26 Қыркүйек, 2017

ҚАРЫМТА

Миллиет

Ресейдің әскери ұшағын атып түсірудің себебі ретінде оның әуе кеңістігімізді бұзғанын айтып жатырмыз. Жарайды. Бірақ, біз әуе шекарамызды бұзған әр ұшақты атып тастап жүрміз бе? Әлде мұндай кезде жасайтын ең басты әрекетіміз мәселені дипломатиялық жолмен шешу ме еді? Google-ден «Бас штаб, грек ұшақтары, бұзды» деп іздеңіз, әр уақыттарда ондаған шекара бұзу болғанын көресіз. Және грек қана емес, ресей, тіпті итальян, француз ұшақтары да шекарамызды бұзған, көп жағдайда нота жолданған, ескерту жасалған, тағы қайталанса лайықты жауап берілетіні ескертілген. Біздің ұшақтар да басқалардың шекарасын бұзған.

Ресей ұшақтары қазан айында әуе кеңістігімізді екі мәрте бұзды. Наразылық білдірдік, Мәскеу қателік болғанын мойындады, кешірім сұрады. Ресей Түркиямен жанжалдасқысы келмейді. Біз де жанжал тумауы үшін қажет шараларды жасауымыз керек. АҚШ пен НАТО-ға сену бекер. Грузия, Қырым және Украина оқиғаларында олар тек сырттан қарап отырды. АҚШ кеше «Ресей ұшағының құлатылуы Түркия мен Ресей арасындағы мәселе» деді. Зейнеттегі генерал Нежат Еслен айтпақшы, «Отырып Ресеймен келіссөз жасаудан және түсінісуден басқа амалымыз жоқ»...  

 

Жүмхүриет

Болар іс болды, бірақ болмағаны жақсы еді. Енді ол Түркияға жаңа проблемалар тауып бермеуі тиіс.

Ұшақты жерден зенитті зымыранмен атып құлатты деген версия бар, бұл өте қауіпті версия. Бұл түркімендердің төбесінен бұдан да көп бомба түсуіне себеп болады. Онда қырылған түркімендердің саны көбейеді, біз де қатты мазасызданамыз. Келіссөздер арқылы бұл оқиғаның проблемаға айналуына жол берілмес деп үміттенеміз. Даиш-тің бір жасақшысы жоқ Латакия аймағына Ресейдің ұшақтан, ол аз болса кемелерден бомба жаудыруы Мәскеудің АҚШ-пен келісімге келуіне немесе сол келісімде жасалған бір жобаның нәтижесіне ұқсайды.

Әлдебір құпия келіссөзде әлемдік қауымдастықтың қоғамдық пікірінен жасырын келісім жасалса, және ол Таяу Шығыста PKK (яғни, Түркиямен соғысушы күрділердің – ред.) мемлекетін құруды және оның территориясын Жерорта теңізіне жеткізуді көздесе, бұл Түркияның ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер болмақ.       

 

Хүрриет

Мұндай мәселе әлбетте дипломатиялық жолмен шешіледі. Бірақ басты проблема, Путиннің Түркияға достық ниет танытпай отырғаны. Антальядағы G20 саммитінде Путин «Даиш 40 елден ақшалай көмек алып отыр, олардың ішінде G-20-ға кіретін елдер де бар» деді. Атын атамаса да бұл жерде Түркияны айыптады. G-20 сияқты платоформада мұндай айып тағу – дипломатиялық сыпайылыққа жатпайтын іс. Ресей ұшағының құлатылуына байланысты Путин: «Арқамыздан пышақ салды, мұның ресей-түрік қатынастарына тигізетін зардабы үлкен болмақ» деді.

Мұнымен ғана шектелмеді, Түркияны Даиш-ке қатысты тағы айыптады: «Сирияда құлатылған Ресей ұшағы Даиш-қа қарсы күресіп жатқан. Даиш Түркияға аса ірі көлемде мұнай жөнелтіп жатыр. Даиш мұнай сатудан миллиондаған, тіпті миллиардтаған доллар ақшаға кенеліп қана қоймай, бір мемлекеттің әскерінің қорғауында отыр... Түркия НАТО-ның Даиш-ке қызмет етуін қалайды».

