26 Қыркүйек, 2017

СПОРТ

1.     Ойыншылардың орналасу ретін дұрыстап талдаса.

Себебі, қазір футболдың дамығаны сондай, маған компьютердегі стратегиялық ойындардан да күрделі боп көрінеді. Қазір бес қорғаушы, бес шабуылшымен өнер көрсететін 1958 жыл емес қой. Тіпті қатып қалған классикалық 4-4-2-нің де заманы ауды деп білемін. Сондықтан, қарсыластардың алаңдағы орналасу тәртібін егжей-тегжейлі талдағанын қалар едім. Кім летераль, кім треквартисата, кім артқы жартылай қорғаушы? Болмаса, жартылай қорғаныстағы Бускетстің (Испания) негізгі міндеті қандай? Голға айналған екі пас берген Блинд (Голландия) қорғаушы ма, жартылай қорғаушы ма? Өмірі орталық қорғаушы боп келген Кьелиниге (Италия) неліктен сол қаптал тапсырылды?

Рас, олардың әр ойынға міндеті әртүрлі боп белгіленуі мүмкін. Бірақ тайм экваторына таман белгілі болады емес пе? Матч графикасын жасаушылардың ұсынғанын қайталап айтып берудің қажеті жоқ. Оны өзіміз де көре аламыз.  

2.     Тактикалық схемаларға тоқталса.

Бұл – бірінші пункт жалғасы іспетті. Әлбетте, бас бапкердің тактикалық шешімін кабинкадағы комментатор, Алматыдағы көрермен түгілі, қарсылас құраманың бапкері де түсінбеуі тиіс (әйтпесе, оның тактика екені қайсы?). Бірақ футбол сонысымен де қызық қой – мысалы, неге Италия Англияға қарсы бес бірдей жартылай қорғаушымен ойнады? Маркизио-Пирло-Де Росси-Вератти төрттігін алаң ортасына топырлатып қойғаннан Пранделли не ұтты? Маэстроға «вице Пирло» атанып жүрген Вераттиді қосақтағаннан не шықты? Екі плеймекердің басы бір қазанға сия ма?

Меніңше, Маркизио мен Де Росси 2006 жылғы әлем біріншілігіндегі темір аяқ, жүн табан Гаттузоның міндетін атқарды. Ағылшын ойыншыларын, әсіресе, Уэлбекті Андреаға жолатпауға тырысты, плеймейкерге кеңістік жасаумен айналысты. Кәдімгі бульдогтар десеңіз болады. Ал Вератти міндеті – ағылшындар ойы жүзеге асып, капитан допсыз қалған жағдайда, алдыңғы шепті паспен қамтамасыз ету болатын. Ал бесінші жартылай қорғаушы Кандреваға инсайд міндеті жүктелген тәрізді. Алға андыздап кетіп қала беретін Дармиан зонасын күзетіп қана қоймай, желаяқ Бейнсті тұсап тастады, голға айналған пас та шығарды...

Біз мұны жаман дилетант деңгейімізбен айтып отырмыз. Кез-келген матчта осындай тактикалық текетірестер жүруде (плей-офф кезеңінде тіпті қызады). Комментаторлықты кәсіп қылған жігіттер бізден әлдеқайда кең, терең қарап, тарқатып айтуға тиісті.

3.     Журналистиканы әдебиетпен шатастырмаса.

Комментаторлық – тіл байлығыңды паш ететін «Қазақ әдебиеті» газетінің беті, «Қазақ радиосының» әдеби-сазды бағдарламасы емес. Көрерменге нақтылық керек. Әрине, ойнақы тіл, тауып айтылатын теңеулер қажет-ақ. «Он поставил ногу типа шлагбаум», «Это пас кому-то из родных или близких на трибунах» (К.Махарадзе) тәрізді әзіл аралас бейнелеу болса тіпті супер. Бір күнде бүгінгі Василий Уткин бол демейміз. Бірақ Амангелді Сейітхановқа ғана тән, Әбекеңе ғана жарысымды нәрсені қайталаудың да қажеті шамалы. Әйтпесе, «Салпингидис салп-салп етіп...» сыпатындағы сөз қуалау доғарылмаса, эфир мәдениетінің шекарасы бұзылуы мүмкін.

