25 Қараша, 2017

СПОРТ

Клубтар бюджетке телміріп отыр

«Қазақ футболы неге дамымай жатыр?» деген сауалды қазір екінің бірі қояды. Оған берілер жауаптар да «жан-жақты»: «ақша жоқ», «шетелден атақты бапкер шақырмаса болмайды», «футбол – қазақтың қолы емес», т.б. Осыларды қолдан келгенше таратып байқалықшы, қане.

Біріншіден, «ақша жоқ» деген – біздің қоғамда жиі айтылатын сөз және нақты себептен гөрі әншейін сылтауға көбірек ұқсап тұрады. Еліміздегі футбол командаларының қаржы-экономикалық ахуалы әләзір аса сорлы емес. Бейресми деректер бойынша ойыншылардың орташа жалақысы 6-8 мың АҚШ долларын құрайды екен. Ұлттық құрамаларға шақырылатын үздіктердің кейбірі тіпті 15 мыңға дейін алады. «Жалақының ең төменгісі – 5 мың доллар» деген де мәлімет бар. Әрине, бәрінде бірдей бола бермеуі мүмкін, жалпы алғандағы жағдайдың көрінісі осы шамалас. Егер ел клубтарының мүмкіндігі тым шектеулі болса, қайбір жылы Егор Титов, Андрей Тихонов секілді ардагерлер «мал табу» үшін Ресейден «Астанаға» келмеген болар еді.

Рас, бұл тарапта түйткілді мәселелер де аз емес. Біздегі командалардың бәрі дерлік жергілікті әкімшіліктердің жәрдеміне сүйеніп отыр. Мәселен, «Тобылға» Қостанай қалалық және облыстық бюджеттерден қаражат қарастырылады. Басқалардың да ахуалы осы іспетті. Ал әлемдегі жетекші елдердегі жағдай басқаша. Онда клубтар жеке тұлғалардың қолында және ақшаны да өздері табады (билеттер және атрибутикалар өткізу, стадиондағы мүмкіндіктерді өзге қызметтерге ұсыну, теледидардан көрсету құқығын сату, демеушілер табу, т.б.). Өкінішке қарай, қазір футболы бізден көш ілгері көрші елдердің (Ресей, Украина, Грузия, т.б.) өзінде мемлекет көмегінсіз күн көріп отырған жеке клубтар саусақпен санарлықтай ғана (Донецкінің «Шахтері», Харьковтің «Металлисті», Мәскеудің «Спартагы», т.б.). Бірақ олар бірте-бірте осы бағыттың дұрыс екеніне көз жеткізіп, талпыныс жасап жатыр. Қазақстан клубтары да әкімшіліктердің онсыз да солыңқы бюджетіне емшек сұраған жас балаша жармаса бермей, жеке қолға өту тәсілдерін қарастырғаны жөн. Ол үшін бізде футболға жан-тәнімен берілген, оны дамыту жолында ештеңесін аямайтын бизнес өкілдері өте қажет.

Өкінішке қарай, Қазақстанда қалталы азаматтар қаржысын кез келген нәрсеге салуға бар, бірақ футболға жоламайды. Жоласа да, шетелдік командаларға көз салуға құмар. Мәселен, бұрын Елбасының іс басқарушысы болған, бүгінгі миллиардер Болат Өтемұратовтың итальяндық әйгілі «Интер» клубын сатып алуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Tuttosport басылымының мәліметінше, байлығын Forbes журналы 2,2 млрд. доллар деп бағалаған қазақ бизнесмені «Интердің» қожайыны Массимо Мораттиді жиі төңіректеп жүрсе керек...

Қысқасы, командалардың инфрақұрылымын дамытып, жағдайын түзету үшін жеке сектордың инвестициясы өте қажет.

 

Шетелден келсе – тұлға келсін!

