26 Қыркүйек, 2017

ҚАРЫМТА

«Бүгін ойламаған жерден тәрбие ісі меңгерушісі келіп, «Ассамблеяның 20 жылдығы, соған сендер шықпасаңдар болмайды»,-деп бір топ мұғалімді автобусқа тиеді де, орталық алаңға алып барды. Қолымызға жалау ұстап, өткен-кеткенге қол бұлғап тұрдық, сығандар ұқсап. Телеарналардан журналистер келіп түсірді. Содан келе жатырмын шаршап-шалдығып. Сол Ассамблеяның кімге керегі бар?»,-деді кластасым.

Расымен...

Бәлкім, сыныптасымның сөзінің жаны бар шығар? Бір қарағанда «Халықтар достығы» деген формальды сөз тіркесі сияқты. Бірақ, олай дейін десем...

Осыдан екі ай бұрын жұмыс бабымен Арал ауданын бетке алдық. Бізбен бірге тапсырыс беруші мекеменің бір қызметкері жолға еріп шыққан болатын. Ұлты - кәріс.

Кәріс демекші... Біздің Қызылорданың кәрістері басқа ұлттарға қарағанда асқан ұйымшыл. Бастары тез арада жинала қояды. Ызалы жерде жүрмейді. Бірі банкте қызметкер, бірі фотосалонда фотограф, енді бірі сауда орындарында ұялы телефон, кондиционер жөндеуші болып жұмыс істейді. Бұл жарықтықтардың гендерінде электронды құралдарға деген табиғи қабілет бар ма, білмедім, әйтеуір қандай да бір техникамыз бұзыла қалса, алдарына жетіп барамыз.

Бірін айтып, біріне кеттім-ау. Жарайды. Мақтауын келістірдік. Ал енді «Кәрістер бізге қайдан келді?» дегенге тоқталайын. Тарихқа үңілсеңіз, кәрістер Кеңес үкіметі тұсында Солтүстік Кореяның жоғары бөлігінде өмір сүрген орман халықтары екен. Бұлар кәріс тілі мен орыс тілін игерген халық болған соң, Сталин тікелей өз назарына алып, «тыңшы болып кетуі мүмкін» деген қауіппен 1937 жылы Қазақстанға көшіртіп жіберіпті. «Көшіртіп жіберіпті» деген жұмсақ сөз-ау.

Шынтуайтында, оларды еріктерінен тыс әр вагонға 5-6 отбасынан қойша тиеп, жер аударып жіберген. Бұл эшелон Қазақстанға 40 күн дегенде әзер жетіпті. Ал жол азабын менің бір мақалам суреттеп бере алмас. Депортацияланған кәрістердің азабы мұнымен тоқтамай, оларды ұлт ретінде қыспаққа алу басталған. Мәселен, оларға дәстүрлерін ұстануға, тұрғылықты жер таңдауға, керек десеңіз, балаларына кәрісше есім беруге тиым салынған. Басқа түссе, баспақшыл деген. Сонда да тағдырдың тәлкегіне сынбай, кәрістер жат жерде тіршілік қамына кіріседі.

Кәрістер келісімен, Шиелі ауданында күріш егудің жаңа әдіс-тәсілдері басталыпты. Қанша дегенмен, кәрістердің бізге қарағанда күрішке деген әуестігі ерте басталған ғой.

Осы жерде тағы бір нәрсе ойыма түсіп тұр. Бала кезімізде той-томалаққа салат алуға базарға баратынбыз. Жайма базарда бірыңғай кәріс кемпірлер салаттың түр-түрін сатып отыратын. Салаттары сәбізден басталып, балықтан аяқталатын. Ал жасалу әдісін бір қазақ білсейші... Жоқ, құпия құрам! Сатушы кемпірлер өзара кәрісше қауқылдасатын. Бала болсақ та, бұл сөздердің орысша емес екенін сезіп, аузымыз ашылып біз тұратынбыз. Олар бізге қазақша бір-екі ауыз сөйлеп қалатын. «Рахмет!», «Сау болыңыз» деген сияқты. Біз риза болысып, келесі жолы да дәл осы кісілерден алуға бүйрегіміз бұрып тұратын. Ол енді басқа әңгіме. Оның үстіне ол кемпірлер қазір бұл өмірде жоқ та шығар. Ал қазір көлікте келе жатқанымызға оралайын. Қызық осында боп тұр ғой...

