25 Қараша, 2017

СӨЗ ӨНЕРІ

Назым да қызық, әрнені сұрайды, «анау не?», «мынау не?», барлық білмекке құштарлығы дәл жатар кезде оянып кететін сияқты. Бүгін де солай. Анам алақанымен Назымды аялап отыр. Ал Назым кішкентай саусақтарын апасының бетіне қыдыртып келді де, маңдайдағы әжімдерге тоқтады. «Мынау не?» деді сосын.

«Ол – әжім». «Әжім деген немене?» Анам бөгеліп қалды. «Әжім деген... әжім деген... сызық». «Ол не сызық, менде неге жоқ?» «Саған кейі-ін, үлкен болғанда шығады». «Ал көкемде ол неге аз, сізде неге көп?» Көкесі – менің бауырым Рүстем. «Көкең мендей болғанда, онікі де көп болады». Мен ішімнен Назымға жауап іздедім.

– «Ол әжімдер – апаңның өмір іздері, Назым. Әжімдердің апаңның маңдайына қатпарланып түсуіне сенің де, менің де үлесіміз бар. Біздің балалық білместігіміз, шалалығымыз әр күні апаңның әжімін тереңдете түседі.

Мен де соңғы кездері апаңның әжімдері көбейіп кеткенін байқап жүрмін. Бұған дейін әлде балалық байқатпады, әлде өзім аңғармадым, бірақ уақыт апаңның жүзіне өз өрнегін аяусыз-ақ салып тастапты. Сен ештеңе білмейсің ғой, Назым, сенің апаңның әлі апа болмай тұрған кезін, яғни, сендер дүниеге келмеген шақтарды. Біз де сендердей едік. Жоқты сұрап, әр күн сайын апаңды осы уақытқа жетелей беріппіз, жетелей беріппіз. Әйтпесе, апаңның жүзін әжімдер кейін тапқан.

Мен білсем, анау ең терең әжім – осыдан ондаған жылдар бұрын түсті, сенің атаң арғы әлемге де қажет болып ұшып кеткенде. Содан бері тірлік арбасына бізді мінгізіп алып жалғыз сүйрегесін, апаң қартаймағанда кім қартайсын? Жалт еткен сәттік қуаныштар әжімді шая алған жоқ. Сендер өмірге келгенде аста-төк қуаныш болған еді, бірақ сендердің де ауыртпалықтарың жетіп-артылады екен ғой. Апаң соның бәрін арқалап келеді.

Қарашы, Назым, апаңа әжімдер жарасып тұр. Нағыз апа екені көрініп тұр, иә. Енді апаңның әжімі көбеймесін десең, ренжітпе. Мен де кейде өзімбілемдікке салынып, ренжітіп алам да, жанын алыстап кеткен соң ал кеп өкінемін. Бірақ не пайда? Сен апаңды көбірек қуант. Әжімдері тереңдемесін...»

Өз ойымнан селт етіп арылғанымда, анам Назымды ұйықтатып, төсекке жатқызып жатыр екен. Назым сүйкімді күлкісін жүзіне жиып, пысылдап жатыр. Анам оны бір иіскеді де, көрпесін жапты.

Анамның жүзіне қарадым. «Тс-с!» дейді, өзі қуанып тұр. Күлгенде, әжімдері де ажарланып кетеді екен.

(«Жас Алаш», 23.09.1999)

Пікірлер

user profile image
4 Маусым, 2013

жақсы жазылған, көңіл толқытады

user profile image

Есеке мына жазганыныз бираз ой салды,керемет жазылган

user profile image
10 Маусым, 2013

Толқытады екен.... ал біз осы сұраққа ойланып та көрмеппіз, ауылға барып апамның жүзіне тағы бір қарағым келді, әжімі көбейген шығар...

user profile image
11 Шілде, 2013

бір беттік шығарма бүкіл өміріңді ойландырады...менің анамның жүзіндегі әжімдер
Назымның көкесінікі секілді аздау)))

user profile image
23 Тамыз, 2013

Керемет. Өмір іздері әркімнің жүзінде әртүрлі бағытта және әртүрлі тереңдікте жол салады...

user profile image
1 Қазан, 2013

user profile image

Анамнын жузиндеги омир издерине аса ман бермеппин-ау.Мына жазбаныз конилимди толкытып жиберди.Сезим пернелерин доп баскан.Сизге бага беру кайда? Иштеги оз толкынысымгой.

Пікір қалдыру