26 Қыркүйек, 2017

ТАРИХ

Сол жылдары 1 миллион 700 мың қандасымыз мерт болыпты. Жә, сонымен, екі қайтара соққан аштық кемі 5 миллион бауырымызды өлім құштырған екен. Аштық бастауындағы экономикалық, саяси және рухани себептерді іздеп көрейік. 

Теңдік әперем деп, тепе-теңдікті бұзған бәлшебектер 

Аштықтың саяси себептері. Негізі зұлмат қазаққа Кеңес одағымен бірге келді. Дәлел ретінде коммунистердің салғырт салығын сөз етсек, кәмпескелеу ұйымдастырғанын, ауылдарды ұжымдастырамын деп, қырып салғанын айтсақ жетіп жатыр. Сонымен, 1917 жыл. Қазан айы. «Теңдік» ұранын ұстаным еткен бәлшебектер «Уақытша үкіметті» құлатты. Ресейде азаматтық соғыс өрті бұрқ ете қалды. Ақ қашты, қызыл қуды. Бірін-бірі қуалаған екеу қазақ жеріне кірді. Ылаң сала кірді. «Ақ» болыспадың деп, бір қырды. «Қызыл» да қалыспады, ол да қырғын жасады. Басқыншы келімсек қазақты оққа байлап кете барды. Азамат соғысы жылдары большевиктер өкіметі «әскери коммунизм» саясатын жүргізді. 10 малың болса, оның 9-ын мемлекеттің қажеттілігі үшін деп тартып ала берді. Бір айналдырғанды шыр айналдырады деген. Сол жылы қыс қарсыз болып, жазда жаңбыр жаумай қойды. Оның соңы қуаңшылық. «Қызылдан» жасырып қалған қолдағы онсыз да аз мал қырылып қалды. Мұның соңы 1 миллион 700 мың қазақтың аштан көз жұмуына әкеп соқты.

Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов секілді ұлт жанашырларының мұрындық болуымен, жер-жерде «аштықпен күрес» ұйымдары құрылып, қазаққа мал, бидай үлестірілді. 22-нің соңында аштық тоқтағандай болды. Бірақ бұл тыныс та ұзаққа созылмап еді. 1925 жылдың күзінде Қазақстанға қызыл жендет Филипп Голощекин жіберілді. Келе сала: «қазақ ауылы Қазан лебін сезінген жоқ, сондықтан «Кіші қазан» төңкерісін жасау қажет»,- деп лепірді. Социализм құрбандық қажет етеді, сондықтан бұл науқан азаматтық соғысқа ұласуы да заңды деп көкіді. Мұнысын И.Сталин дұрыс деп санады. Онсыз да өзі: «бір адамның өлімі – трагедия, ал миллиондардың өлімі – статистика»дейтін кісіні қайтіп «жазғырмақсың»?! Хош, Сталиннен бата алған Исакович жоспарын орындауға белсене кірісіп кетті. Осы арада Голощекинді қалдыра тұрайық та, ішкі Ресейде ол заманда не болып жатқанына үңілейікші…

Дәл осы тұста І бесжылдық жоспары түзілді. Партия КСРО-ны «аграрлы елден индустриялды мемлекетке» айналдырмаққа ниеттенді. Сөйтіп, Франция, Германиядан түрлі техникаларды қарызға ала бастады. Құрал-саймандарын қалаға әкеп, зауыт-фабрикалар тұрғызды. Айналдырған 1-2 жылдың ішінде осындай индустриялды орталықтарда 12 миллионға жуық адам жұмыс істеді. Бұл Кеңестер елі үшін үлкен жетістік сияқты көрінді. Бірақ… Бірағы сол, әлгінде айттық қой, техниканың түгелдейін қарызға алған деп. Еуропалықтар қарызын қайтаруды талап ете бастады. Одан қалды, әлгі индустриялды қалаларда жиналып қалған 12 миллион жұмысшы ашыға бастады. Оларға тамақ, ет, ұн керек еді. Қайтпек керек?! Қара дүрсін тәсілге салған билік баяғы әдеті, қара күшке сүйенді.

