26 Қыркүйек, 2017

КӨЗҚАРАС

Көбелек эффектісі дейтін көп жұрт мойындай бермейтін, бірақ өте қызық теория бар. Айталық, жәндік қанатын қағып кеп жіберсе, әлгінің желпуінен жердің басқа бөлігінде дауыл тұруы мүмкін екен. Еріккен біреудің қияли пайымы сияқты көрінеді. Алайда тарихта осыған ұқсас бірнеше оқиға болған. Соның бірін мысал етсек. Осыдан 155 жыл бұрын айдаладағы АҚШ-та болған азаматтық соғыс, кіндік Азиядағы Өзбекстанның тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберді. Қалай дейсіз ғой?!

         АҚШ-та азаматтық соғыс бұрқ ете қалғанда әлемде мақта дағдарысы басталды. Себебі жаһанның көптеген елдері көрпе-жастығына мамықты осы Америкадан сатып алатын. Сонымен мақтаның құны аспандап кетті. Әлемдегі алпауыт империялар Американы алмастырып, орнына өзі шығуға тырысты. Мәселен, ағылшындар Австралиядан бастап, Үндістан, Мысыр секілді колонияларында, бидай, арпа, сұлы алқаптарын отап тастап, орнына мақта плантацияларын көбейтті.

         Бұл жарысқа Ресей империясы да қатысты. Патша Үкіметі тездетіп мақта екпесек импортқа мәңгі тәуелді болып қалуымыз мүмкін деп есептеді. Бірақ Ресейдің бірде-бір губерниясы мақта егуге жарамайтын. Мәселеден шығар жол – Орта Азияны жаулап алу деген шешім шықты. Сөйтіп, Түркістан өлкесіне орыс солдаттары жорыққа аттанды.

         «Қазақияның солтүстігі және Қырғыз жерінде мақта өсіру мүмкін емес. Бірінші климаттық жағдай сәйкес келмейді, екінші бұл өлкенің жұрты көшпелі өмір салтын ұстанады. Бұл аймақ – Ресейдің еуропалық бөлігінен ауып келетін переселендер үшін сақталсын. Ал, халқы негізінен отырықшы болып келетін және климаты қоңыржай оңтүстік аудандар Ресейдің тоқыма өнеркәсібіне керекті мақтаны өсіруші, даярлаушы базға айналуы тиіс». (қараңыз: Сейфолла Ахмедов: Хлопковое дело в Узбекистане. Как это было.)

         Ауыр шайқастар жүргізе отырып, орыс армиясы Түркістан өлкесін жаулап алды. Бірақ Ресей бұл аймаққа жаппай мақта егіп, тұрғындарын плантацияларға құл секілді жеге алмады. Басты себеп - Хиуа мен Бұқараның ішінара тәуелсіздігін сақтап қалуы. Иә, бұл хандықтар Ресейдің бодандығын қабылдады, бірақ Петербор бұл мемлекеттердің ішкі ісіне еркін қол сұғып, қалағанын істей алмады. Амал жоқ, орыстар мақтаны баяғыдай Америкадан ала тұруға мәжбүр болды. Сол кездің деректеріне сенсек, мақтаның 60 пайызы сырттан тасылған екен. Бұл жағдай орыс патшасының қытығына қатты тиді. Ақыры 1910 жылы Бұқара мен Хиуаны толық отарлау керек деген жарлық шығарды.

         Бұл жоспардың дайындалуына орыс газеттері қатты әсер етті. Сол кездегі журналистер үлкен-үлкен мақалалар жазып, Франция үлгісін мақтаумен болды. Бұл ел Тунисті толық бағындырып, жергілікті жұртын мақта платнацияларына жегіпті. Бұқараға қатысты Ресей империясы осы жолды таңдау керек деген үндеу тасталды. Сөйтіп, орта азиялық әмірліктерді еліміздің мақта базасына айналдыруға тиістіміз. Сонда ғана америкалық импорттан құтыламыз десті.

         Бірінші жаһан соғысының басталып кетуі әрі оған Ресей империясының қатысуы, Бұқар әмірлігі мен Хиуа хандығын талқандап, отар елге айналдыру жоспарын кейінге шегерді. Яғни орыстың бай-бағландары өзбек, түрікмен, қазақты басыбайлы етіп, мақта плантацияларында жұмыс істете алмады. Ресей баяғынша шетелдік мақтаға тәуелді болып қала берді. Тек 1930 жылдардан кейін ғана «басмашыларды» толық күйреткеннен кейін КСРО-ға айналған Ресей бағзы арманына қол жеткізді.