Бұл КГБ-да өсіп-жетілген Путиннің ашумен айтылған сөзі емес, ол Путиннің империалистік саясатын көрсетеді. Даиш-ті пайдаланып Путин Сирияда үстемдікке ие болуды көздейді.

 

Известия

Зор өкінішімізге қарай, Түркия мен Ресейдің арасында енді атып құлатылған ресейлік әскери ұшақ жатыр. Бізге жетпегені осы еді! Мұны Ресей түсінеді және қақтығысты бәсейтіп, тұтанып кетпей өшірудің жолдарын іздейді.

Алайда, жеңімпаз сұлтандардың жалындап тұрған тәккаппар ұрпақтары бас игісі, қулыққа барғысы келмейді. Президенті «Біз мұны істеген, біздің жойғыш F-16 ресейлік бомбалаушы ұшақты атып құлатты» деп маңқ ете қалды.

Мұны ақылды мәлімдеме деп санау қиын. Бұрында осындай оқиғалардан соғыстар басталған болатын.

 

Новая газета

Париждегі терактілерден кейін АҚШ пен Ресейдің жақындасуын Анкара өте ауыр қабылдады: Мәскеуде ұсынылған террорға қарсы коалиция конфигурациясында Түркияға екінші қатардан орын берілді. Ал Ердоған мен оның кеңесшілері өздерін аймақтағы негізгі әскери-саяси күшпіз деп біледі. [...]

Оқиға әрі қарай екі түрлі жолмен өрбуі мүмкін. Бірінші – Ресей мен Түркия арасында қатаң риторика, бір-бірін терроршылардың сыбайласы деп айыптау жалғасады. Бұл сценарий бойынша, АҚШ пен оның одақтастары екі жақтың бірін қолдауы тиіс. Мәскеуді қолдайды деп пайымдау негізсіз – Анкара мен Батыстың НАТО аясында формальды одақтастық міндеттемелері бар. Өзара айыптасу Ресейдің Сирияда жер бетіндегі операциялар бастауына ұласуы мүмкін, ал оның салдары қандай боларын болжау қиын.

Екінші сценарий – айыптасуды тоқтатып, компромисс іздеу. Мәскеу мен Анкарада осындай қадам жасауға жететін ерлік пен ақыл бар деп үміттенеміз.

 

Ведомости

Түркияның жасағаны – «терроризм сыбайластарының арқадан пышақ салуы», деп мәлімдеді Путин. Оқиға «ресей-түрік қатынастарына айтарлықтай зардап тигізеді» деп уәде берді ол. Артынша Ресей СІМ ресейліктерге Түркияға бармауға кеңес беретінін мәлімдеді, ал Ростуризм турфирмаларға бұл елге жолдамалар сатпауды ұсынды.

Ростуризмнің мәліметі бойынша, 2015 жылдың бірінші жартысында Түркия бағыты ресейлік туристер үшін танымалдығы жөнінен екінші орынды иеленді: бұл елге 1 млн адам барды. Египетке барған ресейліктер саны бұдан сәл жоғары болды, алайда Синай үстіндегі А321 апатынан кейін Ресей Египетпен әуе байланысын үзді. 2014 жылы Түркияға 4,48 млн ресейлік барды. Бұл жөнінен Ресей Германиядан кейін екінші орында және бұл Түркияға баратын шетелдіктердің 12%-ы. 2015 жылдың тоғыз айында Түркияның туризм саласы $21 млрд пайда тапты, бұл жалпы ішкі өнімнің 3,9%-ы. Егер ресейліктердің бәрі Түркияға барудан бас тартса, оның экономикасы $2,77 млрд зиян шегуі мүмкін.

 

Дайындаған Ержан Әбдіраман

Пікір қалдыру