4.     Әр ойынға жеке дайындалса.

Жігіттер «көрерменге қызық емес-ау» дей ме, «бәрі ұйықтап қалды» деп ойлай ма, түнгі төрттегі немесе Иран - Нигерия сияқты әлсіз құрамалар кездесуіне жүрдім-бардым, сылдыр-салақ қарайтын сияқты (бәлкім, ойым қате шығар). Біздіңше, әр ойынға жеке дайындалмаса, онсыз да іш пыстырарлық ойындар «Ордабасы» мен «Қайраттың» Қажымұқан стадионындағы кездесуінен да сүреңсіз боп кетеді.

Бельгия - Алжир ойынында «Бельгияның мундиальге қатыспағанына 20 жыл болды» деп өтірікті қайта-қайта былшитып соғу да отандық комментаторларымыздың матч алдындағы дайындығы аса мәз емесін дәлелдейді. 

5.     Тарихқа тоқталған дұрыс. Бірақ көп емес.

Тарихқа тоқталу – керек. Бірақ Бразилия мен Хорватияның ең кейінгі кездесуі 1:0 боп пентакампеондар пайдасына шешілгенін, жалғыз голды Кака соққанын 4-5 рет хабарлау – білімді екеніңізге дәлел емес. Сосын алаңдағы ойын қайнап жатқанда өткен күндері еске алып, романтикаға берілуді азайтса. Тарих тарқатуда да ізденіс керек шығар. «Пока мяч в воздухе, коротко о составах» (тағы да Махарадзе) деген сияқты тапқырлықтар болмаса, құрғақ статистиканың құлақ сарсытар түрі бар.

Өз басым, ойын жүргізуге талапкер «Жұмыр жерде теңбіл доп», «Футболмен тыныстаған Испания», «Мексикадағы футбол тойы» т.б. тәрізді кітаптарды міндетті түрде оқу керек деп есептеймін. Әйтпесе, «Мен көрген Марадонаны» жазған Несіп Жүнісбайұлынан алаңда сол аргентиналықтар ойнап жатқанда (қарсылас – Босния!), неге екені белгісіз, Нидерланд құрамасы жайлы сұрағанымыз - сұраған.

Сосын комментатор ӘЧ жылнамасын жатқа білсе, артық емес. Ең құрығанда, алаңдағы командалардың тарихын ежіктеп оқып шықса. Әйтпесе, АҚШ қақпашысы Тим Ховард 2006 жылы Австралия құрамасының қақпасын қорғағаны жөнінде беті бүлк етпей айтып, масқара бола береді.     

6.     Пәтуә шығарудан аулақ болса.

Ойын бітпей жатып, «осымен мәселе шешілді» немесе «біттің, Испания, қор болдың» іспетті тоқсан минут түгесілмей жатып, әлдебір команданың жаназасын шығару – білікті спорт журналисіне жараспас іс. Мачтың қызықты болуына мүдделі адамның өзі бірінші боп интрига өлтірумен айналысуын да мақұлдай қоймассыздар. Ойын бітуге санаулы секундтар қалғанда есеп теңескен кездесулер (мысалы, Еуро-2000, финал, Италия-Франция) көп, камбэктер (Чемпиондар лигасы-1999, финал, «МЮ»-«Бавария») қаншама, мәселе шешіліп қойды-ау дегенде, есеп төңкеріліп түскен ойындар (Чемпиондар лигасы-2005, финал, «Ливерпуль»-«Милан») ше (әдейі ең есте қалған ойындарды тізіп отырмыз)? 

7.     Бапкерлерді жазғыру – сауатсыздық.