         Ресейдің жаңа қожайындары, яғни большевиктер Донецк көмірімен, Баку мұнайымен ел қуатын еселесе, Түркістан өлкесі мақта шаруашылығына күш салуы керек деген жалаң ұран көтерді. Бұл коммунизмге жету жолындағы ең басты мұратымыз десті. Сөйтіп, Кеңес Үкіметі 1928-32 жылдарға арналған мақта шаруашылығын көтеру дейтін бағдарлама жасады. Өзбекстанға негізгі мақта өсіруші ел мәртебесі берілді.

Өзбекстан - Кеңес Одағаның мақта базасы

          «1924 жылы коммунистер Түркістан автономиясын, Бұқара, Хиуа мемлекеттерін біріктіріп, Өзбекстан дейтін мемлекетті құрастырды. Бұл жаңа елдің ендігі міндеті – мақта өсіріп, оны КСРО-ға жөнелту еді.

         Не керек, 1938 жылдан бастап Өзбекстанда мақта платнацияларының көлемін 100 есе үлкейту үшін құм-шөлейт жерлерге дейін жыртылып, бұл далаға мыңдаған канал-арықтар қазылып, көп көлемде су жеткізілді. Бұл шаруаға ауыл жұрты мен қала халқы жегілді. Осы уақытта Үлкен Ферғана, Солтүстік Ферғана және Оңтүстік Ферғана, Ташкен каналы, Зеравшан арығы, Қарақұм каналдары салынды. Көл-батпақты өлкелер кептірілді. Сөйтіп, Өзбекстан территориясының басым бөлігі мақта алқабына айналдырылды.

         Мақта теретін трактор, мақта тазалайтын техника, тыңайтқыш өндіретін бірнеше завод соғылып, Өзбекстан мақта державасына айналды.

Мақта шаруашылығы әкелген зиян-зауал

         Тек мақта өсіріп, жыл өткен сайын оның плантациясын ұлғайта берудің кері әсері де бар болып шықты. Мақта шаруашылығы – Арал теңізінің тартылып кетуіне әкелді. Одан қалды, егіс даласына жыл сайын улы тыңайтқыштарды себе бергеннен топырақ қайта оңалмайтындай болып тозды. Сол алқаптардағы гербицид һәм басқа да химикаттар үп еткен желмен бірге көтеріліп, жергілікті жұрттың өкпесін жалмады, талай адамды демікпе етті. Бұл мәселенің бер жағы еді.

         Өзбекстанды тек мақта шаруашылығына ғана байлап-матаған Кеңестік саясаттың кесірі, экономка мен әлеуметтік салада одан үлкен қайғы-қасіретке әкеп соқты. Иә, 50 жыл бойы Өзбек Социалистік Республикасының экономикасы бір ғана мақтаға бейімделді. 1980 жылғы статистикалық мәліметтерге сенсек, бұл сала ел табысының 65 пайызын құраған екен. Бірақ, мақтаның тек 10% ғана Өзбекстанда өңделіпті. Шикізаттың барлығын Ресей өзіне алып кетіп отырған. Орыстың тоқыма өнеркәсіптері, әлгі мақтадан жіп иіріп, мата түзіп, дайын өнім күйінде шетелдерге сатқан.

         Ол заманда Өзбекстанда ауыр былай тұрсын, жеңіл өнеркәсіп те болған жоқ. Тек мақта жинаушы машинаны шығаратын зауытты айтпағанда. Оның өзі 1941 жылы Украинадан амалсыз көшірілген мекеме болатын. Егер Екінші дүние соғысы болмағанда, Мәскеу авиация зауытын салмас еді. Қысқасы, Өзбек елі – КСРО үшін, мақта өсіріп, жеткізіп беруші елдің ғана қызметін атқарды.

         Негізі Өзбекстанның тау-тасы, сай-саласы қазба байлыққа тола. Түгін тартсаң май шығатындай құнарлы өлке. Мәселен, Кеңестер одағы шетелдерге сатып келген алтынның 50 пайызын осы Өзбекстаннан қазып алатын. Бірақ жергілікті бюджетке әлгі пайданың 1%-ға жетер-жетпес бөлігі берілетін. Пайданы бұлай бөлу механизмі – тең дәрежелі елдердің, бауырлас мемлекеттердің қарым-қатынасына емес, империяның отар елді қанауына көбірек келетін. Алтын, өте сирек кездесетін бағалы металлдар ешқандай салық төлеместен, су тегін Республика шекарасынан түн ортасында, жергілікті биліктің бірде-бір өкіліне ескертілместен шығарылды. Ленин салып кеткен осындай «ұлттық саясат» табиғи ресурсқа бай Өзбек елін Одақтағы ең кедей мемлекеттің біріне айналдырды.

