26 Қыркүйек, 2017

МӘДЕНИЕТ

Ортаншы ұл. Өзінің де отбасы бар. Екі ұл, бір қыздың әкесі. 10 жылдан бері «әкемтеатрдың актері». Тағы?

Бір адам өз биігінде қалу керек шығар?

«Иә, ғашық болғышпын» дейді ол. «Бірақ ол туралы айтып, әйел затына қырындау табиғатымда жоқ, сырттай ғана ғашық болып, әдемі сезімдердің әсерімен жүргенді ұнатамын» дейді. Қайдан біткен сырбаздық?..

Кез-келген көзі ашық журналист біледі: «Айтжанов сұхбат бергенді ұнатпайды». «Айтжанов телевизиялық хабарға қатыспайды». Жүргізушілікті ұсынуды атай көрмеңіз. «Анау да шығып жүр ғой, одан менің қай жерім кем?» дейтін алаөкпелік онда жоқ. Ол біреулер сияқты ішкен­жегенінің бәрін интернетке ақтара бермейді.

Интернетіңіз не, жүрегіңді алақанға салып, «сіздің өнеріңізге тәнтімін» деп жатсаң да жымиып қана «рахмет» деуден ары аспайды. Оны өзгелерден ерекшелендіретін де осы мінезі: біртоға, тұйық, оқшаулау. Журналистер сұхбат бермейді, өркөкірек екен, «жұлдыз ауруына» шалдығыпты десіп жатады. Бәрі арзандап, қолжетімді болып қалған кезде бір адам өз биігінде қалу керек шығар?

Қазір қоғам емес, адамның өзі өзіне тауар ретінде қарайтын болды. Қайда қарасаң, өзін сатуға тырысқан жұрт. Өйткені, «арсыз болмай атақ жоқ». «Жұлдыз» деген кәсіп иесі пайда болды: ән айтады, киноға түседі, концерт пен хабар жүргізеді, әлдебір мағынасыз шоуға қатысады, өресіз әңгіме айтудан да арланбайды.

«Бет саудасы» қайда, ол сонда. Нағыз «жұлдыз ауруы» деген сол. Өз орныңды білмей, «жұлдыз екенмін» деп алданып қалу. Ал Берік Айтжановтікі – зиялылық. Өзінің қадірін білу. «Елге берерің, тамсандырып тастайтын ой-пікірің болмағаннан кейін тек өзіңді көрсету үшін шыққанды қаламаймын» дейді. Өзінің жан­дүниесін ақтарып салмайтын осындай актерлер ғана мынау ессіз қоғамда өзін сақтап қала алады.

Театрға деген құрметі қошаметке лайық

Жоғарыда айттық, Айтжанов театрда ойнайды. Ол өнерге кино үшін келген, кино актері ретінде тарихта қаларына да күмән жоқ. Тек оны актер қылған – театр екенін ұмытпау керек. Қайбір жылы Әуезов театрында марқұм Талаптан Ахметжан ағамыздың «Сұлу мен суретшісі» қойылды. Режиссері Нұрқанат Жақыпбай дегеннен-­ақ, мөп-­мөлдір дүние көретініміз анық еді. Екінші құрамда болу керек, бас кейіпкер Суретшіні Берік Айтжанов сомдады. Бұл жігіттің қоңыр даусы, зиялы мәнері көрерменді сиқырлап алғандай көрінді.

Ол «Гамлеттегі» Лаэртті ойнаған кезде бұл ізгілікті, бұл парасатты жақтап, Дат ханзадасына кінәлай қарайтын едіңіз. Ол «Ымырттағы махаббатта» Эрих Кламрот болып шыққанда өзінің образын енді тапты-­ау деп ойлайтынсыз. Ол Абайдың ұлы Әбдірахманды ойнағанда өз-­өзіңізден көңіліңіз нілдей бұзылып, ішіңіз алай­дүлей болып кететін. Сыр мен сымбат, келісті тұлға, қоңыр дауыстан бөлек ол қашан да аяулы, жаны ауыратын кейіпкер.