1928 жыл. «Байлардың мүлкін тәркілеу керек» деген жарлық шығарды. Бюджетті сол байлардан тартып алған, шауып алған дүниемен толтырмақ болды. Қаулы бойынша, мал басы 150-ден асса бітті, талапайға түсуі тиіс делінді. Бұл акция Ресейде қалай жүргенін білмейміз, ал біздің елде озбырлықпен өтті. Мыңға тарта дәулетті кісі «бай-кулак» аталып, қудаланды. Атылды, жер аударылды. Бірақ, тартып алған мал-мүлік қарызды жаба алмады. Аш-жалаңаш жұмысшыға жұқанақ болмады. Себебі, байларды кәмпескелеуден жиналған малдың басы 2 миллионнан сәл-ақ асатын. Ал қазақтың қолында, кейбір есептер бойынша, 40 миллион түлік болған еді. Қалайда сол 40 миллионға ауыз салу керек еді.

Ұжымдастыру ма, орыстандыру ма?!

Аштықтың экономикалық себептері. 40 миллион қойды жәукемдеудің амалы табылды. Енді кеңесшіл көсемдер ауылды реформалау керек деп шешті. Ол үшін тұрмыс қолайына қарай, жайылым-қыстауына орай қоныстанған елді бір жерге ұжымдастыру керек екен. (Дәстүрлі қазақтың ауылы – ортада үлкен шаңырақ, ал енші алысқаны айналаға шашырап отыратын. Сөйтіп, даланың бір пұшпағы да бос қалмайтын. Бұл, әрине, бәлшебектерге ұнамады. Сөйтті де, ұжымдастыру науқанын ойлап тауып, социализм құрушы ұлтқа жер аршу саясатын бастады).

Жаппай ұжымдастыру былай жүрді. Айналасы 200-300 шақырымдағы түгел ауылды бір жерге иіріп жинады. Кілең киіз үйден құралған, жапан даладағы бұл «қала» «жолдас Голощекин» аталды. Мыңғырған малды алаңқай сызып, арқан тартып сонда сақтамақ болды. Колхоздастыру күшпен әрі өте асығыс жүргізілді. Оны мынау сан айғақтан білуге де болады. Республика шаруашылығының 1928 жылы 2%-ы, 1930 жылы сәуірде 56,4%-ы, 1931 жылы қазанда 69%-ы ұжымдастырылды. Шашырай қонған қазақтың қоныстарын бір жерге жинаудың арқасында дала аршылды. Бос жер көбейді. Ресейден «ұжымдастыруға көмек» деген желеумен мұжықтарды мыңдап әкеле бастады. Ұжымдастырудың салдарынан еркін, көшпелі халық Үкіметтің рұқсатынсыз жүріп-тұруға хақысы жоқ, басыбайлыға айналып шыға келді. Бұл да ештеңе емес. Колхозды Үкімет құрды. Тиісінше, колхоздағы бар мал енді Үкіметтікі болды. Енді Кеңес үкіметі ет дайындау науқанына кірісті. Қазақтың даласында, «Союзмясопродукт», «Казживотноводсоюз», «Скотовод», «Овцевод», «Ленинградмясо», «Москвамясо» сынды қасапханалар салынды. 1930-1931 жылдары бұл мөлшер екі есе ұлғайтылып, 7 750 мың пұт ет дайындалды. Сойып алынған соғым ішкі Ресейге ағылды. Ал, қазақ қараптан-қарап ашыға бастады. Себебі қорасындағы қойы енді өзінікі емес, өкіметтікі. Сойып алам десе, соттайды, «өкіметтің мүлкін талан-тараж еттің», — дейді. Міне, ашығу осыдан басталды. Оның үстіне «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатқан шолақ белсенді деген тағы қосылды. «Қайдан тапсаң, онан тап, қаптың түбін қақ» деп дегбірді алды. Бұл бассыздықтар Бейімбет Майлиннің шығармасында былай деп баяндалады: «Шеше, тыңдаңыз, сіздің үйге берілген жоспар: бір пұт ет, он қадақ шыртылдақ, он қадақ ескі темір, он қадақ ескі жүн, төрт мүйіз, бес тұяқ, бір ит терісі, бір мысық терісі…».

Құл-құтаннан құралған «комсомол», «белсенділер» көзге түсудің бар қамын жасады. Тек малмен күнелткен елге бидай салығын салды, қазақы ауылдардан етке шошқа өткізуді жүктеді. Орылып алынған егін даласынан масақ жинағанды түрмеге отырғызды, өз қойын сойып алғанды сотқа сүйреді.