         Мақта алқаптарын үлкейте түсуіміз керек деген кеңестік саясат, елдегі күріш, бидай, арпа секілді егістікті жойып тынды. Соның кесірінен, Өзбекстан астықты Одақтағы басқа мемлекеттерден, шет елден сатып алуына тура келді. Өзбек КСРО-ның бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Қаһрамон Якубов күйініп бүй дейді:

«Осы бірбеткей, қате саясаттың салдарынан, ұн, картоп, ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, қантты біздер КСРО-ның басқа елдерінен сатып алуға мәжбүр болдық. Өзбекстан Одаққа мақта бергені үшін, Мәскеу бізді барлық керек-жарақпен қамтыды деген қасаң түсінік бар. Бұл шылғи өтірік. Иә, Ташкент сосын әскери кәсіпорындары бар Науаи, Алмалық, Шыршық секілді моноқалаларда азық-түлік тұрақты жеткізіліп тұрған шығар. Бірақ Республиканың басқа облыс, аудандарында жұрт ішерге ас-су таппай қиналды».

         Бір айналдырғанды, шыр айналдырады. Азық-түлік жетіспей жатқан уақытта ауылдағы жұрттың саны жыл өткен сайын өсе берді, өсе берді. 

Гастарбейтер - жаппай мақта егудің кесірлі кейіпкері

         Гастарбайтер десе көз алдымыза Өзбекстан келе қалады. Бірақ тепсе темір үзетін жігіттер неге өз елінен жұмыс таба алмады? Бұл сұраққа жауап іздесек, тағы да сол Кеңес заманына кетеміз.

         Ол уақытта Өзбекстан – одақтас елдердің барлығынан әлеуметтік жағдай, экономика бойынша өте төмен тұрды. Мұны айттық. Қала соғу ісі де тура солай кенжелеп қалды. Керек десеңіз өзбектің қалалық ұлтқа айналуына Мәскеу қолмен кедергі жасап бақты. Себебі мақта шаруашылығы қол еңбегін қажет ететін, әрі көп адамды керек қылатын ауыр саланың бірі. Сондықтан да Кеңес Үкіметі өзбекті ауылдан шығармауға, мақта алқабында қара жұмысқа жегуге мүдделі болды. Университетке түспеген, орта біліммен қалған жігіт не істейді? Үйленеді. 30-ға келіп "ес жиғанша" 3-4 балалы болып үлгереді. Қысқасы, әдейілеп ауылдан шығармау саясаты – өзбектің күрт көбеюіне себеп болды. 1960 жылдары бар-жоғы 8 миллион халық 1987 жылы 19 миллионға бір-ақ секірді.

         Ұлттың саны өскені жақсы. Бірақ бұл миллиондардың көбісі – институтта оқымаған, кәсіби білім алмаған, жәй қалың нөпір ғана еді. Саны көп, сапасы жоқ бұқарадан ұлттық кадр даярлау қиынның қиыны ғой. Бұл мәселенің қаншалықты ауыр, қасіретті екенін Өзбекстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қатты сезінді.

         Жұрттың 90 пайызын ауылда күшпен ұстап отырды дейміз. Ал, бірақ сол уақытта жүздеген қала бой көтерді ғой? Олардың халқы кім болды? Бұл өндірістік кенттерге Ресей өзінің еуропалық бөлігінен орыс, украиндарын әкеліпті. Сөйтіп коммунистер күштеп бір ұлтты агросалаға байлап, екінші бір ұлтты қалалық мәдениеттің өкіліне айналдырған болып шығады.

