26 Қыркүйек, 2017

ҰСТАРА

Бардық. Қарсы болдық. Бардық.

 

1916 жылғы оқиға. Бәлкім жүз жылдығы келгесін болар, мүмкін басқа себебі бар шығар, қысқасы қазақ пен қырғыздың 16-дағы көтерілісі қазір көп талқыланып жүрген тақырып. "Революция болды ма, әлде рулардың бұлғақ-бұлқынысы ма екен?", - деген секілді таптаурын тақырыпқа килікпей-ақ қоялық. Мені мүлдем басқа мәселе қызықтырады. Мысалға мынау үш құбылысқа қараңызшы.

  1812 жылы француздар атойлап басып кіргенде, Ресейді қорғау үшін қазақ қолына қару алды. Майданға барды.

Арада жүз жыл өткенде, Ресейдің шетіне неміс әскері ентелей кірді. 1916 жылы Патша бұратана жұртына бұрылды. "Жәрдем етіңдер!", - деп. Қазақ қарсы болды. "Бала өлгенше, шал өлсін", - деп көтеріліс жасады.

Енді қызықты қараңыз. Он алтыда бермеген баласын 1941 жыл келгенде, көп қазақ өз қолымен Үкіметке тапсырды. Үш дәуір. Үш мінез. Қызық, иә?! Неге мұндай болды екен?

Әбіш ағам мұны қазақтың рухының сынып қалуымен түсіндіреді. Иә, 1917-дегі қызыл мен ақтардың қырғыны, 1922 мен 1932 жылдардың аштығы... Одан қалды 37-дегі ұлт интелегенттерін қырып-жою біздің ұлтты қатты сөйлегеннің алдында қалтырап, бас изей беретін күйге түсіргені рас. Бірақ, 1812 жылы қазақ қорыққаннан солдат болып, Наполеонмен соғысқа амалсыз кеткен жоқ қой?!

Негізі бар ғой, Ресей 1914 жылы әлемдік соғысқа киліккенде-ақ, ерте ме, кеш пе, бағынышты жұртты да соғысқа тартатыны анық еді. Сол 14-ші жылдан бастап қазақтың оқымыстылары бұл істің оң жақтарын тәптіштеп тұрып: "Қазақ солдат болуы керек", - деп мақалалар жазды. Сондағы ойы – Қазақ және өзге де Орта Азия жұрты солдат болса, ала алмай отырғандарын солдат болса алады. Надансың деп бермей отырған депутаттықты берер; шамансың деп бермей отырған муфтилікті берер; жерін тартып алуды қояр. Ең бастысы - солдатқа барған жастар дүние көріп, жол танып, жөн біліп, ысылып келер; сөйтіп, қазақ арасында мәдениет жоғарылар.

Бірақ, сол кездегі соғыс министрі, бұратана жұрттан солдат жасақтауға түбегейлі қарсы болды: "Қазақтарды орыс патшалығының сенімді қарашысы деуге болмайды, өйткені бұларда дұшпандық пиғыл бар. Соңғы жылдары қазақтардың арасында да панисламизм идеясы, яғни бүкіл мұсылман халықтарының бірігуі туралы пікір жайылып келеді,. Сондықтан қазақтар солдат болып әскер арасына кірсе, біздің дұшпандарымыз көбейеді. Қа­зақ жігіттері 3-4 жыл әскерлік қызметте болғанымен Ресейге шын ықыласымен қарашы бола қоймас, керісінше, қару-жарақ ұстап үйренеді, ал ол біз үшін тиімсіз".

Осы және басқа дәлелдерді келтіргесін Ресей Үкіметі сақтық жүзінен һәм патшалық пайдасы үшін ыңғайлы уақыт келгенше қазақтарды әскерлік қызметке алуды кешіктіре тұруға қаулы етеді. 

