25 Қараша, 2017

ҰСТАРА

Аңшының кешіккенін дәмет деген. Ақан Сатаев «Анаға апарар жол» («Дорога к матери») фильмі шығады екен деп естігелі көп болып еді. Енді, міне, 29-ыншы қыркүйектен бастап, кинотеатрларда көрсетіледі деген хабар тарады.

Фильм жарыққа шыққан бойда оның режиссерінен не продюсерінен, я болмаса сондағы актерден сұхбат алу журналистердің әдеті. Әсер бойдан тарамай тұрғанда әңгімелескен де қызық. Бірақ біз бұл жолы басқаша істеуді жөн көрдік. Фильм экраннан көрсетілмей тұрып, ол туралы сөз қозғадық. Әлі көрмеген фильм жайлы басты рөлді сомдаған Әділ Ахметовпен сұхбат құрдық.

 

– «Анаға апарар жол» осыған дейін бір-екі рет көрсетілді-ау деймін?

– Иә, биыл наурызда Елбасы қатысқан шағын аудиторияға арнап көрсетілім жасалды. Одан соң, жақында өткен Мәскеу кинофестивалінде көрсетілді. Бірден ескерте кету керек, фильм ол фестивальге қатысқан жоқ, тек жиналған жұртшылықтың назарына ұсынылды.

– Екі ретінде де жақсы қабылданған секілді. Актер Андрей Мерзликиннің «Қазақ киносы кей мәселеде Ресейдікінен озып барады» деген пікірін көріп қалдық. Қызығып та, қызғанып, амалсыздан мойындап та тұрғандай көрінді.

– Иә, солай болды.

Алғашқы жолы Елбасы ерекше ықыласпен қабылдады. Толқып тұрып, түсірілім тобын құттықтады. Сол секілді, Мәскеу фестиваліне жиналған халық та өте жоғары бағалады. Пікір айтпақ болған бір қыз сөзін соңына жеткізе алмай, қыстығып жылап, микрофоннан алыстап кетті. Көріп, бейжай қалған адам болған жоқ. Башқұртстан, Татарстаннан келген өнертанушылар, журналистер «осындай кино түсіре алатын сіздер қандай бақыттысыздар» деп көздеріне жас алды...

– Сонда бәріне әсер еткен фильмнің қандай ерекшелігі?

– Енді, бұл өте кең ауқымды фильм. Бұнда қазақ халқының тарихы жатыр... Өзі ойлап қарасақ, XX ғасырға дейін қазақтың тіршілігі бір қалыпты болған екен (Әрине, соғыс та болды, аштық та болды, жеңіс те, жеңіліс те болды, алайда тұрмыс пен салт көп өзгермеген). Ал ХХ ғасырда қазақ өте ұзаққа созылған ауыр сынға тап болды. Алдымен ұлт-азаттық көтеріліс, одан азаматтық соғыс – халық екіге жарылды. Одан кәмпеске, үдере көшу... Даланы жайлаған аштық, одан енді ес жия бергенде репрессия, соғыс, тағы қудалау...Өте ауыр тағдыр.

– Сіздің кейіпкеріңіз сол уақыттарда өмір сүрген адам ба?

– Иә, 1922 жылы туған Ілияс деген бала ғой. Әкесі ақтар жағында болғанда, оның інісі қызылдарға қосылып, ағайынды екі адам бір-біріне қарсы шыққан. Одан кейін бұл бала атасымен шекара асып көшіп, анасынан ажырайды. Кейін Ресейдің жетімдер үйіне түседі, одан соғыс, кейін айыпты болу, айдау...

– Бірнеше ай бұрын Ақан Сатаевтың бір журналға берген сұхбаты шықты. Сонда ол кісі бала күнінде бір ауылға барғанын, сонда ауыл шетіне шығып, жол қарап жүрген кейуананы көргенін айтыпты. Сөйтсе, ол кісі баяғыда соғыста қаза тапқан ұлын күтіп жүр екен. Осы жәйт есінен кетпей, ұзақ уақыт ішкі тербелістен кейін сценарист Тимур Жақсылықовқа айтып беріп, сценарий жазуға қолқа салыпты.

