26 Қыркүйек, 2017

МӘДЕНИЕТ

Ол өз жолын анық тапты...

Мысалы, «Қарагөз» трагедиясын алайық. Режиссер қазақ драматургиясының классикасына жаңа көзқараспен қарады. Кеңес кезінде Нарша байдың баласы, сондықтан ғана сүйкімсіз, Қарагөзге тең еместей көрінетін. Өзінің қалауы да жоқ, Қарагөзді сүйе тұра қорғай алмайтын, ескіліктің шылауындағы жігіт еді. Ал жаңа спектакльде Нарша – білімді, керек десеңіз, өз заманынан биік тұрған аяулы тұлға болып шыға келді.

Бұрын бұл Қарагөз бен Сырымның махаббаты туралы пьеса болатын, енді бұл Наршаның трагедиясына, махаббаттың әділетсіздігі туралы трагедияға айналды. Бұрын Қарагөз бен Сырымға қойылған спектакль енді Наршаға қойылды, Нарша туралы болып шықты. Сол Наршаны сахнада Азамат Сатыбалды сомдады. Нарша ойшыл, Нарша сырбаз, Нарша текті... Бірақ ақыл­еске бағынбайтын алып-ұшпа сезімге не қайран бар? Ол үшін, бір Қарагөздің ықтиярын оята алмау – қорлықпен тең еді.

Спектакльді көргендердің бірі: «Мынандай Наршаны көрмей жүрген Қарагөздің көзін ойып алу керек» депті. Осылайша, қойылым мақсатына жетті.

Немесе «Мәңгілік бала бейне». Азаматқа бұл спектакльде Құмардың рөлі бұйырды. Ол - басты кейіпкер емес, бірақ осы қойылымның бір кілті сол Құмардың қалтасында жатыр. Біздің пайымға салғанда, бұл – көрерменді ойландырып кететін образ. Бұл қайдан шыққан пері? Көксегені не сонда? Жүрек жоқ па онда? Әлде керісінше, жағдайдың құрбаны болған бейбақ па? Тағдыр тауқыметін арқалаған ақ Ләлөк оған неге ғашық? Бір жағынан, мұндай «тотықұс түсті көбелек», көркем жігітті сүймеудің, оған құламаудың өзі қылмыс.

Бірақ жылтырдың арғы жағында қандай пиғыл жатыр? Оны Ләйлә қайдан білсін? Ләйләні бәрі аяйды. Құмар да жай ғана... аяйды екен. Қызды бақытсыз қылып тұрған оның кембағалдығы да, кемпір­шалдардың тілі де емес, ең алдымен Құмардың құмарлықпен қарай алмағаны... Және қойылымнан кейін де Азаматтың кейіпкері жұмбақ болып қалды. Оның негізгі бет­бейнесі қайсы еді? Ол Ләлөктің сезіміне лайық жігіт пе, әлде өмірде асыл мен жасықтың парқын айырмайтын, айыруды қажет деп санамайтын жылтырбет пе? Осыны Азаматтың өзінен сұраймын деп ылғи ұмытып кетем.

Бас театрдың «2000-жылдар» деген графасы Азамат есімімен байланысты

Тағы бір қызықты рөл «Махаббат дастанындағы» Қозы еді. Марқұм Қайрат Сүгірбеков Қозы мен Баянды мүлде жаңа сапада шығарды. Кейіпкерлердің киім киістері, сахнадағы от... Мұндағы Жантық қандай, Қодар қандай, бәрі бұрынғыдан өзгерек еді. Мұнда Азамат өзінің өмірлік жары Назгүлмен серіктес болды сахнада. Екеуі де жас, екеуі де көрікті, екеуінде де жақсы мағынасындағы жабайылық, тағылық бар. Бұл қасиеттер спектакльді режиссердің ойындағыдай етіп жеткізуде көп рөл сіңіргендей.

Азаматты тек геройға лайық келбеті үшін рөл алатын актер деп қабылдап жүргендер Шекспирдің «Гамлетінен» кейін оның еңбекқорлығы мен қарымын мойындамасқа лажы қалмады. Юрий Ханинга­Бекназар «Гамлетті» басқаша қойды. Мұнда Азамат сахнада қан сорпасы шығып, жанын беріп, мың өліп, мың тіріледі. Гамлет деген ақыл­ойдың азабы, сонымен бірге күмән, шиыршық атқан жан­дүние. Егер туған анам сатқындық жасаса, бұл дүниеде аяулы не қалады? Егер туған ағам сатқын болса, бұл әлемде қалай өмір сүруге болады? Дүниеде бәрі өткінші. Ең ұлы сезім, сүйіспеншіліктің өзі тұрақсыз.

Мені сүйдім дейтін Офелия... Ол да ертең айнып шыға келеді... Ендеше, сүюдің не қажеті бар? Осы күмән қиратушы күшке ие, ақыры бәрін қиратып тынды. Бұл Гамлет – бесіктен белі шықпай жаны қатайып кеткен сормаңдай. Осы шиыршық атқан қынжылыстың бәрі Азаматтың ішінен сыртына шығады. Ол қиналса, бүкіл денесімен ирелеңдеп, жорғалап кетеді, жаны азап шегіп жатса, бүкіл тұлға-сойымен аласұрады... Қысқасы, А.Сатыбалдының оқуында Гамлеттің азапты ойларының титтей көлеңкесінің өзі қимылға айналып кетіп жатты. Бұл шын мәнінде қазақ сахнасы үшін жаңалық болды.

Өйткені, қазақтың ең талантты актерлері жан­дүниесімен, ішімен ойнайтын. Ал Азамат сыртпен де ойнауға болатынын көрсетті.

