25 Қараша, 2017

СӨЗ ӨНЕРІ

- Cіздің айтысыңызды бір сөзбен «Балғынбек-шоу» деп сипаттауға болар еді. Әзіл-қалжың концентрацияңыз ешқашан төмендеген емес. Әрі «Айтыстағы сатира мен юмор» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғағаныңызды да білеміз. Бұл тақырыпқа саналы түрде түстіңіз бе?

- Иә. Бала кезімізден айтыспен «ауырған» соң, филология саласын таңдадым. Мектепте мұғалім болып, өлеңге таласы бар шәкірттерді тәрбиелеймін деп ойлайтынмын. ҚазҰУ-де бакалавр бітірген соң, ұстазым Тұрсынбек Кәкішев мені ректорға апарып, магистратураға алып қалды.

«Қазіргі телеайтыстың мәселелері» деген тақырыптағы ғылыми жұмысыма жетекшілік етті. 2000 жылы Астанаға көшіп келіп, Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың қамқорлығымен аспирант атандым. Бұл жерде кафедра басшысы, академик Рымғали Нұрғали кандидаттық диссертациямды «Айтыстағы сатира мен юмор» деп алуға кеңес берді. Табиғатыма жақын болғасын, тақырып көңіліме жаға кетті. Әйтпесе, ғылым жолына түсуді тіптен ойламаған едім...

- Дос-жарандарыңыздың ортасында жиі қалжың айтасыз ба?

- Ірілі-ұсақты айтыстарға барған сапарымда естіген анекдоттарды жаттап алып, өз айналама айтып жүретінмін. Қалжың, шымшыма, әзіл-сықақ әңгімелер мен өлеңдерді газет-журналдардан іздеп жүріп оқитынмын. «Деген екен...» сериясымен шыққан кітапшаларды қалт жібермейтінмін.

Қазір ондайға әуес емеспін, анекдот айтпаймын, тыңдағым да келмейді. Орынды қалжың болса, оның жөні бөлек. Бос күлкі жүректі қарайтатынына әбден көзім жетті. Қазір күлсем - бейғамдыққа, надандыққа, ашкөздікке күлемін. Рахаттанып емес, ызадан күлемін.

- Бір сұхбатыңызда «Көркем аудармалар жасауға көңіл бөлудемін»

дедіңіз. Бұл тараптағы еңбегіңіз қалай жүріп жатыр?

- Әбу Насыр әл-Фараби атындағы шаңырақтан алып шыққан мамандығым – «Әдеби аударма». Ұстаздыққа, ғылымға бұрылғаныммен, аудармадан алыстап кеткен емеспін. Алғашқы дипломдық жұмысым А.Пушкин шығармаларының қазақ тіліне аударылуы жайында болатын. Еуразия ұлттық университетінде қазақ топтарына «Орыс әдебиеті» курсынан дәріс бердім.

Оқулық болмағасын барлық лекцияларды орыс тілінен өзім аударатынмын. Кейін «Жетінші арнада» дубляж бөлімінің редакторы болып, біраз қызмет атқардым. Баспадан өзім тәржімалаған Жан Поль Сартр мен Джон Стенбейктің кітаптары жарық көрді. Алдағы уақытта да бұл салада атқаруға ниеттенген жоспарларым көп.

- «Абай.kz» сайтында 2009 жылы өткен интернет-айтыста қарсыласыңызға:

«Бауыржан, кім жасапты ханға құлдық?

Ел үшін құлайтұғын жарға тұрдық...

...Қайтесің, Момышұлы болмаған соң,

Бауыржанмен бірге өлген бар батырлық» дедіңіз. Сонда енді бізден батыр шықпай ма?

- Қазақ барда, ел болған соң ер туғызбай қоймайды. Айтыста ондай сөздер қарсыластың, кейде көрермен мен оқырманның намысын жану үшін айтылады. Бұл – айтыс ақыны Бауыржан Халиоллаға қарата айтылғанмен, барша қазаққа бағытталған сөз. Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар. Ал шындықты айтамын деп елді арандату, тыныштықтың қадірін білмей, тәртіпсіздікке бастайтын әрекеттер жасау – батырлық емес, қорқаулық.