Зымырап келеміз. Мақтанып қояйын, астымызда су жаңа джип. Арал мен Қызылорда арасына төселген жаңа трасса әлі аяқтала қоймаған. Әр жерде асфальт төсеушілер кездеседі. Құрылыс жүріп жатыр. Ал құрылыс бар деген сөз жергілікті халықтың нәпақасы болғаны деген сөз. Күнкөріс бар болса, ол еліміздің тұрақтылығынан ба? Әрине солай! Оны бір деп қойыңыз.

Қармақшы ауданына келгенімізде, әлгі кәріс:

- Жігіттер, қарындарың ашқан шығар, анау артта жатқан сөмкені әперіп жіберіңдерші. Ішінде шұжық бар еді. Соны нанмен қосып, бір соғып алсақ қалай болады?,-деді.

-Шұжық деймісің? Халал ма, Костя?,-дедім.

-Халал, халал! Міне, сенбесеңдер қараңдар, -деді де, Костя қысық көзін одан сайын сығырайтып,  сұқ саусағымен шұжықтағы «Халал» деген марканың жапсырмасын іздей бастады. Ақталғаны да. Үш қазақ үш жақтан алты көзбен қарап отырса.

-Иә, иә сендік, қойыңыз,-деп ду күлдік біз.

-Мен халал емес шұжықтар жемеймін,-деді Константин.

-Мұсылмандық қабылдадың ба?,-деді, бір әріптесім тосыннан сұрақ қойып.

Костя жымиды.

-Жоқ. Әлі ойланып жүрмін. Бірақ, бір досым бар. Ұлты кәріс. Мұсылмандық қабылдады. Менің қарындасым қазаққа тұрмысқа шықты. Күйеуі намаз оқиды. Жеке көзқарасым жақсы. Күйеу балам арақ ішпесе, қарындасымды сабамаса, бізді өз туыстарынан кем көрмей хабарласып тұрса, аға үшін одан артық не бақыт бар? Көмек сұрап хабарлассам, алып ұшып жетіп келеді. Қолынан келген көмегін аяп қалған емес.

-Иә, дұрыс қой,- дестік біз. Ал ол сөзін жалғап:

-«Халал» дегеннен шығады. Бұрын мен шошқаның майын көп жейтінмін. Салат дайындайтынбыз. Жалпы бізде көп тағамдар шошқа етінен ғой, өздерің білесіңдер.

Оқу бітіріп, жұмысқа орналасқан соң, бірыңғай қазақтармен араластым. Ұжым болған соң, отырыс жасаймыз. Бір күні үйге қызметтестерімді қонаққа шақырдым. Әдемілеп салаттар, басқа да тағамдар дайындадық. Дастархан деген керемет болды. Тамақ алдыруға дастарханға жайғасқан соң, қазақ жігіттер: «Костя, мынауыңда шошқа еті жоқ па, Костя ал мынада ше?»,- деген сұрақтың астында қалдым. Расы керек, біз үшін барлық дәмді деген ас-ауқат шошқаның етінсіз болмайды ғой.

Сонымен не керек, дастарханның 75 пайызы желінбей қалған шығар. Сол түні ұяттан қысылып, ұйықтай алмадым. «Біз сонда отбасымызбен не жеп жүрміз? Барлық қызметтестерім неменеге соншама шошқа етіне сұқтанып қалды? Яғни таза емес, иә, таза емес» деген ойлар мазалады. Бұдан былай ісім осымен болсын деп, ертеңіне жұмыстан келе сала, келіншегім мен анама дастархан басында «шошқа етін жегеніміздің алды-арты осы болсын»,- дедім. Олар алғашқыда түсінбей қалды. Сосын кешегі болған жайттарды айттым.