«Ұжымдасып еңбек етуге» кірісер алдында қазақ қожалықтарында 40 миллион қой бар еді. 1933 жылы сол 40 миллионнан бар-жоғы 4-ақ миллион қалды. Малды қойшы, қазақ ше?! «Әлхамдулилла, 6 миллион қазақпыз», — деген еді бір кездері Ахаң. Қайсыбір дерек, біз 8 миллион болған едік деседі. Ал аштық кезінде қазақтың үштен екісі қырылды.1932 жылдың қысы еді…

Никита Хрущев. 1956 жылғы КПСС-тің ХХ съезі. «Сталин және жеке басқа табыну» баяндамасынан үзінді. «Қазақстанда орын алып отырған адам төзгісіз ашаршылықтан қазақ халқы түгелдей қырылып қалудың аз-ақ алдында тұрғанын айтып ек, ол: «Бұл сары пәлекеттерден тек сондай жолмен ғана құтылуға болады»,-деп жауап берді».

1930-33 жылдар аралығында 2 миллион 300 мың адам қырылыпты. 1921 жылғы алғашқы аштық пен соңғы 32-дегі қырғынды қоссаңыз, қазақ 4 миллион азаматынан айырылыпты. Дәл осы зұлмат демографиямызды демікпе етіп кетті…

1897 жылғы халық санағында өзбек 700 мыңды әрең еңсерсе, қазақ 5 миллион, кей деректе 8 миллионға жетті дейді. Ал қазір ала шапанды ағайын 30 миллионды оңай еңсерді, ал Алаш баласы әлемдегі бар қандасын қосқанның өзінде 15 миллионға жетпейді. Осы цифрларды көргенде, ішің қыж-қыж қайнайды.

«Жақсылық көрсем өзімнен,

Жамандық көрсем өзімнен.

Тағдыр қылды деулерді,

Шығарамын сөзімнен».

Сұлтанмахмұтша айтсақ – осы. Зобалаңға белгілі бір деңгейде өзіміз де кінәліміз. Оны келесі бөлімде түсіндіріп көрейік.

Қашайын деп тұрған қоянға «тәйт» дегесін 

Аштықтың рухани себептері. Аштық пен руханияттың қандай қатысы бар? Әйтпесе қазақ қана көшпелі болып па?! Ұжымдастыру тек қазақта ғана болып па?! Жоқ. Қазақпен қатар башқұрт та көшпелі ғұмыр сүрді, қырғыз ағайын да көшіп-қонып жүрді. Түрікмен, қарақалпақтар да аттың жалында, түйенің қомында өскен жұрт. Қазақта болған колхоздастыру науқаны сол башқұртта да, қырғызда да ұйымдастырылды. Бірақ олар аштыққа біз тәрізді ұрынған жоқ. Неге?

Қазақтың дәстүрлі ауылы ортада байдың отауы, оның шаңырағын жағалай інілері, туған-туысы отырады. Ауылдың етегін байға жалданып жүрген сол рудың кедей-кепшіктері жайлады. Қысқасы, ауылдың тыныс-тіршілігі ортадағы байлардың қас-қабағына байлаулы. Бәзбір 60-тан асқан бай шалдардың шамасы қайдан болсын? Әйелдеріне обал жасады. Күйеусірегені қойшыға, жылқышыға қосылды. Уақыт өте берді. Коммунистер келді. Келді де, «теңдік» деп ұран көтерді. Бай-бағланнан зәрезап болғандарға пана боламыз деп, «қызыл отауларын» тікті. «Қашайын деп тұрған қоянға «тәйт» дегесін не сорым?!» демекші, тоқал біткен «қызыл отауға» қарай қашты. Қызылшақалар «қызыл отауда» ер жетті. Ер жеткесін, аузына мұрт өсірген орыстарды ертіп, ауылдарға барды. Коммунизмге уағыздағандар солар болды. «Балық басынан шірігесін…» Айтпақшы, балықтың басын шірітпей ұстауға тиістілер бар еді. Олар — игі жақсылар, ақындар, батырлар, ғұламалар. Олар неге «тәйт» демеді?! Игі жақсылар жақсы мен жаманды шатастыра бастаған заман еді ол кез. Игі жақсылар сол кезде дабыл да көтерді. Байларды тәркілеуге қарсы болды. Коллективтендіру әлі ертерек деді. Ондайларды Голощекин аяған жоқ. Соттады, қамады, итжеккенге айдады…

