26 Қыркүйек, 2017

СПОРТ

Олимпиада ойындарының көмбесі көрінуге шақ қалған. Балуандарымыз бірінен кейін бірі жеңіліс құшып жатты. Алабұртқан көңілді еркін күрес шебері Ақжүрек балуан ғана көтере білді. Барша тілеулестерінің үмітін ақтап, жартылай финалға алқынбай жеткен де жалғыз өзі. Еңсеміз түсіп жүрген еркін күрестен жалқы жүлдені кеудесіне тақты. «Еліңді сүйсең, ерлік істейсің» деген осы.

 Ақсүйектер елінде алаш халқын қуантқан балуанмен таяуда жүздесудің сәті түсті. Биылғы жылдың басты жарысы Венгрияда өтетін әлем чемпионатына дайындалып жүрген беті екен.

 

«Биылғы меже - әлем чемпионатының бір жүлдесін иемдену»

Рас, Олимпиададан кейін ұзақ уақыт тынықтым. Жиын-тойға шақырушылар да аз болған жоқ. Соның әсері ме, салмағым біршама ауырлады. Енді қайтадан өзімнің бұрынғы салмағым 74 келіде белдесемін. Спортта өмір бойы жүрмейсің... Әрі қарай да деннің саулығы керек. Оны да қаперден шығармаған жөн. Кейде салмақ қуғаннан шаршайсың. Білсеңіздер, Лондонға бару үшін 13 келіден арылуым керек болды. Спорттың қызығы осында болар.

Жыл басынан бері Осетия, Германияда өткен халықаралық турнирлерге қатысып, әлеуетімді байқадым. Әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалу үшін... Олимпиада жүлдегерімін  деп әсте босаңсуға болмайды. Ойламаған жерден опық жеп қалуың  мүмкін. Алла нәсіп етсе, әлем чемпионатында бір жүлде алуға күш саламын. Менің мақсатым – әлем чемпионатынан, Азия ойындарынан және Олимпиададан тағы бір жүлде иемдену.

 

«Ұлттың намысы оянғанын сезіндім»

Мені бозкілемге жетектеп әкелген Мәулен Мамыров ағамыздың күресі еді. Атланта олимпиадасының тұғырында тұрып, көк туды желбіреткені  ерекше әсер етті. Әлі Олимпиада ойындарының құдіретін білмейтін кезім. Тек 2000 жылдан бері қарай түсіне бастадым емес пе?

Содан бері Олимпиаданың алтынын алсам деген арман көкейіме кептеле береді. Тура сол арманымның 16 жылдан кейін орындалғанына шүкіршілік етемін. Біздің қазақта үлгі тұтатын тұлғалар көп. Соның бірі Мәулен аға дер едім.

Лондоннан жүлдегер болып оралғанда халқымның ыстық ықыласын анық сезіндім. Астанадағы алаңда 21 000 халық небәрі 13 адамға үлкен қолдау-қошемет көрсетті. Спортшыға бұдан басқа не керек?  Осы олимпиадада ұлттың  намысы оянған секілді. Әліге дейін құрмет  көрсетушілер толастаған емес.  

 

«Құлақ тістегіш Кумар Англия ханзадасының

«сүйкімді» спортшысы екен»

Әу баста  Олимпиаданың аурасы бөлек шығар деп ойлайтынмын. Жоқ,  маған қатардағы жарыс секілді сезілді. Олимпиада алдында жапон, иран, ресей, куба балуандарынан қауіп күткенмін. Осылардың біреуі финалға шығады деп ойладым. Бір жағынан, үнді Сушил Кумардан да қауіптің бары аңғарылғандай еді. Өйткені, Үндістан Ұлыбританияның бұрынғы отары емес пе?! Ағылшын ханзадасы  Кумарды алдыңғы әлем чемпионатында әуежайдан өзі күтіп алған. Яғни, «сүйікті» спортшысы екен.