Сонан келіншегім: «Иә, өткенде базарға барғанымда етті фарш етейін деп еттурағышқа салуға (мясорубка)  тұрғанымда, қазақтар бірінен соң бірі келіп, «анау шошқаның етін тартатыныңа біздің сиыр етін салушы болма» деп ескертіп жатыр. Сол кезде өзім де іштей қатты қысылғанмын. Сонда олар таза да, біз таза болмағанымыз ба? Жалпы біз сонда не жеп жүрміз деп ашуландым. Бірақ қазақтар жоламаса, бұнда бір сыр жатыр»,-деді. Осы кезде сөзге анам араласып: «Қазақтар қашаннан таза халық. Олар жемеген нәрсені біз де жемейміз»,-деп кесіп айтты. Сол күннен бері міне біраз жыл өтті. Қазір тек адал тағамдар жейміз.

Мұны естіп біз «бәрекелді» дестік (Негізі «мәләдес» дегенбіз).

- Костя, «қазақ болып бара жатырмыз»,-деген қаупің жоқ па?

- Қалай сонда?

- Кәрістік түптамырдан ештеңе қалмады. Көне көздер кетті дегендей.

- Түсіндім не айтқың келіп отырғанын. Дінің жоқ, ана тілің жоқ дегің келеді ғой.

- Айтсам, ауыр тиетін шығар дегенім ғой.

- Жоқ, айта бер. Мәселен, мен қазақтарды жақсы көремін. Мені кәріс деп отырмысың? Иә, менің сүйегім кәріс, бірақ жаным қазақ. Осы жерде туылдым, ауасын жұттым, суын іштім, ойнадым, ер жеттім, үйлендім, балалы болдым. Бізді кәріс деуге енді әсте болмайды. Әжелеріміз екі тілде сөйледі. Жиі-жиі жиналып, туған жерлерін еске алатын. Сондайда тек қана кәріс тілі мен қазақ тілінде сөйлесетін.

- Орысша ше?

-Жоқ. Орысша сөйлеспейтін.

- Ал сіз орысша сөйлейсіз ғой. Қазақша түсінбейсіз. Кәрісше мүлдем білмейсіз.

- Кәрісше білмесем, обалым өзіме. Барлық жағдай бар үйренуге. Жұмыстан соң уақыт тапсам, осы Қызылорданың өзінде кәрісше оқытатын кісілер көп. Оның үстіне достық орталықтары бар дегендей. Ал қазақша білмеуім әрине ұят. Білмегенімнің бір артықшылығын айтайын ба сендерге?

- Оның не артықшылығы бар? (Біз ашуланайын дедік)

- Иә, қазақша білмеймін. Өйткені маған қазақтар тарапынан қысым жоқ. Қысымның болмауы - бізде татулық бар деген сөз. Орта жастағыларды айтпағанның өзінде, кеше ғана туылып, жасы оннан енді асқан нағыз тәуелсіз Қазақстанның азаматтары қазақша білмейді. Орыс ұлтын айтып отырмын сендерге. Бұл нені білдіреді? Яғни, бізде өзге ұлттар мен ұлыстарға мемлекет тарапынан қандай да бір өшпенділік жоқ.

