26 Қыркүйек, 2017

ҰСТАРА

            Бұрын бір ғана әлеуметтік желіге тіркелумен шектелсек, қазір кем дегенде 3-4 желіні белсенді түрде қолданамыз. Әр қайсысының өзіндік ерекшелігі бар, оқырманы бөлек дейміз. Бірақ қайткен күнде де негативті ақпараттан қашып құтылу еш мүмкін болмай отыр. Алдыңнан шығады да тұрады. Басын шауып тастаған сайын көбейе түседі. Ал олардың мазмұнынан жаның түршігеді. Интернетті өшіріп тастауға тағы келмейді. Себебі күнделікті жұмысымыздың біраз бөлігін соған тәуелді етіп үйреніп алдық. Дегенмен де кез-келген пайдаланушының үлкен мүмкіндігі бар. Ол - өзіңе зиянсыз, қайта пайдаңа жарайтын ақпаратты ғана тұтыну. Көбіміздің қолымыздан келмей жүрген шаруа осы.

            Интернетке деген тәуелділіктің кесірінен "Күн сайын әлемдегі өзгерістердің бәрінен хабардар болып отыруым керек" деген теріс қағидаға алданғанымыз қашан. Және сол қағиданы қалтқысыз ұстанамыз деп жүріп өз өмірімізді ауырлатып алғанымызды да байқамаппыз. Бірқатар ақпараттық сайттардағы материалдар мен желілердегі жарияланымдарды бақылай келе бір нәрсені түсіндім. Біз дәл қазір миымызға артық салмақ салып, салмақ салған сайын уақытымыздың қадірін қашырып, негативті ақпаратқа тоймайтын ашқарақ құбыжықтың кейпінде жүрміз.

         Жә, мәселені көтердік, сипаттадық. Енді оны шешу жолдарына да тоқталып өтейін. Семинарға қатысыңыз, лекция тыңдаңыз демеймін. Тек кез-келген интернет пайдаланушысы (мейлі жас, мейлі үлкен) қарапайым 2 әдісті тиянақты ұстанса жетіп жатыр.

1. Дос таңдай білу

         Осыдан біраз уақыт бұрын журналист, блогшы Асхат Еркімбайдың:  "Әлеуметтік желіде кез-келген адамның достық ұсынысын қабылдай бермеймін. Себебі мен оларды танымаймын ғой" деген мазмұнда айтқан сөзі есімде қалыпты. Сонда: "Бұ қалай? Саған біреу достық ұсынады. Оны тағы қабылдамайды екенсің. Қайта досыңның саны көбейгені жақсы емес пе?" деп ойладым да қойдым. Дәл осылай ойлаған тек мен емес екенін де жақсы білемін. Сөйтсем, Асхат ағамыз нағыз алтын қағиада туралы айтыпты. Бірақ фейсбуктің жылтырына алданған біздің қоғам әлгі кеңесін қабылдай алмады. Кейін барып ұқтық. Сөйтсек, әлеуметтік желідегі қауіпсіздік мәселесі ең әуелі жақсы дос таңдай білуден басталады екен. Жазып-сызғаныңды біраз адам көріп, бөлісулері үшін достарыңның көп болғаны да жақсы шығар. Бірақ танымайтын жандарға құшақ аша берудің зияны екі есе көп екенін ескермедік. Өзінің де, өзгенің де уақытын құрметтеуден қалғандар пайдасыз ақпарат өз алдына, зиянды материалдармен бөлісіп, ол тағы көз алдыңа жарқ ете қалғанда "Әттең, бұл адаммен неге дос болдым екен?!", - деп бармақ тістеп қалдық. Елестетіп көрейікші. Достарыңыздың саны бес мыңға жетіп тұр. Екі-үш жылда осыншама қауымды жинап алыппыз. Енді жақсыны бір қатарға, жаманды бір қатарға қою үшін қарайған уақыт кететіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан мен Асхат ағамның сөзін былай жалғар едім: Мейлінше достарыңыз аз болсын. Ең құрығында өміріңізде бір рет көрген адаммен дос болуға әдеттеніңіз. Яғни көз қысып, бас бармағын көрсеткендердің ұсынысын қабылдай беруге міндетті емессіз дегім келеді.

2. Ақ пен қараны ажырату

         Әлеуметтік желілердегі теріс ақпараттар ағынынан бөлек, түрлі бағыттағы сайттардың мәселесі тағы бар. Өзгелерден бірінші болып топ бастап тұруға деген құмарлық тәп-тәуір қалыптасып қалған интернеттегі қазақ журналистикасының тас-талқанын шығарып жіберді. Күйіп тұрған тақырыпты сараптап, артықшылығы мен кемшін тұстарын есептеп барып қорытынды жаза алатын авторларды іздеп табу әлдеқайда қиынға соқты. Айдағаны бес тілші, бірақ ысқырығы жер жарады деген сөз осыдан келіп шықты. Мәтіндегі мазмұн маңыздылығы ескерілмей, байбалам тақырып қана бағаланды. Шешім - жеңіл жолмен (атып кетіпті, тастап қашыпты, шешініп тастапты т.б.) оқырман жинауға келгенде ештеңеден тайынбайтын сайттардың тізімін жасап алып, оларға кіруден, олар таратқан сілтемелерді бөлісуден аулақ болуға шақырамын. Қысқасы, бір жақсылықты жариялап тұрып жамандықтың тоқсан тоғыз есігін ашып қоятындардан аулақ жүргейсіз.

Қорытынды орнына

         Қанша жерден шырылдасақ та, гаджеттер адам баласының ең негізгі қажетті құралдарының біріне айналған уақытта негативті мәліметтерге төтеп беру ары қарай да қиындай бермек. Қаласақ та, қаламасақ да күресуге тиіспіз. Жылауықтардың таусылмайтын мұң-қайғысын ешқашан да жүрегіңізге жақын қабылдамаңыз. Достығыңыздан шығарып тастаңыз. Себебі сіздің жүйкеңіздің сау болғаны сізге ғана керек. Әр күн сайын естіп-білген жақсы жаңалықтарыңызды өз парақшаңызда бөлісіп отыруды әдетке айналдырыңыз. Бұл әлгіндей вирус тасушылардың арқасына дүр қамшыдай тиеді. Кімде-кім жоғарыда атап өткен 2 әдісті тәжірибеде қолданып көрсе, нәтижесін бірден сезінер еді.

 © Азамат Битан

Пікір қалдыру