Батылдық емес, бос мақтан мен рия.

Басшы болу – Алла Тағаланың тағдыры. Жаратушының тағдырына риза болмау, басшыға қарсы шығу, қарсы сөйлеу – күнә. Батыста бұл демократия деп басқаша аталады, батырлық боп саналады. Отан үшін отқа түсу – батырлық. Ал Отаныңды отқа салу – сатқындық. Парасат, пайым болмаса, патриотпын деген адамның өзі Отанын сатып, өзгенің қолшоқпары болғанын байқамай қалады. Айтыста да осыны айтуға тырысып жүрмін. Себебі, ақын шындықты айтушы ғана емес. Елді сабырға да шақырушы. Тарихты қарасаңыз да солай.

- Өзіңізден кейін шыққан айтыскерлер жайлы «мінез, өрнек жоқ, әуен жоқ» деп сын айтқан болатынсыз. Сол сыннан кейін жастар өзгерді ме?

- Бір айтылған сыннан өзгеріс бола бермейді. Өзгеріс болса да, ол бірден көрінбейді. Жалпы қазір жастардың аяқ алысын байқап отыратындай мүмкіндік жоқ. Жастар айтысы өтпейді, өтсе де, тиісті дәрежеде насихатталмайды.

- Былтырғы «Кіл жүйрікте кім жүйрікайтысында әнші Қайрат Нұртас орындайтын «Мейлі» (әні мен сөзі Ержан Серікбаевтікі) әнінің мақамына салып айтқаныңызды жұрт жақсы қабылдады. Танымалдығы үшін әдейі Қайраттың репертуарындағы әнді таңдаған боларсыз?

- Айтыстың шоу сипаты дейсіз бе, тапқырлық дейсіз бе, өзіңіз білесіз. Кейбір айтыс шумақтарын орайы келгенде хит әндердің мақамына салып айтамыз.  Қайрат Нұртас - қазір қазақ эстрадасындағы ең танымал әнші. Оны желкілдеген жас қана емес, барлық буындағы адамдар да жақсы тыңдайды. Қазақстанда ғана емес, Ресейде, Қытайда, жалпы Орталық Азияда аса танымал. Сондықтан, айтыста дәл осы Қайрат бауырымның орындауындағы әнге мойын бұруыма таң қалатын ештеңе жоқ... 

- Бір сөзіңізде «көп уақытты дұрыс пайдаланбадым» дедіңіз. Уақытыңыз қайда кетіп жатыр?

- Көп уақытым ойын-сауықпен, «той емес тойды тойлаумен» өтті. Ендігі уақытты тиімді, өзімнің де, өзгенің де екі дүниесіне пайдалы етіп өткізуді қалаймын. Қалқаман Сарин досым айтпақшы, «Ойсыз күндерден оятшы мені, Әдірә қалсын қалғаны» деп Алладан бейғамдықтан сақтауды сұраймын. Әр күніміз бен сағатымызда ұлтымыз бен жұртымызға, тіліміз бен дінімізге, бүгініміз бен ертеңімізге пайдасын тигізетін адамдардан болсақ екен.

- Ендеше, балаларыңызға «қолыңызды мезгілінен кеш сермеп» өткізіп алған қандай амалдарды үйретіп жатырсыз?

- Аллаға шүкір, балаларымның сабағы жақсы. Намаздары түгел, Құранды арабшадан еркін оқи береді, жаттаған сүрелері де менен көптеу. Жалғыз кемшілігі - мен секілді ауылдың қара домалағы емес, қаланың майтабандары!

- Сіздің Құрмаш Маханов орындайтын «Гүлістан Қазақстаным» әніне

сөз жазғаныңызды білеміз. Айтыстағы әріптесіңіз Ринат Зайытов сияқты неге әнге сөз жиі жазбайсыз?

