйлық алып үйренген адамсыз, болашақта ғылымға бет бұрсаңыз, осы жағынан қиналып қалмайсыз ба...
– Адамды алаң құртады дейді. Шын ғалымдардың көңілінен алаңды аластау қажет. Ол архивте отырып үйіне алатын азық-түлігін ойламауы керек. Ғалым – мемлекеттің жоғын түгендейтін адам, сондықтан мемлекет ғалымның жоғын түгендеп қоюы тиіс.
Қазір осы мәселе мемлекеттің алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі ғой деп ойлаймын. Экономиканы реттеп алайық деп басты назарды сол жаққа аударған шығармыз. Бірақ енді ел боламыз десек, ғылымға мән беретін кез жетті. Өзі ғылымы дамымаса, кез келген дамымайды. Ғылымы дамымаған ел артта қалады.
Одан соң, ғалымдардың білімімен, байлардың зекетімен қоғам түзеледі деген сөз бар. Ғалымның басы мен байдың малы қоғамның дамуына жарауы тиіс.
Ал енді ғылымға уақытымды арнайтын болсам, соған сай әртүрлі қиыншылықтар кездесетін болса, оған да көнеміз. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді», «шалбарыңды су қылмай, шортан аулай алмайсың» дейді. Одан соң ғылым деген тек азаптан ғана тұрмайды, оның да өз ләззаты бар ғой.
– Демек ғылымға бір жола бет бұру жоспарыңызда бар ғой?
– Жалпы менің жоспарларым осы мемлекеттің жоспарларынан тыс болған емес. Мемлекет нені жоспарласа, соның ішінде біздің де армандарымыз бар деген сөз. Семіз айтып, арық шығып қалмас үшін, ойдағы істерді бітірмей тұрып айту да қиын. Бірақ қалай болғанда да, елдің игілігі үшін жұмыс істемек болып жүргеніміз анық.
Ал, ғылымға қатысты алғанда, тумысымнан ғалым сипатты адаммын деп айта алмаймын. Бірақ Құдайдың берген байқағыштық қасиеті бар. Ғалымдардың оқитын дүниелерін ақын болып жүріп те оқыдық. Одан соң бакалаврда алған білімім бар. Латынша оқыдық, түрікше де аздап түсінемін, арабшан да хабарым бар. Руна жазуларын да оқыдық. Университеттен кейін он жылдай отбасы құрдық, айтысқа шықтық дегендей, ғылымнан алыста уақыт өткіздік. Енді, міне отызға келгенде ғылымның дәмін татып жатсақ, өзімше үлес қосуға талпынуға әбден болады ғой деп ойлаймын. 
– Астанаға көшіп келдіңіз. Өзіңіз туған, әкеңіз, аталарыңыз өскен ортадан ендігіде сіздің балаларыңыз алыста өседі деген сөз. Шешім қабылдау қиын болған жоқ па?
– Рас. Баламызды заманауи қыламыз деп қалалық қылып жатырмыз. Баланың тентектігімен алысамын деп қайсарлығын жойып алма дегендей, заманға бейімдейміз деп жүріп қазақылығын жойып алмау өте маңызды. Бір жақсы жері, Астана қазақы қала ғой. Даланың кеңдігін адамдар әлі жоғалтқан жоқ деп ойлаймын. Қаланың маңайында баланы атқа мінгізетін, тазы жүгіртетін этноауылдар көп болса екен деймін. Бірақ, әлбетте, этноауылдан да бұрын балаға қазақылықты сіңіретін ең алдымен ата-анасы ғой.
– Бала тәрбиесіне тоқтала кетсеңіз. Бес баланың әкесі ретінде тәжірибеңізді айтып дегендей...