Азамат Сатыбалдының тағы бір тәнті қылған рөлі – «Ұлы мен ұрыдағы» зиялының ұлы. Ол нигилист, циник. Бірақ оны нигилист қылған аға буын екен. Әдемі сөйлейтін, ұлттың қамын жеген болып көрінетін, бірақ жеме­жемге келгенде заманмен бірге құбылатын әкелер екен. «Адал бол» деп ақыл айтқан әке неге өз достарының үстінен арыз жазды? Әдебиеттің жоғын жоқтағансыған әдебиетші талантты әріптесін неге торға қаматты?

Сахнаға бір шыққанда жетесіз, есерсоқ бала болып көрінген Азамат бірте­бірте көз алдыңда өсіп кетеді. Ол - әкесінің құпияларын біледі екен. Ол - ақымақтықтан емес, ақылдың азабынан сормаңдай екен. Кешегі идеалдары бір сәтте­ақ қирап, әрі­сәрі болған зиялы қауым мен сол қауым тәрбиелеген ұлдың трагедиясы бұл. Шынтуайтына келгенде, ұл да бақытсыз, әке де бақытсыз. Өйткені, бірін әкесі алдаса, бірін жүйе алдады. Екеуі де алданды.

Азаматтың келесі бір рөлі тағы да Ханинга­Бекназар қойған «Сұлтан Бейбарыс». Режиссердің өзі «Азамат плакал живыми слезами» деп ағынан жарылды. Расында, Азамат мұнда да барын салды. Одан кейін жас режиссер Елік Нұрсұлтан қойған «Қас қағым» болды. Тақырыбы, атмосферасы жағынан бұл қойылым Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек қойған «Қылмысқа» ұқсайды. Екі шығармада да Азамат Сатыбалды заманауи образдарда органикалы екенін байқатты.

Жалпы, Азаматтың Н.Хикметтің «Фархад-Шырында» Фархад, М.Әуезовтің «Абайында» Айдар, Абай, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, одан бөлек Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» Тибальт (ауд. Ә.Кекілбаев, реж. О.Салимов), Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Эгмонт Клаузен (реж.Р.Андриасян), «Қилы заманында» Хлыновский (реж.Ә.Рахимов), Д.Исабековтің «Жаужүрегінде» Долгоносов (реж. Е.Обаев), Т.Нұрмағанбетовтің «Қожанәсір тірі екенінде» Түрікмен (реж. О.Кенебаев), «Ескі үймен қоштасуында» Доскел (реж. Е.Обаев), Ә.Таразидің «Ақын…Періште… Махаббатында» Медбрат (реж. Ә.Рахимов), И.Сапарбайдың «Қыз мұңы» қойылымында Ғазиз (реж. Е.Обаев, Т.Аралбай), Е.Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» комедиясында Коля (реж. М.Ахманов) сияқты кейіпкерлерді сомдағанын театр көрермені жақсы біледі. Оның бәріне тоқталу мүмкін болмағандықтан, өз пікірімізше, ең көрнекті деген рөлдерін шолып өттік. Сонымен, жұрт мойындаса да, мойындамаса да, қазақтың бас театрының «2000-жылдар» деген графасы Азамат Сатыбалдының есімімен байланысты.

Шын өнер жаның қиналғанда шығады

Бірақ осыншама рөлді сомдап жүрген Азаматтың бойынан жылылық көрмейміз. Күйіп­жанған рөлдерінің өзі бір түрлі суық. Мүмкін, оның барлық жағынан жолы болып кеткені өнеріне көлеңке түсіретін шығар? Бірақ оған да байланып қалған түгі жоқ. Мысалы, Миронов көркем, текті, ақсүйектердің баласы, бірақ өмір бақи бірдеңені іздеп өтті ғой? Сонысымен ол сүйікті еді ғой? Азаматқа осындай ізденіс жетіспей ме деп қаламыз.

Ал ізденуге сахнадан тысқары Азаматтың көп кедергісі бар сияқты. Ол бәріне үлгеруге тырысады. Бір қарағанда үлгеріп те жүрген сияқты. Анда да Азамат, мында да Азамат... Анау телехикаяда кәсіпкер, мынау сериалда мүгедек, келесі көріністе полицей... Анау жобада жанкүйер, мынау жобада Ресейдің журналисіне еліктейді, келесі күні үкіметтік концертті жүргізіп тұрады. Олай болмайды. Тым жалықтыруға болмайды, өзіңді аяу керек, құрметтеу керек.

Рас, қазір Азаматтың жұлдызды шағы. Бірақ танымалдылықтың екінші жағы да бар. Ол бір түсірілімнен екіншісіне асығады, жылқы өсіреді, ылғи қайнаған өмірдің ортасында. Әр нәрсеге бір алаңдайды, әр нәрсеге шашыла береді. Кейде осы арпалыста кілт тоқтап ойланатын, өміріне, әлдеқандай басқа жайттарға анализ жасайтын уақыт керек шығар? Өйткені, алды­артыңа қаратпай үйіріп әкетіп бара жатқан өмірдің темпімен жүре берсең... жұтылып кету оп-оңай. Әсіресе, өзегің мықты болмаса. Біз оның образдарының ешбірін жоққа шығарғымыз келмейді. Бірақ жаңа сападағы, тереңдеген, тұлғаланған Азаматты көргіміз келеді. Кейде ойлайсың, актер деген құпия болу керек. Адамдар оны ашуға ынтығу керек.

Азаматтың техникасына тағар мініміз жоқ. Тек қана «жаныңды сал, жаныңды сал, жаныңды қина!» дегенді айтқың келіп тұрады. «Қинай түс!». Өйткені, шын өнер жаның қиналғанда ғана шығады.

Пікір қалдыру