Оның әріптес ­сахналастары да шетінен «сен тұр, мен атайын»,  бірақ Айтжановтың бойындағы аяулы бола білу қасиеті екінің біріне беріле бермейді. Дөрекі қылық, анайылық пен жабайылық, бақырып-шақыру, сыртқы формаға салу дегеннің ешқайсысы оның бойында жоқ. Эксцентрика, гротеск оған тән емес. Ол ойнаған Балуан Шолақты да сыншылардың «лирик» дегені есімізде. Сонда ол айтты, «Білесіздер ме, маған өзгелердің не дейтіні маңызды емес. Балуан Шолаққа маңдай терім сіңді, соны ғана білемін»

Осы Берікті «Құдаларда» көзәйнек тағып, ойнақтап шыққанын көргенде актердің бір амплуамен шектеліп қалмауға тырысып, жақсы мағынасындағы тентектікке дайын екенін көріп, риза болатынсыз. Мұнда айтылмаған қаншама рөлдері бар... М.Әуезовтің «Қарагөзінде» Сырым (реж. Б.Атабаев), С.Балғабаевтың «Сағыныш пен елесінде» Арман (реж.Ә.Рахимов), И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Абзал (реж. Е.Обаев), Т.Мәмесейіттің «Бәкей қызында» Сейіт (реж. Ә.Рахимов), М.Әуезовтің «Қилы заманында» Әубәкір (сахналық нұсқа Н.Оразалин, реж. Ә.Рахимов), И.Сапарбайдың «Қыз мұңында» Жарқын (реж.Е.Обаев, Т.Аралбай), И.Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?..» спектаклінде Абай (реж.О.Кенебаев),  М.Байджиевтің «Қылмысында» Темір (реж. О.Ақжарқын-Сәрсенбек), А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуінде» Вершинин (ауд.Ә.Бөпежанова, реж.Р.Андриасян, А.Кәкішева)...

Қай-қайсысы да осал образ емес және бояуы бір-біріне ұқсамайтын табиғаты бөтен рөлдер. Және ең тамашасы, Берік Айтжанов кинофестивальдердің «қызыл кілеміне» жарасатын тұлғасымен театрдағы көпшілік сахналарда елмен бірге билеп жүреді. Аздап танылса, көпшілік сахналарына қатыспаймын деп асқақтап кететін актерлердің жанында Берік Айтжановтың театрға деген құрметі қошаметке лайық.

«Шоқайды неге осы жігітке бермеген?» 

2008 жылы Ақан Сатаевтың «Ағайынды» сериалы түсірілді. Айтжановқа Шыңғыстың рөлі берілді. Оның қалың көпшілікке танылуы да осы рөлмен байланысты. Мұнда да сол зиялылық, білімділік, парасат пен интеллект менмұндалап тұратын. Оның табысының құпиясы – көрерменге жетіспейтін қасиеттер бойынан табылады, Берік Айтжановтың кейіпкерлеріне қарап еріксіз соларға ұқсағың келеді.

Ол «Мұстафа Шоқайдағы» Байдрахманды ойнағанда да «Шоқайды неге осы жігітке бермеген?» деп ойлайсыз. Ол «Ликвидаторды» ойнағанда да қой көздеріндегі жұмсақтық жоғалып кеткен жоқ. Ол жаратылысынан романтикалық амплуаның актері, сондықтан да ол ойнаған Махамбет те батырлықтан ақындығы басым. Олжас Сүлейменов сценарийін жазған бұл фильмді 2005 жылы Сламбек Тәуекел түсірген болатын. Берік Айтжанов сұхбаттарында: «Сол фильмнің халыққа кеңінен таралмағаны да дұрыс болды, ол кезде менің қазіргідей машығым жоқ еді» дейді.