         Жә, тақырыптан ауытқып барамыз. Мақта өндірісі өзбекті қалай гастарбайтер етті? Соған оралайықшы. Ферғана облысында «Миндон» дейтін ауыл бар. Сол елді-мекеннің әкімі болған Әбішев дейтін кісі 1991 жылғы тұрғындар саны, немен айналысатыны туралы дерегімен бөлісіп, күллі Өзбекстанның қасіретін бір ауылдың мысалымен көрсетіп берді:

         «Сонымен, қышлақта 11 мың адам тұрған. Оның 5 мыңы еңбекке жарамды. Колхоздың 2,5 мың адамы яғни еңбек жасындағы кісілердің тек тең жартысы жұмыс істеген. Мысалға 2 мың кісі мақта шаруашылығында істеген. Ал қалған 500 азамат мұғалім, әкімшіліктің өкілі деген сияқты қызметтер атқарған. Ең қызығы, мақта плантациясында жұмыс істеп жүр деген 2 мың кісінің тек 60-ы ғана 300 күн істеген. Ал 600 адамның еңбек күні жылына 50 тәуліктен аспаған. Яғни колхозшылардың көп бөлігі көктемгі жер жырту мен күзгі жиын-терімде ғана еңбек еткен болып шығады. Ал жылдың басқа мезгілінде жұмыссыз үйде жатқан немесе ауласындағы бау-бақшасын баптаған».

Әкім өзбектің гастарбайтер болуының себебін әрмен қарай былай түсіндіреді: "Ауыл 5 мыңнан артық адамды асырай алмайды. Себебі – әулет жақсы өмір сүруі үшін 5-6 гектар суармалы жері болуы керек. Ал, 90-шы жылдары қыстақтағы жұрттың күрт көбейіп кетуінен әр отбасына 1 гектардан ғана жер тиді. Алақандай жерден бір жылға жетер қор жинап үлгермейсің. Сол себепті біздің ауылдың адамдары жұмыс іздеп кете бастады", - деп сөзін тәмамдады.

         Қысқасы, коммунистік режим өзбектің қалалық ұлтқа айналу процесін қолмен тоқтатты. Сөйтіп ауылда күшпен қамап ұстады. Ал қыстақ мұншама көп адамды асырай алмайтыны белгілі болды. Тәуелсіздік алғанда, көп өзбек өндірісі бар, ірілі-ұсақ қалаларға ағылды. Шаһарларда бұларды күтіп тұрған жұмыс жоқ еді. Себебі зауыт-фабрикаға білікті маман керек. Ал, институт былай тұрсын, техникум көрмеген жігітті мұндай мекеме қайдан қызметке алсын? Жұрт Тәшкен, Самарқанд, Хорезм секілді ірі-ірі қалаларға ағылды. Сондағысы – көше сыпырсам да ақша табармын деген ой. Бірақ өзбек билігі ауылдан келгендерді қалаға тіркемеу керек деген заң шығарды. Былайша айтқанда, жұмыссыз өріп жүрген, қайыр сұрап мөлиіп жүргендерден шаһарды таза еткісі келді. Иә, қала тазарды. Бірақ, жұмыссыздар армиясы ауылға кетпеді. Шетел асты.

         Осы еңбек мигранттарының арқасында Өзбекстан әжептеуір гүлденді. Жылына кемі 6 миллиард доллар жіберіп отырады. Бұл ақшаға елдегі ағайын той жасайды, үй соғады, азық-түлік алады. Кәсіп ашады. Ең соңғысы осы гастарбайтердің ақшасы – өзбектің автоөндірісін дамытқан. Марқұм Кәрімов 3 миллионға тарта Ресейде жүрген мигрантты елге қайтармақ болып, біраз тыраштанып еді. Мұншама адам оралса өзбектің экономикасы көтере ала ма? Әй, қайдам?!

         Не істеу керек? Үкімет адами капиталға күш салу керек. Кәсіби техникалық колледждерді көптеп ашып, жастарды тегін оқыту керек. Иә, бұл мекемелердің түлектері бірден Ресей, Еуропа асуы мүмкін. Бірақ, бұ жолы көше сыпыруға емес, зауыт-фабрикада жұмыс істеуге барады. Тиісінше, елге жіберетін ақшасы да молаяды. Сосын өзбектің қанында бар әдет – саудаға еркіндік берілгені ләзім.

© Нұрбек Бекбау

Пікірлер

user profile image
22 Қараша, 2016

Өзбекстан, Қазақстан сияқты елдер заң жүзінде орыстан бостандық алғанымен іс жүзінде әлі орыстың отары болып отыр. Бұл мемлекеттердің билігінде бәрінде бұрынғы орысқұл коммунисттер отыр. Солар арқылы орыс бізді әлі басқарып отыр

Пікір қалдыру