– Иә. Күн сайын ауылдың шетіне шығып, ағаштың түбінде көлеңкеде жолға қарап отырып, кеш батқанда үйіне қайтады екен. Қателеспесем Ақан аға бұл әңгімені ата-анасынан естіген-ау деймін...

Осындай тағы бір әңгіме бар. Тура сондай бір қарт ана ауыл шетіне ұлын күтуге шығып жүретін дейді. Шамасы келгенше, шыққан сайын, біреу сүйінші сұрап қалса беремін деп, қалтасына тәтті-пәтті сала шығатын көрінеді. Оны біліп алған балалар, сүйінші сұрап, шулап келіп, тәттісін жеп кетеді екен. Байғұс ана күнде алданса да, мәз. Өтірік екенін білсе де, соған өзін-өзі барынша сендіруге тырысқаны ма, кім білсін...

– «Ескерткіш» дейтін ән де бар еді ғой...

         Енді бұны айтқан себебім, режиссер осы фильмге ұзақ уақыт іштей дайындалғаны байқалады. Ал, сіз, басты рөлді сомдайтын актер ретінде қалай дайындалдыңыз?

– Рөлге таңдалғаннан кейін, мен өзімнің мойнымда үлкен жүк тұрғанын түсіндім. Өйткені, осы заманның кейіпкерін ойнау, біз үшін жеңілдеу. Көріп жүрген орта, өзің араласатын адамдардан-ақ небір детальдар тауып алуға болады. Ал енді өткен ғасырда өмір сүрген адам өзін өзі қалай ұстайды, оның жүріс-тұрысы қалай болады? Оның үстіне ол адам бар азапты көрген болса, біз ол арқылы бар халықтың тағдырын көрсеткіміз келетін болса....

Режиссермен ақылдастым. Ол кісі «фильмдерді де көрген дұрыс, дегенмен көбісі кейін түсірілді, онда да өзіңдей актерлер ойнады, сондықтан архивте сақталған сол уақыттың хроникаларын көбірек көргенің дұрыс» деді. Содан деректі фильмдерді көбірек көрдім. Кеңесшілер де көп көмектесті. Мәселен менің кейіпкерім он жасында Одессадағы жетімдер үйіне түсіп, сонда өседі. Сонда он жасқа дейін ғана қазақша сөйлеген, кейін орыстардың арасында өскен бала орысша таза сөйлеуі керек пе және оның қазақшасы қандай болуы мүмкін деген мәселе көлденеңдеді. Көп ойландық, зерттедік. Ертеректе шет елге көшіп кеткен бір туыстарымыз бар еді, соларға хабарласып көрдім. Түсінгенім, тіл ұмытылмайды екен. Баяу сөйлейді, әрбір сөзін еске түсіріп, ойланып барып айтады, бірақ әйтеуір сөйлейді.

Одан соң «детдомның» баласы өзін өзі қалай ұстайды, қалай темекі тартады, шәпкісін қалай киеді деген мәселелерде кеңесшілер көп көмектесті? Кейін соғысқа барғанда темекіні қалай ұстап шегеді дегендей...

– Соғыста шылымды мыжырайтып ұстап шегетін шығар?

– Темекінің шоғын қолымен көлегейлеп тұрып шегеді екен.

Жел болғаннан кейін бе?

– Жоқ. Алыстан көздеп жатқан мергендердің көзіне түсіп қалмау үшін солай істеген дейді. Оларға солай шегу әдет болып қалады екен. Сол секілді, әрбір детальға мән беруге тырыстық. Тағы да айтайын, кеңесшілер көп көмектесті. 