– Бала тәрбиесіне қатысты қазақы үлгілер бар. Аталарымыз осылай істеген деп жатамыз. Шариғатта да бала тәрбиесіне қатысты көп айтылған. Бірақ тура осы заманда баланы былай тәрбиелеген дұрыс деп ешкім айта алмайтын сияқты. Қазір әркім өзінің отбасында көргені бойынша тәрбиелеп жатыр. Қолдан келгенше білетін кісілердің айтқанынан, тәжірибелерден керектісін жинақтап және де кезінде өзіміздің тәрбиеден кеткен қателіктерді жібермей тәрбиелеуге тырысып жүрміз. «Баланы тәрбиелеймін дегенше, өзіңді тәрбиеле, бала бәрібір өзің болып шығады» дейді ғой. Бала деген таза, аңғарымпаз жаратылыс. Ол сенің көрсеткің келген нәрсені емес, әр жағыңдағы әлемді байқап қояды. Сөзіңе сенбей, істеп жүрген ісіңе сенеді. Сондықтан да дұрыс әке болсаң, Алла әділетті ғой, балаң да жаман болмайды. Ал еріннің ұшымен, жұдырықтың күшімен тәрбиелесең, ертең ол бала өзіңді тура солай еріннің ұшымен, жұдырықтың күшімен отырғызып қоюы мүмкін. Сол себепті де бала үшін болса да өз болмысымызды түзеуіміз керек. Бұрын қағаздың астына қара қағаз қойып көшіріп жазушы едік қой? Тура солай, біз бірнәрсе істесек, жазуымыз балаға да түсіп жатады. Қателік жасасақ, қара қағаз арқылы қап-қара болып балаға да жұғып қалуы мүмкін. Яғни, бала тәрбиесі деген үйде отырғанда айналысып, үйден шыққанда шайтанның ісін істеп, үйге қайтып кіргенде қайта бастап кете салатын іс емес дегім келеді.
– Айтысқа қайта оралсақ. 
Қазір қазақылықтан алыстап кеттік дейтіндер көп қой. Бірақ осы айтысқа деген қызығушылық азаймаған сияқты. Жайшылықта сөз түсінбейтіндей көрінетін жас жігіттер айтыс көрсе, сөздің астарын түсініп отырады...
– Айтыстың не қасиеті бар дейсің ғой?
– Иә.
– Өзі отарлаушы елдердің жоспары бойынша осы уақытта қазақ деген ел жойылып кетуі керек емес пе еді. Тәңірі асыраған тоқтыны қасқыр жемейді деген сияқты, біз аман келе жатырмыз. Сол секілді айтыс та XXI ғасырда – осындай техногенді заманда тоқтап қалуы тиіс өнер еді. Бірақ айтыс та аман келе жатыр. Және бұдан кейін де дами беруі тиіс деп ойлаймын. Неге?
Билік халықты басқару үшін оны иландыра білуі маңызды. Ел басқаратын адамға көне ойшылдар ең алдымен шешен болуы керек деп талап қойған. Мәселен, ұшақ жүзден тоқсан тоғыз пайыз құлайын деп келе жатыр дейік. Он минут қана уақыт қалған. Сол кезде ұшқыштар құлаймыз деп жолаушыларға бірден айтпайды ғой. Егер бірден айтса, шулап, он минутқа жеткізбей құлатып жіберуі мүмкін. Мүмкін тоғызыншы минутта бір мүмкіндік туып, құтылып кететін шығар? Сол секілді, халықты нандыру үшін, жігерлендіру үшін билік ақындарды пайдаланады. Пайғамбарымыздың маңында Сәбит сынды ақынның, Тат Испаһсалар Бектің жанында Игүнекейдің, Исатайдың қасында Махамбеттің болуы, Кенесарының жанында Нысанбай жыраудың жүруі бекер емес. Бұл айтылған ақындар сол кездегі ақпараттық демеушілер іспетті ғой. Елге ақпаратты дұрыс жеткізеді, халықты жігерлендіреді дегендей.