Екінші пікір – «шетелден атақты бапкер шақырмаса болмайды». Бұл да – иланымды жауап емес. Рас, Леонид Пахомов, Арно Пайперс, Бернд Шторк, қазіргі Мирослав Беранек те – шетелдіктер. Осылар не тындырды? Пайперс тұсында тым болмаса әзербайжандар мен армяндарды жеңетін едік. Қазір ондай «ерлік» те қол жеткізбей тұр. Жарайды, бұлар – танымал бапкерлер емес екен. Енді атақтыларын шақырайық. Бірақ олар келе қоя ма? Олардың аз ақша сұрамасы тағы анық. Сосын майталмандар келген соң, ойынымыз түрленіп кететініне сенесіз бе? Әйгілі Берти Фогтс Әзербайжанды қаншалықты алға сүйреді? Ален Жиресс Грузияны ұшпаққа шығарды ма?

Егер бапкерді шетелден алдыру аса қажет болса, онда бізге футболымыздың тұтас дамуына жауап бере алатын тұрақты да тұтқалы тұлға қажет. Ұлттық футболды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама жасалып, онда балалар футболынан шеберлер командаларына дейінгі аралықта атқарылатын шаруалар белгіленуі, сондай-ақ, оны жүзеге асыру стратегиясы айқындалуы қажет. Және бұл істе қайта-қайта Ресейге телміре бермей, ақыры УЕФА-ға мүше болдық па, Еуропадағы үздік футбол державаларының әдістемелеріне сүйенген мақұл. Олардың футбол шаруашылығы жөнінен арнайы мамандарын шақырып, ақыл-кеңестерін сұрап, жаттықтырушыларымызды белгілі бір мерзімге тәжірибе алмасуға немесе оқу-үйренуге жіберіп алған жөн. «Оңтүстік футболы» сипаттамасына сай келеміз бе, демек, Англия, Германия емес, өзімізбен бір жағрафиялық белдеуде жатқан, ұлттық темпераменті мен психологиясы жағынан аздап болсын ұқсаңқырайтын Испания мен Италияға (бірі 2010 жылғы, екіншісі 2006 жылғы Әлем чемпиондары) назар салғанымыз абзал. Талантты балаларды сұрыптау саясатын да аталған елдердің тәжірибесін ескере отырып, бойшаңдарынан гөрі орта бойлы дембелшелері басымырақ өз ұлтымыздың физиологиялық ерекшеліктеріне орай жүзеге асыру керек.

Ал әлгі шетелдік бапкерге осы бағдарламаны жергілікті мамандардың көмегімен жүзеге асыру міндеттелуі тиіс. Ұлттық құрамадан бастап жастар, жасөспірімдер командасына дейін біркелкі стиль, бірдей ойын мәнерін сіңіру қажет. Қазақстандық ойыншылардың әлсіз тұстарын күшейтетін, тәуір қырларын әрі қарай жонып-шыңдайтын мақсатты да жүйелі жұмыс жүргізілуі шарт. Кешегі Германиямен ойындарда көрдік: біздің жігіттер күш-қуат жағынан да, шыдамдылық, ерік-жігер жөнінен де, техника-тактикалық әзірлік тұрғысынан да түкке тұрмайды екен. Әрине, немістер – әлемдегі үздік командалардың бірі, бірақ бар кемшілігің әлсізбен емес, осындай әлділермен белдескенде көзге анық көрінеді емес пе? Демек, қазақ футболын ілгерілету үшін бізге әлі ұзаққа созылатын ұланғайыр еңбек, сонымен бірге төзім қажет.

Жарты ғасыр бойы екінің бірінен ұтылып келген Түркия футболы неге кейінгі 20 жылда күрт алға басты? Себебі, ақша жақсы бөлінді, дұрыс жұмсалды, клубтардың дамуын жеке инвесторлар қолға алды, қаржы-экономикалық жағдайдың дұрысталуымен қатар шетелден шебер бапкер, мықты футболшылар шақырыла бастады, солармен тайталаса, қатарласа жүріп, түрік ойыншыларының да деңгейі көтерілді.