- Тапсырыспен жаза алмаймын. Дарылдаған эстраданы ұната бермеймін. Дәстүрлі әндер жаныма жақын. 11 буынды қара өлең немесе 7-8 буынды жыр үлгісінде ғана жаза аламын. Қазіргі ән сазының форматы табиғатыма жат.

-  Сіз үшін мемлекетшіл, ұлтшыл тұлға болу дегенге қандай критерийлер жатады?

- Мемлекетшілдік деген ең әуелі - имандылық. Елің үшін бәріне дайын болу. Мемлекет мүлкін өз мүлкіңнен артық көріп қорғау. Елдің тыныштығы үшін жеке басыңа келген қиындықтарға сабыр ету.

- Бұйырса, жақында шығармашылық кеш өткізгелі жатыр екенсіз. Жүріп өткен жолыңызды бір қорытындылайын дедіңіз бе?

- Ондай кеш өткізуді 2 жыл бұрын Тұрсынбек Қабатов бауырым айтқан еді. Содан бері ойланып жүрмін. Елге келетін пайдасы мен зиянын таразылап болдым. Әзірге кештің өтетін уақыты құпия бола тұрсын...

Сұхбаттасқан Ө.Дархан


 Балғынбек жазған жыр

 Жас едік өмірге еркін бойламаған,
Күні ертең не боларын ойламаған.
Енді мені үш сұрақ мазалайды:
Қайдан келдім? Не үшін? Қайда барам?

Жылдан есен шықсам да, айдан аман,
Қайдан келдім? Не үшін? Қайда барам?
Алла маған сан жетпес нығмет берді,
Соларды қалай дұрыс пайдаланам?

Қан қалмаса бойымда қайнамаған,
Тән қалмаса азулар шайнамаған.
Кімге арқа сүйеймін, жәрдем тілеп,
Тар кезеңде табаным тайғанаған?

 Жан қалмаса жолымды байламаған,
Шаң қалмаса көңілді лайламаған.
Соққысынан өмірдің сынып кетпей,
Қарсы тұрар қауқарды қайдан алам?

 Шүкір етсең, батасың пайдаға одан,
Күпір етсең, күнә бар қайғы ораған.
Алладан келдік, соған қайтушымыз,
Не арқалап қайтасың? Ойлан, Адам!

Пікірлер

user profile image
21 Мамыр, 2014

Алла разы болсын! Жақсы.кз жақсы акыннан сұхбат алыпты. Алла биз ойлаганнанда жақсы етсин.

user profile image
21 Мамыр, 2014

Әдемі сұхбат! Балғынбектің тек айтыскер емес, қоғамдық тұлға ретіндегі де жауаптары үналы!

user profile image
21 Мамыр, 2014

Балғынбек ағамның мына салмақты сөздері ҚарМТУымызда өткелі жатқан патриоттық тәрбие туралы конференцияға мақала жазғалы отқан маған таптырмас сөздер болды ғой. Ағамның түрінен ауылдың иісі аңқып тұрады ғой... Аман жүріңізші!

user profile image
21 Мамыр, 2014

Балғымбек аға секілді жақсы ағаларымыз көп болса екен

user profile image
19 Шілде, 2016

Улы Жаратушымыздын Шекс!з махаббатымен жаратканын тус!н!п, Улы Раббымызга махаббатымен арнап журген Балгынбекке - ек! дуние абыройын т!лейм!н!!! Альхамдулиллах!

user profile image
19 Шілде, 2016

Уа! Аллах Тагалам! Аманатынызды орындай алмай журег!м!з кан жылайды! Жардем бер!н!з! Рахман Ием! Ашуыныз, жазаныз - Ел!н, жер!н улап саткандарга жазыксыз адал жас кулдарыныздын канын токкен опасных - саткандарга болгай! Амин!!!

Пікір қалдыру