Совет үкіметі айтысты осындай мақсатқа пайдаланды. Қазір де билік өкілдері айтысқа сол үшін қолдау көрсетеді. Айтыс – қазақтың санасына, жүрегіне жетудің төте жолы. Есікті ашатын код болатыны сияқты, айтыс – қазақтың санасына, жүрегіне апаратын код.


Кез келген қазақ айтысты түсінеді, түсінбесе түсінбегені үшін ұялады. Есі түзу қазақ мен айтысты түсінбеймін деп жұрт көзінше айта алмайды. Айтысты түсінетін адам эстраданы, биді түсінбегені үшін ұялмауы мүмкін, ал эстраданы түсінетін адам айтысты түсінбесе ұялады.
Айтыс жазба поэзиядан гөрі әсерлі болатыны да сол, айтыс – тірі өнер ғой. Оны өлі өнерге айналдыруға кейбіріміз ат салысып жүргеніміз де рас... Бірақ бәрібір айтыс әлі де тірі өнер.
Мемлекетке айтысты уыстан шығаруға болмайды. «Атыңда, ерлер, опа жоқ, біреу мінсе кетеді, қылышыңда опа жоқ, өзіңе ұрса өтеді» деген сияқты, мемлекет өзі ие болып отырмаса, айтыс қазақтың өзіне қарсы да өтіп кетуі мүмкін.
– Айтыстың көрермендері қартайып барады деген әңгіме бар. Сол қаншалықты шындық?
– Кезінде Бекарыстың «Айтысқа жастар келмей, ұяттымыз, қариялар келмей қалса, біз далада қалатын сияқтымыз» дегені бар. Расында бір кездері бұл қауіпке айналған еді. Бірақ қазір ақындардың жасарғаны секілді, көрермен де жасарып келеді. Он сегіз-он тоғыздағы балалар сахнаға көтеріліп, түйеден түскендей сөз айтып отырса, ол айтысқа қызығатын жастардың ішінен суырылып шықты деген сөз. Бір жүйрік республикалық деңгейге көтерілсе, оның әр жағында облыстық, аудандық деңгейде қаншама ақындар бар екенін білуге болады. Жас айтыскерлердің қай-қайсы болса да жақсы ақын болып кете алмаса да жақсы көрермен болады.
– Айтыскерлер мектебін ашатын ойыңыз жоқ па?
– Қызылордада жүргенде қалалық мәдениет басқармасының жанынан «Ақ сөйле» атты ақындар мектебін ашқан едім. Аллаға шүкір, нәтижесі жаман болған жоқ. Жыл сайын Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясы айтыскер ақындарға жыл сайын үш-төрт грант бөлетін болса, соның бір-екеуін сол мектептің шәкірттері жеңіп алатынын мақтанышпен айтамын. Енді сол мектепті жолға қою да жоспарлардың бірі...
Шынымды айтсам, осы жақтағы шаруаларымды реттеп, біраз толысып алғаннан кейін елге қайтып, қызмет еткім келеді. Өзімді шығарған елдің еңсесін тіктеу үшін еңбек етсем деймін. Бұл енді ұзақ мерзімді жоспарлардың бірі...
– Соңғы сұрақ тағы да Алтын домбыра туралы болсын: сіз биылғы Алтын домбыраға өзіңізді лайықтымын деп есептейсіз ғой?
– Анығын тек Алла ғана біледі. Бірақ бірге қатысқан жиырма ақынның біреуі маған лайық емессің деп айтқан жоқ. Қазылар да көлденеңнен қосылып кеткен адамдар емес. Бұлардан бөлек Жүрсін ағаның пікірі де ерекше құнды. Енді осы кісілер мені қолдап тұрғанан кейін, одан бөлек қарсыласымның өзі Алтын домбыраның Мұхтарға бұйырғанын әділ деп бағалап отырған соң, мен көңіл тарасына салып көріп, өзімді Алтын домбыраға лайықтымын деп есептеймін.
– Рахмет.

Әңгімелескен Арман ӘЛМЕНБЕТ.

Пікір қалдыру