25 Қыркүйек, 2017

ЕЛ ІШІ

        Зейнетақы деген өзі бір қызық дүние. Қартайған шағымда талғажу етерміндеп әрқайсымыз ай сайын жалақымыздан жырымдап 10 пайызын береміз. Бірақ сол қарттық шаққа аман жетеміз бе?! Мысалға мен 35 жасымда қызметтен айырылып қалсам ше?! Ол кезде зейнетқордағы ақшамнан дәметпей-ақ қойсам да болады. Жауаптылар "Тек қартайғанда ғана аласың" дейді. Сонда 63-ке дейін жұмыссыз шыдауым керек пе? Парадокс. Былай қарап тұрсаң ақшаң бар, бірақ жоқ.

         Үкімет осы олқылықты түзейтін рай танытып, түнеу күні бір қызық ұсыныс айтты. Кімде-кімнің қордағы ақшасы 5 миллионнан асса ол қалаған уақытында зейнетке шыға алады. Ал екінші жағымды жаңалық, пәтерге жетпей тұрса немесе шұғыл операция жасау керек болса қордағы жиған-тергеніңді алуға болады екен.

         Екеуі де қисынға келеді. Бұрынғыдай өз ақшаң өзіңе өгей болмайды. Қажет болған кезде ал да жарат. Бірақ ол кезде зейнетақының депозиттен қандай айырмасы қалады? Ешқандай! Ең қызығы, болашақта зейнетақы деген жойылады да, орнын осындай депозиттер алмастырады. Болашақ деп алыстатып қайтейін?! Жасы жиырмадан енді асқан, жұмысты жаңа бастаған азаматтар осы өзгерістерге куә болады. Олар қартайған шақта зейнетақы дейтін жүйе толығымен жойылып бітеді.

Зейнетақының жойылуына не себеп?

         Дәл қазір біздер үлкен өзгерістердің табалдырығында тұрмыз. 200 жылға созылған индустрия дәуірі тәмамдалып, оның орнын мүлдем жаңа – «пост индустриялды» заман алмастырып жатыр. Индустрия дәуірі деп зауыт-фабрикалардың жаппай ашылып, өндірістің қарқын алған уағын айтамыз. Ал, мынау жаңа кезеңде, өндіріс орындары ашылмайды емес, миллиондап ашылады. Бірақ ол жерге жұмысшы керек емес. Бүкіл шаруаны автомат жасайды. Бұл процесс Батыс елдерінде басталып кетті. Ал бізге енді жетті. Сонымен, қол күшін керек қылмаса адамдар не істейді? Кісі біткен күннен күнге қарқын алып келе жатқан «қызмет көрсету» саласына қарай ойысады. Ал бұл саланың шарттары, бұрынғы индустрия заманынан мүлдем бөлек. Адам жиі-жиі мамандығын өзгертуге, тиісінше үнемі өзінің білімін жетілдіруден тоқтап қалмауға тырысады.

         Бұрын қол еңбегін бағалаған, қара күшті құрметтеген индустрия заманында алпыстан асу сарқылудың белгісі болатын. Ал, ақылға иек артқан мынау жаңа ғасырда алпыс жас нағыз толысу, даналық уақыты. Яғни бұл кезең адамға өле-өлгенше жұмыс істеу мүмкіндігін сыйлайды. Өмірбақи еңбек етсе зейнетақы деген ұғым өз актуалдығын жояды емес пе?!

Зейнетақы деген қайдан шықты?

         Осы арада зейнетақы деген қайдан шықты? Кім ойлап тапты? Соған бір тоқталайықшы.

         ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Еуропаның өндірісі қарқынды дами бастады. Шүпірлеп зауыт-фабрикалар салынып жатты. Әлгі кәсіпорындар, мың-миллиондаған адамды жұмысқа жеге бастады. Ауыр қол еңбегі қажет мұндай мекемелерде адам 70 жасқа дейін еңбек ете алатын. Ары қарай, қайраты қайтады, бойдағы күші сарқылады. Жұмысқа жарамсыз болып қалған мұндай кісілер аш-жалаңаш қалмауы үшін Отто Фон Бисмарк – ай сайын жалақы секілді төленетін өтемақыны енгізді. Содан бері жасы 70-тен асқан адамдар еңбектен босатылды. Былайша айтқанда зейнет демалысына шықты. 