 

Қазір 77 қазақ доп теуіп жүр

Үшінші уәж – «футбол – қазақтың қолы емес». Бір есептен, бұған келісуге де болар еді. Қазақстанның 16 млн. халқы түгіл, 1 жарым млрд. қытайдан допты түзу тебетін кім шығыпты? 1 млрд. үндіден қай футболшыны білесіз? 350 млн.дай халқы бар АҚШ-тың футболы қандай дәрежеде? Әр ұлттың, әр елдің оң жамбасына келетін спорт түрі болатыны рас. Біреу футболдан, біреу хоккейден, біреу крикеттен, біреу күрестен мықты дегендей. Бірақ бұған да қарсы пікірлер бар. «Немене, футбол – өте қиын ойын ба? Доп пен көгал болса, бітті емес пе, ойнау үшін басқа не керек? Кешегі Құралбек Ордабаев та, Сейілда Байшақов та, Асқар Қожабергенов те кәнігі мамандардың көзіне үлкен стадиондарда емес, шалғайдағы шағын алаңқайларда доп қуып жүріп түсті емес пе?» дегендей...

Әйтсе де, бір түсініп алатын нәрсе: футбол Қазақстанда ешқашан №1 спорт түрі болған емес. КСРО кезіндегі «Қайраттың» бар қауқары 7-орын болғанын білесіз. Оның құрамында ойнаған қазақтар – саусақпен санарлықтай ғана еді. Ресей мен Украина ғана емес, Грузия, Литва, Беларусь, Армения, Әзербайжан, тіпті Өзбекстанның өкілдері де әр жылдары «Қайраттан» жоғары орындарды алған...

Алдағы уақытта футболды №1 спорт дәрежесіне көтере аламыз ба, жоқ па? Әуелі, осы сұраққа жауап тауып алған жөн. Оны басты спортымызға айналдыра алатынымызға сенсек, оған бөлінетін көңіл мен ақша да соған лайық болуға тиіс. Егер бұған күмәнді болсақ және оны аса қажет деп санамасақ, онда спорттың бокс, күрес, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, көпсайыс секілді халықаралық жарыстарда ел қоржынына жүлде сала алатын түрлеріне көбірек маңыз беру керек. Бұл, әрине, «доп тепкенді қояйық» деген сөз емес. Бірақ қанша тырысқанмен бұл салада бокстағыдай табысқа жете қоюымыз неғайбыл екенін, УЕФА-дағы 53 мүшенің 40-тан кейінгі орындарында қала беретінімізді (әзірге дейікші!) ұғынайық. Ештеңеге (тәжірибеге, шеберлікке, деңгейге) негізделмеген бос үмітті малданудың қажеті шамалы. Алаңға 11 қазақ шықса да, нәтиженің қазіргіден жақсарарына күмәндімін. Бірақ ақыры ұтылғасын, кіл қазақтар ойнап, «қазақша ұтылғанға» не жетсін деген де ойдың оянатыны рас...

Қазір ел чемпионатына қатысып жатқан 12 команданың сапында небәрі 77 қазақ жігіті бар. Биылғы 9 турдың ойындарына солардың 56-сы қатысыпты. Қуанарлығы, әйтеуір басым көпшілігі – жастар. Бірақ, байқап отырсыздар, бәрібір аз.

«Алматыға келмегеніме көп болған екен. Орталық стадионның бүгінгі келбетін көріп, кереметтей сүйсіндім. Осындай мінсіз жасыл алаңда жақсы ойнамаудың өзі ұят шығар. Іші кірсе шыққысыз, барлық жағдай жасалған: бар да, ойнай бер! Біздің кезімізде мұндай мүмкіндіктің бірі де болған жоқ. Кейде бақайымызға дейін балшық кешіп, батпаққа аунап жүріп те доп тептік. Сонда да тынбай талпынып, талай табысқа жеттік те. Қазір мүмкіндік мол, бірақ жас балаларда құлшыныс жоқ па деймін...» деп еді былтыр осы жолдардың авторына берген сұхбатында Еуропаның 1986 жылғы үздік футболшысы Игорь Беланов.