І Дүниежүзілік соғыс пен ІІ Дүниежүзілік соғыстағы қазақтың жай-күйі

Сонымен, Ақ патша қазақты жайына қалдырды. 1914 пен 16-ның арасында қазекем, көбірек салық төлегені болмаса, жайбарақат ғұмырын сүре берді. "Ақбілек" романы есіңізде ме? І жаһан соғысы қызып тұрған шақты суреттейтін, дұрысы сол замандағы қазақтардың өмірін баяндайтын кітап емес пе? Сол қалай басталушы еді:

Марқакөлді алқалаған — ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі — алты ай жазы тау еркесі — киік болып, өзге елдерден биік болып, Марқакөлдің самалында сайран етіп жатқаны.

Ал дәл осы шақта қазақты билеп отырған Ресейде жағдай қалай еді? Бірінші дүниежүзілік соғыстың бел ортасына кеп қалған шақ. Орыстың жағдайы қиын. Майдандағы солдаты таусылуға таяғанда, жер емген шаруасын соғысқа тартты. Ол аздық еткенде, зауыт-фабрикада іс қып жүрген жұмысшыларға ауыз сала бастады. Жан шығыны да, сан (экономикалық) шығыны да өсіп бара жатты. Бірақ, Ресей империясы өзі осылай қиналып жатса да, біз секілді бодан жұртын қинамапты. Рас, салықтың түрі мен көлемін арттырды.  

Енді өзіңізге сұрақ қойыңызшы. Соғыс жүріп жатқанда, біздер тау еркесі киік болып, өзге елдерден биік болып, сайран салып, өмір сүрдік пе? Жо-оға. "Соғыс басталды", - деген хабар жетісімен Қызыл Үкімет еркек кіндіктінің барлығын майданға айдады да ауылда қалған қатынымызды адырдағы жұмысқа салды емес пе?

Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып жатқан Ресейдің жайына қайта оралсақ. Соғыс ұзаққа созылып кетті. Неміс әскерін қалайда тоқтату үшін орыс генералдары бірнеше шақырымдық траншея қазуға бел буады. Бірақ, әбден титықтаған, болдырған солдаттарды жер қазуға жұмсасақ, көтеріліс бұрқ ете қалар деп қорықты. Әскердің жағдайын жеңілдету үшін, Ресей патшасы ІІ Николай «Реквизициялау туралы» жарлық шығарды. Ол құжатта Азия мен Сібірдегі «бұратана халықтардан» 19 бен 43 жас аралығындағы 400 мың адамды майданның тыл жұмыстарына алу көзделді. Оның 240 мыңы қазақтан алынатын болды.

Патша жарлығы қазақ даласына шілде айының орта тұсына қарай келіп жетті. Қазақ элитасы екіге жарылды. Тоқаш Бокин, Жаңабай Ниязбеков, Әубәкір Жүнісов, Амангелді Иманов, Сейітқали Меңдешев, Бәймен Алманов, Әліби Жангелдин секілді радикалды көңіл-күйдегі оқығандар мен белсенділер халықты ашық қарулы қарсылыққа шақырды. Ал, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтар қарсылықтан пайда емес, зауал келерін айтып, елді сабырға шақырып, ақылмен іс қылуға үндеді... Өйтпегенде, босқа қырылып қаламыз, - деп шырылдады.

Бірақ, соңғылардың сөзі өтпеді. Бір сәттік эмоцияның соңынан ергендер сабырға шақырушыларды келемеж етті. Патшаның құйыршығы санады. Бірақ тарих Әлихандардың жолы дұрыс екендігін дәлелдеді.

«1916 жыл» не берді?

