25 Қыркүйек, 2017

ЕЛ ІШІ

Фейсбук қазір біздің өміріміздің бір бөлшегіндей болып кетті. Осында отырып көп адамдармен танысып жатамыз. Олардың ішінде кәсіпкер, мұғалім, журналист, қоғам қайраткері, заңгер, мектеп директорлары да бар, осылай жалғаса береді... Бірде Гүлжан Қазиева есімді жас кәсіпкермен таныстым. Жекеге шығып сөйлесіп, араласып кеттік. Таныса келе кез келген уақытта, кез келген адамға білгенін айтуға, көмектесуге дайын тұратын, білгенімен бөліскісі келетін мінезі ашық адам екенін байқадым. Содан бұған дейін бірнеше бизнес мектептерде білім алған, өзі де бірнеше шағын бизнестермен айналысқан, айналысып жүрген, кәсіпкерлік жолын жаңадан бастап келе жатқан жас кәсіпкер ретінде сұхбаттасуға шақырып едім, бас тартқан жоқ. Сонымен, Гүлжанмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамын.

- Гүлжан, бүгінгі таңда бизнес, шағын бизнес, жеке бизнес деген сөздерді жиі естиміз.  Осы бизнес терминін қысқа қалай түсіндірер едіңіз?

- Бизнес – ол бойыңдағы  бар қабілетіңді пайдалана отырып, табыс табуың. Мүмкін ол қолөнер бұйымдарын жасап сату немесе ақпаратты пайдалануды (инфобизнес) ұсыну. Әркім әрқалай айтады.

 - Қыз-келіншектер үйде отырса да, қызмет істеп жүрсе де «тәуелсіз» болып, өзінің сүйікті ісімен айналысып, қаржы тапқысы келеді. Қалай ойлайсыз, әйел затының қолынан бизнес жүргізу келе ме?

 - Әрине, келеді. Әйел адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Бұл жерде жасай алады дегенде, тағы да қабілетке байланысты. Оның ішінде икемделіп кететіндері де жоқ емес.

- Өз ісінде белсенді қандай әйел адамдарды атай аласыз?

- Менің жеке танитыным және жақсы араласатын құрбым Лаура Уатханқызы.  Ал, жазбаларын оқып, бақылап жүретіндерім мыналар: Гүлзат Ибраим, Жанар Нұрлыбек, Асыл Арыстанбек, Жаннар Шураева.

- Өз бизнесіңізбен таныстыра отырсаңыз. Бизнестің қай түрімен айналыстыңыз, қай түрімен айналысудасыз?

- Мен дәл қазір «Networking» саласымен айналысып жатырмын.  Networking – ол, (net – сеть,  work – работать) екі сөздің қосындысынан шыққан. Жалпы мағынасы: белгілі бір тақырыпта адамдардың сапалы да, пайдалы қарым-қатынас жасауына арналған орта жасау, яғни, жағдай жасау. Соның нәтижесі ретінде адам дамиды. Оның ішінде әйел адамдарға, қыз-келіншектерге арналған нетворкинг форматындағы іс-шаралар ұйымдастырамын. "Неліктен тек қана әйел адамдарға арналған?" деген заңды сұрақ туады. Әйел адамдардың жаратылысы нәзік, үй шаруасында  атқаратын жұмыстары өте көп. Онымен қоса бала тәрбиесімен де айналысуы керек. Қарап отырсам, қоғамдағы қыз-келіншектер, жалпы әйел затының көп соқтығысатын дүниелері уақыттың тапшылығы, өздеріне жеткілікті тұрғыда көңіл бөле алмауы, санасын тек қана тұрмыс-тіршіліктің  билеуі, т.с.с.  мәселелер көп. Сондықтан да осы мәселелерге байланысты олардың табиғатына жақын, негізгі құндылықтарына сай келетін дүниелерді, қазақы салт-дәстүрімізді қоса отырып, заманауи тұрғыда жүзеге асыруды көздеймін. Аллаға шүкір, қыз-келіншектеріміз жақсы қабылдап жатыр. Ал мақсатым - қазақ қыз-келіншектерінен құралған кәсіпкер-іскер әйелдерінің ортасын құру.

         Бұрын сауда-саттықпен айналыстым. Одан кейін бауырым екеуіміз шағын асхана (кафе) ашқанбыз. Ойымыздағыдай болмады. Кейін перде салонын аштым. Ол қазір толығымен Жазира Маткен есімді құрбымда. Өте жақсы дамып жатыр. Перде тігуге тапсырыс аламыз. (күліп)

- Өз тарапыңыздан жас кәсіпкерлердің «құлағына ілетін төрт алтын қағиданы» ұсынсаңыз?

- Негізі әр кәсіпкердің тәжірибесіне қарай өз қағидалары қалыптастады. Менің түсінгенім:

         - Табандылық керек;

         - Өзіңе-өзің адал, әділ болуың керек;

         - Өзге адаммен қарым-қатынас барысында айқындық керек;

         - Қай істе болмасын, қандай бизнесте болмасын әрдайым екі жақты құндылықты болуы керек;

- Кәсіпкерлік жолда жетелеп келе жатқан тәлімгеріңіз бар ма?

- "Мынау менің тәлімгерім" деп ешкімді атай алмаймын. Себебі нақты бір адам тәлімгер бола алмайтын сияқты. Ол қаншалықты үйреткенімен айтқандарының  барлығын ойға сіңіру мүмкін де емес. Себебі әр адамның қабылдауы әр түрлі. Уақыт өте келе өзің де байқайсың, әлгі адамның ойымен теңесіп қалғандығың білінеді. Ал, жалпы бизнесте ақылдасып отыратын, кеңісіп тұратын достарым өте көп...

- Өз ісін енді бастап келе жатқан жас кәсіпкерлерге айтар 5 ақыл-кеңесіңіз?

- Бастысы бойындағы қорқынышты жеңе білуің керек. Ол үшін іс-әрекет қажет, ойың жүзеге аса бастағанда қорқыныш өзі сейіледі.  Жауапкершілікті өзіңе алып үйрену керек. Жауапкершілікті сезінген жағдайда ғана үлкен іске жолың ашылады. Табысты болу үшін – білім жинау керек. Білім жинау үшін уақытың мен ақшаңды аямай жұмсай білуің  керек.    Егер өзіңе әрдайым әділ болсаң, өзге де саған әділдікпен қарайды. Және жаныңа сондай адамдарды жинайтын боласың. Кез-келген кәсіпкер «Қоғамның жақсы болуы үшін мен қандай үлес қоса аламын?» деген сұраққа  жауап бере алатындай деңгейге жетуі тиіс деп ойлаймын. Ел-жұрт оның қызметіне жүгіне алатындай  болуы керек.        

- Өз ойыңызбен бөлісуге уақыт тапқаныңыз үшін сізге алғысым шексіз. Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!    

- Сізге де рахмет!                                                                                                                                           

Сұхбаттасқан Дана Оспан.

Пікір қалдыру