Өзім де іштей қатты дайындалдым. Кейіпкерім қазақтың өзі секілді бар мехнатты көрген, бірақ сынбаған адам. «Қазақ осындай болған, сен соны көрсетесің» деді режиссер. Оны сөзбен не іспен емес, ішкі тербеліспен көрсету керек болды. Ол үшін жан-дүниеңді соған дайындауың керек.

Мен осы рөлге ие болған 2014 жылдың күзінен бастап, 2015 жылы шілдеде фильм түсіріліп біткенше сонымен өмір сүрдім. Одан бері бір жылдан асып барады, әлі бір фильмге түскен жоқпын. Ондағы ойым, халыққа Ілияс болып жеткенше, басқа кейіппен көрінбей тұра тұрғым келді.

         Фильмге дайындық барысында, түсірілім уақытында көп нәрсені түсіндім, сезіндім. Өзі «Анаға апарар жол» сезімге толы болғанымен, пафоссыз фильм. Бұнда бәрі бар, алайда ештеңе айқайлап айтылмаған. Сол секілді, мен де көп нәрсені сезінсем де, ештеңені айқайлап, астын сызып айтқым келмейді.


– Асанәлі Әшімов естелік айтатын бір бағдарламаны көріп қалғаным бар. Сонда ол кісі «Атаманның ақырын» түсірерде Мәскеуден келген, сол кезде атағы дүрілдеп тұрған актерге қатысты бір қызық жайтты айтады. Жас Асанәлі сол әйгілі актермен бірге ойнайтын сахнаны түсірерде режиссер Шәкен Айманов бұл екеуін серуендеп келуге бір жерге жіберіпті. Ондағы негізгі тапсырма ертеңгі болатын түсірілім алдында ардагер актерді психологиялық жағынан сындыру екен. Яғни, жас Асанәлі түсірілім кезінде өзінен атақты, танымал актердің алдында пенде ретінде именіп тұрмауы керек. Сол секілді, сіздің осы жолғы кейіпкеріңіз әртүрлі ұлттардың ортасында неше түрлі жағдайларға тап болады екен, осындай жағын ескердіңіздер ме?

– Тағы да режиссердің сөзін қайталуыма болатын секілді. «Қазақ – мың өліп, мың тірілген, бірақ сынбаған» деді. Қандай жағдай болса да морт кетпейтін адамның рөлін ойнау керек болды. Мен осыны жадымнан шығарғам жоқ.

         Дей тұрғанмен, сіздің сұрағыңызға байланысты, бір жәйт есіме түсіп отыр. Астана туралы «Астана – махаббатым менің» деген сериалда түріктің қол астында жұмыс істейтін, соның қалыңдығына ғашық болған жігіттің рөлін ойнағанмын. Сонда сценарий бойынша түріктің алдында именшіктеп тұруым керек болса да, түсірілім кезінде бір қаймықпай қойдым. Кейіпкерімнің жағдайы соған итермелеп тұрса да, іштей ықпаған адамның образын жасап шықтым. Түсірілім сыртында да, түрік ағайындардың қызуын басуға тырыстым. Олар тамақты таңдап (басты рөлдегі жігіттен басқа да түріктер бар) ішеді. Бізге әкелген астан – ортақ дастарханнан ішпей, тамаққа тапсырыс береді. Сондай нәрселерді көңілге алсаң, төменшіктейсің – ол фильмнен де байқалып қалады. Содан мен ол жігітті қолкүреске шақырып, бір жеңіп алдым. Былай доспыз ғой, әрине, бірақ сондай көзге көрінбейтін кішігірім айқастар болып жатты... Тағы бір жолы суық күнде түсірілім болды да, түрік жігіт тісі тісіне тимей, қалшылдап тоңды. Өзі костюммен тұр. Мен көйлекшең. «Түсірілімді кейінге шегерейік» деп айтайықшы дейді, суыққа шыдамай бара жатыр. Мен де тоңып тұрмын. Бірақ, онымды білдірмей, «күн соншалық суық емес қой, түсе берейік» деп қоямын. Солай-солай, түсірілім сыртында соғысып жүріп, ақыры жеңіп шыққаным бар (күлді).

