26 Қыркүйек, 2017

ҰСТАРА

Жаңа келген бастығының тілін алғысы келмей бұлғақтап жүргеніне өзін ақтай сөйлеген біреу: «Кісі бұрын аты-жөнін естіп көрмеген адамға онша бағынғысы келмейді екен», - деген екен. Негізі мұның ар жағында шымырлап жатқан шындық бар. Ол одан бұрын (осы күнгі көп бастықтар секілді) пәлендей ісімен, біліктілігімен ел көзіне түсе қоймаса да, ақшасы, әке-көкесі сүйрелеп қолмен қойып жүрген біреу дегені ғой.

Қазақ қоғамында отаршылықтан бұрын көбінесе сайлаусыз шыққан билердің үкімі үстемдік құрғаны әмбеге аян. Ал, сайлау мен тағайындау болмаса дүйім ел өз аяғымен барып дауына билік сұрайтын, қанша қиын болса да кесімді сөзіне тоқтап бәтуә қылысатын билер бұл биікке қалай көтерілді? Осы туралы аз-кем тоқталып өтейік.   

Би ең алдымен қара қылды қақ жарған әділеттігімен өз үй ішіндегілерінің көзіне түскен. Бір іс туыла қалса өз үйіндегілер соның ақылына жүгінген, шешіміне риза болған. Оның мұндай ерекшелігін көршісі білген, біліктілігіне көзі жеткен. Одан ұлғая келе бүкіл ауыл оның турашылдығына бас шұлғыған. Ары қарай даңқы көрші ауылға тараған. Сөйте келе парасатын бүкіл ел мойындап, оны би деп танып немесе хан көтеріп, үкіміне бойұсынған. Ол шынайы даналық, үлкен еңбекпен біртіндеп келетін құрмет еді. Сонымен қатар, олардың жалшысы да, малшысы да бірге отырып ас ішіп, әңгімесін тыңдаған. Қорқып емес, жақсы көріп сыйлаған. Айналасын даналық мысы басып отырған. Кейінгі «белгісізден би, белдеусізден үй шыққан» заманда ол орын таласып алатын, сатып алатын яғни қолдан жасалған дәрежеге айналды. Құны түсті. Абайдың «қазіргі болысты сыйлайын десем, сатып алған болыстықтың не қадірі болсын…» (қара сөзінен) деп көңіл суытуы сондықтан. Оның неге қадірі болмайтынын тағы да тарқатып айтады. «Атақ, абырой адамға өз аяғымен келсе көрік, ал, оны өзің іздесең, оған жетуің де, жетпеуің де мүмкін, бірақ адамшылығыңнан айырыласың» дейді жарықтық. Мінеки, бұдан да көп жайды аңғаруға болады. Өзіңде адамшылық жоқ болса, жұрт сені қалай тыңдайды, қалай әміріңе жүреді? Енді соған келейік.

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ». Бұл не? Ендеше, тура би туысына тартып, дауды өзі жақын көрген жаққа бұра тартып, әділетсіздік жасау – имансыздың ісі екен. Өйткені, туғанды бидің, туысына тартатын бидің диагнозын «иман жоқ» деп белгілеп қойған. Енді түсінікті. Анау туысына тартпайтын тура би құдайдан қорқады, ісін құдайдың разылығы үшін істейді. Сондықтан бұра тартуға иманы, ары, ақылы жібермейді. Алланың шексіз әділ әрі кемел екенін, пендесінің барлық ісін өте айқын көріп тұрғандығын анық біліп отыр ғой. Міне, қазақтың күрмеуі қиын күрделі ісін иман таразысына салатыны осыдан.

Мына бір оқиға еске түсті. Көне Мысырдан тараған тәмсіл бар екен. Бір патша таққа отырар кезінде үлкен ғұламадан: «Қол астыма қандай қызметкерлер (мәмлүктер) алғаным дұрыс», - деп сұрапты. Сонда әлгі ғұлама: «Мен құдайдан қорықпайтындар мен құдайдан қорқатындардың парқын айтып берейін, ары қарай өзің таңдарсың», - депті. «Алдыңғылар сізден қатты қорқады, сыйлайды, не бұйырсаңыз да екі етпейді. Себебі олар рыздықты сіз беріп жатыр, бұдан айырылсам жағдайым жаман болады деп ойлайды. Шын мәнінде ол рыздықты құдайдың сізді себеп қылу арқылы беріп жатқанын білмейді. Ең қиыны - құдайдан қорықпағандар құдайдан басқаның бәрінен қорқады. Олар бар шаруаны қорыққандықтан ғана істейді. Көзіңіз тайса, басқа қорқатындарының көңілін табумен айналысады. Бұлар айналаңызды үрейге толтырады. Өздері де үрейде жүреді. Аз істі көп сөзбен күмпитіп көрсетуге жанын салады. Екіншісі, сізден қатты қорықпайды. Бірақ сыйлайды, бағынады. Олар шаруаны ең бірінші сізден қорыққандықтан емес, алған ақысының өтемі ретінде істейді. Оларға сіздің көзіңіздің тайғаны, таймағаны есеп емес. Жұмыстың өз дәрежесінде біткені есеп. Олар рыздық сіз арқылы болмаса басқа жерден табылатынын біледі. Патшалығыңызда құдайдан қорқатын қауым қаншалық көбейсе, құдайдан қорықпайтын басшы соншалық азаяды. Айналаға жайбарақат, тыныштық орнайды. Олар сөзді істің көлеміне шақтап сөйлейді. Ал, мұндай қызметшілерді бағалағанда сөзіне емес, ісіне қарап таңдау керек», - депті.

Осы тәмсілді оқып отырып сол баяғы арғы аталарымыздың болмысы еске түседі. Орыс отарлығы, Кеңес заманы тұтастай Құдайдан қорықпауға үндегенде, астарында өздерінен қорқыту саясаты жатыпты ғой. Бір халықтың болмыс-бітімін мүлдем кері айналдырып жібере жаздаған зұлмат заман екен-ау ол!

Жә, қалай десек те біз айтып отырған басшы мен қосшы арасындағы табиғи жүйе әлемде қазір жоқ. (Ондай жүйе ғасырдың алдында ғана қазақта болған ей!) Тіпті бір мекемеде қызмет істеп жүргендердің еңбекқор, адал, әділетшілдерінен гөрі залым, пысық, жеңұшынан жалғасқыш, елді шағыстырғыш, қу мүйіздерінің бастық болу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Мұның да түбі қайдан екенін бағамдай беріңіз енді...

© Ұларбек Нұрғалымұлы

Пікір қалдыру