«Тепсе темір үзетін дер шағындағы екі бозбаланың спорттық костюмді бипаздап киіп, егделердің «сап-сап көңіл» ауылының ермегіне тұяқ іліп қалғандарына жай намысты қойып, кісінің зығырданы ұстайды. Осыншама ғажап заманда өмір сүріп, берілген мүмкіндікті пайдаланбай, екі етегі құр далақтап, ырду-дырду жастарды көргенде соғыстың түтініне ысталған, ызғарынан қалтыраған балалық шақты еріксіз ойлайсың...» деп жазып еді қазақ спорт журналистикасының негізін салған қаламгер Сейдахмет Бердіқұлов «Арбаған мені бір сиқыр» кітабында бар уақытын бильярдқа салып жүрген жігіттерге ренжіп.

Қазіргі жастарда расында да футболға қызығып, онымен кәсіби түрде айналысу ниеті аз. Ойнап жүргендердің өзі осы қалпына разы секілді: табысы бар, көлігі бар, көңіл тоқ. Футболға жан-тәнімен берілу, оның шыңына шығу үшін барын салу, бүкіл уақытын сарп ету жоқ. Ал мұндай жанкештілік болмаған жерде, футболдың да бұларға бұрыла қоюы неғайбыл...

Бұл не, намыссыздық па? Бірақ бокстан намысты қолдан бермеуге бар қазақ футболға келгенде неге намыссыз боп қалады? Әлде шынымен бұл ойынға біздің ұлттың бейімі жоқ па?..

 

* * *

УЕФА-ға енгенімізге 11 жыл толғанын жоғарыда бекерге айтқан жоқпыз. Біз Еуропада екінің бірінен қым-қиғаш ұтылып, ұнжырғамыз түсіп жүргенде, Азия аймағында қалған Өзбекстан құрамасы 2014 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына барудан үмітті болып отыр. Маусым айындағы екі ойынның бірінде жеңсе болды, олар финалдық сынға жолдама алады. Сонда УЕФА-ға өткен біз ұттық па, АФК-да қалған өзбек ұтты ма?

Пікірлер

user profile image
29 Сәуір, 2013

Футболдан әлемде 144 орында тұрған Қазақстан клубтарының футболшылары 5-15 мың доллар, алады,,, ал, Бейбіт Ыстыбай 70 мың теңге айлық алады... неге көңіл бөлу керек ?

user profile image
29 Сәуір, 2013

Тамаша сараптама! "Жақсының" аты - "Жақсы"

user profile image

Менің ойымша, осы футбол деген дүниенің қазаққа пайдасы жоқ-ау дейм. Ақшаны ұлттық ойындарға жіберу керек!

user profile image
30 Сәуір, 2013

Қазақстан 170 орында тұрған еді, 144 ке көтеріліпті ғой. Үрә әә

user profile image
30 Сәуір, 2013

Қазақ футболшыларының көпшілігі... Смаковтан бастап, темекі шегеді.... сосын қандай футболды айтуға болады, өшкен өкпе ешқашанда доп қуалай алмайды!

user profile image
1 Мамыр, 2013

Қазір эстрада төңірегінде қаптаған конкурстар,Суперстар,Х-фактор тағы да басқалары толып жатыр.Егер осы конкурстар болмаса талай әншілер ресторан көлемінде ән салып, аты шықпай қалар еді.Жасөспіпірімдер арасында доп тебуден осыған ұқсаған байқаулар ұйымдастырса.Басым бөлігін,тіпті түгелдей дерлік қазақтардан жинап дайындау керек.Тек бір ғана мықты футболшы шығарып,оны БАҚ, телеарналарда жақсылап дәріптесе,қазақ еліктегіш қалған доп тепкіштер өздері ақ шығады,халық арасынан.

user profile image
Dos
3 Мамыр, 2013

Menin ouimsha auildagi talanti jastardi aly kerek,

user profile image

Сәкеен ағаның мақаласы керемет екен. Біздегі мақалалар қазіргі кезде тек журналистің болжауымен ғана аяқталатын болып жүр. Не түйін жоқ, не тақырып ашылмайды. Осындай мақалалар көбейе берсін.

user profile image

Бразилияға жіберген футболшылар жәй ғана жихангез болып қайта келеді.Ех,қайран енді Сегізбаевтар емес қазақта саны бар сапасы жоқ Сариевтар ғана бар....

Пікір қалдыру