Сондағы ойым, ертең өз жерінде жүріп өзі төменшіктеп қалған адамды халықтың өзіне көрсетпей-ақ қояйыншы дедім (Бұл басқа ұлттарды жек көремін деген сөз емес қой). Режиссер болса, түсірілім кезінде барын салып, сценарийге қайтармақ болған еді, бірақ кейін фильм шыққан соң, рахметін айтты.

– Фильм көрерменге ұсынылар алдында шығармашылық топ ерекше қобалжитыны анық қой. Бір жағы қуаныш, бір жағы «әттең, мына жерін былай істеу керек еді» деген өкініш те болатын шығар?

– Әрбір рөлде бір өкінетін нәрсем болады. Қашан да. Театрда да солай. Бір жақсысы театрда қойылымнан қойылымға жетіліп, кейіпкеріңді дамытып отыруға болады. Ал кинодағы кейіпкерің бір жасаған күйде қалады. Оның үстіне кино ұжымдық өнер. Сен жақсы ойнаған дубльде жарық дұрыс түспей қалуы мүмкін, камераның фокусы ойдағыдай болмай қалуы мүмкін, ал оның бәрі дұрыс болғанда сенің ойының әлсіздеу болып қалуы кәдік дегендей... Алайда бұл жолы ең жақсы дубльдар таңдалғанына сенімдімін. Тәжірибелі команда жұмыс істеді, ешқайда асыққан жоқпыз. Дегенмен өзім, актер ретінде «шіркін, мына көріністі қайта ойнауға мүмкіндік берсе, былай шығарар едім» деп ойлай беретінім де рас.

– Енді кейбір нәрселерге қысқаша тоқталып өтсек. Жоғарыда орыстың арасында өскен бала орысша таза сөйлеуі керек пе деп ойландық дедіңіз. Фильм орысша ма, әлде «Ағайындылар» секілді екі тіл аралас па?

– Екі тілде. Өмірдегідей.

– Ал сіз үшін орысша таза сөйлеу жағы қалай болды? Бірден сөйлеп кеттіңіз бе?

– Режиссер «қазақшасын өзің дубляждасаң, орысшасын Ресейлік мамандарға берсек қайтеді» деп ұсыныс айтты. «Фильм жақсы шықса болды, өзіңіз білесіз, бірақ кейіпкер қазақ болғаннан кейін дауысында қазақы коларит болғаны дұрыс шығар» деп едім, ойланып қалды. Дегенмен, ақырында Мәскеулік мамандарға оқытатын болып шешті. Сөйтіп, дыбыс келгеннен кейін Ақан аға тыңдап көріпті де, «жоқ, мынау болмайды» деп бір-ақ кесіпті. Өйткен себебі, киноның атмосферасы өзгеріп кеткен. Дыбыстың жаны жоқ.

Сөйтіп, дыбыс режиссері хабарласып, шұғыл түрде Алматыға жет дегені. Ол кезде Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретшісін» дайындап жатқанбыз. Бір күнге Алматыға ұштым. Содан 17 сағат демалыссыз жаздық қой. Орысша сөйлей алсақ та, ол бәрібір қазақша сөйлегендей емес қой. Оңай болған жоқ.

– Соғыс сахнасын қайда түсірдіңіздер?

– Минскіде түсірдік. Днепр өзені үшін болған соғысты көрсеттік.1942-1943 жылдары жасалған, соғыста атылған қарулар сақталған екен. Әлі атып тұр. Сонымен аттық. Сол кездегідей қайықтарға міндік. Бомбаның жарылғанын естідік, құладық, айқайладық, секірдік – соғыстың әсерін аздап болса да сезгендей болдық.

– Трейлерден байқасақ, соғыс сахнасы өте қымбатқа түскен сыңайлы.

– Иә. Мәскеуде көрсеткенде мамандар «Бұндай соғыс сахнасы ТМД бойынша бұрын болмаған» деп баға берді.


