26 Қыркүйек, 2017

МӘДЕНИЕТ

Серік Апрымовтың «Бауыр» фильмі Францияда өткен 24-ші Балалар мен жасөспірімдер кинобайқауында жүлдегер болыпты. Бұл туралы Қазақфильмнің ресми сайты жаһанға жар салып жатыр. 

Серік Апрымов. «Бауыр».  Бұл есімді бұдан басқа қандай туындымен байланыстыруға болады?  «Ақсуат»,  «Аңшы»,  «Үш ағайынды», міне, енді «Бауыр». Расында,  бұл ақпараттан басқа Серік Апрымов туралы ештеңе білмейді екенбіз. Киноларын әлбетте, көрмегенбіз.  Әрине, бұл үшін көрерменді кінәлағымыз келіп тұрған жоқ. Сеніңізші, кінәлі біз емес, кінәлі осындай біртүрлі фильмдерге ақша бөлетіндер мен оны жасайтындар. Мейлі ғой, бөліпті, жасапты, бірақ көрсетпейтіні несі? Аты бар, заты жоқ фильмдер туралы ойлап көрдіңіз бе?

"Бауыр" фильмінен

Жапондық Акира Курасава айтыпты, «кино өз халқыңның тілінде түсіріліп, алдымен өз халқыңның назарына ұсынылуы керек» деп. Ал Никита Михалковтың ойынша, қазіргі кинематограф арзан атақ пен ақша жасау құралы ғана болып қалған. Осы қос тұжырымды қазақ киносына бұратын болсақ, толықтай келісуге болады.

Ақша

«Жол» фильмі. Бұл кино 2013 жылдың қыркүйек-қарашасында көрерменімен қауышуы керек еді. Кейін премьера желтоқсанға дейін шегерілді. Сосын белгісіз себептермен хабары да,  қарасы да көрінбеді. Режиссері Асқар Ұзабаев, продюсері Фархат Шарипов.

«Қара шаңырақ». Бұл тіпті 2012 жылы түсірілген екен. Режиссері Асқар-Мухит Нарымбетов. Операторы - Ескендір Нарымбетов.  Бір түсініксізі, бұл үлкен экранға шықты ма? Әлде жарнамасы кем болды ма екен?

2012 жылы жарыққа шығуы тиіс тағы бір картина «Время» газетінің ақын-журналисі Ербол Жұмағұлов есімді дебютанттың «Кітап» фильмі. Басты рөлде - Берік Айтжанов. Бұл тіпті алдағы күндері Бангладештегі Дакка кинофестивалінде көрсетіледі деп күтілуде екен. Яғни, 2014 жылы. Арада екі жыл өтті. Көрермен күте тұрар, ал кинофестиваль, Бангладеш  - аса маңыздырақ болып тұр «Қазақфильм» үшін. Түсінсеңіз де, түсінбесеңіз де осы.

Атақ

Сондай-ақ, халықаралық кинофестивальдардың бірнеше жүлделеріне ие болған біздің мақтаулы фавориттерге тоқталсақ.

«Көрермен үшін авторлық кино» айдарымен халыққа ұсынылуы тиіс Дамир Манабайдың «Лотереясы», Әділхан Ержановтың «Риэлторы» да әзірге сөздерінде тұруға асығар емес. Әмір Байғазинның «Үндестік сабақтары». «Берлиналенің» үздік операторлық жүлдесін жеңіп алған жампоз картина. Жампоз қайда, біз қайда? Атақ жасау жақсы-ақ, бірақ Курасаваның қағидасы маңыздырақ болатын күн қашан туар екен? Алматыдағы атағы өшкен 2 ескі кинотеатрда бірнеше күн көрсетілді де, «әумин» болды.

"Уроки гармонии" фильмінен

Білеміз, «Қазақфильм» өндіретін кинолардың азынан көбі үнемі сәтсіз болып жатады. Өз-өзін ақтамай жатады. Бұрын бұны кинопрокаттағы шетелдік өнімдердің басымдылығымен, халық санының аздығымен, кинотеатр қожайындарының отандық өнімге деген немқұрайдылығымен ақтап келетінбіз. Бірақ  бұл сылтауды бір кездері «Қазақфильмнің» өзі жасаған «Жаужүрек мың бала» мен Баян Есентаеваның табыстары жоққа шығарды.

Яғни, кино жақсы болса, ол ақталады және кейін ол туындыны кинофестивалдардағы бір жапырақ сұмырай атақтармен жамап-жасқап, тықпыштап әуре болмайсыз. Айта кетейік, көрерменді «коктейль»-талғам, тағы бірдеңе деп мінеудің де қажеті жоқ. Себебі, 90 минут бойы миыңды кептіретін Дәрежан Өмірбаевтің біртүрлі «Студентінен» гөрі, ең болмаса, ара-арасында селт еткізіп қоюға жараған «Фугалар» анағұрлым жақсы.

Кино алдымен – идеология, эстетикалық ләззат, мотивация, стимул сыйлаушы құрал. Патриотизм, мемлекетшілдік, ұлтжандылық – бұл керемет сезімдерді бір мезгілде мыңдаған адамдарды жинап алып, иньекциялап жіберу үшін кинодан әсерлі құрал кемде-кем.

Сол құралды қолда ұстап отырып, қаржы бөліп отырып, сәйкесінше қолдана алмай жатқанымыз қынжылтады. Теңгемізге жасалған жүлдешіл «тебен инелердің» төбемізде тайраңдауы әлі қаншаға созылар екен деп бір түйесіз де қоясыз.

Сөз соңы

Өзіңіз ақшасын төлеген асабаның, басқа біреудің тойын жүргізгенін қаламайтының секілді, біздің кино – біздің талғамға икемделетін күн туып-ақ отыр. Осы тұста, аты дардай, көлеңкесі таудай «Қазақфильмге» қарағанда тәуелсіз киностудиялар көрермен сұранысын анағұрлым қанағаттандырып жатыр.

Бәлкім, болашақта министрлік Қазақфильмге бөлінетін орасан қаржының бір бөлігін тәуелсіз студияларға беру мәселесін де қарастығаны жөн шығар.  «Бауырлардан» бауырмалдық көрмей тұрмыз ғой. Ендеше, «сиырлардың» күйсеуіне алдана тұрайық...

Пікірлер

user profile image
7 Наурыз, 2014

Әй, Жәкем-ай! Көкейдегіні айтыпсын.

user profile image
11 Наурыз, 2014

Жандос жақсы жігіт. Оның мақалалары да жақсы сосын. Жалпы ЖАҚСЫ жақсы сайт

user profile image
11 Наурыз, 2014

Жандосқа жағымпазданып отыр мына адам. керемет ештеңе көріп тұрған жоқпын

user profile image
11 Наурыз, 2014

орташа кадімгі материал

user profile image
21 Наурыз, 2014

Сұмырай атақ дегенді бірінші рет естіппін

user profile image
26 Тамыз, 2014

Кино түсіруге арналған қаржы, ұлттық рухы мен ділі шайылып кеткен, монгол пішіндес орыстардың қолына тигесін, олар халықтық кино жасай алмайды.Себебі, халықтың жанын түсінбейді.

Пікір қалдыру