25 Қараша, 2017

ҚАРЫМТА

Мысырда құлаған (енді жарылған) ресейлік (Путиндік емес) ұшақтың бортында 224 адам тірідей жанып кетті. Мұны кеше ресми түрде Ресей теракті деп тауып, бомбының ұшақтың құйрық тұсына жасырылғанын, бұған қатысы бар кез-келген ақпарат берген адамға 50 миллион доллар беретінін де біліп отырмыз. 224 адамың Парижде қайтыс болған 132, жарайды, 150 болсын, адамыңнан әлдеқайда көп. 224>132. Рас па, рас! Адам санына қарасақ, менің аватарым дұрыс. Бірақ, политкорректность тұрғысынан - дұрыс емес... Себебі, қазір Ресей болу сән емес. Ал Париж - сәннің көкесі, жоқ, Кокосы, Шанель!

Мен Франция туына боялғандарды франкофил деп айыптамаймын. Сирия не Палестина туына аватарын айырбастағандарды арабшыл, Қазақстан туын қойғандарды қызылшеке патриот деуден де аулақпын. Әркімнің бір әлібиі бар. Аргументі толық. Айтары бар. Бұрыс десең, бәлеге қалдың...

Бір нәрсе айтайыншы. Негізі, Франция - барған елім, Париж - көрген жерім еді. Осыдан үш жыл бұрын қырық құрақ елден келген келімсектерін көру үшін Париждің Белвиль ауданына әдейілеп барғанмын. Сапырылысқан адам - камерунның зәңгісі, алжирдің арабы, либияның бербері дегендей. Осы жерде маған не ұнамады дейсіз ғой? Белвиль ауданындағы әп-әдемі, француздық сәулетпен салынған үйлердің қабырғасында айбақ-сайбақ жазулардың көптігі. Ой, жыным келді. Айдаладағы мен. Қараптан-қарап. Өзімді күніге Шарль Азнавурды тыңдап оянып, Мишель Матьенің плакаты шифонерімде тұрған, галантин мен рататуй жеп жүрген француздай сезініп кеттім. "Неге олар менің елімде тұрып, менің қабырғамды сызады?"

Сонда түсіндім - мен аса толерантты бола алмайды екенмін. Сіздер де... Бір-бірімізге. Кешегі аватардың айналасындағы "сен былай жыла - жоқ, өкір - өкірмесең, өміреп қап" деген дау осының дәлелі. Француздардың миының жетпейтіні - неге олар біздің елде тұрып, бізді жарады? Біздің «басқа ұлттар неге ауамызды жұтып, суымызды ішкенде, қазақша сөйлемейді?» деп қапаланғанымыз секілді сезім шығар, шамасы. Сондықтан, оларды өте жақсы түсінемін. Бірақ, енді олар мынаны да жақсы түсінуі керек...   

Париждегі терактіні қараңызшы. Bataclan концерт залында — америкалық рок топтың концерті, стадионда - Франция мен Германия арасындағы ойын болып жатты. Лаңкестер Франциядан бөлек, тағы екі елге ескерту беріп кетті, демек. Айтайын дегенім, Париж, Франция, мейлің Еуропа, мейлің, АҚШ енді мынадай жайлардан соң әлемнің кіндігі емес. Себебі, әлем тарының қауызына кірердей болып қусырылып барады. Тарың не, енді ол – тар. Плацкарт вагонындағыдай аяғыңды созсаң, біреудің мұрнына кіреді. Сирия басшысы Башар Асад француздарға көңіл айта отырып, "Сендерде кеше болған жайт бізде бес жылдан бері болып келе жатыр" деді. Ауыр сөз...

Батысқа басқа өркениеттің елдеріне барымта жасаудан бұрын енді басымен ойлануға тура келеді.

Өзіңнен қанша мың шақырым жерді бомбыласаң да - босқыны келеді екен.

Өзіңді қанша сылтаумен ақтасаң да - қасына келіп кек қайтарады екен.

Егер сен өзіңде жоқ дүниені алғың келсе (жер, мұнай, билік, алмас, адам), оған лайықты құн төлеуге дайын болу керек екен.

Шыны бөлмеде тұрып, тас лақтыруға болмайды екен.

ЮНЕСКО - өзің, Эйрбас - өзің, Еуроньюс - өзің, Ева Грин - өзің болған соң, әлемдік өркениетке береріңді беріп, марсельезанды айтып тастаған соң, мүмкін, француздың өмірі сириялықтан бағалырақ көрінетін шығар. Бірақ, енді француздың да өмірінің құны девальвацияланды – ол да арзан. Оның да өмірі Мушрак Бали Мубарактың (осындай адам бар шығар, жай әшейін) өмірі секілді арзан боп қалды.

Білесіз, Францияның әуе күштері НАТО құрамында Либияның астан-кестеңін шығарған. Каддафи өлді – иесіз Либия Еуропаға ағылған келімсектердің негізгі өткеліне айналды. Білесіз, Франция Сирия басшысы Башарды кетіру үшін әскери операцияларға қатысқан – әлсіреген Сирия ИГИШ-тің қанқасын құрады.   

Сондықтан, баяғы есеп айырысу, салмақ өлшемдері, абырой дәрежелері жарамайды. Жарай ма? «Әйтеуір, өз шекарамнан тыс соғыссам, болды» деген трюк енді өтпейді. Өзіңде тыныштық болғанын қалайсың ба? Басқаға да тыныштық бер.     

Пікірлер

user profile image
20 Қараша, 2015

Терактілер құрбандарының арты қайырымын берсін. "Сіздің әрекеттеріңіз сіздің соңыныздан жүріп отырады.." бұл француз мақалы.Дүние өзгеріп кеткені де рас болып тұр.Қайғылы оқиғалар көбейіп кетті.Адамзаттың құндылықтары мұнайдан да арзандап бітті.Бұған біздің де кінәмыз бар шығар...

Пікір қалдыру