– Енді бір мәселе, сол сахна американдық «Қатардағы Райанды құтқару» («Saving Private Ryan») фильміндегі көріністерге ұқсап кететін секілді...

– Бұл жерде сол фильмнен бір де кем болмасын деген мақсат қойылды. Соған еліктедік, соны көшірдік деген сөз емес, әрине. Өзіндік ерекшелігі бар. Және де айта кету керек, осы көріністерді жасағанда Валерий Деркач деген ресейлік пиротехник жұмыс істеді. Ол «Бригада», «Борнның ультиматумы» («Bourne Ultimatum») секілді бірқатар фильмдерде жарылыс көріністерін жасаған маман. Қазақстанның, Украинаның, Белорусияның, Ресейдың каскадерлері қатысты.

– Басты кейіпкердің рөлін неше актер ойнады?

– Туған кезіне бір нәресте түсті. Одан соң бала кезі мен жасөспірім кезін екі жас актер ойнады. Мен 18 жасынан 45 жасына дейінгі аралықты көрсеттім.

– Макияж жағы қалай болды? 18 жас пен 45 жастың арасында айырма әжептәуір ғой...

– Ол мәселемен білгір мамандар айналысты. Нанымды болған секілді. Менен де гөрі анамыздың рөлін сомдаған Алтынай Нөгербектің бейнесі қиындау болды. 70-ке келген кезін дайындау үшін Ресейден келген мамандар алты сағат бойы гримм жасады.

–Фильмді көрсем, сұрайтыным көп болар еді. Енді сұрағы жоқ сұрақ қоюға тура келіп тұр: «Анаға апарар жол» туралы тағы не айтқыңыз келер еді?

– Фильмді көрген адам, еріксіз, бүгінгі күніне шүкіршілік етеді. Егемендікке оп-оңай жетпегенімізді түсінеді. Қазір көп адам осы күнге қалай жеткенімізді ұмытып кетті ғой. Аталарымыз қандай азаптардан өтті, әкелеріміз қалай қиналды – фильм осыны бір еске салады.

Қазір, мәселен, қазақша сөйлей алмайтын адамдар бар. Ал олардың әкесі болмаса да, атасы орысша бір ауыз білмейтін таза қазақ болған жоқ па? Сондай адамдар да бір мезгіл ойлана ма деп үміттенемін.

Жоғарыда башқұрт, татар бауырлар көздеріне жас алды дедік қой. Өйткені олар айтқысы келетін, көрсеткісі келетін жәйттар осы фильмде қамтылған...

Режиссер басқа ұлтқа деген жеккөрінішті оятпай-ақ, тарихтағы ауыр-ауыр кезеңдерді көрсете алды. Және де оны жалаулатып көрсеткен жоқ, сезім арқылы көріп отырған адам өзі түсініп алатындай мүмкіндік жасады.

Сөз басындағы ойға қайта оралсақ. Қазақты алдымен тас үйге кіргізіпті. Отырықшыландырған. Одан кейін малын тартып алды. Бас көтерерін атты, қалғанын соғысқа жіберді. Салтын өзгертті, санасын өзгертті. Ақыр аяғында атын өзгертті. Ілияс орыстардың арасында жүріп Илюха болып кетеді. Бірақ, осыншама азаптан, қиындықтан өтсе де ол анасына апарар жолдан көз жазып қалмайды. Бұл дегеніңіз – тамырға қайта оралу деген сөз. Ол тамырына қайтты.

 

Әңгімелескен Арман Әлменбет.

Пікірлер

user profile image
27 Қыркүйек, 2016

Бір әйбет сұxпат болыпты

user profile image
28 Қыркүйек, 2016

Бір деммен оқып шықтым. Міндетті түрде барып көреміз.

user profile image
28 Қыркүйек, 2016

Әділ аға сәттілік!

user profile image
29 Қыркүйек, 2016

Анамызбен бірге барып көретін фильм екен. Ақан ағамызға рахмет.

Пікір қалдыру