26 Қыркүйек, 2017

СПОРТ

Жалынды жиырма жыл

Ерлі-зайыпты Сейілхан-Сырлыкүл отбасының ұлы Бекзат өзінің өлшеулі жиырма жылында Саттарханов әулетінің бір баласы болып қана қоймады, қазақтың мақтанышы, азаматына айналды. Бокстағы бес, ұзаса, алты жыл. Оның талпынысы, талабында келесі өркен буын спортшылар үшін неткен үлгілер бар. Өмір жолына, спорттық карьерасына көз салыңызшы. Бекзат сол бокс үйірмесіне барған жылдың өзінде-ақ республикалық, сосын халықаралық сайыстардан медаль тағынып келген.

1996 жылы ҚР ішкі біріншілігінде чемпион болды.

1997 жылы Германиядағы халықаралық турнирде топ жарды. ОҚО-дағы Олимпиадаға даярлау орталығына қабылданды.

1998 жылы Аргентинада жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында күміс тағып келді. Азиядан жүлде алып  қайтты. Осы жылы  Ә. Нұрмаханов, С. Нұрмағамбетов  құрметіне өтетін халықаралық жарыстардың жеңімпазы, жүлдегері  атанды.

1999 жылы Азия біріншілігінде күміс алды. Ташкенттегі осы турнирдің медалі Сидней Олимпиадасына баруға жолдамаға себеп болды. Сонымен қатар, Венгрия мен Болгариядағы халықаралық жарыстардан жүлдесіз қайтпады.

Сиднейдегі барша қазақ мақтар етер алтын медаль алатын жылы біз білетін бес бірдей жарыста оза шапқан. Орта Азия ойындары, Испаниядағы халықаралық бокс турнирі, «Қазақстан-Куба» жолдастық кездесуі, Чехия «Гран Приі» мен ТМД елдерінің біріншілігі.

Сиднейде атой салған жиырма жасар жігіттің мықтылардың аузынан алтынды жұлып алып кеткені – еңбек, ел сүйер қылық, намыстың табысқа сүйреуі еді.

Ал Олимпиада алтыны румын Бобирант Овидиу-Тибериу, африкалық Джефри Матебулла, сосын түрік Рамазан Палиани,марокколық Тахар Тамсамани және Әлем чемпионы, финалдағы қарсыласы америкалық Рикарду Хуареспен өткен жойқын күрес жолдарымен келген.

 «Азамат! Анау қазақ қаным десең»

Әрбір адам баласының маңдайына жазылған өлшеулі ғұмыры болады. Одан бір сәт артық та, кем де емес, адам сол жазмыштан озмыш етпей, өмірін сүреді екен. Әрбір жанның қабілет-қарымына сай отбасы, әулеті, ортасы,  қоғамы, мемлекеті, бәлкім тіпті барша адамзат алдындағы өзіне жүктелген жауапкершілігі болатыны да анық. Бекзат сол миссияны ұғынғандай еді.

Олимпиадаға аттанар сәтінде «Бұйыртса, жеңіспен ораламын» деп жұртын жігерлендіріп аттанғаны, жүлде алып, қазақтың қаһарманы болып, елге оралғанда, «қазақ баласы екі, үш мәрте Олимпиада чемпионы болуы тиіс» деп қасқая тұрып сөз айтуы – бір қауым елдің  сөзін айтар мықтылық, азаматтығы еді.

«Жыл ауысар сәтте, апат болмағанда, жолға шықпағанда, көлікке отырмағанда, қатты жүйіткімегенде...» демейміз. Тірі болғанда 33 жасқа толар еді, бірнеше мәрте Олимпиада чемпионы атанар еді деп «аһ» ұрмаймыз. Қазақтың бағына біткен ұланның маңдайына біткен ғұмыры осы деп бекиміз, осындай асық ұлдың Олимпиада чемпионы болғанына, жиырма жылдық ғұмырында қалдырған ізіне шүкір етеміз. себебі бұл – тағдыр. Мұсылман баласы – тағдырға айқын иман келтіреді.

Қаһарман. Дұға

Жиырма жасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері, 57 кг дейінгі салмақта Сидней Олимпиадасының чемпионы болған Бекзатты мемлекет Олимпиададан соң, құрметін арттырып,  ел тарихындағы І дәрежелі «Барыс» орденінің №1 санымен марапаттаған. Арада он үш жыл өткенде, осы аралықта сан мәрте көтерілген бір жағдайға қайта айналып соғу да жөн болар: Бекзат Халық Қаһарманы атына лайық.

Атақ бергеннен көп нәрсе өзгеріп кетпес. Әйтсе де, кем дегенде Бекзат мектебінде, сосын елдің түкпір түкпіріндегі бокс үйрімелеріндегі сан мыңдаған балаларға Бекзат секілді чемпион болам дейтін армандарына «Бекзат секілді батыр болам, Бекзат секілді Қаһарман болам» дейтін сөз қосылар.

Сөз соңында айтар тағы бір сөз. Өмірден өткен адамға дұға ету дейтін бар. Қабірдегілер біздің көмегімізге, жақсы істерімізге мұқтаж. Ендеше, өмірден өткен Бекзатқа жақсы тілектер тілеп, дұға ете жүріңіз!

Пікірлер

user profile image
3 Сәуір, 2013

Азат елдің қайсар ұлы Бекзат Саттархан әрқашан Қазақ елінің жүрегінде деп ойлаймын. Жатқан жері жайлы болсын. Дұғамыз қабыл болсын. Амин.

user profile image
21 Сәуір, 2013

Ғазиза өте дұрыс айтты. Бұл-бүкіл қазақтың пікірі!
Басқ айтарым htp://ramazanuli.blogcn.com/ да.

Пікір қалдыру