26 Қыркүйек, 2017

СПОРТ

Бүгін түнде Германияның Мюнхен қаласында «Бавария» (Германия) мен «Барселона» (Испания) финалға берілетін алғашқы жолдаманы сарапқа салады. «Бавария» топтық турнирде «Лилль» (Франция), «БАТЭ» (Беларусь), «Валенсия» (Испания) командаларынан озып шыққан еді. Ал плей-офф кезеңіндегі бірінші қарсыласы – Лондонның «Арсеналын» екі ойын нәтижесінде тізе бүктірді (3:1, 0:2). Сосын Италия чемпионы «Ювентусты» (Турин) екі ойында да 2:0 есебімен жеңді.

«Барселонаның» жүріп өткен жолы да оңай емес. Каталониялықтар әуелі «Селтик» (Шотландия), «Бенфика» (Португалия), «Спартак» (Ресей) үштігінен қара үзіп шықты. Сосын 1/8 финалда Италияға қонаққа барып, жергілікті «Миланнан» 0:2 есебімен жеңіліп қайтқан болатын. Бірақ «Камп Ноуда» көрермендер тамаша камбэктің куәсі болды. 4:0 – «Барселона» ширек финалда. Ал ¼ кезең испаниялық үшін тіпті ауыр болды. Араб шейхтарының мол қаржысының арқасында әлемнің үздік футболшыларын жинап жатқан «ПСЖ» (Франция) айтарлықтай қарсылық танытты. Париждегі бірінші кездесу 2:2, Барселонадағы ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Тек қонақта соғылған доп артықшылығымен ғана Тито Виланованың шәкірттері жартылай финалға жолдама ала алды.

Ал ертең түнде «Боруссия» (Дортмунд, Германия) мен «Реал» (Мадрид, Испания) күш сынасады. Естеріңізде болса, бұл екі ұжым биылғы лиганың топтық турнирінде де тоқайласқан-тұғын.

«Боруссия», «Реал», «Аякс», «Манчестер Сити» төрттігі келесі кезеңге берілетін екі жолдама үшін сынға түскен еді. Нәтижесінде жартылай финалға жеткен осы екі команда Англия және Голландия алпауыттарынан артық ұпай жинады. Ал «Реал» мен «Боруссияның» өзара кездесулері тартысты болғанын жанкүйерлер жақсы білсек керек. Әуелі Германияда – Дортмундта өткен кездесуде «Боруссия» корольдік клубты 2:1 есебімен тізе бүктірген еді. Неміс клубының негізгі шабуылшысы – Роберт Левандовскидің голына Криштиану Роналду қарымта қайтарғанмен, «Боруссия» қорғаушысы Марсель Шмельцер дортмундтықтарға жеңіс сыйлаған. Ал «Сантьяго Бернабеуде» өткен қарымта матчта есеп 2:2 есебімен тең аяқталды. Бірақ «Реалдың» әрең дегенде, 89 минутта ғана есепті теңестіргенін ұмыта қоймасақ керек.

Бірақ ол топтық турнир болатын. Ал жартылай финалдың аты – жартылай финал! Бізді енді мүлде өзгеше кездесулер күтіп тұрғанын болжамай-ақ білуге болады. Топтық турнирден кейін қос команда қандай жолдарды жүріп өтті дегенге келейік. «Боруссия» әуелі екі ойын қорытындысы бойынша «Шахтерді» тізе бүктірді. Донецкіде есеп 2:2 болғанымен, Германияға қонаққа келген украиналықтар тас-талқан боп жеңілді. 0:3. Ал ширек финалда неміс клубы Испанияның «Малагасымен» күш сынасты. Кәнігі бапкер Пеллегрини жаттықтыратын ұжыммен бірінші ойын 0:0 есебімен түгесілді. Ал Дортмундта өткен қарымта ойын драмалық фильмге бергісіз болғанын футболсүйер көрермен ұмытпауы тиіс. Төреші қосқан қосымша минутарда Марко Ройс пен Фелипе Сантана екі гол соғып, Юрген Клопптың жас баладай қуанғаны күні кеше. Қорытынды есеп 3:2.

Мадридтік клуб болса әйгілі «Манчестер Юнайтедті» (Англия) лигамен қош айтыстырды. Испаниядағы ойын 1:1 есебімен тең аяқталған. «Олд Траффордтағы» кездесу болса, 2:1 есебімен Моуринью шәкірттерінің басымдығымен бітті. Ширек финалда болса, «Галатасарай» (Түркия) әуелі Мадридке келіп, футболдан қосымша дәріс алды. 3:0. Ал Ыстамбұлда өткен кездесуде Фатих Теримнің командасы Дидье Дрогба, Уэсли Снейдер сияқты шебер ойыншылардың арқасында корольдік клубты жеңгенімен, қорытынды есепке сай, бәрібір, Еуропа Чемпиондар лигасының жартылай финалын тек теледидардан көре алады.

Ойын болатын бүгінгі күнге жетпей жатып-ақ, ақтық сынға қай командалар шығатыны жөнінде футбол Күреңбайларының пікірлері әрқилы болып тұр. Ойыншы саны тең, қақпа – бірдей, доп – домалақ. Біздің көкейге қонатыны – кім жеңсе де, бар мәселе орталық алаңда шешілетіні. Өйткені, төрт ұжымның да жартылай қорғанысында қазіргі футболдың кіл сен тұр, мен атайындары жиналған. Хави, Андрес Иньеста, Лионель Месси, Серхио Бускетс, Сеск Фабрегас («Барселона»), Франк Рибери, Арьен Роббен, Бастиан Швайнштайгер, Томас Мюллер, Тони Кроос («Бавария»), Криштиану Роналду, Хаби Алонсо, Анхель Ди Мария, Месут Өзил, Сами Хедира, Лука Модрич, Кака («Реал»), Илкай Гюндоган, Марио Гетце, Марко Ройс, Нури Шахин, Якуб Блащиковски («Боруссия») тәрізді әлемдік футболдың бүгінгі жарық жұлдыздары орталық алаңда ойнақ салары анық.

Ырысбек ЖАНТӨРЕ

Пікірлер

user profile image
29 Сәуір, 2013

Әлемдік футболдың жарық жұлдыздары орталық алаңда ойнақ салды, Алайда "Қайрат" чемпион болды. "Қайраттың" жеңісті жолдары жалғаса берсін деймін.

user profile image
30 Сәуір, 2013

Қайрат жеңген жоқ Бразилия жеңді... Сосын капитан қазақ кубок ұстап мәз болды

Пікір қалдыру