Қараңызшы, бәрі ойлағанымдай шықты ғой. Жартылай финалда үндіс балуаны көзімді шұқып, құлағымды тістеп алса да, ешбір төреші ләм деген жоқ. Оны ұтатыныма сенімді едім. Президент кубогінде меселін қайтарғанымды білесіздер. Енді кездесер болсақ, қалайда есемді қайтаруға күш саламын.

Маңдайыма жазылғаны осы болар енді. Бәрі өтті, кетті. Дегенмен, қоланы кемі күміске айырбастауға мүмкіндік болды. Үнді балуанын тұқыртқанымда, финалда жапон балуанымен белдесер едім. Өкінгеннен не пайда қазір? Енді тек алға ұмтылу ғана қалды.

 

«Ұлтымның  намысы бәрінен  қымбат»

«Ақжүрекке ақша ұсыныпты» деген сыңайдағы сөздер де айтылмай қалмады. Енді  үлкен спортта ондай  жағдай кездесіп тұрады. Жасыратыны жоқ, алдыңғы кезде өзіме де «көк қағазды» көрсетпекші болған кейбір кісілер. Мен  бірден бас тарттым. Маған ұлтымның  намысы қымбат. Осы жеңісім артымда өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі болсын дедім. Ешбір қазақ балуанының  ақшаға сатылмайтынына кәміл сенемін. Ал келімсектер туралы әңгіме бір бөлек. Өйткені,  олар ақша үшін күресіп жүргендер.

Кейде жанкүйерлер балуандарда намыс жоқ деп жазғырып жатады. Намыс жоқ деу жаңсақ пікір. Мәселен, еркін күрес балуандары Дәулет Ниязбеков, Дәурен Жұмағазиев, Дәулет Шабанбай қалай күресті... Үшеуі де жүлде үшін аянып қалған жоқ. Ал легионерлеріміз алғашқы кезеңдерде-ақ бармақ шайнағанын білесіздер. Біз қазақтың намысы үшін күресеміз. Әлем біріншілігіне бірінші рет барып, Дәурен мен Дәулет қола жүлде алды. Бұл оңайлықпен келген жоқ. Түсіне білгенге.

Намыс туралы көп әңгіме айтуға болады. Бірде мынадай жағдай басымнан өтті. 2010 жылғы ел чемпионатының жартылай финалында қарсыласым екеуіміздің басымыз соқтығысып қалды. Сол кезде талып қалғанымды қарсыласым білмесе керек, көзімді ашсам, айналдырып жатыр екен. Есеп 6:0 болған. Көзім де көрмей қалды. Солай бола тұра, соңғы кезеңде бар күшімді сарқып, қарсыласымды  жеңіп кеткенім бар. Міне, бұл жағдай көп балуанның басынан өткен.

 

«Денсаулығымның 50 пайызын спортқа бердім»

Үлкен спортқа жүрдім-бардым қарап, жетістікке ұмтылу бос әурешілік. Күндіз-түні тер төгуден бөлек, қиын сәттерде жігерің мұқалмауы ләзім. Мәселен, мен еліме бергенім көп деп айта алмаймын. Бірақ спортқа бергенім көп. Денсаулығымның 50 пайызын спортқа бердім. Кезінде белімдегі екі омыртқам майысқан. Бір аяқ, бір қолым жартылай сал болып қалған. Сол кезде дәрігерлер күресуге болмайды, спортты таста дегенді меңзеген. Бірақ  дегенімнен қайтпай, ауылдағы бір қарт кісіге емдеттім. Бертін келе құлан-таза айығып кеттім. Бұл да спортты сүйгенімнің әсері шығар.

Бірде залға келсем, бір кісілер намысыма тиетін сөз айтты. «Күреседі деген балуандарың осы ма» дегендей сыңай танытқан. Бір жаттықтырушы соны айтып, күліп отыр екен. Сондағы зығырданымның қайнағаны-ай! Бір жағынан сол кісінің айтқанына қатты намыстанғаным да спортқа қайта оралуға күш бергендей. Сол кезде «күресе алатынымды әлі-ақ дәлелдеймін» деп өз-өзіме шарт қойдым.

