26 Қыркүйек, 2017

МӘДЕНИЕТ

Астына көне шелекті төңкеріп, үстінде шоқиып отырған ақсақалды бір қарағанда адам аяйды. Қалт-құлт етіп тұрғанына қарамастан, басын тік ұстауға тырысып, жанындағы өзі шамалас кісіге аузын керіп сөйлеп тұр. Әлі жастық желігі басылмаған-ау. Көйлегінің жеңін, трикосының балағын түріп алыпты. Білегі мен сирағы көк сиямен салынған шынжыр, кеменің зәкірі, бұралған қыздың суретінен көрінбейді. Әлде түрмеде жатып шықты ма екен? Кім білсін?

– Ассалаумағалейкум, атай!-деген Асхаттың сәлеміне әлгі қарт:

– Қалайсың, інім!-деп ыңырана қол ұсынды.

Асхат бұрын «Ассалаумағалейкум!» деп амандық сұрасқанда, «Алекс!»-деп жауап қайтарғандарды көрген еді, бірақ «қалайсың!» деген қарияны бірінші көруі. Сондықтан болар іші бірдеңе сезгендей қылп ете қалды. Бірақ мұнысын білдірмей, лезде:

– Атай, нендей көмегім керек?-деді.

– Бала отыр! Жап-жас боп қайда асығып барасың? Сендей кезімізде үй көрмеуші едік. Қазіргілер жасық па, кеш батса үйге тығылады-ей!-деп қасындағысына қарады. Ол да «солай, солай!» дегендей ишара қылды.

– Көке, мен шынымен асығып тұр-ем. Сұраңыз, нендей бұйымтайыңыз бар?

– Қысқасы, былай боп тұр ғо,-деп шал өтірік болса да, ұялып тұрған кейіп танытып, бір жөткірініп алды. – Мына ағаларың шаршап тұр. Бірдеңе ұйымдастырып жібересің бе? Түсінесің ғо өзің. Жас бала емессің,-деп жігіттің көзіне тік қарады. Айналасын әжім шалған көздері қыбыр-қыбыр етеді.

Атасындай кісіден мұндай сөздерді күтпеген Асхат:

– Көке, мен намаз оқитын бала едім. Ұйымдастырып жібергенім жараспайтын шығар,-деп тосырқап қалды.

– Өй, намазы несі? Сен қайбір қайғыңа намаз оқып жүрсің? Не, асырай алмай жүрген бала-шағаң бар ма? Әлде өмірден қиындық көрдің бе, соғыс көрдің бе? Мына мен талайды көргем,-деп шал ырсиған көкірегін қақты. Соғысқа қатыстық. Басқасын да көрдік. Бұл заман не боп бара жатыр өзі? Жастардың намаз оқығаны енді... Білмеймін енді, жақсылық емес!,-деп, басын шайқады да, жерге «тіп» еткізіп түкіріп, онысын сүйретпесімен бір тартты. Бұл отырыстан ештеңе шықпасын білген соң, ашуға шығайын деді-ау шамасы. Көзі шегірленіп, ауық-ауық көшені шолып қояды. Қасындағысы жуастау болуы керек, тек, «иә, иә», «дұрыс, дұрыс»,- дегеннен басқа айтары жоқ. Соған қарағанда мына шал жастайынан зәресін алып, рухын жаншып тастаған-ау.

– Көке, жақсы! Мен кете берейін,-деп Асхат бұрылды.

– Әй, сен кеткенде бір бес-он тиын тастап кетсейші,-деді, қарт.

Алғашқыда Асхат үлкен кісінің жағасына бірден жармасып, бетінен алып, қатты сөздер айтқысы келмеген еді. Оның үстіне есі кіресілі-шығасылы адамға бірдеңе айтып, сөз шығындаудың қажеті жоқ екенін іштей байқап отырған. Бірақ сонда да сабырмен сөз бастады:

