25 Қараша, 2017

СӨЗ ӨНЕРІ

- Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хат танымауы. Аллаһ Елшісі оқи да, жаза да білмейтін еді. Оның өмір сүрген ортасында да хат танитындар аз болды. Сондықтан, Құранның авторы Мұхаммедтің өзі деп ол заманда да, бүгінгі күні де ешкім айта алмаса керек. Бұл туралы Құранда Аллаһ Тағала былай дейді:

“Сен бұған дейін ешқандай жазбаны оқыған жоқсың және оны  қолыңмен жазған жоқсың. Олай болғанда, өтірік санаушылар күмәнданған болар еді” (Әл-Әнкәбут, 40-аят)


Арабтарға Құранға ұқсас нәрсе жазып көру ұсынылғанда, олардың ешбірінің қолынан келмеуі. Құранның әдемілігі, құрылымы және терең мағынасы арабтарды қатты таңырқатты. Өйткені. ол Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) берілген мәңгі мұғжиза болатын. Аллаһ Елшісі айтады:

“Маған дейінгі пайғамбарларға берілген мұғжизалар өздерінің дәуірлерімен шектелетін еді. Ал маған берілген мұғжиза Құран қияметке дейін жалғасады; сондықтан үмметтерімнің көптігінен үміттенемін” (Бұхари, 4598)

Сол заманда араб жазирасында сөз өнері қатты дамыды. Ақындары түгіл, жай халықтың өзі тілге шешен, сөзге жүйрік еді. Соған қарамастан, олар өздеріне Құранға ұқсасты жазып көріңдер делінгенде, қолдарынан келмеді. Кейін оларға тым құрыса бір сүреге ұқсас нәрсе жазыңдар делінді. Қарсы болушылар оны да істей алмады. Аллаһ Тағала айтады:

“Ал егер құлымызға түсіргенімізден күмәнда болсаңдар, сол түсіргенімізге ұқсас бір сүре келтіріңдер, әрі Алладан өзге куәларыңды /көмекке/ шақырыңдар, егер шын сөзді болсаңдар”(Әл-Бақара, 23-аят)

“Егер адамзат пен жын осы Құранға ұқсасты келтіруге жиналып, бір-біріне көмекші болса да, оған ұқсас нәрсе әкеле алмайды” (Әл-Исра, 88-аят)


Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адам төзгісіз қиындықтар мен өз өміріне төнген қауіпке қарамастан. адамдарды Исламға шақыруын тоқтатпауы. Ол адамдарды ақиқатқа тоқтаусыз шақырды және одан келген ауыртпалыққа сабыр етті. Егер мақсаты пендеуи болғанда, өмірін сақтау үшін насихатын тоқтатар еді.

Британдық шығыстанушы Монтгомери Уотт былай дейді:

“Өз мұраты үшін кез-келген азапқа дайын болуы; оған сенген және соңынан ерген адамдардың адамдық моральдың биік шыңына жетуі; алға қойған мақсатының және жеткен табыстарының ұлылығы – осының бәрі Мұхаммедтің теңдессіз тұлға екенін айғақтайды. Бұл тұрғыда Батыстың бірде-бір тарихи тұлғасы оның дәрежесіне  жете алмайды”.

Кез-келген адам бұл дүниенің қызылды-жасылды әсемдігін жақсы көреді және оған иелік етуді қалайды. Құранда мынадай аят бар:

“Әйелдерге, перзенттерге деген, үйме-үйме алтын күміске, жақсы аттарға, шаруа малдарына және егіндікке деген құмарлықты жақсы көру адамдарға әдемі етіліп көрсетілді. Бұл – осы өмірдің қызығы. Ал қайтатын жердің көркемі – Аллаһта” (Әли Имран, 14-аят)

Бұл – дүниенің игіліктеріне қызығуға болмайды деген сөз емес. Жақсылыққа, жайлылыққа құмарлық барша адамның табиғатында бар қасиет. Бірақ, мәселе оған апаратын жолдың әртүрлігінде. Біреу Алланың заңына қарсы келмей, адамның заңын бұзбай-ақ байлыққа да, бақытқа да жетіп жатады. Енді біреу сол құмарлықты қанағаттандыру үшін күнә мен қиянатты көпір етеді.

Баршамызға мәлім, құрайыштар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өз насихатын тоқтатуы үшін барын салды. Егер адамдарды жалғыз Аллаға құлшылық етуге шақыруды тоқтатсаң, құрайыштың көсемі етеміз, ең сұлу қызға үйлендіреміз, ең ықпалды адамдардың бірі боласың деген уәделерін үйіп­-төкті. Бұл ұсыныстарға Аллаһ Елшісі:

“Уаллаһи, оң қолыма күнді, сол қолыма айды ұстатып, бұл ісіңнен бас тарт десе де, мен бұл діннен және оны уағыздаудан бас тартпаймын. Я Аллаһу та’ала бұл дінді жер жаһанға жайып, менің міндетім аяқталады, яки бұл жолда жанымды пида етемін” деп жауап берген (Ибн Хишам)

Егер оның пайғамбарлығы жалған болса, мұндай ұсынысты ойланбастан қабылдар еді.


