26 Қыркүйек, 2017

ҰСТАРА

Андервуд

                  АҚШ конгресіндегі демократиялық партияның өкілі Фрэнк Андервуд ақылды, байыпты, әр қадамын аңдап басатын әккі саясаткер. Оның мақсаты мемлекеттік хатшының креслосы. Жаңа сайланған АҚШ президенті Гаррет Уокерге сайлау науқанында осы үшін көмектескен болатын. Олар сөз байласқан, келіскен. Бірақ Гаррет «есегі судан өткен соң», сөзінен тайқып кетті. Мемлекеттік хатшылыққа бұны емес, төтеннен пайда болған «екінші сорттағы» біреуді қойды. Сатқындыққа қаны қатқан Фрэнк енді АҚШ президентінің өзін жарға жықпаққа бел буды - жымысқы жаулыққа көшті. Саспаңыз, бұл реал емес. Бұл 2013 жылы америкалық Netflix телеарнасы шығарған «House of cards» («Картон үй») телехикаясына шағын аннонтация.

Айтматов

                 2008 жылы қазақ пен қырғызға ортақ, ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов дүниеден озды. Түркі жұрты теңселіп кетті, оның шығармалары аударылған әлемнің кем дегенде 160 ұлты қырғыз-қазақтың қазасына қайғырып, көңіл айтты. Қазақстан билігінің ажырамас бөлігі, сіз бен біздің биік мінбердегі тіліміз һәм құлағымыз боп саналатын Парламент Мәжілісі Шыңғыс Айтматовты бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл алаш атынан Шыңғыс Айтматовқа жасаған соңғы құрметіміз болды. Ол кезде Мәжілістің спикері әсте Нығматуллин емес және 2016 жылдың «депуттық этика» депаталатын  қылбұрауынан бейхабар кезіміз.

Депутаттық этика.

                Әлем сәт сайын құбылып жатыр. Тіпті елдегі уақиғалардың жиілігі мен сан түрлілігінен санамыз шатасып, кімнің нені қалай айтқанын тез ұмытып қалатын күйдеміз. Кеше істелген істің бүгін маңызы жоғалып,  бүгінгі өзгеріс ертеңгі күннің бәсекесіне қауқарсыз қалып жатқан алмағайып кезең. Қазір көптеген дүниеге лезде жауап беріп, қаперде ұстап, дереу тойтарыс жасайтын уақыт. Террорлық акт жасалды ма – бітті, лезде үн қосу, атқа міну, қамдану; Су тасыды ма – лезде құм тасу, тас жинау, етікпен су кешу; Педофиль қаптады ма – лезде қайшыны қайрау, қаскүнемді тінту. Енді осы дүние-дүмпудің қасында  «қоғамдық пікір» дейтін,ешкім міндеттемеген бір  хаостық құбылыс бар. Елде не жағдай болмасын, не бүлінбесін  көретініміз (еститініміз, оқитынымыз) шайпау әйелдің қарғысы, кезінде билік баспалдағында жолы болмаған өкпелі ағайлардың нәтижесіз айғайы ғана. Бітті. Сіз бен біздің тіліміз һәм құлағымыз болуы керек депутат мырзалар аузын буған өгіздей ләм деуден қалды.  Неге? Олар айналадағы жайтты көрмей отыр ма? Тіл мәселесінен, шынтуайтындағы (!) жер мәселесінен, оқулық, баспана, медицинаның сапасынанбейхабар ма? Неге олар үндемейді деп ойлайсыз ғой. Мәселенің мәнісі мынада екен. Қазір Парламентте «депутаттық этика» дейтін ішкі тәртіп құрылған. Біз сайлаған депутаттың қандай да бірмәселеге қатысты  өз бетінше пікір білдіруге, сауал жолдауға, мәселе көтеруге құқы жоқ. Ол үшін депуттатық сауал алдын ала (1 немесе 2 апта бұрын) спикердің төңірегіндегі сүзгі-бақылауға жөнелтіліп,  «Нұр Отан партиясының имиджіне нұқсан келмейтін» деп аталатын пункттің тұсында паршаланып барып мақұлданады. Егер халық сайлаған қалаулы ағай (немесе апай) бұл «этикадан» аттап кетер болса, депутатты мандатынан айыруға дейінгі жазаның түрі бар. Енді әлгі процестің ұзақтығына назар салыңызшы. Сіз бүгін болған жайтқа қатысты мәселе көтеру үшін, өткен аптаның басында «кезекке тұруыңыз» керек екен. «Сіз кешіктіңіз, депутат мырза!». Нонсенс! Осындай қылбұрау, осындай шектен шыққан тәртіп пен бақылаудан соң, депуттаттар тым өткір мәселеге барудан қалғандай. Күн тәртібіндегі жанып тұрған проблемалар біздің депутат мырзаларды «айналып өтуге» мәжбүр. Кім коллективте жаман атты болғысы келеді? Кім депутаттық мандаттан қапелімде айырылғысы келеді?