Сал-серіліктің өзгеріске ұшырауы

Махаббат демекші, ғашықсың ба, онда үйлен. Ал некесіз қылмыңдасу күнә! Қазақтың дүниетанымы осы еді. Бірақ заман өзгерген сайын таным-түсінік те өзгере берді. Соның бірі — сал-серілік ұғымы. Сал-сері ұғымы қашаннан қазақтың көңіліне жақын, сезіміне етене. Халықтық ұғымда әнші-жыршы, әдебиетші, шешен, сырбаз, сұлу, қысқасы, бар жақсылықты бойына жиған жандар олар. Әу баста сал-серілер әскердің авангарды еді. Арттағы жас ұландардың рухын көтеру үшін соғысқа сауытсыз шығатын болған. Әрине, көп жағдайда сал-серілер тұтастай қырылатын. Ұрыстан әлдеқалай аман шыққан сері ел шетіне жығылған бойы: «Қылышымның майын бер»,-деп ауылға қолқа салады екен. Бүкіл ел серіні кілемге салып, басына көтеріп ардақтайтын болған. Ал ХХ ғасырда сал-сері біткен қылышын қабырғаға іліп қойып, ел аралаған әртіске айналды. Мұнан кейін сауытсыз серілерді халықтың құрметтеуі бәсеңсу керек еді. Жоқ, керісінше болды. Халықтың еркесі, жігіт біткеннің серкесі деп төбеге көтере түсті. Сол өнерлі ұландар күн-түн демей ел аралап, ән салып, сайрандап жүреді. Қарындары тоқ, көйлектері көк. Астындағы аттарына шөп орнына мейіз, су орнына қымыз береді. Бір байдың атастырылған қызына ғашық болып, есеңгіреп жүреді. Ал үйіндегі бала-шағасы аш-жалаңаш. Жыртық үй, құнарсыз астан некелі әйелінің өкпесіне құрт түскен, тіпті. Әнебір серінің әйелін айтып отырмыз. Бұл нағыз еркекке тән тірлік пе сонда? Отбасылық жауапкершілік қайда? Жамандық жақсылықтың орнын тартып алған кез еді бұл. Жақсылық – ердің өз әйелін бақытты етуі, махаббатын соған ғана арнауы. Жамандық – жұбайың бола тұра, көшедегіге қылмысу, ойнастық жасау.  Күнәні ерлікке балаған заман туды… Мұны «Оралыңның барында ойна да күл» деген өлеңнен-ақ байқауға болады. Халықтың аузында сөз осы болса, ісінде не береке бар дейсіз?! Батыр образы да бұзылды. Бөтен рудың малын тонаған барымташыны батыр санады. Ауылға палуан иә болмаса атағы алысқа танылған кісі келсе, «ұрығы мықты, ұрпақ алайық» деп, қойнына қыз салатын дүмшелік белең ала бастады.

Осынша жеріміз бен қазына байлығымызды бізге Алла Тағала көз алартқан жаулардан сақтап, сыйға тартты. Солтүстігімізде Ресей жатты. Оң бүйірінде Жоңғар, сосын Қытай. Барлығымен жан беріп, жан алысқан соғыстар жүрді. Сондай анталаған жаулары бар қазақ жоқ болып кетуі керек еді. Жоқ, арының, иманының тазалығының арқасында Алла қазақты аман алып қалды. Осыншама ғасыр иммунитеті болған халық руханияттың құлдырауымен ХХ ғасырда қырғынға ұрынды.

Қазақ іші берекесіз тірліктерге бығып жатқанда, үстінен былыққа батқан (1941 жылы ату жазасына кесілерде оған Ежовтың ашынасы болды, педерастық тірліктер жасады деген айып тағылған екен) Голощекин келді. Әлгінде айтқанымыздай, бұл — заңды құбылыс. Соңы ұлы нәубетпен ұласты.

Әрине, нәубеттің тағы бір себебі қазақтың ынтымақ-бірлігінің жоқтығы еді. Мұндай ынтымақсыз халық Мәскеуге тіптен қажет емес, тек оларға қажеті қазақтың шұрайлы жері еді. Ұлан-байтақ жер олардың көзқұрты болғанын кейіпкерлер жазып жүр…

Түп-тұқиянымызбен құрып кетпей, қалай тірі қалдық? 40-жылдары КСРО «сатқын халық» деп, ноғайды, шешенді, түрікті қазақ сахарасына әкеп төгіп тастаған еді. «Көмектеспеңдер!» — деп қатаң ескертті. Жоқ. Қазақтың адамгершілігі оған жібермеді. Үйлеріне кіргізді. Соңғы жарты нанымен бөлісті. Осы әрекеті арқылы, бәлкім, Жаратушының мейіріміне ілінген де шығармыз. Әйтеуір бір қаһарға ұрынған қазақ, бір мейірімге де іліндік.