 -   Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) айқындап беруі қажет болған кейбір жағдайларда ұзақ уақыт үнсіздік танытуы. Мұндай сәттер уахидың кешігуімен болған. Уақиға мен уахидың аралығында пайғамбардың өз жанынан ешнәрсе айтпауы оның иләһи хабарларды жеткізуші екенін айғақтайды. Мысалы, Ифк оқиғасын алайық. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйікті жары Айша анамызға (р.а.) дұшпандар жала жауып, ол жала елге тарап кетті. Осы жағдайдан соң бір ай көлемінде уахи келмей қалды. Бұл мерзім Алла Елшісі (с.ғ.с.) үшін де, Айша (р.а.) үшін де, жалпы мұсылмандар үшін де аса ауыр соқты.

Дегенмен, Пайғамбар жарын жазғырған да жоқ, ақтап та алмады. Дұшпандардың жаласы, қауесеті үдей түсті. Осы бір ауыр сынақтан соң, бір ай дегенде Айша анамызды күнәдан пәк екенін айтып, ақтаған аяттар түсе бастады. Егер Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жаратушыдан уахи күтпесе, осы бір ай қиналмай, жарын ақтап алар еді ғой. Құранда Алла Тағала сүйікті Елшісі туралы:

“Әрі ол өз ойынан сөйлемейді” (Ән-Нәжм, 3-аят),- дейді.


Пайғамбардың (с.ғ.с.) адамдардың өзіне айырықша құрмет көрсетіп, мадақтауына жол бермеуі. Ол жағымпазданудың, өзіне бас ұрудың кез-келген түрін жақтырмайтын. Анас ибн Малик риуаят етеді: “Сахабалар Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жақсы көргендей ешкімді жақсы көрген емес. Бірақ олар оны көргенде орындарынан тұрмайтын, себебі мұндайды Пайғамбарымыздың ұнатпайтынын білетін” (Тирмизи, 2754)

Американ жазушысы Вашингтон Ирвинг өзінің “Мұхаммедтің өмірі” атты кітабында былай деп жазады:

“Оның қолбасшылық тұлғасында қайбір пайда көздеген қолбасшылардай тәкаппарлық пен даңғойлықтың ізі де болған жоқ. Кейін адам сенгісіз жеңістерге қол жеткізгеннен кейін де ол сол бастапқы қарапайымдылығын сақтап қалды. Үлкен мемлекет құрып, патша дәрежесінде тұрғанмен, алдына келген адамдардың құрмет көрметпек болған кез-келген артық әрекетін құптамаушы еді”.


- Құранда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзіне ескерту айтылған аяттардың кездесуі. Мысалы:

а) “Ей, Пайғамбар! Әйелдеріңнің разылығын қалап, неге Алланың өзіңе рұқсат еткеніне тыйым саласың. Ал Аллаһ - өте Кешірімді, ерекше Мейірімді” (Әт-Тахрим, 1-аят).

Алла Елшісі (с.ғ.с.) жұбайлары Айша мен Хафса аналарымыздың балға байланыстырып қызғанышпен айтқан: “Сізден (мағафир гүлінің) жаман иісі шығып тұр” деген сөздерінен кейін, енді оны жемейтінін айтқан. Пайғамбар мұны өзі үшін ғана тыйым салғанмен, аса ұлы Алла оған ескерту жасады.

ә) “(Ей, Мұхаммед!) Алла сені кешірсін. Сен, шын сөзділер анықталмайынша әрі өтірікшілерді білмейінше, не үшін оларға (жорықтан қалуға) рұқсат бердің?” (Әт-Тәуба, 43-аят).

б) “Бірде-бір пайғамбарға жерде (өз жерінде) басымдыққа жеткенге дейін тұтқын ұстау жөн емес. Сендер дүниенің өткінші нәрсесін қалайсыңдар. Ал Аллаһ соңғы, мәңгілік өмірді (ақыретті) қалайды. Әрі Аллаһ – бәрінен Үстем, аса Дана” (Әл­-Әнфал, 67- аят)

в) “Ол қабағы түсіп, бұрылды, оған соқыр кісінің келгендігінен. (Ей, Мұхаммед!) Сен қайдан білесің, мүмкін ол тазаратын шығар? Немесе еске алар, сөйтіп еске салу оған пайда берер” (‘Абаса, 1-4-аяттар)

Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрайыштың беделді адамдарының бірімен сөйлесіп отырғанда, Абдуллаһ ибн Мақтум есімді бір зағип кісі келіп әңгімеге килігеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабағын сәл түсіріп, бетін бұрады. Осы әрекеті үшін Аллаһ жоғарыдағы аятты жібереді. Егер Құран ойдан шығарылған болса, мұндай ескертулер оған енгізілер ме еді?


