26 Қыркүйек, 2017

ҰСТАРА

Бұл да бір зар! Бұл да бір запыран!

Айтылар әңгіме төріңде сайрап тұрған теледидардың іші һәм сіз бен біз асырап, «әулетімнің жалғасы, ел ертеңі» деп сеніп отырған балаларымыздың ой-көкірек санасы жайлы.

Естеріңізге алыңыздаршы, бала күніңізде үйде айтылған әңгімелер құлағымыздан кіріп, өн-бойымызға құйылып, осы күнге дейін есімізден кетпей, тіпті кейде әлдебір обал-сауапты іске тап келгенде «әжем былай деуші еді», «атам бүй деп отыратын», «әкемнің сөйткені есімде», «анамның сол сөзі ойымнан кетпейді», - деп санамызға сәтке сәуле түсіріп, обалы болса аяқ тартып, сауабы болса ары қарай жалғап жататын тұстарымыз көп болады ғой. Бұл не? Бұл – бала күніңнен айналаң, отбасың не айтады, нені сөз қылады, неге тамсанады, нені үлгі тұтып, нені армандап отырады – сол бала болмысына сіңіп, ары қарай арман-мұратына айналып жүре бермек. Ол туралы «балам жақсы адамдардың ортасында жүрсін десең...» дейтін мақаламызда кеңірек айтқан болатынбыз. Ал, сол отбасы мүшелерінің, әсіресе, үлкендердің қызығушылығы баланың  мінез-құлқына орасан әсері болатыны туралы психология мамандары талай ғылыми дәлелдер келтірген. Оларды тізіп уақыт алмаймыз. Интернеттен іздесеңіздер жарыса шығады.

Бұл – адамдық жағындағы рухани азықтар. Мамандық жағынан ше?

Бала күнгі армандарыңызды бір еске алып көріңізші. Дәрігер, ұстаз, ғарышкер, ғалым, жазушы, ақын... т.б. Кесек-кесек! Соған орай бүгінге дейін қазақтың не бір кесек тұлғалары өмірге келіп, ұлтына қызмет етті. Етіп те жатыр. «Ғылым жолында адамның өзінің ынта мен ішкі қуатынан асқан жетекші жоқ», - дейді ғалымдар. Мұны ақын Мұхтар Шахановтың «Үлкен болып қалу үшін ғаламда, Үлкен арман керек екен адамға!» - дейтін кесек ой-тұжырымымен қуаттай кетсек тіпті де айшықтала түсер.

Сонымен, айтайықшы, балалардың құлағына не құйылып, көкірегінде не көктеп жатыр?

«Тәрбие көру үшін қарамағың,

Алдымен өз ісіңді саралағын.

Айтқанды тыңдамайды дегенменен,

Көргенін қайталайды балаларың», - деп айтыскер ақын Қажымұқан Абзал айтқандай, бүгінгі көптеген қазақ отбасыларында не әңгіме айтылады? Нендей өнегелі іс бар? Өзіміз көріп жүрген көптеген отбасында айтылар әңгіме – теледидардағы әнші, биші, сериал талқылау. Ондағы диалогтардан үзінді келтіріп жатпай-ақ қоялық, күнде естіп, көріп жүрген дүние ғой, тізбектей беріңіз...

Мұндай әңгіменің басы қылтия қалса, сол теледидардың көз-құлағын ұстап отырғандарға көзімізді алайта қарайтынымыз заңды ғой. Олар көрермен сұранысын, қазіргі күндегі рейтінг мәселесін айтып әлдебір ғылыми, әсем сөздерімен өз уәждерін алға тарта бастайды.

