25 Қараша, 2017

ҚАРЫМТА

         Мына мен Маңғыстаудың шаңында ойнап өссем де алыстағы Семей топырағы ерекше ыстық көрінеді. Әр барған сайын ескі қаланың көшелерін жаяу аралап, кешегі өткен ер-азаматтарымыздың ізі қалған орындарға арнайы тоқтап отырамын. Иә, Семей бар қазақтың баласы үшін қадірлі, құрметті болса керек. Уақытында «Алаш» қаласы атанып, талай рет ұлтымыздың тағдыры шешілген бұл жердің әлі де болса жазылмаған тарихы, зерттелмеген тұстары баршылық. Соның барлығын біліп тұрып қаланың қазіргі жай-күйін көргенде көңіл, шіркін, құлазиды. Ойық-ойық жолдар, жөндеу көрмеген ескі үйлер мен құнды сәулет-есерткіштердің мәселесі талай рет айтылып та, жазылып та жүр. Қайткенмен де күндердің күні болғанда Семей бұрынғыдай құлпырып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы қарыштап дами түседі дегенге менің де, менің замандастарымның да сенгісі келеді. Себебі Семей - бір кездері қазақ руханиятының қайнар көзі болған қарашаңырағы.

         Бұл шағын жазбамызды жазуға түрткі болған мына мәселе. Осыдан біраз уақыт бұрын Семейде қоғамдық тыңдау өтіп, «Семипалатинск» атауымен қаланың 300 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту мәселесі талқыға түседі. Түсінбеген тұсымыз, оған қазақ ғалымдары шықырылмай, қате ұстанымдарына қатып қалған орыс ұлтының белсенділері қатысады. Сол жиында «Семипалатинсктің іргетасын қалаған орыс патшасы, оның тарихы сол кезде салынған бекіністен басталады. Сондықтан да осы атауымен тойласақ орынды» деп шешім шығарып, әңгіменің нүктесін қойып тастайды. Кейін «Семипалатинску –300 лет» деген тақырыппен жергілікті телеарнадан насихат жұмыстары жүргізіліп, баспасөзге басылып, қарқын алады. Мінеки, бай-қуатты ел болдық, баяғы Тәуелсіздікке қайта оралғанымызға 25 жыл толды деп отырғанда саяси қателікке бой бергеніміз қалай?!

         Осыған дейін қала тарихы туралы айтылып та, жазылып та келді. Белгілі ғалымдардың зерттеу жұмыстары да жоқ емес. Сол қазақ тарихшыларының тұжырымдамаларына сүйенсек, Семейге 300 емес, шамамен 1100 жыл. Яки «Семь палат» қамалы болмай тұрып та бұл жерде біздің ата-бабаларымыз құнды тарихын тасқа қашап жазып, ұрпақ өрбітіп, мәдениетін қалыптастырып кеткен. Сол себепті де Семей даласы қашаннан әлемді дүрілдеткен түркілердің жасыл жайлауы, құтты қыстағы. Бір сөзбен айтқанда атақонысы.

         Бірақ та мәселенің екінші бір жағы бар. Менің білуімше, егер әлгі 300 жылдық датаны атап өтер болсақ бюджеттен миллиондаған қаражат бөлініп, ол сөзсіз қаланың жаңаруына жұмсалады. Яғни жоғарыда айтып өткен шоқалақ жолдар түзетіліп, тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шаһардың көркі кіріп, тынысы ашылмақ. Әрине, бұл тұрғыдан алғанда туып-өскен қалаңның сәулеті артып жатса жаман дей алмайсыз. Дәл осындай оң өзгерістерді ұзақ жылдар бойы күтіп жүрген тұрғындардың да барын жақсы білемін. Алайда бұл ұлттық идеология тұрғысынан орны толмас қателік дер едім. Бәлкім жер үшін таласқа ұласатын жағдайға да кез боп қалуымыз әбден мүмкін. Ертең дауға себеп таппай отырған бір құтырған орыс тұрып: «Мынау біздің қаламыз. Ата-бабаларымыз іргетасын қалап кеткен. Ол кезде қазақ далада мал бағудан басқаны білмеген. Факті қажет болса, ол да жеткілікті. Өздерің де 300 жылдығын тойлағансыңдар», десе не дейміз? Өз өзімізге ор қазған екенбіз-ау, деп сонда аһ ұрармыз, бірақ одан не пайда? Құдай бетін ары қылсын, бірақ ұлттық идеологияның кез-келген сән-салтанаттан биік тұратыны осындай мысалдардан келіп шығады.

         Сөзімізді қортындылай келе, бұл мәселеде асығыстық жасап, қателесуге болмайтынын айтқым келеді. Қала әкімдігі әр саладағы ғалымдар мен тарихшылардан арнайы комиссия құрып, тақырыпты қайта талдағаны дұрыс. 2007 жылы Семейге жолы түскен Елбасымыз: "Ертіс бойындағы ежелгі қаланы сан түрлендірмей ендігі жерде әу бастағы табиғи атауымен тек Семей деп айтайық" деген ұсыныс тастап, дәл осы жылы Жарлықпен бекітіп беріп еді. Осының барлығын біле тұра «Семипалатинску –300 лет» деп ұран тастап жүрген кей басшы-шенділердің асығыстығына жол болсын. Ал, тойға себеп әр кез табылады. Басқасы басқа, алда хәкім Абайдың 175 жылдығы келіп қалғанын да естен шығармалық.

© Азамат Битан  

Пікір қалдыру