Нығматуллин

                 Нұрлан Нығматуллин – ақылды, байыпты, әр қадамын аңдап бастатын әккі саясаткер. Бірақ мына «депутаттық этиканың» зияны үлкен болайын деп тұрған секілді. Бұл біріншіден, депутаттардың абыройын түсіріп жатыр. Кешегі жер мәселесінде халық үміт күткен Н. Сабильянов, Б. Тілеухан, Б. Смағұл секілді мандат иелерінің өзі үн қосуға жарамады. Ертең не боларын, кімнің не бүлдірерін білмей, үлгере алмай жатқан кезеңде мұндай «жоспарлы этиканың» депутаттарға қажеті бар ма деген ой келеді. Қазақ қоғамында проблема барма, бар. Демек, ол айтылуы керек, ол қолға алынуы керек. Енді халық қалаулылары «тәртіпке» бағынып үндемеген соң, қоғамның (тәртіпсіз) белсенділері мінберге шығып жатыр. Оңды-солды, келсін-келмесін, дезинформацияның түр-түрінен шабыт алып, бос вакуумды толтыруда. Бұл әрі табиғи,  әрі қолдан жасалып жатқан процесске ұқсайды. Табиғи дейтініміз, «айтылмаса, сөздің атасы өледі», демек, депутат сөйлемесе, әйтеуір бір қазақ сөйлейді. Ал  қолдан жасалуы мүмкін деуіміз, депутаттардың аузын буып, қолын кісендеу арқылы олардың абыройын түсіріп, қоғам белсенділерінің абыройын арнайы көтеруге тым ұқсайды.  Әбден мүмкін. Әйтпесе депутат дейтін жаратылыс өткір сөйлеп, нағыз ұлттың мәселесін көтеретін жерде отыр. Мәжілісте отыр. Ол жерде айтылмаған мәселе айналып келіп, әлеуметтік желіде хаостық түрде, кейде дәлелсіз, кейде әділетсіз қалыпта айтылып жатыр. Нығматуллин мырза бұдан бейхабар деп ойламаймыз. Ендеше, неге...

Каримов.

                   2016 жылдың 2 қыркүйегінде құдай қосқан көршіміз әрі ағайынымыз өзбектің шаңырағында ұлы қаза орын алды. Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімов дүниеден озды. Түркі жұрты қайғырып көңіл айтты. Ал қазақ Парламенті ләм деген жоқ. Бәріне кінәлі «жоспарлы этика» - «депутаттық этика». Енді ҚР Мәжілісінің депутаты Геннадий Геннадиұлы Шиповских  өзбек президентінің  қашан және қайтып қайтыс боларын қайдан білсін...

Тағы да Андервуд

                Айтпақшы, «House of cards» («Картон үй») телехикаясының үшінші маусымында ақылды, байыпты, әр қадамын аңдап басатын Фрэнк Андервуд АҚШ-тың 46 –шы президенті болып шығакелді. Әрине, ол бұл жолға оңай жеткен жоқ. Темірдей тәртіп, айлайы әрекет және ең бастысы, этика...

© Ж. Құсайын

Пікірлер

user profile image
23 Қыркүйек, 2016

Мынаны да оқи отырайық, http://qamshy.kz/home/show/10409

Пікір қалдыру