26 Қыркүйек, 2017

ҰСТАРА

           Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінің екі студенті өзге емес, өз ішіміздегі комплекстер мен стереотиптерді талқылайтын «Стереотайпс» деген әлеуметтік жобаны қолға алыпты. Қоғамдық стереотип деп жүргеніміз расымен бізге танылған, сыртымыздан жағылған пікір я мінез-құлық па, әлде түрі өзгерген әдеп-әдет пе? Ай сайынғы жобаның алғашқы кездесуінде ненің ұят, ненің ұят емес екенін айту үшін танымал тележурналист, «Дара жол» бағдарламасының жүргізушісі Дана Нұржігіт пен белгілі блоггер, «Хабар» Агенттігі арнайы жобалар қызметінің жетекшісі Өркен Кенжебек келген еді. Біз «Ұят болады» позициясынан сөйлеген Өркеннің сөздерінен негізгі тезистерін беруді жөн көрдік.

***

         - Мәселе неде? Ұяттың аясы тарылды, өрісі шектелді. Ол ол ма, онсыз да аяғы қақпанда, қолы бұғауда, мойны құрықта тұрған ұятқа шабуыл көбейді. Адамның кіретін-шығатын тесіктерінің бәрін ашықтық деп анайылықпен, жаңалық деп жамандықпен бітеп жатырмыз. Біздегі ақылмандар қазақты құртып жатқан осы сабыр, осы шүкірі, осы ұяты деп сөз қылатын болды. Сол сөзді сөз деп аузына ілгендерді ұлттың қаймағы деп айтатын болдық, ол дым да қаймақ емес, ішсең ішіңді өткізетін іріген сүт еді. Ең қызығы, солардың айтқанына ерушілер табылды, ерушілермен бірге осы қасиетті ұғымдардың іргесі еріді.

***

         - Бізді ұяттың барлығы не көптігі емес, ұяттың жоқтығы не аздығы құртады. Айдос Сарым айтпақшы, бір ұят пох пен нақтан миллион есе артық.

***

         - Ұят. Этимологиясына қарасаң, түбірін тексерсең, хая деген сөзге тіреледі. Хая дегенің өмір. Ең болмаса, Нэнси Ажрамның өлеңдерінен әйтеуір бір рет тыңдағаныңыз анық. Өзбектер бізге қарағанда осы сөздің бастапқы мағынасын сақтап қалған. Оларда «Хая – иманнан» деген мәтел бар. Ұят - иманнан. Сонда қарасақ, өмір мен ұят түбірлес мәндес. Өмір деген ұғымға ұят деген сөзді баланс, синоним қылды. Басқа сөз емес. Яғни, ұятың болмаса, бұл өмірде жүрген-тұрғаныңнан бес тиын пайда жоқ. Қазақтың "Өлімнен ұят күшті" дегені де содан болса керек…

***

         - Ұяттың дәстүрге не қатысы бар? Ұят болады. Обал болады. Жаман болады. Осы үш сөзбен ақ қазақ өз баласын тәрбиелеп, қатарға қосқан деп айтамыз. Әдейі өткен шақта айтып тұрмын. Себебі, бұл сөздерді қазір өте аз айтамыз. Содан кейін қандай да бір мәселе туса таң қаламыз. Бұл қалай? Көшеде бір-бірінің сілекейін жұтып, сүйісіп жатқандарға мән бермейміз де, ертең туалеттің ішінен шақалақ шықса, мәә, масқара деп бет шымшимыз. Бірақ, мәселенің басы өткенде сіз көрген парктегі сәкіде басталып еді ғой. Қайынатасының атын атау я қайнысының атын атау келінге ұят, білесіздер. Неге десең, ұят дейді. Себебін қарасаң, сол атты атамаудың өзі қайныатасымен арасын әдеп пен ибаға бөлеп тұратын, бөліп тұратын. Атын атамай тұрған ибалық болғанда, қайдағы бет жыртысу, жаға жұлысу?

Біздің мемлекеттік санамыз әбден шайылып кеткен соң, әйтеуір ру-жүз боп бөлініп жүргенімізге тәубе деймін кейде. Шындап келгенде, біздікі қыртым рушылдық. Егер шынымен рушыл болсақ, арамызда ешқандай қайыршы болмас еді. Бұрын әр ру өзінің жоқ-жітігін шетке жібермей, алдына малын салып, бір жалшының я малшының қызын алып беріп, қатардан шығармайтын. Себебі, ол қайыршы сыртқа шықса, рудың атына сөз келетін. Ұят болатын. Бұрын кенже баланың міндеті қарашаңырақта қалып, әке-шешесін бағу болатын. Оны ата-анасы да біледі, баласы да біледі – ол талқыланбайтын. Бұзып көр – ұят болады. Қазір содан ұяттың жамылғысы сыдырылып түсті де, қарттар үйі қалды орнын басып...