Егер бір орыс: «бізге қысым жасалып жатыр»,-десе, олар ол сөздерін дәлелдеп көрсін. Олардың, тек олардың демей-ақ қояйын, Қазақстандағы басқа да  ұлттардың ешбірі қазақ ұлты тарапынан «ұлтшылдықтың қазасына ұшырап жатырмыз»,-деулеріне кілтипан да жоқ. Иә, мен қазақша сөйлегім келді, бірақ қазақтар күлді. «Костя, сен бүйтіп қазақ тілін қор қылғанша, орысша сөйлей берші!»,-деді. Әйтпесе, менің ынтам жақсы болатын. Өздеріңнен көріңдер,-деп өкпе назы аралас сөзін айтты. Мен қазір бір ғана тіл білемін. Ол орыс тілі. Ал орыс тілінде сөйлеуім, орысқа ұқсағым келгенінен емес. Тіл бұл қатынас құралы ғана. Орыс тілі - өте бай тіл. Орысқа ренжідім екен деп, орысша сөйлемей қою қисынсыз.

Тілді саясатқа айналдыруға болмайды. Әжелеріміз үнемі қазақтардан көрген жақсылықтары туралы айтатын. Олардың орысша сөйлегілері келмеді. Себебі, орыстардан көп қағажу көріпті. Мен сендерге тағы бір қызық айтайын. Сендер жассыңдар ғой. Біздің бала кезімізде орыстар Қызылордада патша сияқты жүретін. Өктем сөйлейтін. Байқасам, әлі де солай. Бұл не деген сөз? Яғни, орыстарды ешкім қудалап жатқан жоқ. Сонсоң «мұндағы орыстардың жаны Ресей орыстарымен бірге» деп кесіп айтудың қажеті жоқ.

Егер кейбір қазақтар Путиннің жағына шығып, оның әрекетін дұрыс десе, екінші бір қазақ оны бұрыс деуі мүмкін. Біздегі орыстардың өзі, бір отбасында екіге жарылып жатыр. Әкесі мен қызы Путинді қолдаса, анасы мен ұлы қолдамайды. Яғни бұл айналып келгенде, қазақы пікір. «Орыстық» не «кәрістік пікір» деген сөз жоқ. Қазақстан ба, ол «қазақы пікір». Мейлі, сен кім болсаң, ол бол. Ресейге барып бір орыс, «мен орыспын» десінші, олар оны қабылдамайды. Не «қазақ» дейді, не «қазақы орыс» дейді. Мен өзімді кәріс ретінде Кореяға барып мойындата алмаймын. Сондықтан «қазақпын» деймін.

Жылмаң еткен ой...

Қанша дегенмен, қазақпын ғой. Іштей қуанып қалдым. Өзге ұлттар «қазақпын» деп жатса, аузыңыз қышып бара ма? «Бара-бара барлығы қазақ болып кетсе» деген жаман ой қылаң берді. Осы сәтте көлік тарс етті де, барлығымыз отырған орнымыздан бір секіріп алдық. Көлік жүргізіп келе жатқан жігіт те мен сияқты ойдың жетегіне еріп, басы айналып кетті ме білмедім, байқаусызда асфальттың ойық жерін ескермей қалыпты. Көліктің шайқатылуы мені де бір шайқап, сабама түсіріп қойды.

Қапелімде ойым өзгеріп, «Біз қазақтар Қазақ елінің қожайыны ретінде өзге ұлттарды ұлт ретінде мойындауымыз керек. Әрі олардың дәстүрі мен тілін сыйлауымыз керек. Ағылшындарды, француздарды, керек десеңіз кешегі орыстардың өзін тәкаппарлыққа алып барған «тек қана біз бармыз, өзге ешкім жоқ» деген ой болатын. Мұның арты жақсылыққа алып бармайды» деп сайрап отыр екем. Бұл ойым енді дұрыс.

- Костя,-деді жанымдағы жігіт. «Сен олай деме. «Қазақы кәріспін» дегеніңе қосыламын. Бірақ «қазақпын» деме! Қазақтықты қызғанып отырғаным жоқ. Сен кәріссің. Сенің тілің бар, дәстүрің бар. Ал дінің туралы ештеңе демей-ақ қояйын. Сендердің даярлайтын тағамдарың қандай керемет. Пигодиларыңның өзі неге тұрады? Бала кезімізден сендердің салаттарыңды жеп өстік. Әлі де жейміз. Әрине, шошқа етінен даярланған салаттардан басқасын». Соңғы сөзге бәріміз ду күліп алдық.