         Мұнан кейін Еуропаны екі рет әлем соғысы шарпыды. КСРО фашистерді қуалаған болып қарт құрлықтың көп бөлігін өзіне қаратты. Әрі басып алған аумағында жұмысшы қауымды ұлықтаған социалистік елдерді өмірге алып келді. Еуропа жұрты – капитализм күшті ме, коммунизм мықты ма деп екіге жарылды. Батыс Үкіметі халықтың көңілі коммунистерге бұрылып кетпесі үшін зейнетке шығар жасты кемітті. "Біздер де жұмысшы қауымды құрметтейміз әрі ақша жеткілікті. Міне, зейнеткерлікке 65 жаста шықсаңдар болады. Қаласақ, 60-қа дейін жасарта аламыз", - деп көкіді. Иә, екінші дүние соғысынан кейін әлем зейнет жасын азайту, зейнетақыны керісінше бірнеше есеге көтеру дейтін жарысты бастап кетті.

Зейнетке ерте шығу мен зейнетақының көптігі де зиян

         70 жылдарға таман демографиялық бум бәсеңдеді. Тиісінше жастардың үлесі кеміп, есесіне кәрі-қартаңның қарасы көбейді. Мемлекет тапқан пайдасының әжептеуір бөлігін сол шал-шауқанның зейнетақысына жұмсай бастады.

         Бұл мәселенің бер жағы екен. Зейнетақы қомақты болған сайын азаматтардың жұмысқа деген ынтасы жоғалған. Қалай дейсіз ғой? Мысалға, Бельгия, Нидерланды, Люксембург секілді елдерде 50-ші жылдары жасың алпысқа жетті ме, зейнетке шығуға рұқсат берген. Арада бірнеше жыл өткенде алпыстағы бірде-бір қызметкер қалмаған. Неге? Зейнетақы көлемі қомақты болса шаршап қайтесің дескен де, жұрттың көбісі демалысқа кеткен.

         Сосын зейнетақысы жалақымен бірдей елдерде туу көрсеткіші төмендеп кеткен. Оның сырын ғалымдар былай түсіндіреді. Бұрын, адамдар қартайсам балам асырайды деп ұрпақ сүюге талпынатын. Ал қазір шал болғанда жоғары жалақы күтіп тұрғанын білетін адам ұл сүюге пейілді емес. Яғни қамқорлықты ұрпақтан емес, ақшадан күтеді. Балалы болғанның өзінде зейнет жасына келгенде рахатта өмір сүру үшін бала-шағасынан бөлініп кетеді. Ал ұл-қызы ата-анасын ертерек қарттар үйіне өткізуге асығады.

         Жә, бұл мәліметтерді тақырыпқа тұздық еткеніміз ғой. Олай болса негізгі әңгімеге көшсек. 2050 жылға қарай зейнетақы деген болмайды дедік пе?

Зейнетақы алмайтын ұрпақ нені білуі керек?

         2050 жылға қарай зейнетақы төлеу дегенді ұмытамыз. Зейнетақы қорының орнына әр адам өзі үшін депозиттер ашып, соған ақшасын жинай бастайды. Керек кезінде емделуге, қажет болса жаңа білім игеруге сол ақшаны жұмсайтын болады. Сол арқылы ұзақ уақыт еңбек нарығында сұранысқа ие болуға тырысады.

         Тым қорқынышты естіледі. Бірақ шошудың еш қажеті жоқ. Менің жасымдағы (30-дың айналасындағы) қыз-жігіттерге айтарым – заман ағысына бейімделу керек. Ззейнетақының қажеті шамалы. Жұмысты сапалы істе, өз біліміңді арттыруға, күніге жаңа дүние білмекке талпын. Әрдемені ішіп-жей берме, денсаулығыңды күт. Дұрыс адаммен танысып-табысып, жақсы отбасын құр. Балаларыңа дұрыс тәрбие бер, ертең олар сені әке-шешем деп қамқорлық танытады. 35-40 аралығындағы ағайынға айтарымыз жиған-тергеніңіз бар, сол соммадан әжептеуір зейнетақы төленетін болады. Бірақ мұнан бөлек, депозит ашып ақырын ақша жинай беріңіз. Артық етпейді. Ал, елуді еңсерген аға-апаларымыздың зейнет жасы ұлғаюы мүмкін. Бұрынғыдай алпыстан асқасын емес, жетпіске жеткесін барып еңбек демалысына шығуы кәдік.

         Бір нәрсе анық. Жастар өмірбақи жұмыс істеуге рухани дайындала беруі керек. Қол еңбегіне байланған индустрия заманындай емес. Мұнда жұмыс пен оқу, демалысты бірге алып жүруге болады. Тек қашанда ізденіс үстінде, жаңа білім алуға талпыныста жүрген ләзім.

         Зейнетақы қорлары жойылғанымен оның орнына кедейліктен сақтандыру қоры ашылуы мүмкін. Табысыңның белгілі бір көлемін қорға салып отырасың. Бірақ ақшаны қалаған уақытта алуыңа мүмкіндік бар.  Қысқасы, бұл біз күткеннен де ерте келуі мүмкін. Біздің міндет – дайын болу.

© Нұрбек Бекбау

Пікір қалдыру