25 Қараша, 2017

ҚАРЫМТА

Ұлтты күшейтетін не? Нақты іс, еңбек, білім, талантты адамдар. Және таланттың ашылуына керек еркіндік. Ең әуелі іс. Ұлттың ақыл-ой, білім қорына, мәдениетіне, шаруашылығына үлес қосатын іс. Егер ұлтшылдық жақсы нәрсе болса, ол ұлтқа пайдалы істен ғана көрінуі тиіс. Ондай істі еңбекқор әрі талантты адамдар жасайды. Тек олар ұлтымды сүйетіндіктен еңбектеніп жатырмын деп ойламайды.

Талантты, ізденімпаз, батыл болғандықтан, артына бір нәрсе қалдырғысы келгендіктен, ол үшін аянбай тер төгу керектігін түсінгендіктен жасайды. Істің ұлтқа қаншалық пайдалы екенін көп жағдайда уақыт анықтайды. Талант пен еңбекқорлық сирек. Сондықтан, ондай іс те аз. Бастысы, оны ешкім ұлтшылдық деп білмейді. Еңбектің иесі де өзін ұлтшылға жатқызбайды.

Ал жұртқа мәлім ұлтшылдық ше? Ол негізінен сөзден, ұраннан, мақтаныштан тұрады. «Мен ұлтшылмын» дейтін адам «Сені ерекше,жан-тәніммен сүйем ұлтым! Мендей сені ешкім сүйе алмайды! Сондықтан маған ғана сен! Мені ғана қолда! Мені қызметке, абырой-атаққа, билікке жеткіз!» деп тұрғандай көрінеді. Сүйетінін дәлелдейді. Рас, сөзбен. Ұлтқа тиесілі нәрсенің барлығымен мақтанады. Өзгеден де осыны талап етеді.

Шындықты қаламайды. Жақындағы көршісін жау, айдаладағы туысын дос етеді. Көп жағдайда бұл ұлтты арандатады. Оны басынан өткізген елдер ұлтшылдарды билікке жолатпайды.

Шынында билікті иелене қалса, бұрын айтқандарын жүзеге асырудың салдары туралы ең қайтпас ұлтшылдың өзі ойланар еді. Соңы бүліншілікке апарып соғатындықтан, жағдаймен санасуға мәжбүр болар еді. Сондықтан, түпкі тілеуі не екенін жасыру басқадан бұрын ұлтшылға қиын соғады. Саяси күрес тарихы бай қоғамда алдау қиын. Тиісінше онда ұлтшылдардың билікке келу мүмкіндігі төмен.

Ұлтты сүюді игі іспен дәлелдеу «ұлтшылдық» деп аталатын болса, қайда болмасын ұлтшылдықты жақсы қабылдар еді. Бірақ ұлтшылдық пайдалы іс емес, ол – ұран, ыза, кек. Сондықтан қайда болмасын, соған сай қабылдануы тиіс.     

 

 

Пікірлер

user profile image
4 Қараша, 2015

Студент кезімізде бір мұғалім ұлтшыл болмаңдар, ұлтжанды болыңдар деуші еді
Маңыздысы елге, халқыңа пайдаң тию, азда болса.

user profile image
27 Қаңтар, 2016

Мен үшін екі сөз бар: ұлтшылдық пен ұлтжандылық:
Ұлтшылдық - нацизм, ұлтжандылық - патриотизм

Пікір қалдыру