26 Қыркүйек, 2017

ҚАРЫМТА

Билік ұйымдастырды деген нұсқадан бастасақ. Мұндай пікірді негізінен Америкада тұратын Гүленнің Түркиядағы идеяластары мен сол кісінің қаржылық қорынан жалақы алатын газет-жорналдар жазып жатыр. Сондай-ақ, осыған ұқсас ойды Түркияның оппозициясы да айтып қалуда. Олардың пайымы мынаған саяды: Ердоғанның партиясы кейінгі Парламенттік сайлауда үлкен басымдыққа жете алмай қалды. Біраз дауысты Демирташтың идеяластары, күрдтер иеленіп кетті. Коалиция құрылмады. Конституцияға сәйкес мұндай кезде қайта сайлау өтеді.

Не керек, Ердоған осы жолы қалай да басымдыққа жету үшін, терактіні әдейі ұйымдастырыпты-мыс. Әрі бұл жарылысты күрдтерге жауып, олардың дауыс жинау мүмкіндігін нөл етпек. Ердоған осы терактіні жасау арқылы өзге партиялардың сайлауалды шерулер ұйымдастыруын болдырмай қойды. Бұл дегенің, халық басқа партиялардың бағдарламасынан бейхабар қалады да, әлгі саяси күштер талай дауыстан қағылады екен. Оппозиялық басылымдарға сенсек, билік терактіні ДАИШ көмегімен ұйымдастырыпты. Жүздеген адамды құрбан ету арқылы кешегі сайлауда жүз пайыз қолдамағаны үшін халыққа доқ көрсетті дегенге келтіреді.

Сау ақылға сыймайтын айыптаулары үшін «Заман» деген жалғауы бар біраз газеттің жорналшыларын полиция тұтқындады. Осыны күтіп отырғандай, Батыстың оншақты шенеунігі ойбайға басты. «Түркия сөз бостандығын құрсаулап жатыр. Түрік демократиясына қаралы күн туды», -деп мәлімдемелер жасап тастады. Бірақ, ешбір дәйексіз дүниелерді көкіп айта беру, ешқандай да демократия емес екені бесенеден белгілі емес пе?

Жә, билік терактіні өзі жасауы мүмкін бе? Жоқ (Сақалды біреуді ДАИШ-тың содыры етіп, оның аузымен түрік билігі террористермен тамырлас дегенді айтқан мынау мақаланы дәлелге балай алмаймын). Жарылыс ең әуелі Ердоғанның абыройына нұқсан келтіреді. Келтірді де. Анкараның дәл төрінде теракті болды, «билік қайда қарап отыр» деген айыптаулар қарша борап жатыр. Мұндай ыңғайсыз жайт сайлау алдында Режеп Тайыпқа тіпті керек емес еді.

Күрдтерге бұрайын десең, оларға да сайлау алдында мұндай жарылыс еш тиімсіз. Түрік жұрты бұларды жек көріп кетуі, дауыс бермей қоюы былай тұрсын, күрдтердің бұл саяси күші заңмен қудалана бастауы мүмкін. Террористік партия делінсе, бітті шаруасы.

Сонда кім ұйымдастыруы мүмкін? ДАИШ? Иә, Ислам атын жамылған бұл қаныпезер топтың осы қадамға баруы әбден мүмкін. Сириядағы террористерге қарсы Ресеймен бірлесіп соғысуға көнгелі тұрған түрік билігін олар жарылыстар жасау арқылы айнытпақ. Егер бізге қарсы орыспен біріксең, күніге осылай теракті ұйымдастырамыз деген қоқан-лоққысы шығар, бәлкім.

Жарылысты Батыстың арнайы күштері де ұйымдастыруы бек мүмкін. Неге? Негізі, Батысқа экономикасы мықты, саяси тұрақты әріптес, әсіресе мұсылман әріптес аса керек емес. Оған айтқанға көнгіш, сөзге ергіш «дос» керек. Ал Түркия күн санап «90-шы жылдардағы Түркия» кейпінен арылып жатыр. Экономикасы, сауда-саттығы, туризм, ішкі өндіріс – бәрі-бәрі қарыштап дамып жатыр. Бұл Еуропаға, АҚШ-қа ұнамайды. Бұрынғыдай басыбайлы ету үшін не істеу керек? Түркияның ішкі тұрақтылығын шайқау керек. Билік қандай да бір қателік жіберер болса, мейлі, ол елеуге тұрмайтын дүние болса да, оны сынап, көшеге жастарды алып шығыңдар деген бұйрық берді түрік оппозициясына. Гези паркіндегі тал-дарақ үшін оппозицияның революция ұйымдастырып жібере жаздағаны есіңізде шығар... Бірақ, түрік жұрты арандатуға ермеді. Билікке болысты. Бұндай жолдан нәтиже шықпағасын, Батыс түріктің көшелерін қанға бөктіру жолын таңдаған сықылды.

Жарылыстар мен төңкерістер жасау арқылы Батыс екі мақсатқа қол жеткізгісі келеді: Түркияға экономикалық тұрғыдан Грекияның, саяси тұрғыдан Сирияның кебін кигізу. Сирияның кебі демекші... Еуропалық газеттерге қарасаң, жарылысты күрдтер ұйымдастырды дегенді анық-ашық жазып жатыр. Түріктің билігіне болысқан боп, бір-екі абзацта күрдтің жұмысшы партиясын тілдейді. Бұл саясат қана. Осы арқылы күрдке деген өшпенділікті қоздырмақ. Бұл ескі тәсілі. Осыдан соң «Сендерді түріктер ұлт ретінде мойындамайды. Ал сендердің мың жылдық тарихтарың бар, Салахаддиндей батыр туғансыңдар. Сендер біреудің астында жата бересіңдер ме, жеке ел болмайсыңдар ма» деп намысын жониды. Бұл сөзге елірген бірнеше күрд, Түріктің шығысына барып, ылаң салады.

Билік қарымта соққы жасайды. Бірақ, ресми Анкара жұмысшы күрд партиясын тып-типыл етіп, жоя алмайды. Әйтпесе, аз ұлттың жоғын жоқтаушылар табыла кетіп, Ван облысынан күрд автономиясын жасау туралы қаулы қабылдап жіберуі мүмкін БҰҰ-ның. Бітті, осыдан кейін Түркия бөлшектенеді.

Осы жоспарды болдырмас үшін түрік билігі соңғы кездері күрдтермен арадағы қарым-қатынасты жақсартпаққа ұмтылды. Батыс бірден БАҚ арқылы «Ердоған күрд автономиясын жасамақшы. Өжланды босатпақшы», -деп байбалам салдырды. Мақсат сол, күрдпен арадағы шиеленістің ешқашан шешілмеуі...

Түрік билігі терактіні кім ұйымдастырды деген сұраққа ертерек, мынау сайлау басталғанға дейін жауапты табуы керек. Сол жауап – Түрік Республикасының ертеңі қандай боларын анықтайды. 

Пікір қалдыру