24 Қараша, 2017

ЖАҚСЫ ХАБАР

«Білім бастамаларын қолдау қоры» «ҚазАльянс» қоғамдық бірлестігінің Ұлыбританиядағы өкілдігінің қатысуымен балабақша және бастауыш сынып балаларына арналған І «Құлыншақ» тақпақтар сайысының қорытындысын жариялады.

Байқаудың негізгі мақсаты – балалардың тіліне лайықталған мемлекеттік тілдегі өлең-тақпақтардың санын көбейту және балалар тақырыбына жазатын ақындар мен жанашырлардың ынтасын арттыру. 2016 жылдың 22 тамызында басталған байқауға авторлар тарапынан жалпы саны 400-ге жуық шығарма жіберілді. Тақырыптар мен шығармалар санына шек қойылмады. 

Шараның нәтижесі мен жеңімпаздардың есімі «Құлыншақ» байқауының жеңімпаздарын жариялау» онлайн шарасында аталды. Жалпы жүлде қоры 300 000 теңгені құрайтын байқауда бас жүлде, бірінші, екінші, үшінші орындар мен ынталандыру сыйлықтары болды.

Жоба авторы, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, журналист Рахат Жақсыбай байқауға қатысты пікірін былай білдірді:

Әрбір жобаға жеке қызығушылықпен келеміз. Ұлыбритания елінде білім алып жатқандықтан, ағылшын тіліндегі ресурстарға көз сала жүресің. Астанада бастаған шарамыздың қорытындысын оқу жағдайына байланысты Лондоннан жариялауға тура келіп тұр. Мәселен, ағылшын мектептерінде балаларға оқуға не жаттауға берілген тапсырмаларды сапалы әрі балаларға қызықты формада онлайн табуға болады. Бұл жағынан бізде қазақ тіліндегі материалдарды, үйрету, оқыту контентін табу оңай емес. Сондықтан, алғашқы қадамды, осы саланың жалпы тынысын сезіну үшін балаларға арналған тақпақтардан бастадық. Әдеттегі байқаулар сияқты, байқау жариялап, жеңімпаздарды анықтап қана қойғымыз келмейді. Қазір шамасы келген ата-ананың балаларының қолында смартфон не планшет жүреді, тиісінше, біз де қазақ тіліндегі өнімді бүгінгі буынның қолындағы дүниесіне салып беруіміз керек. Жұмыс та осы бағытта жалғасын табатын болады».

Байқаудың қорытындысы 1 қараша 17:00-де (Астана уақыты) Фейсбук желісіндегі (www.facebook.com/raqat) тікелей эфир функциясы бойынша жарияланды.  

Жүлдегерлердің есімдері:

Ынталандыру сыйлығы: Сәкен Болысов, Гүлнар Тәңірбергенқызы мен Алма Сайлауқызы

ІІІ орын және 20 000 теңге қаржылай марапат: Мира Сембайқызы, Бекарыстан Нұрланұлы және Ұларбек Нұрғалымұлы

ІІ орын және 40 000 теңге қаржылай марапат: Серікбол Хасан және Сара Тоқтамыс

І орын және 50 000 теңге қаржылай марапат: Сағадат Сағидоллақызы

Бас жүлде және 75 000 теңге қаржылай марапат: Қуат Ахетов

Пікір қалдыру