26 Қыркүйек, 2017

ҰСТАРА

Сөздің ашығы, «Қазақстандық сервис» деген сөз көңіл қуантарлық ұғым болып қалыптаса алмады. Оны өзіміз емес, шетелдік қонақтардан да жиі естіп қаламыз. Бірде Германиядан келген бір қонақтар сатушыдан алғалы тұрған тамақтың құрамын сұраса, анау қыз жатып кеп ашуланып: «Жазулы тұр емес пе, неменеге сұрайсыңдар?!», - деп бұрқан-талқан болыпты. Бұған таңқалған шетелдіктің аузы аңқиып ашылған күйі затты табанда орнына қойып тайып тұрыпты. Оны өзі айтып беріп еді. «Мен мүмкін шетелдік шығармын, қазақша, орысша оқи алмайтын шығармын, сонда қалай? Неге олай жауап береді?», - деп сол күйі түсінбей кетті...

         Ал, өзіміздің етіміз өліп кеткеннен шығар, байқай бермейді екенбіз. Бір зат туралы үш қайырып сұрауға батпаймыз ғой. Сатушының қабағынан қар жауып, әйнектей шытынай бастағанда біз де басыла қоямыз. Ал, көптеген шетелдерде асханада даяшыны айқайлап, көз көрім жер болса қол бұлғап шақыру деген ақылға сыймайтын оғаш әрекет саналады. Біздердікінің біразы бір-екі айтқанға тіл ала қоймайды ғой, сосын шақырасың да, қайтесің?..

Киім сатушылар туралы тіпті айтпай-ақ қойған дұрыс шығар. Асырыңқырап айтқан адамға таңдаған киіміңді шала киіп, шақ па шағын көріп қана ала бересің. Киіп тұрып алмай кетсең қарғыс естіп қалуың да ғажап емес.

Сонымен, сұрақ: Неге осындай болдық? Негізі мұның сыры тереңіректе жатыр.

Қазақтың (жаппай деп айта берелікші) сауда-саттыққа араласуы Кеңес үкіметінің тарап, дүниенің қуырылып тұрған кезіне дөп келді ғой. Оның алдында бұқараның алатын дүниесін үкімет белгілеп, көп жерде затты талон арқылы алу жүйесі жұмыс істеді. Осы екі кезең затты алушы емес, сатушының танауын көтерген кезең болып саналады. Тауар аз немесе жоқ. Ақшаң болып тұрса да ала алмайсың. Шіркін, сол кездің сатушыларын-ай десеңізші, құнан иттей кергіп, сатып алған дүниеңді сұрап алғандай қолыңа әрең ұстатады ғой.

Біздің санамызға сол сырқат сақталып, сіңіп қалыпты. Қытайдан көшіп келген бір досым ауылда түс кезінде «әбет» деп өз дүкенін жауып тастаған сатушыны көріп жағасын ұстапты. «Ол есік алдында күншуақтап тамақ ішіп отыр, біз бес-алты адам қақпаның сыртында қаңтарылып тұрмыз, бір кезде әлгі кісіміз ашуланып «қазір әбет, сағат екіде ашылады» деп айқайлағанда аузындағы асына қақалып қала жаздады» дегені есімде. «Әй, қытайым-ай деймін, сонда түн ішінде темекі алуға терезесін қақсаң жетпістен асқан Ли Жанго көзін сықсита ашып, қабырғасын тырмалай, «иау цааа?» (не қажет боп қалды?) деп орсақ тісін ақситып, ыржалақтай күліп қарсы алушы еді», - деп әзілдейтін досым. Қазір де сол Қытайда кешкі сағат 10-нан асқанда дүкенге жүгірмейді екенсің. Телефон шаласың, екі өкпесін қолына ұстағандай ентігіп екі наныңды әкеп тұрғаны. Есіктен тиынын бересің, тайып тұрады. Осылай жасамаса заты өтпейді. Бәсеке!

Енді Америка көрген досым айтады: «Онда адамдар көңілді жүреді. Біреу сізге күліп қараса сазарып тұрмайсыз ғой, сіз де жымиып ілтипатын жасайсыз. Ал, білмеген бір нәрсеңді сұрасаң ешкім білгенін бүгіп қалмайды. Барынша тәптіштеп түсіндіреді», - дейді. Сол досым бір жолы Мәскеу арқылы ұшып келіпті. Бізде неге осылай, сонда түсіндім дейді. Алақандай тесіктің ар жағында кебежедей-кебежедей болып отырған орыс қатындардан оның қызметіне қатыссыз шайхана, кофехана деген секілді бір нәрселер сұрай қалсаң, әй, айтпайды ғой, айтпайды! Сазарып шыдап береді-ақ. Біз негізі жүрек ауру болмай жүрміз де. Көңілге алмағаннан болар, әйтпесе таңертең байымен ұрсысып шыққан дәрігер сол ашуын клиникаға ала келіп, ақысын пәлен күн зарығып алдына әзер жеткен аурудан алады ғой. Ол бейшараның не кінәсі бар еді? Міне, отарлық, бодандық, құлдықтан шыққан біз секілді елге қандай қиын ә?! Мемлекет тегін бөлген дәріні дәрігер дұрыс жеткізбесе, жақсы көңіл, адал пейілмен бермесе аурудың қабағы ашыла ма? Ауру үстіне ауру, ашу үстіне ашу жамап, айналып келіп мемлекет байқұсты сыбап жатқаны. Қысқасы, құлдық сананың араласпайтын жері жоқ екен.

Қорытынды орнына. Біздің сервистегі сырқат санамыздағы сырқат екен. Алушы емес, сатушы асқақ болған кеңес кезінің сарқыншағы еттен өтіп, сүйекке жетіп, қанға араласып кеткен екен. Енді одан арылуға сананы сауықтырмақ керек.

© Ұларбек Нұрғалымұлы

Пікір қалдыру