Әрине, спорт журналистері түгілі, қарапайым жанкүйерлердің өзі бапкер шешімдері, әсіресе, қай ойыншыны мундиальға апару керектігі жөнінде дауласып жатады. Әлеуметтік желілерде, үйде жаттықтырушыны жерден алып, жерге салсаңыз – өз құқығыңыз. Бірақ эфирде әлемдік футболдың жілігін шағып, майын ішкен майталмандарды көпе-көрнеу сынау – күлкілі. Команданың жағдайын, футболшылардың физикалық кондициясын, қай ойыншының мүмкіндіктері қандай екенін тренер штабынан артық ешкім білмейді. Мүмкін, Кака мен Роналдиньюдің ойын мәнері Сколаридің тактикалық ұстанымына биыл сәйкес келмейтін шығар? Қанша мықты шабуылшы болса да, жарақатынан енді айыққан Джузеппе Росси Пирло суреттеген аптап парда ойнауға дайын емес шығар? Дөңгене Самир Насри команда аурасына шынында кері әсер ететін шығар? Ескі гвардияға сенім артқан Дель Боске әлсіз бапкер деп кім айта алады?

Рас, адам болған соң, бапкер де қателеседі. Біздің айтпағымыз, футболмен өмір сүретін адамдарды теледидардан ғана футбол көретін дейгейімізбен, қағаздағы статистикаға ғана сүйеніп сынай салуға болмайды. 

Пы.Сы.

Жаңылмайтын жақ болмайды. Шатасу – кез-келген жұмыр басқа тән. Футбол жүргізуді әркімнің қолынан келетін іс деп те төмендетпейміз. Жердің екінші бұрышында жатып қазақстандық футбол жанкүйерлеріне қызмет етіп жатқан жігіттердің еңбегін де жоққа шығармаймыз. Мінеп, кекету де ниетімізде жоқ. Бірақ футболды жалпылай білу мен шешен сөйлеу – кәсіби комментатор болу үшін тым аз. Ізденісті тоқтатпау керек.  

Пікірлер

user profile image
23 Маусым, 2014

Орыстар и так жерден алып жерге салып жатыр. Ерлан оны озине айтсаншы. Булай жазганын дурыс болмайды. Какзаккой жанымыз ашу кереккой. Тенгриньюсте коменттеринде жаман жазган. Ауылдын карапайым баласы футболга барып жаксы айтып отыр, саган жакпаса баскаларга жакапайды деген соз емеской. Жаман емес. Кош журе тузеледи. Сынамайыкшы комектесейикши. Осы макаланы корип оны жумыстан шыгарса кайтесин?! Сен мыкты журналистсин, дурыс оны мойындаймыз. Мына макалага карасан мен барсам осылай истер едим дегендей коринеди. Ерлан агалык кайда даналык кайда деген Бекболат аганнын сози кайда?! Футбол бизге карап калган жок. Казакстан казир алем чемпионатына барайын деп турган жок. Бир казак коментаторы алем чемпионатына барды, агайыны корип куанды. Тел уатсаппен фотоларын салып жатканда шыгар. Коментаторлыгынан онын барганын мереке кылып отырган агайынын ойласаншы Ереке. Сен жаксы жанкуйерсин. Тусиникти. Кимге ?Италияга. Кайтесин оны. Сен сиякты жанкуйер саусакпен санаулы. Бауырым жеке жазып жиберши отиниш. Абай сиякты бир биримизди дос тутайык Абдирдин баласы. Келисерсин, келиспессин оны озин билерсин. Айтарым макаоаны алып тасташы. Аман бол бауырым.

user profile image
24 Маусым, 2014

MULDEM KELISPPEIMIN ... LAKPAW DALAGA ...JAZADY , SYNAIDY DEGEN SAIYN KUA BERMEI ...

user profile image
24 Маусым, 2014

кушты жазылган

user profile image
30 Маусым, 2014

Бұл жігіттің жазғаны өте дұрыс. Маған жазбасы өте қатты ұнады. Ермұқаммед, Асхат Сағынаев дегендер далбаса.

user profile image
18 Шілде, 2014

Ермухамед осы жолы мулде унамады... бурын тауир еди.

user profile image
28 Шілде, 2014

Мақала өте дұрыс жазылған. Біздің комментатор жігіттер ізденбейтін сияқты. Бұрын Амангелді Сейітханов жап-жақсы еді.
Кейінгілер онша емес. Бір сөйлемді созып тұрады. Бұл айтып болғанша доп басқа қақпа жағында жүреді. Өтіріктері де біраз бар. Қауіп болмаса да, өтірік айғайлап кояды )))))

Пікір қалдыру