25 Қараша, 2017

СПОРТ

Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтетін ақтық бәсекеге алғаш болып ақтаулық спортшылар жолдама алды. Сәуірдің 19-21 аралығында «Жасқанат» спорт кешенінде өткен облыстық кезеңде отызға жуық балуан бақ сынап, тек топтан озған 2 спортшыға ғана финалға қатысу құқығы берілді.

Маңғыстаудағы тартысты бәсекенің ақтық айқасында 18 жастағы Мейрамбек Жаңабай мен 30 жастағы Болатбек Төтеновтың жолы түйісіп, жеңімпаз бас аяғы 5 секундтың ішінде анықталды. Салмағы 85 келі тартатын Мейрамбек 120 келілік алып балуан Болатбекті  жекпе-жек басталған бетте-ақ жамбасқа алып ұрған болатын.

«Мен өз күшіме сенімді болдым» деген Мейрамбек Жаңабай да, «Жаңылып, қарсыластың әдісіне байқамай түсіп қалдым» деп ағынан жарылған Болатбек Төтенов те «Қазақстан Барысы» додасының финалдық бәсекесінде Маңғыстау облысының намысын қорғайды. Олар дайындық жұмыстарын бастап та кетті.

Сәуірдің 22-24 аралығында Батыс Қазақстан өңірі өз «барысын» анықтап, бүкілхалықтық бәсекеге үкілеп қосар жүйріктерінің есімін жариялады. Оралдағы «Ақжайық» футбол стадионының жасыл алаңында өткен жекпе-жектер жанкүйердің делебесін қоздырып, қала халқы керемет белдесулердің куәгері атанды. Стадионда тігілген ақшаңқан киіз үйлер де қазақтың төл күресінен өткен турнирдегі ұлттық нақышты арттыра түскен еді.

Батыс Қазақстан облысының әрбір ауданында топ жарған 10 балуан мен Орал қаласының намысын қорғайтын 2 спортшы финалдық бәсекеден сырт қалмау үшін барын салды. Финалға дейін  Бейжің және Лондон Олимпиадаларына қатысқан тәжірибелі дзюдошы Ринат Ибрагимов пен өңірдегі қазақ күресінің туын тік ұстап жүрген балуандардың бірі Еділ Үсенов қана сүрінген жоқ. Тартысты белдесудің аяқталуына дейін бар жоғы  1 минут уақыт қалғанда ұпай санымен Ринат алда тұрған.

Алайда, спортта әрбір секундтың өзі чемпионның тағдырын шешеді емес пе?! Еділ  жекпе-жек аяқталар сәтте қарсыласын таза жеңіп, Оралдағы сынның чемпионы атанды. «Орал бурасының» бұл «Қазақстан Барысы» додасындағы үшінші мүмкіндігі. Былтырғы сында жеребе екі оралдық  - Арман Әбеуов пен Еділ Үсеновтың жолын түйістіріп, Еділ  жүлдеден үміті мол жерлесіне жол берген еді. Биыл мұндай «құрбандыққа» Еділ бармайды. Себебі, Арман Әбеуов Орал қаласының тұрғыны емес. Сол себепті, жарыс ережесіне сай, Арман Әбеуов өзінің тұрғылықты мекені - Астананың атынан белдесіп көреді. Осылайша, «Қазақстан Барысының» үшінші маусымында оралдықтар Еділ Үсенов пен Ринат Ибрагимовке сенім артады.

Қарағанды облысында ағайынды Шынкеевтер қара үзіп шықты. Лондон Олимпиадасының қатысушысы, «Қазақстан Барысының» былтырғы маусымында іріктеу сындарынан сырт қалып, тікелей финалға жолдама алған Ержан Шынкеев биылғы  бәсекеге інісі Олжасты да ерте келіпті. Қарағанды төрін дүбірге бөлеген додада Ержан да, Олжас та қарсылас шыдатпады. «Қазақстан Барысы» жобасының өткен жылғы ақтық сынында алысқа шапқан балуан, қазақ күресінен Әлем кубогының иегері Асыл Бәрменов те ағайынды Шынкеевтердің қарқынына төтеп бере алмады. Ал, финалда Олжас ағасын өкпелеткен жоқ. Бастысы, екеуі де Астана төрінде өтетін ақтық бәсекеде Қарағанды намысын қолдан бермейді.

Алматы облысының үздіктерін анықтайтын сайыс «Жастар» спорт кешенінде өтті. Талдықорғандағы тартысты белдесулерді тамашалай отырып, «Күш атасын танымайды» деген аталы сөзге тоқтадық тағы да.  20  жастағы Жәнібек Дүйсембаев өзінен жасы да, салмағы да үлкен, Жетісу өңірінің тісқаққан балуаны Айдос Қаңлыбаевқа  еш айла қалдырған жоқ. Сайыс ұйымдастырушылары Жәнібекке жеңіл машинаның кілтін табыстап,  Айдосқа 300 мың теңге көлемінде сыйақы ұсынды.

Енді «Қазақстан Барысының» алғашқы жеңімпазы Ұлан Рысқұл бастаған балуандар айқасына  куә боламыз. 1 мамыр күні  Қызылорда облысындағы қазақ күресінің шеберлері  финалға берілер жолдаманы сарапқа салады.

«Қазақстан Барысы» турниріне іріктеу айналымы үш кезеңге бөлінген. Алдымен ауыл-аймақтарда, кейін аудан орталықтары мен қалалардан сұрыпталып шыққан шеберлер үшінші кезеңде облыста бақ сынайды. Әр облыстан қара үзіп шыққан 2 балуан Астанада өтетін финалға қатысу құқын алады.  Облыстардан бөлек, Астана мен Алматы қаласының шын мықтылары да шешуші шайқас жолдамасына ие болмақ. Нәтижесінде, мыңдаған балуандар арасынан ат оздырған 34 балуан «Сарыарқа» велотрегінде өтетін ғаламат финалда еліміздің бас батырын анықтайды.

«Қазақстан Барысы» додасының финалы 30 маусымда елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде Астананың 15 жылдық мерейтойымен орайластырылып өткізіледі. Жүлде қоры 150 мың АҚШ доллары мен алтыннан құйылған «Тайтұяқты», темір тұлпарды және «Алтын белбеуді» құрайтын жобаның бас демеушісі  -  «Самұрық - Қазына» Ұлттық Әл-ауқат қоры. Жобаның бас серіктесі  - «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы.

«Қазақстан Барысы»

қазақ күресін дамыту қорының

баспасөз қызметі

Пікірлер

user profile image
5 Мамыр, 2013

"Қазақстан барысына "Алла жазса, Астананың атынан былтыр "Астана қыраны" атанған Ғани Сейділдаев пен Уалиев Асхат шығады.

Пікір қалдыру