Берік Айтжановтың рөлге деген жауапкершілігі, кейіпкержандылығы кешегінің актерлерін еске түсіреді. Берік Айтжанов «Ликвидаторға» дайындалғанда 1,5 ай бойы бөтен пәтерде қамалып алып, кейіпкеріндей өзі де кісікиік болып кетеді. Былайғы жұртқа актер деген әкәку­сәкәкулетіп жүретіндей көрінеді ғой. Шындығында актерлік деген әлемдегі ең қауіпті кәсіп. Өйткені, жан-дүниеңді арнайсың. Сен мұнда әркімнің образына бір енемін деп өзіңді жоғалтып алуың мүмкін. Егер шын актер болсаң.

«Кинода, театрда ойнаған рөлімнің мінезіндегі сарқыншағы менде қалып қояды. Кейіпкерімнің жаман әдеттерін жұқтырып алып, тұнығым лайланғандай күй кешемін». Қай актер бүгін осындай есті сөз айтады? «Біраз уақыт сомдаған рөлімнен шыға алмаймын. Бәлкім, ол рөлім шынайы шықсын, халық сенетіндей болсын деп барымды салғанымнан да шығар. Ол сенім кезекті кинодағы басқа рөлді алғанда ғана басылады. Көп уақытым сондай ішкі арпалыс­тармен өтеді». Қазір актер көп, бірақ әр рөліне осыншама ыждаһатпен қарайтын текті актер жоқ.

Қазір Берік Айтжановты қазақ киносының айнасы деп жүрміз ғой. «Тракторшының махаббаты» телехикаясында оны «тракторшыға ұқсамайды» деп жазғырды. Айналайындар-­ау, ол тракторшы емес. Ол, тағы да қайталаймыз, зиялы актер. Әйгілі «Гауһартастағы» Тастанның образын алыңызшы. Әнуар Молдабеков қарадүрсін, тастай қатқан Тастанды қандай аяулы етіп шығарды... Өйткені, қанша елжіреп тұрса да, сезім білдіруге сараң кейіпкерлер қазаққа жат емес.

«Гауһартас» пен сериалды салыстыру орынсыз болса да, бұл да Тастанның бір жаңғырығы, іші жұмсақ болса да, қатал болуға жаны биік, билік, байлық дегеннің алдында бас ұрмайтын, өзгелерден биіктеу кейіпкер емес пе? Одан Қанат Әлжаппаров, не Тұрсынбек Қабатов шығарып жүрген қарабайыр әзіл деңгейіндегі образ күтіп керегі жоқ. Берік Айтжанов ондай тракторшыны ойнай алмайды да. Ол талантының жетпегенінен емес, Айтжановтың табиғаты бөлек. Ол қазақта Молдабековпен, орыста Янковскиймен салыстыруға келетін зиялы ойын мәнерінің өкілі. Актердің жұмбақ болғаны жақсы ғой.

Пікірлер

user profile image

Біздің балалар тракторшыны өте қатты жақсы көреді, әр кезде осы фильмді теледидардан көсете қалса біздің үйде шыбынның ызыңы естілмейді. Осы фильм өте сәтті шықты деп санаймын. Жарайсындар, фильмнің сәтті шығуы тек режессердің еңбегі ғана емес, актерлардың шеберлігі деп санаймын.

user profile image
8 Сәуір, 2014

қарапайымдылығы басым екенін көрініп-ақ тұр, нағыз адамгершілік қасиет - өз ортасында байсалдылық пен көрегендік қажет етеді!

user profile image
8 Сәуір, 2014

"ЖАҚСЫ" жақсы жазыпты. Қысқа да нұсқа.

user profile image
12 Сәуір, 2014

Кинодан болмаса басқа жерден көрінбейтін себебі түсінікті болды, құрметім шексіз Берік Айтжановқа.

user profile image
14 Сәуір, 2014

Әнуар ағамыздың тегі қате жазылыпты. Дұрысы - Әнуар Боранбаев!

user profile image
21 Мамыр, 2014

Тракторшының махаббаты ұнады... Берік мықты актер.

Пікір қалдыру