-  “Ләһәб” сүресінің мұғжизасы. Бұл – Құрандағы 111-сүре. Сүреде құрайыштың ықпалды адамдарының бірі болған, исламға, Пайғамбарымызға өте көп дұшпандық еткен Әбу Ләһәб пен оның әйелінің тозаққа түсіп азапталатыны туралы айтылады. Сүре пайғамбарлықтың алғашқы жылдарында-ақ түсірілген. Егер Мұхаммед жалған пайғамбар болса, өзінің немере ағасы туралы мұндай нәрсені сенімділікпен айтпас еді, өйткені, өзге де кісілер секілді оның кеш болса да дінді қабылдауынан үміт етер еді.

Канадалық исламтанушы Гарри Миллер былай дейді:

“Ол адамның исламды жек көргені сонша, үнемі Пайғамбардың (с.ғ.с.) артынан аңдып жүретін еді. Егер Меккеге сырттан бір адам келіп, соның Мұхаммедпен (с.ғ.с.) сөйлескенін көре қалса, артынан сол адамды тауып алып: “Ол саған не айтты?” деп сұрайтын. “Ақ деп айтты” десе, жоқ “қара” дейтін. “Күндіз” деді десе, “жоқ, түн” дейтін.

Яғни, Пайғамбар (с.ғ.с.) не айтса, бұл соның бәрін керісінше айтатын.  Жоғарыдағы сүре Әбу Ләһәбтың өлерінен бақандай 10 жыл бұрын түскен. Былайша айтқанда, ол сүреде Әбу Ләһәбтың енді ешқашан мұсылман болмайтыны айтылып тұр. Бірақ, осы уақыттың ішінде ол мұсылмандарға барып: “Мұхаммедке менің мұсылман болмайтыным туралы хабар келіпті, бірақ мен исламды қабылдадым, ал бұған не дейсіңдер?” деуіне болар еді. Тіпті жоғарыдағы хабарды жалғанға шығару үшін де осылай істеуі мүмкін еді.

Ол істеген жоқ. Қайта, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Сен мені жек көресің және менің тоқтатқанымды қалайсың ба? Кел, мына сөздерді айт, сонда мен тоқтаймын. Кәне, айтшы мына сөздерді!” деп оны кәлимаға тоқтаусыз шақырумен болған. Әбу Ләһәб ол сөздерді ешқашан айтқан жоқ. Он жыл! Тіпті, бейтарап та қала алмады. Тек дұшпандық етумен болды. Немере ағасының алдағы әрекетін Мұхаммед (с.ғ.с.) қайдан білді? Бір ғана жауап, бұл оның емес, Алланың сөзі. Ал ол сөздер бізге шынайы Елші арқылы жеткізілді”.


Адам санасының дәл ислам секілді өмірдің барлық қатпарына үйлесе кететін, әлеуметтік, отбасылық, саяси қарым-қатынастар түгел қамтылған, адамның бақытқа жету жолын қамтамасыз етіп, барлық сұрақтарына жауар бере алатын заңдылықтар жинағын тудыра алуы мүмкін емес. Олай болса, хат танымайтын бір кісінің өздігінен осының бәрін жазып шығуы мүмкін бе? Мұны пайғамбарлықтың анық белгілерінің бірі демеске бола ма?

Әрине, мұсылмандар үшін Оның (с.ғ.с.) пайғамбар екенін дәлелдеп жатудың өзі артық. Дегенмен, Алланың құдіретіне тамсана түсу үшін, бойымызға әлдебір күдік жымысқылай қалған жағдайда, сенімді бекіте түсу үшін жоғарыдағылай дәлелдерді қайталай еске салып тұрғанның айыбы жоқ деп ойлаймыз.

Кейбірін теріп алғанымыз болмаса, мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Басқасын айтпағанда, оның өнегеге толы өмірінің толық түрде біздің заманға дейін жетіп, жолбасшымызға айналғаны; дұшпандарының көбейіп, қара жағылғанына қарамастан, ата дініміздің күндей жарқырап, айналаға жарық шашып, оған ынталылардың саны артқан үстіне артып жатқаны санасы бар адам үшін айқын дәлел екені анық.

Әзірлеген – М.Есжан

Пікірлер

user profile image
16 Мамыр, 2014

Тамаша!

user profile image
16 Мамыр, 2014

Алла разы болсын! Атеистер мен агностиктерге тамаша мысалдар екен

user profile image
16 Мамыр, 2014

Авторжан, "с.ғ.с" дегенше ең болмағанда бір рет толық - "салләллаһу ғаләйһи уә сәлләм" деп жазбайсыз ба?!

Пікір қалдыру