26 Қыркүйек, 2017

ҰСТАРА

Ресей армиясы қарашаның 1-інде құрал-жабдықтарын көлікке артып, Ембі полигонын тастап шықты. Яғни жалдау келісімін тоқтатып, әлгі өлкені Қазақстанға тапсырды. Иә, Ресейдің тағы бір полигоны жойылды. Ендігілері уақыт еншісінде.

Ендігілері дегенде, былай ғой... Әуелде, біздің даламызда 9 полигон болды. Әуперімдеп жүріп, әлгінің санын жетеуге түсірдік. Мұның өзі өте көп. Глобусты шыр айналдырып қараңыз. Бөтен мемлекетке өз жерінен ойып тұрып 7 полигон берген ешбір ел жоқ. Таппайсыз ондай елді. Иә, мұны біз де біліп отырмыз. Түрлі себепті сылтау етіп, сол полигондардың территориясын азайтуға, шама келсе жойып, жабуға тырысып жатырмыз. Бірақ күштінің арты диірмен тартады емес пе? Тым қатты кетіп қалсақ, дереу орнымызға қояды... Жә, осы жолы сөзімізге құлақ асты ма? Әлде басқа себеп пе? Кетті Ембіден...

Неге кетті?

Ресей қазір Сирия жерінде әскери операция жүргізіп жатыр. Бұрын муляж, макеттерді атып жүрген орыс cолдаттары, енді тірі адам, шын танкіні атып, жаруды үйреніп жатыр. Небір зымырандарды әкелді. Ол бәлелері қандай қашықтағы нысанды, қанша уақытта қуып жетеді? Артилериясы жау ошағын қаншалықты тып-типыл ете алады? Ұшақтары бомбаны нысанаға қаншалықты дөп тигізе алады? Қанша кісі мерт болады? Мұның барлығын кәдімгі ұрыс үстінде тексеріп, көріп жатыр. Соғыс тұрғанда, полигонның қажеттілігі нешік?  

Ембіден кетудің бар себебі осы десек қателесеміз. Ресей Батыс елдерімен жағаласамын деп, санкцияға ілініп қалды. Сатпағасын, сатып алмағасын бюджетінің түбі көрініп келеді. Үкімет үлкен үнем саясатын жүргізіп жатыр. Мынаған бермеймін, анаған бөлмеймін деп, көптеген жобаларды қаржыдан қағып жатыр. Қаражаты қиылған бағдарламалардың ішіне осы шет елдердегі әскери база, полигондар да кіріп кеткенге ұқсайды. Осы себепті шығар, орыс генералдары жалдау ақысын азайтайық дегенді көп айтып кетті. Жалдау демекші, 7 полигон үшін Ресей тарапы бізге қанша төлейді?

Бір гектар жердің құны 2 доллар

Ресей 7 полигоны үшін жылына 27 миллион доллар береді. Иә, әжептеуір ақша сияқты көрінеді. Бірақ, әлгі ақшаға екі-ақ аурухана салуға болады. Ал біз Ресейге 11 миллион гектар жерді жалға беріп отырмыз. Жер көлеміне қарай шашып жіберсең әр гектарымызды 2 доллар 33 центке берген боламыз. Ойлаңызшы?! 1 гектар жерді 670 теңгеге бір жылға кім береді?

Астананың төңірегінде 10 соттық жер алу үшін  кемі 15 мың доллар санап бересіз. Оңтүстікте 1 гектар жерден  10 тонна көкөніс алып, жүз мың теңгеден артық пайда табасыз. Бетбақтың құмында 1 гектар жерге  бір отар қой бірнеше күн жайылады. Солтүстікте  мұншама жерден 20 центнер астық жинайсыз. Енді, есептеңізші, гектарына 2 доллар. Аз ба, көп пе? Әрине аз.

Біздің ел – жалдау ақысы кем дегенде 5 доллар болу керек. Сосын бартер дегенге енді көнбейміз деп талап қойып жатыр. Соңғысы өте өзекті мәселе. Кезінде 27 миллионды орыстар ақшалай емес, әскери тауар күйінде берейік дегенге көндірген. Танкі аламыз, зеңбірек береді деп дәмеленіп ек. Жо-ға, ескі-құсқы БТР, есептен шығарылған С-300 зымырандарын үйіп тастады. Оны тегін бердік деп жаңалықтарында мақтанып айтатынын қайтесің?!

Осы жолы ондай болмайды. Қымбаттау төлейсің. Ақша күйінде бересің деп едік, Ресей 1994 жылғы келісімді бетімізге лақтырды. «Осы шарт бітпей түк істей алмайсыңдар» деп қоқаңдайды. Иә, рас айтады. Ол кезде әлсіз ек. Тізеге басып тұрып көндірген. Ал енді күту керек. 2019-да ол құжаттың күші түгесіледі. Сол кезде әзірбайжандық тәсілге жүгінеміз. Ресей бұл елдің Габалы дейтін өлкесінде радиолакациялық станция ұстаған. Әлгінің антеннасы Үнді мұхитынан ұшып шыққан зымыранды байқап қоятындай қуатты еді. Әзірбайжан жыл сайын жалдау ақысын көтере берді. Соңында Ресейдің қалтасы көтермей тастап шықты.

Тәуелсіздікке төнген қауіп

Жас мемлекеттің территориясында бөгде бір елдің базасы, полигоны ең соңғысы бір полкі тұрса, ол тәуелсіздікке үлкен қауіп. Мысалға: Үлкен көршімен ара салқындап кетсе, олар шекара бұзып, әскер кіргізіп әуреленбейді. Полигон, базадағы армиясын «қырсық» жұрттың астанасына тақай қояды. Оған да көнбесе «бағытынан жаңылды» деп бір зымыранды қалаға құлата салады.

Мұндай қауіпті біз де сезіп, біліп отырмыз. Сол себепті ғой, қит етсе, сылтау тауып полигонның аумағын азайту, сынақ алаңын жабуға тырысып жатырмыз. Бұл ісіміз нәтижесіз емес. Жоғарыда жаздық. Бұрын 9 еді. Полигонның санын 7-ге түсірдік. Ал, былтыр «Тайсойған», «Жаман-Тау» және «Сары-Шаған» полигондарынан 1,6 миллион гектар жерді жалдаудан шығарып алдық. Кеше, Ембіні өзімізге қайтардық. Қалғаны енді уақыттың еншісінде. Тек, асығыстық жасамау, алған беттен қайтпауымыз керек.

Бұрынғы полигонды не істейміз?

Полигонға берілген аумақ негізінен тақыр, құмдауыт төбелер боп келеді. Бірақ табиғаттың ащы әзілі бар емес пе? Асты байлыққа толы жердің үстіне түк өспейді. Кейін біліп жатырмыз ғой бұл құпияны. Айталық, былтыр Ресейдің жалдауынан босатып алған Тайсойған өлкесін ғана алайықшы. Бұл аумаққа 50 шаруақожалығын сыйғызуға болады. Құнарлы дала 30 мың қой мен 20 мың жылықыны асырауға шамасы еркін жетеді екен. Мұнан бөлек, бұрынғы полигонның аумағынан геологиялық қоры 480 миллион тонна мұнай табылып отыр.

Айтпақшы, үлкен көлемде қазба байлық таптық. «Енді бұл жер бізге керек болып тұр» деп полигонның территориясын тартып алуға болады. Солай жасап та жатырмыз. Қысқасы, бұл жол да табанды болуымыз керек.

© Нұрбек Бекбау

Пікір қалдыру