Жоқ, ел тұтас есеңгіреп ән көксеп отырған жоқ. Әнші, бишіні күндіз-түні төрінен түсірместей сағынып отырғаны шамалы. Онсыз да ауданнан, ауылдан келгенше радиода құлақ етін  жеп келген ән емес пе? Оған ауылдағы туыстарымның үйіне барғанда өзім де куә болдым. «Бұл не қылған ән?», «Бұл не қылған таусылып бермейтін әнші!?!», - деп орнынан түрегеліп кете жаздады елуді еңсерген шаруақор көкеміз. «Әй, ол патша ма екен? Бүкіл облысты аралатып, жанына адам жуытпай, пәлен милициямен қоршап... оһ, әкең...», - деп зілденіп кетті кәдімгідей. «Иә, ол әні ұрпақтың бойына ұлттық дәрумен боларлық дәстүрлі әндеріміз болса екен-ау», - деп бір күрсініп қоясың.  «Әй, болмаса, үй-үйден ақша жинап мектепке баратын көшенің жолын жөндеп алайықшы» дегенде:  «Жоғары жақ бекітеді», - деп міңгірлеген әкімін айтып ерніндегі насыбаймен қосып «әкеңдіден» тағы бірді түкірді. Жаны күйіп тұр! Мұндай адамдар аз емес.

«Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды» демекші, бір ғана күндіз-түні ән шырқап тұратын теледидарыңыздан талай мәселе балалап жатыр. Неге ғылым саласында халықаралық олимпиадаларда жүлде алып келіп жатқан оқушыларымызды тиісті түрде насихаттамаймыз? Неге шетелде, не елімізде химия, медицина, физика, түрлі салаларда жетістіктерге жетіп жатқан жас мамандарымызды көптеп, арнайы бағдарламалар арқылы қызықты етіп ұсына алмай келеміз? Құдайға шүкір, әзірге бар ғой ондай балалар. Тым болмаса «Жыл мұғалімі» атанған тұлғаларымызды облыс-облысты аралатып, ақыры әнсіз отыра алмай жатсақ, әлгі әншілерді сол ұстаздардың, ғылым саласында жаңалық ашып, мемлекетке, ұлтқа бүгінгі күн талабына сай қызмет етіп жатқан азаматтардың алдында ән салғызып қойсақ қайтер еді? Жоқ, жалғыз өзін секеңдетіп, бүкіл облыс дайындалып...


Қанша баладан «Кім болуды армандайсың?» - деп сұрадым. 70-80 пайызы әнші болғысы келеді екен. Ара-тұра Олимпиада чемпионы болғысы келетіндер бар екен. Әке-шешесіне ұқсағысы келетін, қысқасы, жоғарыда айтқан баяғыдағы балалар секілді армандайтын бала таппадым. Бар екеніне шүбәм жоқ, бірақ өте аз екенін де білемін. Оларда не кінә? Балалық деген тәтті шақтың бір кереметі – арман деп аталатын асқар еді. Біз балаларымызды сол тәтті дүниесінен айырып жатырмыз. Армандарын тым аласартып, азды-көпті тыңдағаннан кейін жалығып екіншісіне ауысып кете беретін баянсыз һәм тұрақсыз дүниелермен алмастырып беріп келеміз. Математик Асқар Жұмаділдаев ағамыз қазақ балаларының ғылымға жүйрік екенін сан мысалмен дәлелдеп тұрып айтқанда «Қайран қазақ балаларының қоқысқа толып бара жатқан басы, ән мен әншіден басқаға аумайтын назары-ай» дейсің. Бұл ретте жалпы жағдайды айтып отырмыз. Шын жетістікке жетіп жатқан жекелеген мектеп, жекелеген үздік оқушы, оқытушылар бар екеніне әсте көз жұмбаймыз. Бірақ олар түйенің жүгіндей ауып тұрған ауқымды проблемаға әсер ете ме, ете алмай ма, ол басқа әңгіме.

Мынадай бір анекдотты естіп, қант пен тұзды қатар жегендей күй кешкенім бар. Біреу баласының күнделігін қарап отырса химиядан 2, физикадан 2, математикадан 3, ән сабағынан 5 деген баға тұр дейді. Сонда әкесі баласына: «Балам-ай, неменеңе жетісіп ән айтып жүрсің? Қалғанының бәрі 2 мен 3 екен ғой» депті. Сол баланың жағдайы ұлт ретінде біздің де баста тұр қазір. Әннен басқаға бас қатырып жатпайтын «армансыз» ұрпақ өсіруге барымызды салып жатқандаймыз.

© Ұларбек Нұрғалымұлы

Пікір қалдыру