– Ақсақал!,-деді. Үлкен кісі ғой деп ештеңе демеп-ем. Бірақ, қатты кетіп барасыз. Мына басыңызға осы тірлігіңіз жараса ма? Өзіңізді сырттан бір бақылап көріңізші? Кімге өнегесіз? Отырып алып, елді сынайсыз. Сөздеріңіздің бірінде пәтуа жоқ. Жаргондатып отырсыз, екі сөзіңіздің бірі боқтық. «Жастайымызда өйткенбіз, бүйткенбіз, ішкенбіз, қырғанбыз, жойғанбыз» дейсіз. Сонда кім не ұтты? Ел ұтты ма, сіз ұттыңыз ба? Кімге сыйлысыз? Келінге ме, балаға ма, әлде мен сияқты немереге ме? Бізге ақыл айтып, дұрыс жолға бағыт беріп отыратын жасқа келдіңіз ғой. Мейлі мен әлі өмір көрмеппін. «Намазды өмір көрген, соғысқа қатысқандар ғана оқысын» деп пе? «Соғысқа қатыстым» дейсіз, бірақ Отан соғысы үшін сіз жассыз, Ауған соғысы үшін үлкенсіз. (Қарт расымен ешбір соғысқа қатыспаған еді). Қай майданды меңзеп отырғаныңызды білмедім? Сізге салсақ, біз осы жасымызда қыдырып, көше кезіп, арақ ішіп қалуымыз керек екен ғой. Мейлі солай еттік. Ал кәрілік тигенде ұрпаққа не айтамыз? Өзіміз жүрмеген жақсы жолды баламызға қалай сілтемекпіз? «Әке, қойшы, өзіңіз де осындай болғансыз»,- десе не дейміз? Жастығымызда жимаған сауапты қашан жиямыз, елімізге бермеген қолғабысымызды қашан береміз? Біз Алланың алдында жастығымызбен сұраламыз ғой. Бұл қайрат, бұл жігер сарқылмайды емес. Иә, намаз оқып жүрмін. Бірақ, біреуге кедергі боп жүргем жоқ. Жұмысымды жасап жүрмін, ел менен өз қажетін алады, мен елден өз керегімді аламын. Мен ішпеген сыраны тағы бір жүз жігіт ішпесе, анау кафе жабылар ма еді? Мен бармаған түнгі клубқа тағы бір жүз жігіт бармаса, екі-үш клуб жабылар ма еді. Мен істемеген зинаны тағы бір жүз жігіт істемесе, балалар үйі жабылар ма еді, ұрпағымыз қоқыс жәшігінде жатпас па еді? Бұлай демейін деп-ем, мені кешіріп қойыңыз. Үлкен кісісіз ғой. Санаулы ғана ғұмырды дұрыс өткізуге тырысамын. Бар болғаны сол. Сіз де жас болдыңыз. Иә, күні кеше ғана шығар. Мен де енді осы жасымды екі жасасам сіздің жасыңызға келеді екем. «Келер күннен жақын жоқ» дейді қазақ. Көргенім аз. Алда тағы не көрерім белгісіз. Өмір қысқа ғана ғой, айтыңызшы?- деп Асхат шалдың жанындағы кісіге қарап еді, ол ұйып тыңдап отыр екен. Бұл сөздерді өз қатарластары емес, немересіндей баланың айтып тұрғаны намысына тиіп кетті ме, қарт:

– Әй, -деп өктем сөйледі. Маған анау-мынау майда-шүйде әңгіме айтпа! Мен мектепті жақсы оқығанмын. Басым қатты істейді. Сен мені өзіңнен ақылдымын деп ойлап тұрсың ба? Мұрныңды сүртіп ала алмай жүріп намаз деп қоясың. Басымды қатыра берме! Осыны айтқан қарт Асхаттан тез құтылғысы келіп тұрғанын білдіріп, тарамыс қолдарын қолын көтерді. Көзіңізді жоғалтшы деген белгісі болар.

Асхат  орнынан түрегеліп:

–Жақсы көке, аман болыңыздар, артық айтсам, айып етпеңіздер,-деп жүріп кетті.

Арада екі апта өткен соң жұма намазында Асхат әлгі шалдың артқы қатарда отырғанын көрді. Қуанышы қойнына сыймай, қасына жетіп барды.

– Ассалаумағалейкум, ата!,-дегеніне қарт бұл жолы:

– Уағалейкумассалам!,- деп жауап қайырғаннан өзге, ләм-мим демеді. Асхат осыған да қуанды. Өткен жолы намысына келер сөздер айтқан шығар. Дауыс көтеріп айтпаған болса да, сол қылығына ұялып жүрген. Бірақ ол сөздерді Асхат айтпағанда, ол кісіге ешкім айтпас па еді? Кім білсін! Бастысы әрекет! Және әрбір әрекет бүгінгідей нәтиже беріп жатса, қуаныш емей немене?

 Қарттың бүгінгі үнсіздігі заңдылық. Күндер өтер, бір күні ол да немересіндей болған Асхатқа рахметін айтар. Бәлкім, көзінше айтпас. Бірақ, іштей разы болары анық қой.

Пікір қалдыру