25 Қараша, 2017

КӨЗҚАРАС

Мұхтар Құл-Мұхаммед штурвалында тұрған желкенді қайық едел-жедел екіге жарылып кетіп, ағамыз аяғын суға малып үлгермей жатып, Президенттің кеңесшісі болды деген хабар жетті. Бопты. 3 рет келіп, 3 рет кеткен.. тағы келіп жатса, тандаңбаймын деп уәде етейінші! Құл-Мұхаммедтің иә, түрі колорит, сөзі фольклор, бірақ «Атамұрадан» кейін ісімен қайран қалдырғаны нақты есімде жоқ екен (мүмкін, жадым нашар, мүмкін, кеткен соң кердеңдеп отырмын – жалпы, менің не ойлайтыным ешкімге қызық емес шығар, ә).  

Ал ақпаратсыз мәдениет саласына енді бұрынғы ректор Арыстанбек Мұхамедиұлы еге болып қалды. Бұл өзі тәуелсіздіктен бері егер мен қателеспесем, мәдениет саласына келіп отырған 20-шы министр екен. Әлгі 3 рет қайталанулардың бәрін есептегенде... Осы туралы Нұрлан Ерімбетов «Айтпаркте» сұрақ қойғанда, Арыстан көке «Для меня частая смена министров говорит о том, что этой сферой может управлять кто угодно и сколько угодно» деп жауап берген екен. Кім болса сол? Қатаң, өте қатаң! Сол кезде министр екінші рет Құл-Мұхаммед болатын – шағыстырып отырғаным жоқ, жай фактіні фактіге шағыстырып отырғаным емес пе?

Енді ол өзінің көлденең көк атты емес екенін әбден дәлелдеуі тиіс. Мүмкін, атын көк торыға ауыстырар... Өзі Арыстанбек мырза десе, көзіқарақты оқырман жымың-жымың ететін бір жағдай бар: ол Әлиев деген фамилиясын ауыстыруы. Әрине, қазіргі министр мұнысын бала кездегі идеалы Бауыржан Момышұлына ұқсағысы келгенімен байланыстырып бағады. Алайда бұл ныспы ауыстыру Рахат Әлиевке қарсы қуғын-сүргін кезінде болғандықтан, ешкім мұндай романтикалық сылтауға сенбеді-ей. Сөйте тұра қазір оны бәрі ұмытты (Ким Бессинджер деген актрисаны ұмыттық қой).

Одан соң бұл қолынан іс келетін адам. Елгезек деген сын есім келмейтін шығар, бірақ Президенттік оркестрдің жетекшісі, Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Президент әкімшілігінің сектор меңгерушісі, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ректоры секілді жауапты істерде ештеңені жауапсыз қалдырмаған деседі. Енді бізден бір ғана тілек, тойыс кеңес – өзі ректордан өсіп, басшы болған Б.Жұмағұлов, Ж.Досқалиев, Е.Арын... енді Арыстан. Солар не болды - Жұмағұлов Лондонда қашып жүр деген ақпарат бар, Досқалиев түрмені көріп дүниенің жалғандығы тағы бір түсінді, ал Арын Павлодардың СИЗО-сында сорпа ішіп жатыр.

Так што, ақша алмай-ақ қойыңызшы, айлығыңыз болады. Бентлиді қайтесіз, қызметтік Мерседесіңіз болады. Коттеджді қайтесіз, қызметтік пәтеріңіз жетеді. Жеке жағымпаздарыңыз, ұмытып кеткен достарыңыз пайда болады – қиын, әрине, бірақ шыдаңызшы. Баяғыда бір айтыпсыз: «Біздің мәдениет әлемдегі озық деген 20 мәдениеттің арасында» деп. Гамаж киіп балет билеген жақсы әрине, бірақ көшеде қақырмау, түкірмеу де үлкен мәдениет. Әнші-бишілердің концерттерін «Қазақстан» концерт залының 0-ші қатарынан тамашалаған жақсы, бірақ ауылдағы киноклуб, мәдениет ошақтарының жай-күйін де біліңізші. Сіздің орныңызға мен-ақ сол іш пыстырар концерттерге барайын. Дені дұрыс кино көріп, дені дұрыс жыр тыңдап, аталы сөз естиікші.

Ақыры, мәдениет саласындағы ең үздік «World Master» атағының иегерісіз, виолончельде ойнай аласыз, ағылшын және түрік тілдерінде сөйлей аласыз, философия және өнертану докторысыз, мәслихаттың депутатысыз – енді мәдениетте бірдеңе істеңізші, көке, істеңізші) Бүгін келдіңіз. Бәрібір орныңыздан кетесіз. Ертең.

Пікірлер

user profile image
13 Наурыз, 2014

мәдениетті тапсырма мәдениет мінстріне

Пікір қалдыру