Бұл сөздер Костяға жақты, білем. Жүзі жадырап сала берді. «Сендер анау тағамды жеп көрдіңдер ме? Мынау тағамды жеп көрдіңдер ме?»,-деп бірнеше ұлттық тағамдарын айтып шықты. Ішін мақтаныш сезімі кернейтін сияқты. Бәлкім, осы сәтте өзін бір емес, үш бірдей қазақ жігіті сыйлап отырғанына қуанып отырған болар.

Бір сәтте телефон шыр ете түсті. Тұтқаны көтерсем, нағашым екен.

-Ау, жиен жақындап қалдыңдар ма? Қай жерде келе жатсыңдар? Біз ет асып жатырмыз,-деді.

Бұл сәтте біз де жақындап қалған болатынбыз. Қамбаш көлін бойлай зымырап келеміз.

Көлік ішіндегі жолдастарыма нағашымның ет асып жатқанын жеткіздім. Айтқаным сол-ақ екен, енді біздің жігіттер мақтана жөнелді. «Етке жететін не бар дейсің біз үшін?»,-десті. Осы кезде Костя да әңгімеге араласты.

-Біз қанша тырысып бақсақ та, сендер сияқты дәмді қылып жасай алмадық бешбармақты. Бешбармақ деген керемет қой. Күнде берсе де шықпайтын шығармын. Бірақ күнде ет жеуге қалта көтермейді ғой? Әйтеуір, жұмысым жақсы. Өзіме табысым жетеді. 70 мың айлығым бар. Қанағат. Бізге ең бастысы тыныштық қой.

-«Тыныштық»,-деп нені меңзеп келесіз?

-Жігіттер, сендерге біз онша ашыла бермейміз ғой. Бірақ бір сырымды айтайыншы.

-Айт, айт!,-десті жігіттер.

-Біз кәрістер Назарбаевты жақсы көреміз. Неге дейсіңдер ғой?

Біз:

-Неге?,-дестік.

- «Бізді ешкім шеттетпесе, «елдеріңе кетіңдер, сендер кім едіңдер?» демесе, бізге одан артық не керек айтыңдаршы? Ал Назарбаев президент болып отырғанда, біздің көңіліміз тыныш. Ол барлық ұлттардың ешкімнен қағажу көрмей, өмір сүруіне жағдай жасап отыр. Сендер қазақсыңдар ғой. Ата-бабаларыңнан қалған тарихи Отандарыңда өмір сүріп жатқасын, ойлайтындарың тек  байлық. «Бұдан да керемет болсам» дей бересіңдер. Болма демеймін, болыңдар. Бірақ сендер татулықтың не екенін біз сияқты ұға алмайсыңдар. Сендер ешкімге кіріптар емессіңдер. Ешкімнің қабағына қарап жүрген жоқсыңдар. Сондықтан, сендер татулықтан ақшаны биік қоясыңдар. Біз «президент болсақ» деп армандамаймыз. Тек тыныш өмір сүргіміз келеді. Бұл менің ғана уайымым емес, барша кәрістің уайымы. Және тек кәрістердің ғана емес, бізде өмір сүретін барша өзге ұлттардың уайымы».

Осы кезде менің ойыма кластасымның «Ассамблеяның кімге керегі бар? Бәрі көзбояушылық қой» деген сөздері түсті. Ары қарай Константиннің сөздерін ести алмадым. Терезеге көз тіккен бойы, өз ойыммен арпалысып кете бардым.

Қызылорда облысы

Пікірлер

user profile image
7 Қараша, 2016

Оттаған орыс алқашына дейiн,өз ұлтын жоғары қойып тұрады.Оларға басқа ұлт топас бiлiмсiз тупойлар...
Ансамблин деп өтipiк оттамасын..

Пікір қалдыру