Бірде тарихшылармен отырғанымда, осы 16-шы жыл туралы әңгіме көтерілді. Амангелді Иманов жайлы мақтап сөйлей бастаған мені бір қарт кісі тәйт деп тиып тастады. Сосын "көтеріліс қазаққа не берді?", - деп сұрады. Мен: "Қазақ өз ашуын көрсетті. Ресей империясы біздің қаһарды көріп, тайсалды", - деп едім, қарқылдап күлді. "Орыстың «регулярный» армиясын көтерілісшілер қанша рет жеңіпті,-деп тағы сауал қойды. Ештеме дей алмадым. Себебі бірді-екі переселендердің ауылын шапқан, телеграф бағандарын қырқып тастаған деген деректен өзге ештеңе оқымаған едім. Сосын атамыз сөйлеп кеп берді: "Бұл көтеріліс Ресей империясының қылшығын да қисайта алған жоқ. Керісінше, осы бұлғақты сылтау етіп, орыс армиясы қазақтың қолында қалған аз ғана шүйгін жерді тартып алды. Өздерін қуып тастады. Білесің бе, сол он алтыншы жылы 400 мың адамның босып кеткенін?! Бала бермейміз деп бұлқындық. Бірақ орыстың дегені болды. Окоп қазуға бәрібір жігіт алынды. Әйгілі Самалтау дейтін ән сол тылдағы жұмысқа айдалып бара жатқан қазақтың бірі шығарған. Көтерілістің кесірінен қатын-бала қырылды. Бұл бір. Мыңдаған шақырым жерінен айырылды. Ол екі. Бәрібір жігіттер окоп қазуға алынды. Бұл үш. Енді айтшы, қазақ сол бұлғақтан не нәтиже тауыпты", - деп ашулана бір қарады да: "Сол кезде қазақ Әлихандарды тыңдауы керек еді", - деп терең күрсінді...

Ахмет жазған мақаладан үзінді

«Ойламаған жерден жұрт басына мұндай іс, мұндай ауыртпалық түсті, мұны қалай қыламыз, қалай атқарамыз?» Ахмет Байтұрсынұлы мақаласын елге сауал қоюмен бастайды. Іле, көніп жұмысқа адам бергенде қандай ауырлық келмек, сондай-ақ көнбей көрсеткен қарсылық немен аяқталмақ, міне, осы екі жағын бірдей ақылға сап, тәптіштеп тұрып баяндайды. Тек, екі жолдың қайда апарарын көрсетіп қоймай, біз үшін дұрысы мынау деп халыққа ұсыныс жасапты, жарықтық. Жә, сөзді Ахаңның өзіне берсек:

«Көнбейміз деушінің сүйенгені – жан тәттілік болса, салыстырып қаралық: …Көнгенде - шаруаға кемшілік те келер, барған жігіт қазаға да, бейнетке де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас (қазаға ұшырар деп ауру-сырқаудан болған қазаны айтамыз, әйтпесе солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді). Көнбегенде көретін ауырлық - бағынбай үкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп, мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, үкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законге сүйеніп істейді».

Бірақ, кемерінен асқан кек, ашуға толы көңіл күй дегенін істеді. Шілде айында басталған толқулар тамызда бүкіл қазақ даласын қамтыған қарулы көтеріліске ұласты. Патша үкіметі Әлихан айтқандай күш жұмсады. Көтерілісті басуға 95 рота, 16 зеңбірек пен 47 пулемет жіберді. Жазалаушы отрядтың ойранынан қазақ пен қырғыздың 94 ауылы бүліншілікке ұшырады, 20 мыңдай адам өлтірілді. Жетісу облысының жергілікті халқының төрттен бір бөлігі, шамамен 300 мың адам Қытай жеріне қуып тасталынды.

Иә, Әлихандардың айтқаны келді. Көтеріліс басып-жанышталып, қазақ жігіттері майдандарға окоп қазуға жіберіле бастады. Әлекеңдер: "Әнеки, айттым сендерге", - деп данагөйлікке салған жоқ. Жігіттерге бас-көз болып, кейін аман–есен оларды ауылға жеткізу үшін қазақ зиялылары бірге майданға аттанды. Өйтпегенде орыс тілін түсінбейтін көптеген қазақ жігітерінің елге оралуы екі талай еді.

P.S. 16-шы жылғы көтеріліс бізге не берді? Баламызды бәрібір жер қазуға алып кетсе, сонда не ұттық? Егер Әлиханның айтқанына құлақ ассақ, қалай болар еді? Сіз не ойлайсыз?!

© Нұрбек Бекбау

Пікірлер

user profile image
11 Қазан, 2016

1986 жылы желтоксанда да сабыр сабыр деп отыратын біреу керек пе еді...

Пікір қалдыру