***

         - Бізде ұят пен намысты, ұят пен арды бөлек-бөлек көреді. Негізі, бұлар бір-біріне кіреуке. Бір ұғымды үш бөліп қараймыз. Шындығына келсек, адам ұятына тиген соң намысы келеді. Сондықтан, ұятың кетсе, арың жоғалады, арың кетсе, намысың да қалмайды - ар жағында адамшылдығың да әумин болады.

***

         - Бізде шатастырады. Ұят пен надандықты шатастырады. Мысалы, бір қыз өзінің ауруын айналасынан жасырса, ол ұяттан емес. Ол надандықтан. Айтсын, емделсін. Фейсбукта бір кісінің жазғаны бар. Әуежайда чемодандарды целлофанмен орайтын жұмыс бар ғой. Соны ауылдан бір жігіт келіп істеп жүр екен. Сонда бір танысы көріп, "өй, сонда сөмкені осылай орааап отырасың ба? Осы ма жұмысың?" депті. Сол сөзден соң жігіт жұмыстан бірден шығады. Ары қарай Астанада өмір сүре алмай, қайыршы боп кетеді. Жұмысты ұялғанынан емес, надандығынан тастап кетті.

Иә, түсінемін, заман - бәсекелестіктің заманы. Ұят деген порядочность. Бірақ, өзіңе тиістіден қағылатын ынжықтық емес. Қорқақтық емес, жігерсіздік емес, қайта адамды Құдайдың жолымен жүргізуге, дұрыс жүруге қамшылайтын күш. Пара алу ұят болу керек ,пара беру ұят болу керек, бірақ адал еңбекпен нан табу ұят болмау керек. Ұрламау керек, біреудің күнделігін оқымау керек, біреудің затын алмау керек. Бұлардан жаза емес, ұят тоқтатуы керек.

***

         - Ұятты жағдайларға байланысты әрекет қандай болуы керек? Кейде айтпау керек. Мойындамау керек. Николай Хлудов картиналарында тайлақтарту секілді ұятсыз ойынды көрсетті емес пе? Бірақ, Ахмет Байтұрсынов оның бәрін мойындамайды. Қатты сынайды қайта. Бұл тура террорлық ұйымды өкімет тарапынан мойындамау секілді ғой, мойындадың, бітті - ол өрістей береді. Сол секілді 2009 жылы "Қазақ порносы" деген бейнекассета шығып, орыстілді БАҚ жамырай жазғанда, бес-алты басылымның журналистері бірігіп, осыны көтермей-ақ қойсақ қайтеді деп уағдаласқанбыз. Бірақ, арамызда ол уағданы білмеген бір журналист жазып, ақыры шулатып жіберді.

***

         - Ұятты жағдайларға байланысты әрекет қандай болуы керек? Кейде айту керек. Мысалы, осыдан 4-5 жыл бұрын "Бурабайда нудистер байқауы болмақшы. Омбыдан делегация келе жатыр, біздікі қосылмақшы", "Бәйтеректі айнала жаппай сүйісуден флэшмоб болмақшы" деген оқиғалар қалай тоқтады? 50 жолдық қазақ тіліндегі бірен-саран мақаламен. Көбелек эффектісі деген осы. Болмаса, Құрманғазы-Пушкин ісін алуға болады мысалы.

***

         - Астыңдағы атыңды ауыздықпен, қамшымен басқарасың, машинада газ бен тежегішті басасың, ал адамның өзін өзі басқаратын тетіктері де екеу. Ол - ақыл мен ұят. Адамның xайуаннан айырмашылығы да сол ұятында. Сосын бізде қоғамды, мемлекетті абстрактілі көретіндер бар. Әйтеуір, мемлекет деген тек мен емес деп ойлайды. Жоқ, ол сіз бен біз. Ол 17 миллион 753 мың 200 адам. Ол шамамен 3 миллиондай отбасы. Демек, қыздың ары, ұлдың ұяты сақталса, қоғамның да дұрыс қалпы сақталады. Сіз бен біз өз өзімізге және иелігімізге ие болсақ, болашақ ұрпақ бізбен мақтанатын болады.  

© Өркен Кенжебек

Пікір қалдыру