Тарихтан сабақ ала алсақ игі. Жамандықты қолыңмен тоқтат, шамаң жетпесе тіліңмен тоқтат деген бар. Кей-кейде ашық зина, былық-шылықты көрсем, ұлы нәубет тағы қайталанбай ма деп қорқам. Бұл тыныштық, бұл бейбіт күн бізге соңғы рет берілген мүмкіндік (шанс) сияқты болып көрініп тұрады. Алла тағала әрбірімізге жақсы мен жаманды айыра алатын сана берсін!

Пікірлер

user profile image
31 Мамыр, 2014

Өте тамаша жазылған. Қазаққа қай кезде де бірлік қажет. Алла Тағала, Ұлы Раббымыз Алаш елін жаңа атқан азаттықтың ақ таңынан айырмасын.

user profile image
7 Маусым, 2014

Тамаша мақала! Әсіресе, рухани азғыру, сал-серілік жайлы сөздері өте әсерлі екен.
Менің қосарым бар:
1-ден, Голощекин алдымен Ресей-казактарына, украйндарына "голодомор" жасауға қатысқан маман. Ашаршылықты қалай ұйымдастыруды, қалай аштықпен жұртты құл-құтанға айналдырып, айтқанын екі-етпейтін құлға айналдыруға болатынын әбден біліп келген. (Негізінде, құпия деректер бойынша Ленин: "Ақ патшаның жендеті болған ("казак") Ресейдің айналасындағы әскери-сословиені құрту керек!" деп ашық айтқан. Украйндағы голодомор осылай жасалған.
Сондай-ақ, сол замандағы орта Азиядағы ең халқы көп, әскери әлеуеті мықты ел ҚАЗА ҰЛТЫ болатын. Орта Азияны бағындыру үшін ҚАЗАҚТЫ құрту керек болды. Малшы қазақты құрту жолы малдан айыру. (Ленин: "Қазақты бағындыру үшін оларды аттан түсіру керек. Аты барда оларды бағындырып ұстау мүмкін емес!" деген екен, құпия деректер бойынша).
Мысалыға Америкалық үндістер еуропалық ақ-колонизаторларға бағынбай, көпке дейін таулы аймақтарда жүре берген. Оларға қарсы аттандырған еуропалық жасақтар алғашқыда бірнеше рет ойсырай жеңіліскен ұшырайды. Сосын біреу тұрып: "Бизондарды қырсақ, үндістер аш қалып, өздері келіп бағынады!" дейді ғой. Сосын солай жасаған да.
Тарихты жақсы білетін Ленин қазақты да осылай ашаршылықпен бағындыруды көздеген. Голощекин Лениннің құпия жоспар-бұйрығын шебер орындап шыққан. Колхоздастыру мен кәмпеске жылдарында ең алдымен қазақтың қару жарағын тартып алған. АҢ АУЛАУҒА, БАЛЫҚ ҰСТАУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН заң шығарып, осы заңға сүйеніп қазақтан садақ жебелерді, қылыш-найзаларды, тіпті балық аулайтын торларды да түгел тартып алғызған.
АВТОР айтып өткен сал-серілерді пайдаланып, елдің көңілін аулап, концерт-думандарды қыздырып, қазақты бағындырып, жиналыстарда аталған заңдарды оқып, сол заң бойынша қару-жарақты, құрал-сайманды тартып алудан бастаған.

user profile image
7 Маусым, 2014

Айтпақшы, "қазақты отырықшы қыламыз!" деген ұранмен, "қазақтың жылқысынан түсірсек өздері-ақ отырықшы болады!" деп қазақтың белсенді-ұрдажықтарды үйретіп, солар арқылы қазақты алдымен атынан айыруға күш салған. Сосын барып колхоздастыру, кәмпеске, т.с.с. салықтар жалғасқан. Сондай-ақ, колхаз болуға қарсы болғандарды және "байларды" "ЖЕКЕ ОТЫР"-ғызған. Яғни, "жеке отырғызамыз" деп, ашық далаға "ФАШИСТТІК КОНЦЕНТРАЦИЯЛЫҚ ЛАГЕРЬ" сияқты етіп, терең ормен қоршалған, сыртында қарулы сақшылар тұратын мекендер жасаған. "ЖЕКЕ ОТЫР"ғандар аштан қырылған соң, "көрдіңдер ме, жеке отырғызып едік өздерін де баға алмай қырылып қалды" деп былайғы колхоздағы жұртты алдаған.

Пікір қалдыру