Мен 2006  жылдан бері диетада отырғандықтан, қуырылған тамақтан татып алмаймын. Олимпиададан кейін салмақ ауыстырсам да, кейде нан жеуді ұмытып кете беретін әдетім бар.

Шүкір, спорттың маған бергені мол. Әрине, ең алдымен Алланың қалауымен есімім спорт шежіресіне жазылды. Енді келесі олимпиадаға дейін, тағы 4 жыл спортты серік етпекпін.   

 

«Екі жасар балам күрес көреді» 

Спортшыға керегі ең әуелі тәрбие деп жатамыз. Оған қоса дінді қатар алып жүрудің де спортшыға берері мол. Жанымда жүрген жігіттердің бәрі бес уақыт намазын қаза қылмайды.  Көркем мінезді әрі сабырлы. Қарап отырып қызығасың. Ал кейбір үлкен кісілердің біреуді балағаттап отырғанын көріп,  қынжыласың. Сол себепті намаз оқу мәдениетті болуға жетелейтінін ұғындым.  Спорт пен дінді қатар алып жүрудің еш қиындығы жоқ. Мәселен, таң намазын оқу үшін таңертең ерте тұру керек. Құлшылығымды өтеп болған соң, салауаттылық хақындағы кітаптарды оқимын. Шынымды айтсам, кейде намаз оқымағанда мұндай дәрежеге жете алмас едім деген ой қылаң береді.

Бір есте ұстайтын жайт:  күнделікті режимді ұстану да адамға күш береді. Жігерлендіріп, шабыттандырады. Біздер кешке он жарымда ұйықтап, таңғы жетіде тұрамыз. Осыны әрбіріміз есте ұстасақ, ұтарымыз көп.           

Менің ең басты жанкүйерім - ата-анам. Қазір екі жасар баламда күрес көруге құмар. Бірде жаттығудан шаршап келіп, түнгі бірде тұрсам, балам әлі менің белдесулерімді тамашалап отыр екен. Ұлымның келешегі қай соқпаққа түсері белгісіз. Егер әке жолын қуғысы келсе, қарсы емеспін. Бәлкім, басқа саланы таңдар. Негізінен, ынтасы бар баланы спортқа беру керек.

 

«Қазақтың ұл-қызы ешкімнен кем емес»

«Біздің ата-бабаларымыз батыр болған» деп жасөспірімдерге үнемі айтып жүремін. Қай қарсыласың болса да, ол да ет пен сүйектен жаралған екенін құлақтарына құюдан жалыққан емеспін. Әрбір спортшы біріншіден еңбекқор болса, одан кейін ел намысын ту етіп ұстаса. Мен еліміздің жастары  ержүрек, намысшыл болса деп армандаймын. Ал жастарымыз тәрбиелі болу үшін  алдыңғы буын ағалар тағылымы мен тәрбиелі мол болса.       

Спортта осыншама жыл жүріп, қазақтың ұл-қыздарының ешкімнен кем емесін бағамдадым. Әсіресе, спортта. Шүкір дейік, бүгінде спортқа ойысып жатқан жастарымыз жетерлік. Бұл – ұлтымыздың мақтанышы. Бір өкініштісі, бізде білікті бапкерлер әлі де жетіспейді.

Тағабай ҚАСЫМ

 

Пікірлер

user profile image
3 Қазан, 2013

олдю

user profile image
3 Қазан, 2013

Қазақтың балуандары ақшаға сатылмайды дейміз-ау... Бірақ бәрі ме екен..?

user profile image
3 Қазан, 2013

Жарайсыз, Ақжүрек аға! Алдағы күндерде тек қана сізді жеңістің төрінен көрейік! Алла Тағала оқыған намаздарыңызды қабыл етсін!

user profile image
15 Ақпан, 2014

Қазақтың намысын қолдан берме, жарайсын.

user profile image
12 Мамыр, 2014

Уйымдастырушылар сатылатын??? Ба??? #казакстанбарысы 2013)))

user profile image
21 Маусым, 2014

user profile image
13 Қыркүйек, 2015

Пікір қалдыру